Қоғам • 19 Ақпан, 2025

Орманшылар мүддесі ескерілсе игі

197 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орман – елдің баға жетпес байлығы, халықтың ен дәулеті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тал егу, орманды алқаптарды ұлғайту ісіне ерекше назар аударып отыр. 2020 жылғы Жолдауында 5 жыл ішінде орманды алқаптарға 2 млрд, елді мекендерде 15 млн түп ағаш көшетін егуді тапсырды.

Орманшылар мүддесі ескерілсе игі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Еліміз аумағының 5%-ы ғана орманды алқап саналады. 17 мыңнан аса ор­маншы қызмет атқарады. Былтыр 1 шілдеден бас­тап орман шаруа­шылығында еңбек ете­тін қызмет­керлердің жалақысы 100%-ға арт­ты. Орташа айлық жалақы – 250 мың теңге.

2021 жылы елімізде 66 мың гектар орманды алқапқа 138 млн көшет егілген. Бұл сол жылғы жоспардың асыра орын­дал­ғанын көрсетеді. Өйткені 61,7 мың гек­­тарға 130 млн ағаш отырғызылу жос­пар­­ланған. Бес жыл ішінде 970 млн көшет егі­ліп­ті. Осылайша, бес жылда еліміздің ор­манды алқабы 267 мың гектарға ұлғайды.

Үкімет отырысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Мемлекет басшысының орман қорын ұлғайту жөніндегі тап­сырмасының орындалуы туралы баяндап, бес жыл ішінде 970 млн түп көшет егілгенін атап өтті. Соның нәтижесінде, орманды алқап көлемі 267 мың гектарға ұлғайған. Мемлекет басшысының тап­сырмасына орай 2 млрд түп ағаш көше­ті егілсе, орман қоры 14,5 млн гек­тарға ұлғаймақ. Бұған қоса 2027 жылдың соңына дейін тағы 1 млрд ағаш көшетін егіп, өсіру міндеті жүктеліп отыр. Айтуға жеңіл болғанымен, іске келгенде ауыр соғатыны анық. Ең алдымен, тапсырманың тиянақты орындалуын қатаң қадағалау маңызды. Себебі жер­гілікті әкімдіктегілер санда бар, санатта жоқ деректерді тізіп, жұмыстың «ерекше қарқынмен жүріп жатқаны» жөнінде есеп беру фактілері де бар.

Кейінгі жылдары болған алапат өрт – тілсіз жауға қарсы тұруда, төтеннен төнер апаттың алдын алуда әлсіз жақ­тарымызды әйгілеп берді. Қоста­най, Абай облыстарындағы бірнеше адам­ның өмірін қиған өрттен кейін орман шаруа­шылықтарында, саябақтар мен резер­ваттарда өртке қарсы арнайы дабыл жүйе­сін орнатып, техника, қажетті құрал-жаб­дықпен қамтамасыз ету қолға алынды. Былтыр орман шаруашылығының жұ­мы­сын күшейту мақсатында, өртке қарсы 2305 техника сатып алуға 52 млрд теңге бөлінді. Мемлекеттік орман қорының 900 мың гектар аумағына өрттің ошағын ерте анықтау жүйесі енгізілді. «Бурабай ұлттық паркінде» орнатылған хабар беру жүйесі апаттың алдын алуға сеп­тігін тигізіп отыр. Мұндай жүйе ен­ді «Семей орманы» резерватына да енгі­зі­леді.

Орман шаруашылығы саласында қызметкерлер санының жеткілікті болмауының басты себебі – жалақының аздығы. Мәселе бұған дейін Мәжіліс мінберінде де көтеріліп, депутаттар әр өңірдегі орманшылардың мардымсыз жалақы алғанымен, міндеттемесі көп екенін ашып айтқан еді. Айлық жалақы мөлшері 100%-ға артқанның өзінде мардымсыз екенін осы салаға жауапты Экология және табиғи ресурс­тар министрі Ерлан Нысанбаев та жасырмайды. «Орман шаруашылығында лауазымдық жалақының мөлшері аз. Жастардың орман шаруашылығы саласына жұмысқа келуге қызықпайтынының басты себебі де осы. Сондықтан олардың жалақысын екі-үш есеге өсірсе де артық етпейді», дейді министр.

Мардымсыз жалақы төленетін, жүктелер жауапкершілігі жоғары, атқа­ратын жұмысы ауыр салаға жастар қызыға ма? Осы сауалды Орман және өсімдіктер әлемін өндіру және пайдалану басқарма бас сарапшысы Данабек Алпамысқа қойдық.

– Орман шаруашылығында 160 мекеме жұмыс істейді, осы мекемелерде 17 429 қызметкер жұмыс атқарады (8 165 – министрлік тарапынан, 9 264 – жергілікті атқарушы органдар тарапынан). Орман шаруашылығы саласына орман шаруашылығы инженерлері, орманшылық басшысы, орман шебері, орманшы, қорықшы, ағаш құлатушы, аңшылық маманы, сондай-ақ маусым­дық жұмысшылар да тартылады. Еліміз­де орман шаруашылығы саласында кадр­лар даярлайтын 10 университет, ­16 колледж бар. 2023 жылға дейін орман шаруашылығы саласындағы маман­­дардың жалақысы төмен болды. Мемле­кет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың шілде айынан бастап орман шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысына лауазымдық айлық ақының 100% мөлшерінде қосымша үстемақы белгіленді. Сонымен қатар 2024 жылдың екінші жартысынан бастап орман өрт сөн­дірушілері мен десантшылар-авиа­ция­лық орман күзетінің өрт сөнді­ру­ші­лерінің жалақысы да 100%-ға көтерілді, – деді Д.Алпамыс.

Бұл да болса орман шаруашылығы саласын дамытуға, насихаттауға, жастарды орманшы болуға ынталандыруға оң септігін тигізетіні сөзсіз. Бірақ жалақы­ның еселеніп өскені мәселені түбе­гейлі шешеді деген сөз емес. Инфра­құрылымның жоқтығы да жастарды орман шаруашылығында жұмыс істеуге қызықтырмайды. Мәселен, 513 орманшылықтың тек 256-сында ғана интернет бар. Сонымен қатар жұмыс­шы­лардың баласын балабақша мен мек­тепке орналастырудың да машақаты көп. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейді дана халқымыз. Осы орайда сол ел байлығын, жер сәулетін қызғыштай қорып жүрген орманшылар қауымының еңбегі қандай құрметке болсын лайық, жан-жақты қамқорлыққа, қолдауға зәру.