Заң мен Тәртіп • 19 Ақпан, 2025

Тұрмыстық қылмысты азайтатын шаралар

193 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде ашық сот қарауына түскен «Бишімбаев ісі» былтыр қоғамды дүр сілкіндірді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық төңірегінде жылдар бойы ісініп-сыздап тұрған бітеу жараның беті ашылды. Артынша отбасы, әйел, бала құқығына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айрықша мән беріп, тұрмыстық зорлық пен қорлықты реттейтін заңнамалық нормаларды қайта қарап, қатайту керектігін Мәжіліске тапсырған-ды. Осылайша, көп ұзамай заң шығарушы орган аса маңызды айтулы заңдардың бірін қолданысқа енгізді. Ел ішінде «Салтанат заңы» аталып кеткен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты сол заң бүгінде өз жемісін беріп келеді.

Тұрмыстық қылмысты азайтатын шаралар

Бір сөзбен айтқанда, әйелдердің құқығын қорғау, отбасылық құндылықтарды сақтау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері Мемлекет басшысының ерекше бақылауында тұр. Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары кешені қабылданып жатыр. Бұл туралы бізге Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары полиция полковнигі Ренат Зұлқайыров айтып берді.

– Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде өзекті. Полиция профилак­тикалық әңгімелесуден бастап қылмыстық жауапкер­шілікке тартуға дейін барлық алдын алу шараларының кешенін қабыл­дайды. Алайда статистика көрсеткендей, полицияға жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңға жуық хабарлама келіп түседі. Жағдайды түзету үшін былтыр Мемлекет басшысы Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заңға қол қойды, – деді Р.Зұлқайыров.

Сондай-ақ ол Ішкі істер министрлігі елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілгенін де атап өтті. Мәселен, кәмелетке толмаған адамға қатысты зорлық-зомбылыққа байланысты қылмыстар бойынша татуласу мүмкіндігі алынып тасталды, ал жас адамды зорлағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру қарас­тырылған. Сондай-ақ адам ұрлау және заңсыз бас бостан­дығынан айыру үшін жауапкершілік күшейтіліп, 16 жасқа толмаған адамдарға жыныстық сипаттағы қысым жасағаны үшін қылмыстық жауап­кер­шілік енгізілді. Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіріп, ұрып-соққан адам да қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ.

– 2024 жылдың қорытындысы бойынша елімізде ұрып-соғып, денсаулығына жеңіл зиян келтіргені үшін 7 мыңға жуық қылмыстық іс тіркелді. Бұрын мұндай әрекетке барғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Аса ауыр тұрмыстық қылмыстар 2,2%-ға, оның ішінде кісі өлтіру 6,4%-ға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру 25,5%-ға, денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру 12%-ға төмендеді, – деп сөзін толықтырды комитет төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар полиция полковнигі барлық полиция бөлімшесінде Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшелер құрылғанын айтты. Министрліктің орталық аппаратында Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі жаңа басқарма да құрылған. Р.Зұлқайыровтың айтуынша, жаңа бөлімшенің басты ерекшелігі – отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласында жинақталған жүйелік проблемаларды жоюға бағытталған. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы бөлімше зорлық-зомбылық жағдайларын ерте анықтаумен, мониторингпен және жеделден қоюмен, сондай-ақ қайталанатын зорлық-зомбылық тәуекелін бағалау және агрессорларды қайта әлеуметтендірумен айналыспақ.

– Жедел топтар жағдайды талдаудың цифрлық құралда­рын пайдалана отырып, отбасылық зорлық-зомбылық жағдай­ларына байланысты жылдам әрекет етуді қамтамасыз етеді. Ресми өтініштер түскенге дейін, оның ішінде жанжалдар туралы бұрын келіп түскен хабарламалар негізінде де зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Зардап шеккендерді қорғаудың күшейтілген шаралары әзірленді, оның ішінде қорғаныс ережелері, уақытша баспана және полицияның сүйемелдеуі сынды тетіктер бар. Жәбірленушілер мен куәгерлер айғақ беруден қорықпауы үшін оларға психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіледі, – деді Р.Зұлқайыров.

Сонымен қатар зорлық-зомбылық әрекетінің қайталану ықтималдығын анықтау қаупін бағалау құралы, құқық бұзушы­ларға мәжбүрлеп психологиялық көмек көрсету мен оңалту жүйесі күшейтілген, қорғау нұсқамаларын бұзған адамдарды бақы­лау­дың жаңа тетіктері енгізілген. Зорлық-зомбылыққа ұшыра­ған әйелдерді қорғаудың барлық кезеңінде жеке сүйемел­деу қамтамасыз етілген. Яғни дағдарыс орталықтары және үкімет­тік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл нығайтылды. Қорғаудың жаңа формалары енгізіліпті. Мәселен, агрессорды басқа барар жері болмаса да оны үйінен уақытша шығарып жіберуге болады.

Ең бастысы – ішкі істер органдарының барлық қызметінің тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы сигналдарды сапалы және жедел қарау жөніндегі жұмысын үйлестіру. Сондай-ақ жәбірленушілерге көмек көрсету және агрессорларды қайта әлеуметтендіру мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен және ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жасау. Бүгінде Ішкі істер министрлігі елімізде отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша талдамалық жұмыс жүргізуге көмектесетін цифрлық платформа құруды жоспарлап отыр екен.

Сондай-ақ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру бойынша қоғамдық науқандар белсенді түрде жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Бұған қоса жастар мен ата-аналарға отбасындағы агрессияның алдын алу бойынша білім беру бағдарламалары әзірленген.