Заң мен Тәртіп • 19 Ақпан, 2025

Кәсіпкер әділдікке жете ала ма?

54010 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақсайлық кәсіпкер Дәурен­бек Сахымның басына бұлт үйіріліп, әділдік іздеп жүргеніне бір мүшел айналып барады. Бір қызығы, 2013 жылы «зиянды қалдық төгіп, табиғатты ластады» деп айып тағылған азамат – бүгінде өңірдегі ең белсенді экологтің бірі.

Кәсіпкер әділдікке жете ала ма?

Коллажды жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Дәуренбек Қалапбергенұлы 2008–2015 жылдар аралығында Ба­тыс Қазақстан облысының Ақсай қала­сында өндірістік, тұрмыстық қалдықты залалсыздандырумен айналысып жүрген кәсіпкер еді. 2010 жылы «Грин Ақсай» ЖШС-ны құрды. 2011–2015 жылдар аралығында бұл мекемеде 90 адам қызмет етіп, қазынаға 70 млн теңгеден артық салық құйыпты. Кәсіпкер бірте-бірте бойын тіктеп, Орал қаласында бұған дейін болмаған қоқысты іріктеп өңдеу ісіне кіріскен еді. Әсіресе Қарашығанақ кенішіндегі шетелдік компаниялармен арада тиімді келісімшарттар жасала бастаған.

Бәрі 2013 жылдың мамыр айында басталды. Сол кезде кәсіпкерге «зиян­ды қалдықтарды төгіп, табиғатты ластады» деген жала жабылып, қыл­мыстық іс қозғалды. Абырой болған­да, сол кездегі табиғат қорғау прокуроры Ербол Кувашев пен тергеуші Айгүл Әлекешева істі тексере келіп, кәсіпкердің кінәсіздігіне көз жеткізді. Алғашқы іс «қылмыстық негізі жоқ» деген тұжырыммен қысқартылды. Батыс Қазақстан облыстық эколо­гия департаменті шағымды тексеріп, «Грин Ақсай» ЖШС тарапынан экологиялық заң­дылықтар бұзылмағанын анықта­д­ы. Ол жөнінде 2013 жылғы 26 шіл­деде №7-7-17-13/1 акт те жасалды.

Алайда қуануға ерте екен. 2014 жылы қазан айында, яғни арада бір жыл өткенде қылмыстық іс қайта көтерілді. «Грин Ақсай» мекемесінің кеңсесіне бір күнде төтенше тексеріс келіп, бүкіл құжат тәркіленді. Кәсіпкердің үстінен бірден 47 қылмыстық іс көтерілген.

«Соның алдында ғана біздің мекеме Ақсай қаласында қалдықтарды өңдеу және залалсыздандыру бойын­ша тендерде жеңіске жетіп, 47 шетел­дік және отандық белді компаниямен жалпы көлемі 3 млрд теңгенің келісімшартына қол қойған едік. Жұмысы жолға қойылған, табыс­ты биз­неске «Ескі Қазақстандағы» дөкей­лердің бірінің көзі түссе керек», дейді Д.Сахым.

Сол күннен бері кәсіпкердің басына бұлт үйіріліп, он жылдан аса сергелдең басталды. Арада жыл­ға жуық тергеп-тексеруден кейін жоғарыдағы қылмыстық істер бірік­ті­рі­ліп, 4 іс сотқа жетті. Кәсіпкер өзі­не тағылған айыптардың барлығы да негізсіз екенін барынша дәлелдеп күрескенімен, нәтиже болмады.

Өзінің айтуынша, кәсіпкерге тағылған айыптар жар­тыкеш, қисын­сыз. Мы­салы, алғашқы іс бо­йынша ЖШС директоры Дәуренбек Сахым мен орынбасары Ержан Бахтияр «Қазбургаз» компаниясынан алынған қалдықты белгісіз жерге апарып тастап кетті» деп айыпталып, Қылмыстық Кодекстің 325-бабының 1-тармағымен сотталған. Азаматтық тәртіпте 159 млн теңге залал мойнына қойылыпты. Ең қызығы, «төгілген қалдық» табылмаған дейді.

Екінші қылмыстық іс «Сибу» және «Секва Петролеум» компанияларынан алынған қалдыққа» қатысты еді. Ол да табылмады. Бірақ кәсіпкердің мойнына 105 млн теңге залал «мінді».

Үшінші қылмыстық іс «Халли­бертон», «Бейкер Хьюз» және «Шлюм­берже» компанияларынан алынған қалдықты белгісіз жерге тастап, табиғат­қа залал келтіру», оның шығы­ны 27 млн теңге болды.

Төртінші қылмыстық іс «Санд­рилинг» компаниясынан алынған қалдықты белгісіз жерге тастау» – бұл қылмыстық іс ЖШС-нің кейінгі басшылары Нұртас Отарғазиев пен Айсұлтан Қабиевтің үстінен қозғалды. «Айыпкерлер» сот шеші­мі­мен 4 жыл шартты жаза алып, та­биғатқа келтірген 88 млн теңге зардапты өтеуге тиіс болды.

Кәсіпкерді үсті-үстіне кінәлі қылған сот процесі Батыс Қазақстан облысында 2018 жылға дейін созылды. Жергілікті деңгейде әділдік таба алмаған Дәуренбек Сахым 2020 жылдан бастап елорданың түрлі жоғары мәртебелі мекемелерінің табалдырығын тоздырды.

«2020 жылы елімізде «Әділетті Қазақстан» деген ұғым пайда болды. Осыған орай үмітім оянып, арыз-шағым жазып, түрлі лауазым иелерінің алдына барып, араша сұраумен болдым. Әсіресе 2023 жылы өткен Мәжіліс депутаттары сайлауынан кейін жаңа леп сезілді. Мәжіліске Батыс Қазақстан облысынан сайланған депутат Абзал Құспан мен Снежанна Имашева ханымның алдына 7 рет бардым. Осы депутаттардың араласуымен мені Бас прокурор Берік Асылов мырза қабылдады. Сөйтіп, Бас прокуратура маған қатысты 3 қылмыстық іске наразылық келтірді», дейді кәсіпкер.

Содан соң бұл істер Жоғарғы сотта қаралды. Назгүл Рахметуллина және 2 судья аталған қылмыстық істерді қарап, 1-ші және 3-қылмыс­тық істі бұзып, Батыс Қазақстан облыстық сотына қайта қарауға жіберді. Қазіргі таңда 12 жыл дегенде бұзылған 2 қылмыстық іс БҚО соттарында қайта қаралып жатыр.

Бір қызығы, кәсіпкердің айтуын­ша, оны кінәлі қыл­ған алғашқы сот шешімінде «Сы­­рым Тілегенов» деген адам қол қой­ған ерекше «құжат» ерекше назар аудартады. «Уточ­ненный расчет ущерба с учетом приговора Бур­линс­кого районного суда ЗКО» (БҚО Бөрлі аудандық сотының үкімін есепке алғанда нақтыланған зардап көлемі») деген «құжат» экология департаментінің фирмалық парағына басылмаған. Не тіркеу нөмірі, не датасы, не мөрі жоқ. Әншейін принтерден шығара салған қағаз деуге болады. Әрі түпнұсқа емес, ксерокөшірме екен. Бірақ осы «есеп» бойынша кәсіпкердің мойны­на «табиғатқа келтірген 154 753 477 теңге» салынып отыр» дейді ол.

Одан бөлек, ҚР аға мемлекеттік экологиялық инспекторы Н.Сады­қовтың біз сөз етіп отырған қылмыс­тық істерге байланысты 2024 жылы 16 қазанда жасаған қорытындысы бар. Аға инспектор «қолданыстағы экологиялық заңдылықтарға сәйкес, қазіргі таңда тағылған айып бойын­ша қауіпті химиялық заттарды та­сымалдау, көму және басқа да әре­кет­тер негізінде қоршаған ортаға келті­рілген зардап мөлшерін анықтау мүмкін емес» деп тұжырым жасаған.

2024 жылы 24 мамырда Бас про­курор Берік Асылов қол қойған №2-011203-24-41188 нөмірлі Наразылық (Протест) қағазында да кәсіпкер Дәуренбек Сахымға шығарылған сот шешімдері жан-жақты, толық және әділетті болмағаны айтылған. Соның ішінде кәсіпкер тарапынан табиғатқа келтірілген зардап мөлшері анықталмаған, яғни айып дәлелін таппаған, сот материалдарына қоса тігілген БҚО Экология департаментінің «хатының» заңдық күші болмаған. Қоршаған ортаға келтірілді деп отырған зардап мөл­шері анықталмаған.

Қазір Батыс Қазақстан облыс­тық сотында кәсіпкер Дәуренбек Сахым­ға қатысты екі сот шешімі қайта тергеліп, қаралып жатыр. Он екіжылдан бері әділетсіз сот шешім­дерінен жапа шеккен, мойнына миллиондаған теңге зардап іліп, табысты кәсібінен айырылған кәсіпкер заң органдарынан әділет күтеді.

 

Батыс Қазақстан облысы