
Балалығын соғыстың бодауына берген жетімдер тағдыры да – таусылмайтын әңгіме тақырыбы. Жазушы Мұхтар Мағауиннің «Бір атаның балалары» повесіндегі үміті кесілген үйдің шырағын қайта жаққан Зифгрид-Зекенге, Яков-Жақыпқа риза едік бәріміз. Ағайынды Нартай мен Ертай ақ боранда адасып кетіп, жазым болатын тұсында жанымыз жүдеп қалатын. Қаламгер Молдахмет Қаназдың «Чика – Дабылдың баласы» туындысы кітаптан бөлек радиодан оқылғанда алқа-қотан отыра қалып, кейіпкерлерімен жарыса сөйлей жөнелетін кезіміз де есте.
Дәл осындай тағдыр кешкен жан Қызылорда қаласының іргесіндегі ауылда тұрған. Ұзақ жыл әуелі Киров атындағы ұжымшар, кейіннен кеңшар атанған мекенде механизатор болып еңбек етіп, кешегі 90-жылдардың басында зейнетке шығып еді. Сыртта туып, Сырда өскен сол азамат Петр Тілепбайұлы болатын.
Осыдан отыз жылдай бұрын ауылға келіп, Петр ақсақалмен тілдескен едік. Сонда көгілдір көзін алысқа қадаған қария 6-7 жасында Сыр бойына қалай келгені туралы бұлдыр-бұлдыр естелікті тірілтіп біраз әңгіме айтқанымен де, тұйықтау кісінің кілтін таба алмағанымызды сезгенбіз. Ауылдың сол қадірлі қариясы 2000 жылдардың басында дүние салыпты. Қазір ол кісінің көзін көргендер де жыл санап азайып барады. Ортамызда жүргендерінің естелігі «е-е, біздің Петя ағай өте тамаша кісі еді» дегеннен басталады.
Қазір Махамбетов ауылы атанып отырған мекеннің негізі – бұрынғы «Киров» кеңшары. Осы күні Наурыз саяжайымен қосылып, тұрғындары 12 мыңнан асқан байырғы жұртқа қатысты шежірені қаттап жүрген жанның бірі – талай шәкірттің талабын ұштаған ұстаз Қадыр Әмзеев. Ауыл мектебінде физика-математика пәнінен сабақ беріп, зейнетке шыққан ұстаз бүгінде тоқсанға таяп отыр. Еңбек жолындағы озат тәжірибесі облыстық кадрлар біліктілігін арттыру институты тарапынан зерттелген педагог – оқыту әдістері туралы жазылған бірқатар зерттеу мақалалардың да авторы. Қарт ұстаздың «Ықыласпен ой-қиял кең болады», «Жұртшы атаның жұрағаттары», «Сұрапыл жылдар жаңғырығы», «Ауылым сұлу Сырдың жағасында» атты туындылары туған жер тарихын түгендеуге арналыпты. Аядай ауылдан мыңдаған адам мекендеген құтты қонысқа айналған байырғы жұрт туралы біраз деректі осы еңбектерден таптық. Бұрынғыны да, бүгінгіні де көрген осы Қадыр аға естелігі былайша өрбіді:
«Петя ағай баяғы бала кезін еске алғанда Дондағы Ростовты көп айтатын еді. Соғыстың лебін Дон өзенінің жағалауындағы талдарға өзі құралыптас балалармен өрмелеп жүрген сәтінде сезініпті. Демнің арасында бейқұт елдің берекесі кетіп, балаларды бір жерге жинақтауға ғана шамалары жетсе керек. Көп ұзамай жақындарының бәрі опат болғандарды соғыс өрті жете қоймаған аймақтарға аттандырыпты. Ағай Дондағы Ростовтан Сырға жеткен сәтін осылай айтатын.
Петя ағаймен бірге келген тағы екі-үш бала да осы ауылдан пана тапты. Бірақ олар ес білгесін туған жерлеріне қайтып кетті. Ал ағамыз өзін бауырына басқан Тілепбай ақсақал мен Теңгеш ананың ұлы болып қалды. Тетелес ағасы Майлытонмен бірге ойнап, осы ауылдың белгілі азаматы атанды. Мектепті осы ауылдан оқып, кейін Қызылордадағы механизаторлық курсты тәмәмдады. Әскери борышын Ресейде өтеп, елге оралған соң шаңырақ құрып, Тілепбай ақсақалдың үйіне ауылдың Райхан атты қызын келін етіп түсірді.
Осы ауылда сол тұстағы ең жоғары марапат «Ленин» орденін алған екі адамның бірі осы Петр ағамыз еді. Оған дейін «Еңбек Қызыл ту» орденін иеленген оның есімі облыстың «Құрмет кітабына» жазылған болатын. Сол тұстағы марапаттың біразын кеудесіне таққан ағамыз біз үшін адамдық пен адалдықтың үлгісі болды».
Тілепбай ақсақалдың асықты жілік ұстатқан ұлының адалдығы туралы жиі айтады ел. Тіпті «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп жаныққан сәтте қазақтың бұл дәстүрін кім түгендеп жатты дейсіз? Десе де еңбегімен ел ардақтысына айналып, бақытын өскен жерден тапқан кейіпкеріміз демі үзілгенше ауылдағы ағайыннан ірге ажыратқан жоқ.
Інісі Рақымбек Бодықов айтады: «Біз Петр ағаймен немере туыспыз. Әкеміз Тілепбай ақсақал ертеректе осы ауылда бригадир, кейіннен ферма меңгерушісі болыпты. Майлытон ағама іні болған Петрден кейін Серікбай, Қайырбек бауырларым еріпті. Қазір бәрі де о дүниелік болып кетті. Мені механизаторлыққа баулыған – осы Петр ағам. Бір трактормен кезектесіп, күні-түні жұмыс істейміз. Ағамның кезегінен кейін күріштіктен бір көлденең жатқан қылтанақ таппайсыз. Тап бір өткір ұстара ұстаған ұқыпты шаштараздың алдынан шыққан бастай болып тұратын. Жыртқан жері де теп-тегіс болып жататын еді. Біреудің көңілін қалдырған сәтін көрген де, естіген де емеспіз. Ауылдағы бұзылған техника атаулыға жан бітіретін де Петя ағам болды. Жеңістің 40 жылдығына Ресейге бір топ делегат барып қайтты. Сол сапар сондағы тележурналистер ағамнан сұхбат алыпты. Кейін соның мәнін сұрасақ «Сөзімді қазақша айтайын деп аналарды көндіре алмадым. Әр нәрсені бір сұрағанда сасқанымнан ауылға жеткенше асыққаным-ай» деп күлетін еді жарықтық».
Ақсақалдың екі ұлы да бұл дүниеден ерте көшіпті. Қыздары Жұмакұл, Оразкүл мен Жанат байырғы жұртта тұрып жатыр. Кейінгі жылдары ауылдағы бір көшеге Петр Тілепбаев есімі берілді.
Тағдырдың айдауымен Сырға жетіп, сол топырақта бәйтеректей тамыр жайған жан жайында біз білген баян осы еді.
Қызылорда