
5 жобаның құны – 27,5 млрд теңге
Атырау облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының дерегінше, салада 2 349 шаруашылық құрылымы тіркелген. Оның ішінде 2 323 шаруа қожалығы, 17 ЖШС, 9 ауыл шаруашылығы кооперативі бар. Басымдық негізінен мал шаруашылығына беріліп отыр. Қазір шаруашылық құрылымдарында 225 369 мүйізді ірі қара, 442 338 қой, 109 228 ешкі, 143 505 жылқы, 41 739 түйе бар. Көкөніс және бақша дақылдарын өсірумен айналысатын шаруашылық көп емес. Дән егіп, маңдай терімен тапқан табысы мен несібесін молайтуға 350 шаруа қожалығы бет бұрған.
Салалық басқарманың бөлім басшысы Азат Қапановтың дерегіне сүйенсек, былтыр 10 825 гектар алқапқа егін егу жоспарланған. Алайда көктемгі тасқын салдарынан егін алқабының 5 564,3 гектары су астында қалған. Сөйтіп, егістік көлемі 5 260,7 гектарға қысқарған.
«Былтыр төтенше жағдайға қарамастан, шаруалар 600,1 гектардан картоп, 1 542,1 гектардан көкөніс, 937,3 гектардан бақша өнімі мен 2 181,2 гектардан мал азығын жинады. Тұрақтандыру қорына 5 690 тонна өнім берілді», дейді А.Қапанов.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Облыс әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы саласында 5 инвестициялық жоба іске асырылады. Бұл жобалардың құны – 27,5 млрд теңге. Оның ішінде 5 мың тонна құс етін өндіру фабрикасы, 21 500 тонна көкөніс сақтайтын қос қойма, 5,6 гектар аумақты құрайтын жылыжай кешені мен жем дайындайтын зауыт бар.
«Биыл егістік алқабының көлемін 20%-ға ұлғайту, суды үнемдеуге көмектесетін технологияларды көбірек пайдалану, Атырау қаласында жылына 500 дана жаңбырлатқыш құрылғы шығаратын зауытты іске қосу жоспарланды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасына 1 млрд теңге қарастырылып отыр. Жоспарға сәйкес 61 ауылдық округте 12 кооператив пен 148 несие алушы қамтылады. Жаңадан 161 жұмыс орны ашылады», дейді әкімнің орынбасары.
Айтуынша, 9 600 гектар алқапқа, оның ішінде 640 гектарға картоп, 3 070 гектарға көкөніс, 1 415 гектарға бақша өнімдері егіледі. Сондай-ақ 4 530 гектарға мал азықтық дақылдары өсіріледі. Осы кезге дейін егістік алқабының 96%-ы жыртылған. Ал 200 гектары көктемгі егін науқанына дейін дайын болмақ.
Қант зауытына қызылша табыла ма?
Мұнайлы өңірдегі қат тауардың бірі – қант. Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, қанттың 90%-ы өзге елдерден тасымалданады. Осы мәселені оң шешу үшін «Голдбридж халықаралық компаниясы» ЖШС қант зауытын салуды қолға алмақ. Компания басшысы Лина Тайкеннің дерегінше, зауыттың қуаты – жылына 144 мың тонна қант шығару. Жобаның құны – 58 млрд теңге. Жер телімін бөлу, құрылысын бастау мәселесі шешімін тапса, жаңа зауытта 200 жұмыс орны ашылады. Алайда жылына 144 мың тонна қант шығару үшін шамамен 900 мың тонна қант қызылшасы немесе қант құрағы қажет. Өңірде қант қызылшасын өсіруге маманданған шаруашылық жоқ. Дегенмен 2022–2023 жылдары Махамбет ауданындағы «Дастан» шаруа қожалығында қант қызылшасы тәжірибе ретінде өсірілген.
«Қант қызылшасы тәжірибе ретінде өсіріліп, 1 гектардан 80–100 тонна өнім алынды. Қанттылығы 22–23% болған. Бұл тәжірибе өңірдің аталған дақылды өсіруге қолайлы екенін дәлелдейді. Әзірге қант қызылшасын өсіру жоспары жоқ. Бірақ өткен жылдардың тәжрибесіне сүйеніп, қант қызылшасын өсіруге болады», деп мәлімдеді басқарма.
«Дастан» шаруа қожалығының жетекшісі Қоныс Ерманов қант қызылшасын өсіргенін жоққа шығармады. Бірақ оны ешкім қажет етпеген.
«Шаруашылығымызда 6 гектарға қызылша егіп жүрміз. Бұл – кәдімгі күнделікті тағам ретінде қолданылатын қызылша. Бір жылда шамамен 60 тонна өнім алып, тұтынушыға ұсынамыз. Сатуға жарамайтынын малға береміз. Ал қант қызылшасын өсіруге Ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы жетекші маманы ұсыныс жасады. «Қант қызылшасын өсіріп көріңіз. Шыға ма екен, көрейік» деген соң, іске кірістім. Өнім шықты, алайда кейін оны ешқайда өткізе алмадық. Өсіруге ұсыныс айтқан маман хабарсыз кетті. Далада қалмасын деп малға беріп едік, кәдімгі қызылша секілді жемеді. Амалсыздан жыра қазып, көміп тастауға мәжбүр болдық», дейді Қ.Ерманов.
Субсидия неге берілмеген?
Былтыр өңір шаруаларына қысқы мал азығын дайындағанына субсидия қаржысы берілген жоқ. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Амангелді Саламаттың мәліметінше, бұл салада субсидия берілетін бірнеше басым бағыт бар.
«Ірі сабақты мал азығын дайындауға жұмсалған шығын үшін берілетін субсидия мәселесі жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне байланысты болып отыр. Мәселен, 2023 жылы мал азығын дайындағаны үшін 768 шаруашылыққа қаржы берілді. 2020–2023 жылдары шаруашылықтарға ірі сабақты мал азығы дайындауға берілген субсидия көлемі 5,8 млрд теңгені құрады», дейді А.Саламат.
Ал былтыр ірі сабақты мал азығы үшін шаруашылықтарға субсидия берілмеуіне су тасқыны әсер етіпті. Өйткені өткен жылғы көктемдегі су тасқынынан біраз шаруашылық зардап шекті. Бюджет есебінен шығынға батқан шаруашылықтарға өтемақы қаржысы әлі толық беріліп болған жоқ.
«Қазақстан фермерлері қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі Атырау филиалының төрағасы Мұрат Сармановтың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығымен Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруды субсидиялау қағидасы бекітілген. Кейін бұл қағидаға өзгеріс енгізілген.
«Соған сәйкес төрт түліктің ірі сабақты мал азығына жұмсалған шығындар бағытын субсидиялау талабы өзгерді. Енді субсидия гидрометеорологиялық қызмет растаған, өңірде мал азығын дайындауға теріс әсер еткенде, төтенше жағдай жарияланған немесе қалыптан тыс ауа райы жағдайында жергілікті атқарушы органдардың шешімімен аударылады делінген. Бұған қосымша «бұл талап Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының құрғақ өңірлерінде орналасқан тауарлы сүт фермаларының мал басына қолданылмайды» деген талаппен толықтырылды», дейді М.Сарманов.
Атырау – жартылай шөлейтті өңір. Жер қорының 58,7%-ы (5,2 млн гектарға жуық) ауыл шаруашылығы мақсатына пайдалануға қолайсыз, 1,6 млн гектары – сор, 166,4 мың гектары – құм, 2 573,5 млн гектары – қырат. Қыста қар, көктем мен жазда жаңбыр аз жауады. Ала жаздай шаң борап, шабындыққа шөп шықпайды. Салдарынан қуаңшылық жиі болады.
«Біз субсидия беру қағидатына енгізілген өзгеріспен келіспеген едік. Бірақ амал қанша, былтыр субсидиялау қағидасына енгізілген өзгерістен ірі сабақты азық дайындайтын шаруашылықтар субсидиясыз қалды», дейді М.Сарманов.
Бұрын Ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған Жанкелді Рахметқалиевтің пікірінше, ірі сабақты мал азығы дайындалатын шабындық жердің көлемі – 50,5 мың гектар. Қар мен жаңбырдың сирек жаууынан жайылым алқабындағы шөптің биіктігі 2–6 сантиметрден аспайды. Жауын-шашын әдеттегіден мол түскенде шөп 10–12 сантиметрге көтеріледі. «Мұндай жағдайда ірі сабақты мал азығын жеткілікті көлемде дайындау мүмкін емес. Болашақта ірі сабақты мал азығын дайындауға субсидия берілмесе, төрт түліктен алынатын ет, сүт өнімдерінің бағасы өсіп кетуі мүмкін», дейді ол.
Атырау облысы