Экология • 22 Ақпан, 2025

Каспийге құяр су азайып барады

465 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Каспий теңізі Аралдың тағдырын қайталауы мүмкін. Өйткені бұл табиғат байлығы бүгінде бұрын-соңды болмаған экологиялық проблемаға тап келіп отыр. Шұғыл әрі нәтижелі әрекет етпесек, теңіздің көлшікке айналу қаупі зор. «You. Sea. Problem» – Каспий теңізінің болашағы біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел жиынында отандық және шетелдік экология сарапшылары Каспийдің қазіргі жағдайын айтып, билікті шұғыл әрекет етуге шақырды.

Каспийге құяр су азайып барады

Суретті түсірген – Ерболат ШАДРАХОВ

Итбалық популяциясы 90 пайызға азайған

«Save the Caspian Sea» қозғалысының сарапшылары бүгінде Каспий теңізіндегі су деңгейі төмендеп, тұмса табиғат зардап шегіп жатқанын айтты.

– Теңіздегі мұнай өндірісі ауа­ны улап, жергілікті халықтың денсаулығына теріс әсер етіп отыр. Оның салдары аймақ­тың биологиялық тізбегінің бұзылуына да зиянын тигізіп отырғаны белгілі. Өйткені улы заттар су мен топыраққа еніп, бүкіл экожүйені құртып жатыр. Балық шаруашылығы да тоқырап барады. Әрине, мұнайлы өлкеде мұнай, газ өн­дірісі дамитыны баршаға аян, бірақ бұл жердегі мәселе бақы­ланбай­тын мұнай өндірі­сінде болып тұр, – деді жиынға АҚШ-тан онлайн байланыс арқылы қосылған «Crude Accountability» компаниясының бас директоры Кейт Уотерс.

Шетел сарапшысының дерегіне сүйенсек, кейінгі жүз жылда Каспий итбалығының популяциясы 90 пайызға азайған. Қазіргі кезде 70 мың итбалық қана қалған.

Негізі Каспий теңізінде флора мен фаунаның 400 эндемикалық түрі өмір сүреді. Оның ішінде ежелгі Каспий итбалығы, балықтың 130 түрі, сирек кездесетін өсімдіктер және су құстарының 100-ден аса түрі мекендейді. Жыл сайын 12 миллионға жуық құс өңірге аялдап, өзге жаққа қоныс ауда­ра­ды, ал теңіз жағалауында 5 миллион құс қыстап шығады. Алайда шектен тыс «қара алтын» өндірісі осы табиғат цикліне кері әсерін тигізіп отыр. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2023 жылы елде мұнай өндіру 90 миллион тоннаға жеткен, бұл 1990 жылмен салыстырғанда 3,5 есе көп. Бір ғана Атырау облысында өндіріс көлемі 21 есеге артқан. Бұл бақылаудағы өндіріс көлемі, ал бұған «көлеңкелі» мұнай өндірісін қоссақ, сандардың қаншаға еселенетінін елестету қиын.

– 2000 жылдың 4 шілдесін­де «Қашаған-Восточный-1» кен ор­нында алғашқы барлау ұңғымасы бұрғыланды, ал ол итбалықтардың жаппай қырылуына әкелді. Тек біздің жағалаудан 15 мың өлі итбалық табылды, ал Каспий теңізінің барлық аумағында, соның ішінде Әзербайжандағы Апшерон түбегінде 30 мыңға дейін өлі жануар табылды. Себептері әлі күнге дейін түсініксіз, – деді Атыраудағы «Глобус» ҮЕҰ-ның төрағасы Галина Чернова.

Сондай-ақ эколог неміс және голланд ғалымдарының болжамымен бөлісті. Оның айтуынша, ғалымдар теңіз 2054 жылға дейін тартылады, уақыт өте келе барлық солтүстік және солтүстік-шығыс Каспий­дің түбі, яғни теңіздің бүкіл елімізге тиесілі жағы толығымен ашылып қалатын жағдайды болжап отыр.

– Бұл болжам орындала бас­таған сияқты. Себебі биыл теңіз 70 сантиметрге тартылды. Су орасан зор жылдамдықпен жағадан алыстап барады. Өйт­кені теңізді қоректендіретін Еділ мен Жайық өзендерінің су деңгейі планетадағы климат­тың өзгеруіне байланысты төмендеді, бұл жоғары булану және құрғақшылықпен бірге жүреді, – деді Г.Чернова.

 

Еділ мен Жайық қадірі

Маманның айтуынша, Каспий теңізіндегі судың 85 пайызы Еділ өзенінен келеді, ал қалған су Жайық өзені бассейнінен, оның ішінде өзен мен оның салаларынан келеді. Бірақ өзендер бастау алатын Ресей аумағында өзендердің реттелуіне және су алатын құрылыстардың салынуына байланысты жыл сайын теңізге келетін су азайып барады. Сондай-ақ «Save the Caspian Sea» қозғалысының негізін қалаушы Вадим Нидің зерттеуінше, Еділ өзені негізінен жаңбырмен қоректенеді.

– Ресей ғалымдары жария­лаған ғылыми еңбектердегі мәліметке қарасақ, климаттың өзгеруі жаңбырдың солтүстікке қарай жылжуына әкелді. Тиісінше, су Солтүстік Мұзды мұхитқа түседі. Ал теңіздің қазақстандық бөлігі ең таяз және ең осал тұсы болғандықтан, бізге мұнай өндіруден туындаған лас­тану, биоәртүрліліктің азаюы айтарлықтай себеп болып отыр. Сондықтан теңізде мұнай мен газ өндірумен айналысатын халықаралық және отандық компаниялардың қызметі Каспий теңізіне орасан зор кері әсер етіп жатыр, – деді В.Ни.

Эколог мамандар жағдай­ды тұрақтандырып, Каспий теңізінен мүлдем көз жазып қалмастың амалын қазір жасауымыз қажет екенін алға тартып отыр. Мәселен, бізге теңізді бақылау стансаларын салу қажет.

– Ресей бөлігінде теңіз бақылау стансалары, ал біздің жағымызда бақылау бекеті бар. Бекет әлеуеті әлсіз екені бел­гілі. Оның қызметі қайықпен теңізге шығып, қарапайым шыныаяқтармен су алып, зерт­ханаға ғана апарумен шек­теледі. Бақылаудың бәрі осымен бітеді. Күлкілі жағдай, әрине. Аралдардың айналасында бақылау стансалары болуы керек, – деді Г.Чернова.

Сонымен қатар эколог Каспий теңізіне құятын өзен­дердің су ағынын арттыру керек дейді. Оның айтуынша, бұған Ресей жағымен келісімге келу керек. Қазір олар Жайықтың бойында өзеннен су айдайтын су электр стансалары мен су қоймаларын салып жатыр. Осы құрылыстарды тоқтату керек.

 

Теңізді зерттейтін институт қайда?

Ал осындай жұмыстарды атқаратын Каспий теңізін зерттейтін институт әлі құрыл­ған жоқ. Еске салсақ, Президент Қ.Тоқаев 2022 жылы халыққа Жолдауында аталған институтты құруды Үкіметке тапсырған еді. Өткен жылдың басында Су ресурстары және ирригация министрінің баспасөз қызметі Үкімет Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институтын құру туралы қаулыны бекіткені туралы мәлімдеме жасады. Онда айтылғандай, ғылыми-зерттеу институты Каспий теңізінің экологиялық, су деңгейінің төмендеу проблемасын, итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылу себептерін, Каспий итбалықтарының популяциясын сақтау мәселелерін, ихтиофаунаны, Каспий су айдыны мен жағалауын зерттейді. Сондай-ақ Каспий аумағындағы шекаралас мемлекеттердегі әріптестерімен өзара тығыз іс-қимылды қамтамасыз етеді. Институт Каспий теңізінің экожүйесі туралы шынайы және жан-жақты ақпарат бере­ді. Бұл деректер мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың кешенді шаралар қабылдауына негіз болмақ. Ғылыми ұйым құру сонымен қатар Каспийді сақтау жөніндегі халықаралық және ұлттық міндеттемелерді толық көлемде орындауға мүмкіндік береді.

– Білуімше, бұл институт – Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қарамағында. Қазір директоры тағайындалды, бірақ онда бюджет те, штат та, кадр да жоқ. Мен де көмектесуге тырысамын, өйткені кәсіби кадр­ларды тауып, тарту оңай шаруа емес. Оның үстіне адамдар лезде шешім қабылдап, бір қаладан екінші қалаға қоныс аударуға құлықты емес, тіпті жұмыс бар болса да, жылы орнын суытқысы жоқ. Идея бар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бар, бірақ институт әлі құрылған жоқ, – деді В.Ни.