Тағзым • 26 Ақпан, 2025

Жазушының шалқар мұрасы

103 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылжардағы облыстық әмбебап, ғылыми кітапханаға қазақ әдебиетінің классигі, әйгілі жазушы Сәбит Мұқановтың есімі қайтыс болғаннан кейін 2-3 айдан кейін берілген. Мұндай жеделдіктің себебі – Қызылжардың қақ ортасындағы осы үш қабатты тамаша кітапхананы жазушының өзі депутаттық сауал жолдау арқылы салдырған. Тіпті өз қалтасынан да қаражат қосыпты. Сондықтан кітапхана қызметкерлері 52 жыл бойы жазушының жақсылығын ұмытпай, оның есімін құрметтеп келеді.

Жазушының шалқар мұрасы

Қазақ әдебиетінің қара нары, телегей-теңіз дарын иесі Сәбит Мұқановтың туғанына 125 толуына орай биыл өткізілетін облыстағы мәдени іс-шаралар жуырда «Тағдырлы қаламгер» деген атпен осы кітапханадағы интерактивті кітап көрмесімен ашылды. Мұнда жазушының жас кезіндегі мол деректер, Мәскеудегі әдебиет және өнер мемлекеттік архивінен алынған өмірі мен шығармашылығына қатысты архив құжаттары, басқа жерде жарияланба­ған мақалалары, соғыс кезінде сөйлеген сөздері және т.б. қызғылықты мұралар бар.

Көрменің бұдан кейінгі бөлімінде жазу­шының отбасынан алынған сирек су­реттер қойылған. Соның ішінде Бай­мағамбет Ізтөлин, Кенен Әзірбаев, Жамбыл Жабаевпен түскен суреттері орын алған. Кеңес одағы әдебиетінің тарландары А.Толстой, М.Шолохов, И.Шухов, Ғ.Ғұламмен т.б. демалыс сағаттарында жүр­генде түскен қызықты суреттері де оқыр­мандар мен көрермендерге түрлі ой салады.

Сәбит Мұқановтың соғыс жылдарын­да «Правда» газетінің тілшісі болып майданға барғанын көп адам біле бермейді. Осы сапарда ол көптеген қазақстандық қаһармандармен, соның ішінде Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллинмен суретке түскен екен. Көрмеде сол суреттердің де көшірмелері тұр.

Сәбеңнің төте жазумен жаза баста­ған «Қызылжар» романының қолжаз­басы да осында қойылған. Өкінішке қарай, романның 26 беті ғана жазылыпты. Жазушы осы романын әлдебір себептермен аяқтай алмаған көрінеді. Ал қолжазбаны С.Мұқановтың көпжылдық терімшісі Майра Жансаева апайымыз оқып берген. Қолжазбаның түпнұсқасы С.Мұқановтың Алматыдағы Мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінде. Ал көшірмесін жерлестеріне жазушының немересі Нәйлә Арыстанқызы Мұқанова беріпті. Қазір романның көшірмесі «Дарынның сансыз қырлары» деген атпен ашылатын бөліміне экспонат ретінде қойылған.

Сәбең әдебиеттің барлық жанрында еңбек еткен адам екені белгілі. Ол «Өмір мектебі» трилогиясын, «Мөлдір махаббат», «Ботагөз», Аққан жұлдыз» және т.б. романдарын, «Балуан шолақ» хикаятын жазумен қатар «Шоқан Уәлиханов», «Сәкен Сейфуллин», «Қашқар қызы» драмаларын, «Сұлушаш», «Ақбөпе» поэмаларын, «Есею жылдары» атты публицистикалық романдарын және т.б. жазған. Л.Хамиди мен Е.Брусиловский операларының либреттасын, бірнеше әндердің сөздерін де шығарған. Оның осынау шығармалары­ның алғашқы нұсқаларының көшірмелері көрмеге толыққа жуық қойылған.

Облыстық кітапханадан басқа музы­калық-драмалық театр, №32-мектеп, үлкен көше, туған ауылы Сәбеңнің есімімен аталады. Екі-үш ескерткіші де бар. Көрмеде осылар туралы да айтылып, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігінен деректер көрсетілген. Жасанды интеллектің алгоритмдері қолда­нылып, QR-код арқылы кез келген көрермен көрменің әрбір бөлімінен мол деректер ала алады. Тіпті жазушының даусын да естуге болады.

 

ПЕТРОПАВЛ