
Бұл қандай жоба? Осыдан біраз уақыт бұрын Жәңгір хан университетінің білікті ғалымы, профессор Сәрсенбек Монтаев шыны қалдықтарынан өрнектас шығаруға болатынын айтып, инновациялық технологиясын жасап, өнертабыс патентін алған болатын. «Тұран ПромРесурс» ЖШС өкілдері осы жаңалықты бір жыл бойы зерттеп, тың жобаны өндіріске енгізуге ниет білдіріп отыр. Жақында екі тарап лицензиялық келісімшартқа қол қойып, ғылым мен өндірісті ұштастыруға қадам жасады.
Осы іс-шараға Жәңгір хан университетінің ғылым жөніндегі проректоры Әлжан Шәмшідін, техника ғылымдарының докторы Сәрсенбек Монтаев, Технологиялық даму орталығының басшысы Айгүл Қазамбаева, Технологияларды коммерцияландыру және бизнес-инкубациялау офисінің басшысы Гүлшат Айешева және «Тұран ПромРесурс» ЖШС өкілдері қатысты.
«Бұл жоба экологиялық жағынан пайдалы, тиімді құрылыс материалдарын шығарып, қалдықсыз өнім өндіруге ықпалын тигізеді. «Тұран ПромРесурс» компаниясы өндірістік базасында біздің технологиямызбен осы ғылыми жаңалықты жүзеге асыруға ниет білдіріп отыр. Біз өз командамызбен бірге олармен тығыз байланыс жасап, ғылыми көмек көрсетеміз, кеңес береміз. Өндірістегі жұмыстарға жас ғалымдар да тартылады. Біз құрылыс материалын дайындап, нарыққа шығарғанға дейінгі үрдіске түгелдей қатысамыз. Жалпы, бүгінгі отандық ғалымдардың мақсаты да осы, яғни ғылыми жетістіктер ел экономикасына қызмет етуі керек», дейді ғалым Сәрсенбек Әлиакбарұлы.
Техника ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық инженерлік академияның академигі Сәрсенбек Монтаев – 150-ден астам ғылыми жұмыс пен 30 патенттелген өнертабыстың авторы. Ол 2022 жылы «Әлемдегі ең беделді ғалымдардың 2 пайызы» (World’s Top 2% Scientists) рейтингіне еніп, жер-жаһанға танылған болатын. Ғалымның қолға алған ерекше жобалары жайында бұрын да айтқан едік.
Бүгінгі жаңалықты өндіріске енгізгелі отырған «Тұран ПромРесурс» ЖШС директоры Гүлмаржан Оқашева отандық ғалымдардың ғылыми жетістігі үшін өте қуанышты екенін айтады.
«Өзім де ғылым саласына жақынмын, мамандығым инженер-химик. Осыған дейін құрылыс материалдары саласындағы көптеген ғылыми жұмысты зерделедік. Соның ішінде Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ғалымдарының әйнек қалдығын кәдеге жарату бағытындағы ізденісі мен ұсынысы көңілден шықты. Бұл – ғылым мен өндіріс үшін ұтымды бастама, пайдалы шешім деп ойлаймын. Қоршаған ортаның тазалығын сақтауда, табиғи ресурстарды үнемдеуде жақсы нәтиже берері сөзсіз», дейді Гүлмаржан Абылайқызы.
Компания басшысының айтуынша, «Тұран ПромРесурс» кәсіпорны 2014 жылдан бері өндірістік қалдықты жинау, тасымалдау, өңдеу қызметімен айналысады. Кейінгі уақытта өңірдегі өндіріс қалдықтарын қайта өңдеу мәселесін зерттеп, әйнек қалдығын жинау және пайдаға асыру қажеттігін байқаған. Енді аталған өндіріс орны жұмысын осы бағытқа негіздеуді ұйғарған.
Әрине, ғылым мен өндірістің әріптестігі – өте қуанарлық мәселе. Алдағы уақытта келісімшарт аясында ғылыми әзірлеме бойынша өндіріске қажетті технологиялық құрылғылар алынуы керек. Одан әрі бизнес-жоспарға сәйкес өндіріс ошағы шыны қалдықтары қосылған өрнектас шығара бастайды.
Проректор Әлжан Смайылұлының айтуынша, бұл – университет тарихындағы алғашқы лицензиялық келісімшарт. Бұл бастама одан әрі жалғасып, жаңа технологияларға негізделген басқа да ғылыми жобалар өндіріске жол тартса дейміз. Өйткені жәңгірхандық ғалымдардың ұсынып отырған жаңалықтары аз емес.
Батыс Қазақстан облысы