
Фото: gov.kz
Еліміздің бірнеше өңірінде оқыту және жұмысқа орналастыру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Астанада – «Jol Tap» (3,9 мың адам оқудан өтті), Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облыстарында – «Jumys Tap» (10 мың адам жұмыспен қамтылды) бағдарламалары бар. Сондай-ақ Алматыда «Jobfair365» платформасы жұмыс істейді, оның көмегімен 2,5 мың жас маман жұмысқа орналасқан.
Астанада «Jol Tap» жобасы аясында 19,5 мың азамат мемлекеттік қолдаудың 52 түрі бойынша кеңес алған.
«Олардың ішінде 3,9 мың адам 10 түрлі мамандық бойынша оқытылды (тігінші, бариста, сатушы-кассир, электргазбен дәнекерлеуші, бухгалтерлік есептің негіздері, аяқ киім жөндеу және кілт жасау, корпустық жиһаз жасау негіздері , май және дөңгелек ауыстыру жөніндегі авто-маман, Kaspi дүкеніндегі сауда негіздері және т.б.). Жастар ресурстық орталықтары 2024 жылы кәсіптік бағдар беру мақсатында 500-ден астам бос жұмыс орын жәрмеңкесін ұйымдастырып, 1 миллионнан астам кеңес беріп үлгерді (заңгерлік, психологиялық, кәсіптік бағдар, мемлекеттік бағдарламалар, волонтерлік, жұмыспен қамту және т.б.)», делінген министрлік хабарламасында.
Білімі мен жұмысы жоқ қазақстандық жастарға да арнайы көңіл бөлініп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі «Zhas project» аясында оларды қолдау үшін 280 грант бөлген. Еліміздің әр өңіріндегі жастарды «Жасыл ел» жобасы 20 жылдан бері жұмыспен қамтып келеді. Кейінгі 3 жылда 100 мыңнан астам жас қамтылса, оның 30 мыңнан астамы – ауыл жастары.
Мемлекет жастарды тұрғын үймен қамтуға да айрықша көңіл бөлуде. Осы бағытта «Отбасы банк» және облыс әкімдіктерімен бірлесіп, елдің 16 өңірінде жұмыс істейтін жастарға арналған арнайы ипотекалық бағдарламалар іске қосылған.
«Жастар үшін арнайы квоталар қарастырылған республикалық тұрғын үй бағдарламалары да бар. Атап айтсақ, «Отау» және «Наурыз» бағдарламалары. 2024 жылы осы бағдарламалар аясында 3 923 жас азаматқа жалпы сомасы 103,4 млрд теңге несие берілді. «Отау» бағдарламасы бойынша 1 450 жас азамат жалпы сомасы 31,7 млрд теңге көлемінде несие алды. Жастар саясатының басты бағыттарының бірі – кадрлық әлеуетті арттыру.«Президенттік жастар кадрлық резерві» – Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылдан бастап іске асып келе жатқан жоба. Қазіргі уақытта 315 резервтегі жас мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарға тағайындалды», делінген министрлік хабарламасында.
Жобаға қызығушылық жыл сайын артып келеді (2019 жылы – 13 мың адам, 2021 жылы – 22 мың адам, 2023 жылы – 31 мың адам). Үш іріктеудің нәтижесі бойынша 400 адам Резервке қабылданды (2019 жылы – 300 адам, 2021 және 2023 жылдары – 50 адам). Олар саяси мемлекеттік лауазымдарға, «А» корпусына, сондай-ақ «Б» корпусындағы басшылық қызметтерге тағайындалу мүмкіндігіне ие болды.
2024 жылы алғаш рет барлық өңірде аймақтық кадрлық резервке іріктеу өтті. Оған республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың жергілікті атқарушы органдары қатысты. 505 адам екі жыл мерзімге резервке қабылданып, мемлекеттік органдардың келісімімен «Б» корпусындағы әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға конкурссыз тағайындалу мүмкіндігі беріледі.
Сонымен қатар, Мәжіліс пен мәслихат сайлауында жастарға арналған арнайы квоталар енгізілді, бұл бастама органдардың жұмысына жаңа серпін берді.
Бұдан бөлек мемлекет гранттар мен сыйақылар арқылы жастарға қолдау көрсетіп келеді. 2024 жылы 90 млн. теңгеге «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты 30 жасқа табысталды. Жоба алты бағыт бойынша грант бөлді. Атап айтсақ, ғылым, мәдениет, IT, медиа, бизнес, волонтерлік секілді тақырыптар қамтылды. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының мөлшері 1 млн теңгеге дейін ұлғайтылды.