
Қазақстанда 51 жоғары оқу орны алғашқы әскери дайындық пәні бойынша оқытушылар даярлау лицензиясына ие. Алайда олардың тек 41-інде ғана әскери кафедра бар. Ол кафедраларда оқитын студенттердің жартысына жуығы ақылы негізде білім алады, бұл олардың дайындығының тиімділігіне күмән тудырады. Сонымен қатар, бірыңғай әдістемелік база жоқ, заманауи оқулықтар жетіспейді, ал оқу бағдарламаларында әлі күнге дейін көнерген кезеңдегі тактика пайдаланылады.
«Бүгінде әлемдік қорғаныс жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. «Қазіргі ұрыстардың әдіс-тәсілдері басқа, әсіресе, гибридтік соғыс түрлері кең тарауда. Шабуылдар әскери ғана емес, ақпараттық, психологиялық, саяси экономикалық және басқа да сипат алуы мүмкін» деген Қазақстан Президенті жоғары технологияны меңгерген кәсіби әскер даярлауды тапсырған болатын. Сондықтан әскери ЖОО мен қорғаныс саласына ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары мен заманауи технологияны жетік меңгерген ұлттық рухтағы кәсіби мамандарды көптеп тарту маңызды деп ойлаймыз», деді сенатор.
Сенатор сауалында ел мектептеріндегі алғашқы әскери тәрбие жеткілікті деңгейде берілмейтінін де тілге тиек етті. Пәнге арналған кабинеттердің материалдық базаларының ескі әрі жаттығу қарулары сақталатын бөлмелер, тактикалық алаңдар мен атыс тирлері жоқ болуы да сауалға арқау болды.
«Әскери далалық жиындар өткізілмейді. Атауына «технология» сөзі қосылып, сағаты қысқарған пән 10 сыныппен шектеледі, 11 сынып оқушылары ҰБТ-ға дайындалу үшін босатылады. Елімізде 51 ЖОО бастапқы әскери даярлық пәнінің мұғалімін оқытуға лицензия бар. Осы мамандықты оқығандар әскерге бармай-ақ пәннің мұғалімі болып шығады. Өзі сапқа тұрмаған, қолына қару ұстамаған, темірдей тәртіп көрмеген адам жастарға қалай тәрбие береді», деді Сенатор.
Тақырып аясында келелі мәселелерді көтерген Дархан Қыдырәлі, оларды шешу жолында бастапқы әскери даярлық пәнінің сағаты мен сапасына мән беруді ұсынды.