Білім • 05 Наурыз, 2025

Көшбасшылықты дамытады

36 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Назарбаев университетінде еліміздегі мектеп пен колледж директорларына арналған курс басталды. Осындағы Жоғары білім мектебі Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп әзірлеген бағдарлама сегіз айға созылады. Курс аясында қаты­су­шыларға интерактивті дәріс, пікірталас, жобалық жұмыс және кейс-стадилер ұсынылады.

Көшбасшылықты дамытады

Сурет: intlaffairs.hku.hk

Шынында да, бүгінгі білім сала­сының көшбасшысына қан­дай құзырет қажет, сондай-ақ озық технологияны, жасанды интел­лектіні және стратегиялық өзге­рістерді басқаруды білім жүйе­сіне қалай енгізуге болады? Осы сұрақтарға «Білім берудегі өңірлік көшбасшылық: инновациялар және жасанды интеллект іс-әрекетте» атты кәсіби даму бағ­дарламасының сарапшылары жауап береді.

Оқыту курсы Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда универси­те­ті мен Ә.Марғұлан атындағы Пав­лодар педа­гогикалық универ­ситетімен бірлесіп өткізіледі. Негізгі сессияларды Сеул ұлт­тық университетінің сарапшы­лары жүргізеді. Жаңа бағдар­лама өңірлік білім бөлімі жетек­­шілерінің басқару және көш­бас­шылық дағдыларын дамы­туға бағытталған. Оған 90-ға жуық облыстық, қалалық және аудан­дық білім бөлімдерінің басшылары, мектеп және колледж директорлары қатысады.

NU вице провосты, Жоғары білім мектебінің деканы Аида Са­ғын­таеваның айтуынша, бүгінде білім саласы дербестендіріліп, цифр­лық және ықпалдастық арта түскен.

«Егер бұрын оқу үдерісі бар­лы­ғына бірдей болса, қазір ол оқу­шының жеке қажеттілігіне бейімделген. Бір жағынан, цифр­ландыру классикалық мектептің аумағын кеңейтті. Қазір технология, ЖИ, онлайн плат­фор­ма­лар оқытуды интерактивті және қолжетімді етіп отыр. Сондай-ақ менеджерлерге жасанды интеллектіні пайдалану тренд емес. Бұл – жаңа шындық», деген ол жасанды зерде арқылы алынған ақпаратты мұқият тексеріп, талдау қажеттігін еске салды.

Оқыту курсына арналған бағ­дарлама 10 модульден тұрады. Онда білім мен технология және менеджмент саласындағы жетекші сарапшыларды біріктіріп, қаты­су­шыларға көшбасшылық дағды­ларды жетілдіру, басқару­дың инновациялық құралдарын мең­геру секілді ерекше мүмкіндіктер қарастырылған.

Жоғары білім мектебінің қауым­дастырылған профессоры Мир Афзалдың сөзіне зер салсақ, қатысушылар курс барысында көшбасшылықтың жаңа тұжырымдамасымен танысады.

«Бұл әлемге күрт өзгеріс әкел­ген жасанды интеллект дәуірін­де өте қажет. Жасанды интел­лек­ті оқу бағдарламасына, оқы­туға және мектепті басқаруға кіріктіріл­мей ешқандай білім саласы дамымайды. Сондықтан біз ұстанатын негізгі тұжырымдама: көшбасшылық қызмет емес, ол – тәжірибе», деді профессор.

Айта кетейік, бұл бағдарлама «Academic Leadership Institute: Executive Academic Leadership Programme» және «Deans’ School» сияқты табысты бастамалардың жалғасы. Бұған дейін осы бағдар­лама шеңберінде отандық жоғары оқу орындарының 80 ректоры мен деканы біліктілігін жетілдір­ген. Жалпы алғанда, NU Жоғары білім мектебі құрылғаннан бері 27 мың­нан астам білім саласының қызметкері кә­сі­би даярлықтан өткен.