1965 жылдың күзі. Орысы қалың, қазағы 10 пайызға әрең жететін Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектеп-интернатының қабырғасында білім алу ол кезде арман болатын. Себебі, бұл қарашаңырақта негізінен шалғайдағы аудандардағы малшылардың, ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететіндердің балалары ғана білім алатын. Мектеп-интернат болған соң онда білім алу, тамағың, барлығы тегін – рахат.
Біздер, Есімхан, Шәймерден, қос Еркін, Бәкөн, Сәуле, тағы басқалар “биыл тоғызыншы сыныпқа кімдер, қай ауылдан балалар келіп оқуға түсер екен” деп әуестікпен қараймыз. Сол жылы Ұлан ауданынан Бекен Ибраев, Қайырғазы Құнапин, Бауыржан Әкірамов, Айтмұхамбет Қасымов деген төрт өрімдей шәкірт қатарымызды толықтырды.
Ол кезде мектеп-интернаттың директоры небәрі 33 жастағы өзі көрікті, өзі әнші, білімді де білікті Уәлиахмет Байделдинов болатын. Тәжірибелі ұстаз шәкірттердің бойында адалдық пен ізденгіш, еңбексүйгіш қасиеттерінің мол болуына ерекше көңіл бөлетін. Ол кездегі Жамбыл атындағы мектептің атағы облысты былай қойып, бүкіл елімізге дүрілдеп тұрған. Білім сапасы қандай еді. Мектептің домбыра оркестріне Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген Қаныбек Алдашев жетекшілік ететін. Жүз адамдық хор, үрлемелі аспаптар оркестрі, фото, сурет салу үйірмелерінде жүздеген оқушылар жаттығатын. Мектептің жас таланттары Жарма, Ұлан аудандары мен Алматыда бірнеше мәрте өз өнерлерін ортаға салды. Біз Айтмұхамбет екеуміз мектептің домбыра оркестріне қатыстық, мен домбырада, Айтан (солай атап кеттік) бас домбырада ойнайтын. Міне, ізденім, шәкірттерін үйретуден жалықпайтын Уәлиахмет ағаның жүрегімізге салып кеткен өнегесі қазір де жемісін беріп жатыр.
Мұның алдында жоғарғы Тайынты ауылындағы сегіз жылдық мектепті үздік тәмамдаған Айтан бұйығы, аз сөйлеп көп тыңдайтын, білім алуға құштарлығы ерекше бала болып шықты. Әлі есімде. Тоғызыншы сыныпты аяқтар кезде Айтан маған В. Гюгоның сөзіне жазылған “Шын адам ғана” деген криптограммасын көрсетіп, осыны облыстық “Коммунизм туына” жарияласақ қайтеді деген ойын жеткізді. Онда да батылы бармай, жасқаншақтап, күбірлеп жеткізді. Газеттерге мақалалар жазып жүрген мені бейнебір кәнігі журналист деп есептесе керек. Ақыры Айтанның сол криптограммасы газетке жарияланды. Бұдан кейін де Айтан облыстық газетке бауыр басып, оқта-текте мақалаларын газетке жолдап жүрді.
1968 жыл! Мектепті аяқтаған жылы оқуға түсе алмай қалған екеуміз енді Алматыда жолықтық. Айтмұхамбет Қасымов ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түсті. Мен журналистика факультетінің студентімін. Қарашаңырақ қаншама адамдардың бақытын ашты десеңші. Журналист болуды армандаған Айтанымыз филология факультеніне оқуға түскенімен, бір бүйрегі бізге бұрып тұратын. Болашақ журналистермен жиі хабарласып, араласатын. Алайда, Айтанның бағы асып, жұлдызы жанды. Атақты ұстаздар Бейсенбай Кенжебаев, Темірғали Нұртазин, Мәулен Балақаев, Мәлік Ғабдуллин, Кәкен Ақанов, Мырзатай Жолдасбеков, Тұрсынбек Кәкішев, Рымғали Нұрғалиев тәрізді Алаш зиялыларының сарқытын ішкен, солардың жолын жалғастырған ғалымдардан лекция тыңдау, ой бөлісу кім көрінгеннің маңдайына жазыла беретін бақыт емес. Айтан досымыз университетте үздік оқыды, конференцияларда баяндамалар жасап, ұстаздарының көзіне түсті. Әсіресе, әдебиет пен тарих десе Айтан жанып түсетін. Шетел классиктерінің шығармаларын сол кездің өзінде іздеп жүріп оқитын, кітапханалардан шықпайтын. ҚазМУ-де оқып жүргенде МГУ-дің тарих факультетін үздік бітірген Жампейіс Қарағұсов деген ұстаз бізге дәріс оқыды. Білімді ағамыз бізге ұрысып, “анау филология факультетіндегі Айтмұхамбет Қасымов сияқты тарихты неге терең зерттеп, оқымайсыңдар” деп ренжитін. Керісінше, филология факультетінің студенттеріне курстас досымыз Кәкен Қамзин мен Бақытжан Майтановты жақсы оқығандары үшін үлгі етуге тырысатын.
Қайран студенттік шақ, қалай жылдам өтті десеңізші! Досымыз 1970 жылы ЖенПИ-дің математика факультетінде оқитын Гүлнәзи Ақатайқызымен шаңырақ көтерді. Гүлнәзи де бізден бір сынып төмен оқыған, Күршімнің қызы. Оқуларын үздік бітірген жас мамандар Үлкен Нарын ауданының Парамоновка орыс орта мектебіне қазақ тілінің мұғалімі, ал жұбайы математика, физика сабақтарынан дәріс оқитын ұстаз болып орналасты. Бір жылдан кейін Айтан мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. Ал 1975-1977 жылдары көрші Алыбай сегізжылдық орыс тілді мектебінің директоры болып жемісті қызмет атқарды.
Журналистикаға деген құштарлық, адалдық досымыздың бүйрегін солай қарай тартып тұратын. 1977 жылы Айтанды Өскемендегі педколледждің жатақханасы жанынан жолықтырып қалдым: “Оңқа, облыстық газетке қызметке алар ма екен? Өзің де сөйлесіп көрсеңші. Жазған-сызғандарымды берерсің”, – деді Айтан. Арада бірер айдан кейін ол облыстық газеттің ауыл шаруашылығы бөліміне әдеби қызметкер болып орналасты. Одан кейін партия тұрмысы бөліміне ауысты. Мәдениет, өнеркәсіп бөлімдерін басқарды, жауапты хатшы қызметіне дейін көтерілді. Қашанда асып-саспайтын, екі өлшеп бір кесетін, сырбаз да ақылды досымыз 1997 жылғы шілдеден газеттің бас редакторының орынбасары, соңғы екі жарым жылдан бері бас редакторы қызметін жемісті атқарып келеді. Тарих пен әдебиетті қатар ұнататын Айтанның мына ерлігі жайлы қалай айтпасқа? Қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы, жерлесіміз, Марқакөл мен Зайсанның төл тумасы Жақыпбек Малдыбаевтың есімі көмескіленіп кеткен. Оның ерлігі мен өрлігін терең зерттеп, Мәскеу мен Ресейдің бірнеше қалаларының шаң басқан мұрағаттарында ұзақ уақыт отыруға тура келді. Ақыры өзіне қажет құжаттарды тауып, оны жарыққа шығарды. Шын мәнінде Жақыпбек ағамыздың қазақтың тұңғыш әскери ұшқышы екенін дәлелдеді. Ол жайлы мақаласы Қазақ ұлттық энциклопедиясының 6-томына енгізілді. Осыдан он шақты жыл бұрын зайсандықтар Айтанды арнайы шақыртып, Балағазы деген ипподромда қалың жұртшылықтың көзінше журналиске құрмет көрсетіп, иығына шапан жауып, тұлпар мінгізген кезде қаламгер қарымының жемісін бере бастағанына риза болғанбыз. Бұдан кейін Айтанға күршімдіктер құрмет көрсетті. Шеңгелді ауылындағы мектепке батыр ұшқыштың есімін бергізуге де мұрындық болған, адал досымыз. Ол ол ма, Өскемендегі Абылай кеткен кенті маңында Ж.Малдыбаевқа арналған ескерткіш тақтаның орнатылуына көп еңбек сіңірді.
Журналист көп жүреді, көп көреді, ойған-түйгендерін қаламымен жырлайды десек, Айтанның көпшілік біле бермейтін жақсы қасиеттері аз емес-ау. Бұдан ширек ғасыр бұрын Арменияның Спитак қаласында күші 9 баллға жеткен сұмдық зілзала болған кезде журналист өзі сұранып, бірден апат аймағына ұшып кетті. Спитактың тоғыз қабатты үйлерін салған кезде құйматас емес, балшықты пайдаланғандары көзге ұрып тұрды. Сапасыз салған зәулім үйлер бір сәтте жермен-жексен болды. Қаза тапқан адамдар санында шек жоқ. Соның бәрін көзбен көрген қаламгер елге оралған соң очерктер топтамасын тізбелеп, газетке жариялай бастады. Адамдардың бір-біріне деген ыстық сезімі, туыстығы жоғалмаған екен, Айтанның мақаласынан кейін ірі кәсіпорындар басшылары мен тіпті қарапайым адамдар редакцияға келіп, арнайы ашылған есеп-шотқа қаржы аудара бастады. Алтайдың алты айға созылатын қақаған қысында өндірістік көлемде жүзім өсірген Д. Панкратьевті, сонау 1915 жылғы Ахмер ауылындағы тұңғыш қазақ қыздары мектебіне ұстаздық еткен Ғайса Аязбаевты, алғашқы дипкурьер Лидия Тауэр сияқты тарихи тұлғаларды облыс қана емес республика оқырмандарына да таныстырған қаламгер қарымына көпшілік жоғары бағасын берген де. Қаланың рәміздерін бекіткен кезде Өскеменнің “Усть-Каменогорск” болып бекітіліп кеткеніне ашу шақырып, газетке өткір сын жазып, артынан екі тілде жазылуына Айтан досымыз ықпал еткен.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшелері, “Ерен еңбегі үшін”, “Астананың он жылдығы” медалдарының иегері, ҚР мәдениет қайраткері А.Қасымов бес-алты кітаптың авторы. “Алтайдан ұшқан ақиық” атты кітабы осыдан он жыл бұрын жарыққа шықты. Онда қаламгер тұңғыш әскери ұшқыш Ж. Малдыбаевтың ерлік жолдары жайлы сыр шерткен, өзі зерттеген бай мұрағаттарды енгізген. Бұдан кейін “Арулар әлемі”, “Үміт патшалығына саяхат”, “Қызыл қырғынның құрбаны”, “Тарихи жол” атты кітаптары жарық көріп, оқырмандарының жоғары бағасын алды. Өзі басқарып жүрген облыстық “Дидар” газеті енді бір жылдан кейін 80 жылдық мерейтойын атап өтпек. Алғаш Риддерде “Жұмысшы” деген атпен жарық көрген газеттің шығу, өсіп-өркендеуі жайлы ұзақ уақыт зерттеу жүргізді. Өткен жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғылыми кеңесінде “Шығыс Қазақстан облыстық газетінің қалыптасу, даму кезеңдері” тақырыбында кандидаттық диссертацияны абыроймен қорғады. Жетекшісі – ғылым докторы, профессор Бауыржан Жақып. А.Қасымов С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті журналистика факультетінің студенттеріне де дәріс оқып тұрады.
– Журналистика саласында қызмет еткеніме 33 жыл өтіпті. Жан-жағыма қарап, ой тастасам әлі де тындыратын жұмыс жетіп артылады. Екі жыл бұрын облыстық “Дидар” және “Рудный Алтай” газеттері бірігіп, холдинг дүниеге келді. Білікті де білімді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бізге әрдайым көңіл бөліп отырады, холдинг басшысы болып белгілі ақын, жазушы, “Дарын” Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Нұржан Қуантайұлы тағайындалды. Нұржан ініміз газеттің мазмұнын да, бедерін де өзгертіп, ең бастысы, оқылатын газетке айналдырды. Әдебиет, өнер, ауыл шаруашылығы, экономика беттері беріліп тұрады. Қазір аптасына алты, сегіз беттен үш рет шығамыз, таралымымыз жиырма мыңға таяды. Газет – халықтың көзі, айнасы десек, сол үрдісті жалғастыру мақсатымыз – дейді Айтан досымыз.
Айтан мен Гүлнәзи балаларына жоғары білім берген, ұрпақ тәрбиесіне көңіл бөлетін отбасы. Үлкен қыздары Алма Алматыдағы ЮСАИД-тың Қазақстанда шағын кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының директоры. Ұлы Ербол құрылыс, көлік саласында қызмет етеді, одан Ернар деген немерелері өсіп келеді. Кенже қызы Айгүл ағылшын тілінің маманы, “Казатомпромда” қызметте. Міне, ұстаз, қаламгер, ғалым, журналист 60-тың асқарына шыққан Айтмұхамбет Қасымов досымыз еліне абыройлы, ардақ тұтатын азамат.
Оңдасын Елубай, ӨСКЕМЕН.