Туризм • 07 Наурыз, 2025

Алтынемел, Айғайқұм – табиғат сыйы

216 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісу құландарын көруге Үндістан, Қытай, Корея, Франция, Германия, Ресей сынды алыс-жақын шетелдерден жыл сайын мыңдаған турист келеді. Олар түз жануарын далада кездестіру мақсатында апталап жатады. Осы тұрғыда «Алтынемел» ұлттық табиғи паркінің беделі жоғары. Жануарларды зерттеуші ғалымдар да Күреңбел мекеніне соқпай кетпейді.

Алтынемел, Айғайқұм – табиғат сыйы

Суреттерді «Visit Zhetysu» турстік ақпараттық орталығы ұсынды

Жалпы, құландар по­пуляциясының көп бөлігі осы ай­маққа тиесілі, 3 600-дей құ­лан Кербұлақ ауданының «Ал­тынемел» ұлттық табиғи пар­кінің аумағын мекен етеді. Туристер осы әсем жаратылысты көруге арнайы келеді. Өңір әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы саябаққа 24 мыңнан аса адам табан тіреген, соның 7 мыңы – алыс-жақын шетелден келген қонақтар.

Саябақтың тағы бір табиғи тылсымы – Айғайқұм. 10-12 мың жыл бұрын пайда болған ұзындығы 3 км, биіктігі 150 метр құм жотасы саябақтың айрықша белгісі іспеттес, Жетісу өлкесінің табиғи кереметтерінің бірі.

«Мұнда келушілерге құлан­дарды, қарақұйрықтарды, сәті келсе саябақтың басқа да ерекше жануарларын тамашалауға арналған фото, бейне сафари ұйымдастырылады. Мұның бәрі экологиялық туризмді дамытуға ықпал етеді, өйткені ұлттық парктер Жетісу облысындағы 5 туристік бағыттың бірі», дейді «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орта­лығының жетек­шісі Жандос Нұриев.

Саябақ қызметшілерінің бар­лық тыныс-тіршілігі «Қызыл кітапқа» енген жануарларды, со­ның ішінде құландарды сақтап қалуға бағытталған. Біршама жыл бұрын мұнда Түрікменстаннан 30-ға жуық құлан әкелінген, қазір құландар саны едәуір көбейді. Мысалы, 2023 жылы саябақ аумағын 3 мыңға жуық құлан мекендесе, былтыр олардың саны 3 600-ге жетті. Бұл биологиялық түр­дің бір бөлігі ұлттық парктен бас­қа аймақтарға да таралып жатыр.

«Жануарлар популяция­сы­ның көбеюіне, саябақтың дамуына, туристер санының ар­туына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді. Қа­уіп­сіздікті жақсарту мақса­тында 14 жаңа мотоцикл мен мо­торлы қайық, 10 трактор, қар­да жүретін көліктер, дрон сатып алынды. Дронды түн­де де ұшыруға болады. Жол инфра­құрылымын жақсартуда облыс әкімдігі тарапынан көр­сетілетін қолдаудың маңызы зор. Өткізілетін имидждік іс-ша­ралар арқылы туристерді көп­теп тарта бастадық. Мұның бәрі саябақтың дамуына, фауна мен флораның сақталуына оң әсе­рін тигізіп отыр», дейді «Ал­тынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи пар­кінің бас директоры Қуат Бай­тұрбаев.

ва

Ұлттық парктің жалпы аума­­­­ғы 307 мың гектардан асады. Бірегей табиғатын, сирек кездесетін жануарларын, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін сақтау үшін «Алтынемел» ЮНЕСКО биосфералық резер­ватының халықаралық мәр­тебесін иеленген. Мұнда сирек кездесетін өсімдіктердің 31 түрі, Қазақстанның «Қызыл кітабына», халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізіміне енгі­зілген жануарлардың 66 түрі кездеседі. Соның ішінде барыс, құлан, қарақұйрық, т.б. бар. Таулы жерлерге қоңыр аюдың келгені де байқалған. Ұлттық саябақ бірегей табиғи нысандарымен де танымал. Олардың қатарында Айғайқұм, Ақтау бор таулары, Қатутау шөлді лава таулары, 700 жылдық тал, Бесшатыр сақ қорғандары, Таңбалы тас петроглифтері бар. Туристер осы бірегей табиғи нысандарды да тамашалай алады.

«Қазір Қазақстан көркем табиғатының арқасында Үндіс­танда жақсы танымал. Біз Шым­бұлақта, Көлсай, Қайыңды көл­дерінің жағасында болдық, Енді «Алтынемел» ұлттық саябағы мен Айғайқұмның тамашасын көзбен көріп, зерттеп-біліп жатырмыз. Әсерімізді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», дейді Үндістаннан келген турист Намбутасеха.

Былтыр жол инфра­құрылы­мын жақсарту мақсатында респуб­ликалық маңызы бар «Сарыөзек – Көктал» жолының ұзындығы 23 шақырым болатын Алтынемел асуындағы учаскесіне күрделі жөндеу жүргізілді.

«Мен мұнда алғаш рет 5 жыл бұрын отбасыммен бірге кел­­генмін. Соңғы келгенімде Айғай­құмның «әнін» ести алмай кеттім. Бірақ бұл жолы жолым болып, құмның дауысын естідім. Оның биігіне шыққандағы әсер мүлде бөлек. Мүлгіген тыныштық, зәу биіктен қарағандағы көрініс тіпті ғажап», дейді Алматыдан келген жас турист Рената Линник.

«Алтынемел» ұлттық саябағы сырттан келген қонақтарға таптырмас рухани олжа. Облыста экологиялық туризмнің дамуы­на да сеп. Саябақ басшылығы, облыс әкімдігі, «Visit Zhetysu» ту­ристік ақпараттық орталығы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра беретін болады.

 

Жетісу облысы