Үкімет • 07 Наурыз, 2025

Әкімшілік кедергілерді азайтқан абзал

698 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтіп, сенаторлар Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі лауазымына тағайындау туралы мәселені қарады. Сондай-ақ күн тәртібіне шығарылған заңдарды мақұлдап, өздерінің депутаттық сауалдарын жолдады.

Әкімшілік кедергілерді азайтқан абзал

Құқық саласындағы ынтымақтастық

Отырыс Амангелді Есеновті Жоғары аудиторлық палатаның мүшесі лауазымына тағайындаудан басталды. Дауыс беру кезінде ұсынылған кандидатура Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің отырысында алдын ала талқыланғаны айтылды.

Сонымен қатар палата депутаттары «Қазақ­стан Республикасы мен Қатар Мем­ле­кеті арасындағы қылмыстық істер бо­йынша өзара құқықтық көмек туралы ке­лісім­ді ратификациялау туралы» және «Қазақ­стан Республикасы мен Қатар Мем­лекеті арасындағы ұстап беру тура­лы келісімді ратификация­лау туралы» заңдарды қарап, мақұлдады. Депутат­тар атап өткендей, келісімдерді рати­фи­ка­ция­лау екі елдің қылмысқа қарсы іс-қи­мыл мәселелері бойынша құқық­тық ын­тымақтастығының тиімділігін арт­ты­ру­ға мүмкіндік береді және екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.

«Мақұлданған заңдар Қазақстан мен Қатардың құқық саласындағы ынтымақтастығын нығайтуды көздейді. Келісімдердің ережелері ұстап берудің рәсімдері мен құқықтық көмек көрсету мәселелерін реттейді. Алдағы уақытта аталған заңдар екі елдің қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы бірлескен қызметінің тиімділігін арттырады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.

Келісімдерде көрсетілетін көмектің тізбесі, одан бас тарту үшін негіздер, құпия­лылық туралы шарттар және сұрау салуды орындау кезінде алынған мәлі­мет­терді немесе дәлелдемелерді пайда­лану­дағы шектеулер егжей-тегжейлі айқын­­далады. Сондай-ақ күдіктілер мен айып­талу­шылардың кінәсін дәлелдеу үшін қажетті тергеу әрекеттерін жүргізу көздел­ген. Іздестіріліп жатқан адамдарды экст­радициялау, оның ішінде адамдарды ке­йінге қалдыру немесе уақытша ұстап беру мәселелері де ескерілді. Уағда­ласушы мемлекеттердің өз азаматтарын беруі көзделмейтінін атап өткен жөн.

 

Инвестицияның азаюына не себеп?

Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Депутат Нұрлан Бекназаров шетел­дік инвестициялар көлемінің төмен­деуіне және инвесторлармен сот дау­лары­ның көбеюіне алаңдаушылық біл­дір­ді. Оның айтуынша, бұл жағ­дай ұлт­тық экономикаға теріс әсер етеді. Осыған байланысты депутат инвес­тор­лардың құқықтарын қорғау сала­сын­дағы заңнаманы жетілдіру және инвес­ти­циялық жобаларға мониторинг жүргізу үшін цифрлық жүйелердің интеграциясын жеделдетуді ұсынды.

«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңей­тілген отырысында экономикаға инвестициялар тартудың маңызына назар аударып, еліміздің ұзақмерзімді ұлттық мүдделеріне сәйкес келетін басым міндет екенін атап өтті. Еліміздің инвес­тициялық саясатының 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде инвесторлардың 76 мәселесін қамтитын проблемалары мен шағымдары­ның бірыңғай тізілімі әзірленген», деді Н.Бекназаров.

Инвесторлардың ынта-ықыласының төмендеу себебінің бірі – әкімшілік кедергілер және олардың құқықтарын қорғаудың тиімді болмауы. 2024 жылы елдің әкімшілік соттарына инвесторлардан 200-ге жуық талап-арыз келіп түсті, бұл ретте шешімдердің 80%-ы олардың пайдасына қабылданды.

«Жергілікті атқарушы орган индус­триалдық аймақтарға жер учаскелерінің жалға беру шарты негізінде бөлінгеніне қарамастан, отандық заңды тұлғаларға оның инвестициялық жобасын іске асыру үшін қажетті жер учаскесін мем­ле­кет­тік заттай грант түрінде уақыт­ша өтеу­сіз жер пайдалану құқығы тәр­тібі­мен беретін жағдайлар орын алып жатыр. Нәтижесінде, аталған инвес­­тор­лар өздерінің инвестициялық мін­дет­­­те­мелерін орындағаннан кейін жер учас­кесін меншікке немесе жер­ді пайдалануға ресімдеу кезінде қиын­дық­тарға тап болады», деді сенатор.

Н.Бекназаров осы проблемаларды шешу үшін инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі заңнаманы жетілдіру, әкімшілік кедергілерді азайту, электр энергиясына тарифтердің тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ инвестициялық жобаларды мониторингілеу үшін цифрлық жүйелердің интеграциясын жеделдету бойынша бірқатар шараны ұсынды. Бұл шаралар инвесторлардың сенімін арттырып, ел экономикасын нығайтуға тиіс.

 

Бизнесті заңсыз тексеру белең алып тұр

Депутат Андрей Лукин санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметтері­нің кәсіпкерлердің жұмысына заңсыз араласуы шағын және орта бизнестің мем­лекеттік институттарға деген сенімі­не нұқсан келтіретінін айтты. Сенатор­дың сөзіне қарағанда, Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің аумақтық органдары та­раптардың бірі болатын сот шешімдеріне тұрақты мониторинг жүргізу мәселені шешуге ықпал етпек.

«2024 жылы күшіне енген сот актілерін талдау барысында Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Санитарлық-эпиде­миологиялық бақылау комитетінің лауазым­ды адамдары тарапынан жүйелі түр­дегі заң бұзу деректері орын алғаны анық­талды. Қолданыстағы заң ереже­сіне қарамастан, рұқсат құжаттарының заңсыз кері қайтарылуы, белгіленген рәсім­­дерге сай келмейтін тексерулер жүр­­гізілуі, сондай-ақ заңсыз нұсқама­лар­­дың берілуі сияқты деректер тіркел­ді. Мұн­дай әрекеттер бизнеске қосым­ша әкім­шілік кедергілер жасаумен қатар кәсіп­керлер қауымдастығының мемлекеттік органдардың қызметіне сенімін әлсіретеді», деді сенатор.

Депутат санитарлық-эпидемиология­лық қорытындылардың сот шешімінсіз заңсыз кері қайтарылуымен қатар тексеру тәртібінің бұзылуы мәселесін де көтерді. Оның пікірінше, бұған басты себеп – санитарлық-эпидемиологиялық бақы­лау органдарының лауазымды тұлға­лары тарапынан заңнаманың дұрыс түсін­дірілмеуі және қолданылуы, сондай-ақ басшылық тарапынан тиісті бақылаудың болмауы.

«Анықталған заң бұзу деректерін қарап, оларды жою жөнінде кешенді шаралар қабылдау, оның ішінде жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту ұсынылады. Бизнеске заңсыз араласу жағдайларын болдырмау, кәсіпкерлік қыз­метке кедергі келтіретін заңсыз нұсқа­малар мен ауыртпалықты актілерді шыға­руды тоқтату маңызды. Тексеру жү­р­гізу кезінде заңнаманың қатаң сақ­талуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ми­нистрлік пен оның аумақтық бөлім­шелері қызметкерлерінің құқық қолдану тәжірибесі бойынша біліктілігін міндетті түрде арттыру қажет. Барлық заңсыз санитарлық-эпидемиологиялық қоры­тын­дыны қайтару туралы бұйрықтарды жоюды және Денсаулық сақтау министр­лігінің аумақтық органдары қатысатын сот шешімдеріне тұрақты мониторинг жүргізуді ұсынамыз. Анықталған заң бұзу деректері бойынша жедел шаралар қабылдау қажет», деді А.Лукин.

 

Кеденде неге кезек көп?

Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов депу­таттық сауалында салық және кеден­дік ақпараттық жүйелерін оңтайландыру туралы ұсыныс жасады. Нақты ауысу жоспарының болмауына байланысты бизнес өзгерістерге алдын ала дайындала алмайды. Бұл айтарлықтай қиындыққа әкеліп соғуы мүмкін.

«Бүгінгі таңда кеденнен өту кезеңінің нақты жоспары жасалмаған, сондықтан кәсіпкерлер өзгерістерге алдын ала дайын­дала алмайды. Бұл үлкен қиындық­тарға әкеліп соғып жатыр. Құжаттарды өңдеу мерзімі айтарлықтай кешігеді, жүк көліктері тұрып қалып жатыр, шығын­дар көбейіп барады. Сондай-ақ интернет байланысының әлсіздігі де жүйенің жиі істен шығуына себеп болып тұр. Ал кедендік төлемдер мен салықтарды төлеудегі кідірістер жүктердің кідіріп қалуына және оларды сақтағаны үшін қосымша шығындарға әкеледі. Жүйенің дайын болмауы мен техникалық қателік­тердің көптігі салдарынан кәсіпкерлер айтарлықтай шығындарына ұшырап жатыр», деді сенатор.

Сонымен қатар ол транзиттік декларацияны рәсімдеу бұрын бірнеше минутты ғана алса, қазір бұл үдеріс бір жарым сағаттан аса уақытқа созылатынын айтты.

«Осы мәселелерді шешу үшін  барлық ақпараттық жүйеде туында­ған проблемаларды кешенді талдап, оларды жедел жоюды қамтамасыз ету қажет. Сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар кездесетін мәселелердің тізілімін жасап, әрбір функционал­дың тесті­леу нәтижесі туралы бизнес қауым­дастығын хабардар ету маңызды. Кәсіпкерлерден барлық байланыс арналары арқылы келіп түсетін техника­лық қателіктерді жоюды қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар ақпараттық жүйелермен жұмыс барысында туын­даған проблемаларға кәсіпкерлердің шағымына жедел әрекет ету мүмкіндігін қамтамасыз ететін жүйені әзірлеп, енгізу қажет», деді депутат.