Өшпес даңқ • 08 Наурыз, 2025

Майданда от кешкендер

99 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ел аспанын қара бұлт торлап, қайғы-мұңның найзағайы ойнақ салған қилы кезеңде темірқазық жастанып, елі мен жерін қорғаған қыздардың легі аз болмаған. Екінші дүниежүзілік соғыс уағында Әлия, Мәншүк, Хиуаз сынды асыл аруларымыз намыстың туын жыққан жоқ. Десе де, қолына қаруын алып, майдан даласында қан кешкен қыздарымыздың саны жеткілікті екені анық. Біздің бүгінгі әңгімеміз жұрт назарынан тыс қалған қазақтың ержүрек бойжеткендері хақында болмақ.

Майданда от кешкендер

Жаудың екі танкісін жойған Алтыншаш

па

Екінші дүниежүзілік соғыс бас­талып, ел басына күн туғанда ерлер ғана емес, аруларымыз да асқақ рухпен майдан даласында жүрді. Жау жағадан алғанда, ажал етектен шалған сондай жаужүрек қыздардың бірі, гвардия лейтенанты – Алтыншаш Нұрғожина. Жат жерде дүние есігін ашқандықтан болар, соңғы жылдарға дейін Алтыншаш Нұрғожина жайлы кең тынысты зерттеу­лер жасалмады. Сол себепті де қалың бұқара бұл батырымыз туралы көп біле бермейді.

Алтыншаш Өскен­байқызы Нұрғожина 1924 жылы қазіргі Ресей ас­та­насы Мәскеу қаласында дүниеге келген. Әкесі Өскенбай Нұрғожин – Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Кеңес одағының астанасында қызмет еткен зия­лы азамат болса керек. Соғысқа дейін Мәскеудегі Үлкен Полянка даңғылындағы 19-үйдің 13-пәтерінде тұрған. 1941 жылы Өскенбайдың шынашақтай 17 жастағы қызы өзі сұранып, әскер қатарына алынған. 1942 жылы алты айлық курсты тәмамдап, 18 жасқа тола сала соғыс даласына аттанады. Комсомол жұмыстарын ұйымдастырушы болып қызмет ете жүріп, Орталық Воронеж, 4-Украин майдандары құрамаларына қарасты атқыштар батальонының сапында жаумен шайқасты.

1944 жылдың 30 қыркүйегінде Поль­ша жерінде 70-гвардиялық ат­қыш­­тар дивизиясы құрамындағы 207-гвардиялық атқыштар полкі жау қоршауында қалады. Алтыншаш Нұрғожина сапында болған ротаның ко­мандирі оққа ұшып, қаршадай қазақ қызы командирлік міндетті мойнына алады. Қиянкескі шайқаста жаудың екі танкісі мен он шақты сарбазын жер жас­тандырып, сол күні өзі де шейіт кетті. Алтыншаштың көзсіз батырлығының арқасында қызыл әскер жау шабуылын тойтарып, қор­шаудан сытылып шығады.

Жиырма жастағы ержүрек бойжет­кеннің бұл ерлігі Кеңес одағының ең жоғары марапатына лайық деп таныл­ғанымен, Алтыншашқа атақ берілмеді.

Екінші дүниежүзілік соғыста «Кеңес Одағының батыры» атағына қазақтың төрт қызы ұсынылып, Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұловалар алтын жұлдызды алды. Ал көк аспанда 300 әскери тапсырманы сәтті орындаған ұшқыш қызымыз Хиуаз Доспанова тәуелсіздіктен кейін ғана «Халық қаһарманы» атанды. Ал гүл ғұмырын майдан даласында күлге айналдырған «қызыл жұлдызды» Ал­тыншаш қызды елі әлі де жете тани қойған жоқ.

 

Мерген Баян

ап

Қазақта Абылай ханның аламаны болған Баян батырды білмейтін жан жоқ. Ресей жерінен үдере көшкен құба қал­мақтан өш алмаққа бекінген Баян батыр хақындағы ерлік аңыздар әртүрлі сарында айтылады. Мәселен, Баян батыр ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың поэмасында қалмақтың тұтқын қызына ғашық болып, елден кеткен інісі Ноянды өлтіреді. Ал тарихи деректер мен аңыздарға сүйенсек, әңгіменің ауаны «Баян бастаған қазақ қолы ата-баба кегін қуды» деген кепке ауады.

1943 жылдың 15 қазаны күні пуле­метші қызымыз Мәншүк Мәметова мәңгілікке көз жұмды. Бұл қаралы хабар қазақ даласындағы бозбала мен бойжеткендерге ауыр соққы болып тиді. Мәншүктің кегін алмаққа жүздеген жігіт пен қыз өз еркімен майданға сұ­ранған. Олардың арасында Абай облысының Абай ауданына қарасты Ар­қат ауылының тумасы, 18 жастағы Баян Байғожина да бар еді.

Баяғы ер Баяндай жауына кектенген ару  Баян екі жыл ішінде құралайды көзге атқан мергенге айналып, қарсыластың 24 жауынгерінің көзін жояды. Әскери маңызы бар көпірді жаруға келген жансызды тірідей қолға түсіреді. Беларусь, Литва, Польша мен Германия жерлерін азат ету ұрыстарына қатысып, кеудесіне «Қызыл жұлдыз» орденін қадап, екі рет «Даңқ», бір рет «Отан соғысы» орденімен марапатталады.

Баян Байғожина туралы 1945 жылы 8 наурызда «Правда» газетінде «Девушка из Чингиз-тау» атты мақала басылып, батыр қыздың есімі мұқым елге мәлім болды. Осы мақала жарияланып, арада бар болғаны бір жарым ай өткен соң, со­ғыстың аяқталуына небәрі 12 күн қал­ғанда Баян да құрбысы Мән­шүктің артынан келместің кемесіне мініп, Германияның Гиддембург қаласы маңында шейіт кетті.

 

Партизан  Тұрғанбике

ап

Екінші  дүниежүзілік соғыста жау тылында қалып, партизан отрядтарының қатарында жаумен соғысқан қазақтың қыздары да болған. Солардың бірі – 1922 жылы қазіргі Қызылорда облысына қарасты Жалағаш ауданында дүниеге келген Тұрғанбике (Тұрғаш) Жұмабаева.

Тұрғанбике Жұмабаева 1939 жылы орта мектепті тәмамдап, Батырхан Қаражігітов есімді жігітпен отау құрады. Батырхан лейтенант шенді әскери маман еді. Күйеуінің қызметі барысымен Белоруссияның Борисов ауданына қоныс аударып, 1940 жылдың шілде айында ұлды болады.

1941 жылдың 22 маусымында соғыс басталып, күйеуінің тапсыруымен бір жасар баласын алып, елге қайтпақ болады. Бірақ қантөгіс басталып кеткендіктен, балалы ананың елге жетуі мүмкін емес еді. Соғыстың алғашқы күндері Тұрғанбике әскери қалашықтағы тұрғындармен бірге Логайск орманын паналайды. Уәли Оразбаев атты қазақ жігіті босқындардың басын қосып, «Большевик» атты партизан отряды құрылады. Аз уақыттың ішінде бұл отряд Щорс атындағы партизандар бригадасының құрамына қосылады. Партизан бригадасына кеңестік армиямен байланысу үшін радиостанция мен радист керек еді. 1942 жылдың алғашқы күндері партизандар сапына Мәскеуден арнаулы радиотехника мектебін бітірген Нұрғаным Байсейітқызы деген қазақ қызы жіберіледі. Тұрғанбике жерлесі Нұрғанымнан радистің жұмысын мең­геріп, құпия шифрлерді оқуды үйренеді. Кейіпкеріміздің мектепте неміс тілін мықты оқығандығы да пайдаға асады. Партизандар бригадасында жүріп, барлаушылар құрамына кіріп, немістердің тылына барып «тіл» әкелу, қолға түскен тұтқындардан жауап алу секілді жұмыстарды тыңғылықты атқарады.

Тұрғанбике жеті рет ірі шайқасқа қатысып, олардың бар­лығында да маңдайы жарқырап, ерлік көрсетіп, «Ерлігі үшін», «І дәрежелі партизан» секілді медальдарымен марапатталады.

Ең өкініштісі сол, бірде партизандар мен жау әскері бетпе-бет ке­ліп қалып, Тұрғанбике арқасына таңып алған сә­биін құтқару үшін қашуға мәжбүр болады. Осы сәтте арқалаған баласына жаудың оғы тиіп, сәби мәңгілікке көз жұмады. Тұрғанбике қасындағы серіктерімен бірге немістердің жазалау­шы отрядының қолына түседі. Одан да қашып шығып, қайта партизандар сапына қосылады.

1945 жылы Тұрғанбике Жұмабаева да, күйеуі Батырхан Қаражігітов те елге аман-есен оралды. Бірақ, амал не, от пен оқтың арасынан аман шыққан батыр қыздың денсаулығы сыр беріп, 1947 жылы 25 жасқа қараған шағында дүние салады.

 

Медбике Рәзия

п

Екінші дүниежүзілік соғыста дәрігер мамандығын игерген жүздеген қазақ қызы әскери борышын адал атқарғаны белгілі. Олардың арасында жаралылар­ды емдеп қана қоймай, қанқұйлы соғысқа қойып кеткен аруларымыз да болған. Мысалы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетінің 1943 жылдың 6 маусымындағы №118 санында «Майдандағы қазақ қызы» атты мақалада аты-жөні белгісіз қазақ қызының бораған бомбаның, жауған оқтың астында жүгіріп жүріп ауыр жаралыларды арқалап, тылға тасығаны, пулеметшінің бірі оққа ұшқанда оның қаруына ие болып, жау әскерін көп қырғынға ұшыратып, кері шегіндіргені жазылған.

Сондай-ақ екі мәрте «Кеңес  Одағының батыры» атағын алған генерал-полковник Давид Драгунскийдің естелігінде: «Бірде адам айтса сенгісіз сұмдық оқиғаның куәгері болдым. Біздің бір танкіміз отқа оранды. Қарасам, бүйірінде қызыл крест белгісі бар сөмке ұстаған қазақ қызы жалын құшқан техниканың қақпағын ашып, танк ішіне сүңгіп кетті. Осылайша, ажал апанына төрт рет кіріп, экипаж мүшелерінің бәрін құтқарып қалды...», деп жазады.

Драгунскийдің естелігіндегі ай­тылған көзсіз ерліктің иесі Рәзия Ысқақова болатын. Ол Қызылорда об­­лысының Жаңақорған ауданына қарасты Жайылма ауылында дүниеге келіп, фельд­шер маман­дығы бойынша Шымкент қала­сындағы медициналық училищені тәмам­даған. 1941 жылдың қазан айында 19 жасында әскерге аттанып, Украина майданындағы, сондай-ақ Сталинград, Курск, Харьков, Киев, Варшава қала­ла­рын азат ету шайқастарына қатысқан. Генерал-полковник П.Рыбалко қолбас­шылық еткен атақты танк ар­мия­сы­ның құ­рамындағы 55-бригаданың фельдшері болған.

Давид Драгунскийдің естелігінде айтылмай қалған тағы бір жайт бар. Дәл сол күні Рәзия бір өзі 15 жаралыны айқас алаңынан аман алып шығады.

Кеңес одағы бойынша халықаралық «Флоренц Найтингейл» медалін алған 26 медбике бар. Соның бірі Екінші дүние­жүзілік соғыста 400-ден аса жауынгердің өмірін ажалдан арашалап қалған Рәзия Ысқақоваға бұйырған.

2010 жылы өмірден өткен Рәзия әжеміз туралы құжаттар Лондон мен Мәскеудің музейлерінде әлі күнге құнды жәдігер болып тұруы қазақ қызының жеңіске сіңірген еңбегінің ұшан-теңіз екенінің айғағы іспетті.

 

Зенитші Қалзия

ап

1942 жылы мамыр айында 126 қызыл­ордалық қыз өз еркімен май­данға аттанады. Олардың арасында мектепті жаңа бітірген Қалзия Ақылбаева (кейін күйеуінің тегіне өтіп, Асанова деген құжат алған) да бар еді. Ол бірден Са­ратов қаласына жолдама алып, қысқа мерзім ішінде зенитші мамандығын игеріп, аспандағы ұшақ­ты атып түсіру ісін меңгерді. 16-армияның авиациялық полкінің 27-батальонында әскери борышын өтеп, неміс штурмовиктерінің шабуы­лына тойтарыс беру шайқастарына қатысты. Ең алғаш Орел қаласында неміс ұшақтарының шабуылын тойтарып, көзге түседі. 1943 жылдың жазындағы шайқастардың бірінде Қалзия Ақылбаева жаудың екі ұшағын атып түсіріп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Орел, Курск, Сумы, Гомель, Минск, Брест, т.б қалаларды азат ету үшін шайқастарға қатысқан батыр қыз Берлинде әскери қызметте жүрген танк бөлімінің командирі Қази Асановпен танысып, болашақ жарымен бірге Рейхстагқа дейін жетті. Жеңістен кейін бір жылдан соң, майдан табыстырған қос ғашық шаңырақ көтеріп, отбасы құрды. Қазақтың зенитші қызы 2010 жылға дейін өмір сүріп, 86 жасында бақиға аттанды.

 

Штрафбаттағы Халида

пр

Алаш баласында жиған дәулеті ел игілігіне жараған небір атымтай жомарт өткен. Солардың арасында Маман Тұрысбек балаларының ұлтқа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Жетісудағы «Мамания» мектебінің негізін қалаған, «Қазақ» газетіне қаржылай көмек көр­сетіп, Алашорда көсемдерін қол­даған, тұңғыш қазақ романына бәйге жария­лап, әдебиетіміздің дамуы­на да үлес қосқан әулеттің ұрпақтары Кеңес өкіметі орнаған соң, небір қиын тағдырды бас­тан кешті. Байдың ұрпағы ретінде осы әулеттің 36 адамы қуғын көріп, 15 азаматы ату жазасына кесілген.

Біз сөз еткелі отырған Халида Ма­манова солақай саясаттың таяғын жеген сол әулеттің қызы еді. Байдың тұқымы болғандықтан, сенімсіз адамдар санатына жатқызылып, оған медицина институтын бітіргенде кіші лейтенант шені берілмеді, соғыста медбике болып жұмыс істеуге де рұқсат етілмеді. Шынашақтай қыз майданда бейіт пен окоптың жерін қазып, ауыр жұмысқа жегілді.

Өзіне тиесілі шенін ала алмай, маман­дығы бойынша жұмыс істей ал­ма­ған Халида сол кездегі Кеңес ода­ғы­ның басшысы Сталинге: «Егер де «халық жауы» болсам, онда мені штрафбатқа жіберіңіз. Егер тірі қалсам, менің және туыстарымның мойнындағы бүкіл айып­ты алып тас­таңыз!» деп хат жазады.

Қайсар қыз осы хаттан кейін дегеніне жетті. Штрафбаттағы сот­талғандар мен саяси тұт­қындармен бірге соғыстың ең сұрапыл нүк­телерінде болып, Берлинге дейін жау­мен шайқасты. Соғыстан капитан шенімен аман оралып, ғылымға ден қойып, медицина ғылымдарының докторы дәрежесіне дейін жетті.

 

Қанат БІРЛІКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»