Пікір • 17 Наурыз, 2025

Болашаққа арналған міндеттерді белгіледі – Бибігүл Жексенбай

93 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген мәселелері тұрғысында Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Facebook әлеуметтік желісінде жазған пікірінде түйінді шешімдерге тоқталған, деп хабарлайды Egemen.kz.

Болашаққа арналған міндеттерді белгіледі – Бибігүл Жексенбай

Фото: senate.parlam.kz

Депутаттың пікірінше, Құрылтайда Қазақстан дамуының негізгі бағыттары, соның ішінде экономиканы реформалау, әлеуметтік саясат, заң мен тәртіпті нығайту, идеологиялық жұмыстарды жүйелеу мәселелері талқыланды. Президент өзінің бағдарламалық баяндамасында қазіргі жағдайға жан-жақты талдау жасап, көптеген мәселелер бойынша жүйелі шешімдер ұсынып, болашаққа арналған міндеттерді белгіледі.

«Идеология – қоғамның құндылығын, саяси және мәдени бағдарларын қалыптастыратын негізгі факторлардың бірі. Қазіргі жаһандану дәуірінде оның рөлі күшейгені сөзсіз.

Мемлекет басшысы идеологиялық және гуманитарлық жобалардың маңыздылығына тоқталып, Ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеу және Үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіруді тапсырды», деп жазды Б.Жексенбай.

Сенатордың сөзінше, жаһандану мен технологиялық үрдістердің кері әсерінен бірыңғай жаһандық мәдениет қалыптасып, әртүрліліктің жойылу қаупі туындауы мүмкін. Жыл сайын жаһанданудан жойылып кетіп жатқан мәдениеттер аз емес.

«Сондықтан Ұлттық бірегейлікті сақтау және жаңғыртуға ертеңін ойлаған елдер өздерінің мәдени және тарихи ерекшеліктерін қорғауға басымдық береді. Президентіміздің бұл мәселеге басымдық бергені қуантты.
Гете, Сервантес, Конфуций орталықтары сияқты Шетелде Абай (биыл 180 жылдық мерейтойы) институттарын ашуды қолға алу маңызды қадам. «Абай институты» негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс.

Еске салайық, Мемлекет басшысы: «Абай институты» негізгі серіктес елдердің бәрінде төл мәдениетімізді насихаттайтын орталық болуға тиіс. Бірқатар елде, мысалы, Қытай, Түркия, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде осындай орталықтар ашылатын болды. Сыртқы істер министрлігі мен «Отандастар» қорына Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, шетелде осындай орталықтар ашу мәселесі бойынша тиісті жұмысты жалғастыруды тапсырамын»,  деген еді.

Сондай-ақ, депутаттың айтуынша, биологиялық әртүрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық қор, Ұлттық цифрлық архив құру және «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын іске қосу еліміз үшін стратегиялық маңызды жобалар.

«Қазақстан Тәуелсіздігінің 40 жылдығына экономикалық және инфрақұрылымдық бастамалар айқындалды. Олар: цифрландыру және жасанды интеллект, көлік және транзит, энергетика, агроөнеркәсіп кешені, адами капитал. Алдағы төрт жыл ішінде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жобаны іске қосу, 2025-2026 жылдары ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, ал, биыл нақты секторды қаржыландыруды екі есеге арттыру (8 трлн теңгеге дейін), келесі жылдары 10 трлн теңгеге жеткізу, Астанадан Арқалық, Торғай, Ырғыз арқылы өтіп, Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне шығатын автожол салу еліміздегі экономикалық-инфрақұрылымдық жүзеге асырылатын жұмыстардың бір парасы ғана. Парламент пен Үкіметтің алдындағы міндет – шекара маңындағы аумақтарды дамыту туралы жаңа заң әзірлеу», деп жазған сенатор.

Еске салайық, Ұлттық құрылтайда Президент: «Біз үшін ешкім елімізді дамытып, көркейтіп бермейді. Қазақстан өз азаматтарымызға, яғни бізге ғана керек. Біз өз мүмкіндігіміз бен күш-қуатымызға арқа сүйеуіміз қажет. Сондықтан ұлт ретінде алға басуға не кедергі болса, соның бәрінен арылып, сапалы ұлт болуға тиіспіз», деген еді.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Елімізді жаһанға жайылып келе жатқан өзгерістерге дайындап, Қазақстанды кез келген сын-қатерге төтеп бере алатын қуатты мемлекет етуіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі басты миссиям. Бұл – тұтас ұлтымызға ортақ маңызды міндет», екенін баса айтты.

Ұлттық құрылтай осылайша Қазақстан қоғамының бірігуіне және елдің ұзақ мерзімді дамуының стратегиялық бағыттарын айқындауда басты рөл атқарады», деп түйіндеген депутат.