26 Маусым, 2010

АСПАН ӨЗІН БИІКПІН ДЕП АЙТПАЙДЫ

1045 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін
Достық туралы сөз бола қалса, ойыма көрнекті жазушымыз Әбдіжәміл Нұр­пейісовтің “Қан мен тер” романындағы мына бір жолдар орала кетеді. “– Балам, сен осы бізге хат жазған сайын Бедір деген досым бар деп жарияға жар салып жатушы ең ғой? Еламан қысылып қап, қозғалып қойды. – Әлі доссыңдар ма? – Доспыз... – Осы кейде тып-тыныш үйге үлектей ақырып келетін сол ма? – ... – Е, дегендей, дегендей! – деп қария басын изеп, тағы бір кез ойланып қалды. – Баяғы кезде әкем марқұм “атты сыртына, адамды ішіне қарап білем”, деп отырушы еді. Кісі сырын ұғу қиын ғой. Түріне қарап дос таңдау да қиын. О да бейне мінезін білмейтін атқа мінгендей, қай жерде түсіріп кетеді деп қылпылдап, тақымыңды қысып алғандай сенімсіз күйде болатын шығарсың, – деп тағы мырс-мырс күлді. – Тілекпен дос болмайды, тең кісілерге дос өзі келеді. Ондай дос қайда! Оның орны бөлек қой. Өз басым ешкіммен дос боп көргем жоқ, тең адам кездеспегендіктен емес. Оның бір пәлесі – дос кісілердің арасында да бірдейлік бола бермейді. Олардың да арасынан артық-кемі шығып, кемі кіші орнына жүреді. Қиыны осы”. Есбол қарияның далалық даналығы дос таңдауда асықпа, жеті рет өлшеп, бір рет кес, өйткені Дос деген ұлы сезімді қолжаулыққа айналдыруға болмайды деп отырған жоқ па?!. Кірпияз кейіпкердің тағы бір қаупі – мынау Алласы бір, айласы бөлек қауымның, қым-қуыт айғайының арасынан Достық атты дегдар сезімге эталон бола алатын адал адамды іздеп табу құмнан алтын айыр­ғандай өте қиын шаруа екенін түкпіш­теп түсінуінде жатқан сияқты. Шы­нында, “досым” деген жампозыңның бір жерде болмаса, бір жерде бір сатып кетпесіне кім кепіл?.. Жазу деген де бір сиқыр. Әсіресе, Достық туралы тақырып қараның қолы жете бермейтін ханша секілді тым тәкап­пар. Тым кісікиік. Ойыңды он-сан қылған тақырыпты таусап, соңғы нүктесін қойып, “бітті-ау, әйтеуір” дегендей беліңді жа­зып, қолдарыңды керіп, емін-еркін демала бергеніңде, “мені неге ұмытасың” дегендей екінші бір оқиғаның құлағын қылтитады. “Жазған құлда шаршау жоқ”. Оның да “көңілін” қалдыр­майсың. Бірақ осы кезде... үшіншісі, төртіншісі “ба­ла­лай­ды”. Сонда барып Достық деген ұғымды ұлықтау үшін оған тамызық бола­тын мысалды тым биіктен емес, өмірдің өзіндей қарапайым адамдар арасынан іздеген дұрыс-ау деп ойлайсың. Мысалы, Марат Ақматайұлын алайық. Ұлты – қырғыз. Иә, іргеміздегі ішінен бүлініп жатқан ағайындардың өкілі. Бірақ бүгінде Қазақ елінде тұрады. Қазақ елі болғанда қырғыздармен ауылы аралас, қойы қоралас кәдімгі Қордай ауданының орталығын мекен етеді. Сол Мәкең биыл көктемде 70 жасқа толды. Жетпіс – желекті, жемісті жас. Ал­пысқа толған ағаларымыз әзіл-шыны ара­лас “алпыс – тал түс” десе, жетпісті көру бақытына жеткен жәкелеріміз жет­пісті “жет... піс!” деген сөз деп қалжың­да­сады. Алпыс – алмаған асуымыз, жет­піс жетпеген жерұйығымыз болғандықтан, “кім біледі, рас болса рас шығар” деп бас шұлғып қоямыз. Бас шұлғымайын десең, оңтүстіктегі жасы жетпісті желкелеген кейбір көкелеріміз бірінен кейін бірі кішкентайлы болып жатыр. Осыдан кейін әлгі “тал түс” пен “жет... піс” туралы әзілді “бекер” деп көр. Жетпісінде бөпелі болмады демесеңіз, біздің қырғыз қаһарманымыз да мығым. Ой-пікірі орнықты. Оның үстіне отба­сы­лық қуанышына анау-мынау емес, Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі құттықтау же­делхатын жіберіпті. Иә, иә, жақын-жуы­ғынан өзгеге беймәлім қырғызға Қа­зақ­стан сияқты алып елдің иесі Астанадағы Ақордасынан арнайы жеделхат жолдапты. “Мың рет естігеннен, бір рет көрген артық”, кәні, жеделхат мазмұнымен сіз де танысып көріңіз. “Жеделхат Қымбатты Марат! Сені тамаша мерейтойың – 70 жасқа толуыңмен шын жүректен құттық­таймын. Сен азаматқа лайық абыройлы жолдан өттің. Туыстарың мен біз сияқты достарың сенің еңбегің мен өмір жолыңды мақтан тұтамыз. Екеуміз осындай үлкен өмір жолында танысып, табыстық. Сол жастық шағымыз, тату-тәтті достық күндеріміз менің жадымда. Аман-саулықта өмір сүріп жатқаныңа қуанамын. Жұмыс бабы мойын бұрғызар емес, осындай қуа­ныш­ты күндеріңде жаныңда бола алма­ғаныма өкінем. Бірақ мен әрдайым өзіңмен біргемін. Өзіңе зор денсаулық, бақыт, игілік тілеймін. Сара мен екеуміздің атымыздан туған-туыстарың мен жақындарыңа ізгі тілеулестігімді жеткізгейсің! Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев”. Көрдіңіз бе, Астанадан алыста, Бішкек­тен сыртта, Алматы мен Тараздың ортасындағы Қордай деп аталатын таудың қылтасындағы ауылда, қыр қазағынша айтқанда, “қойын құрттап, айранын ұрттап” жүрген қарапайым ғана қырғызға алыс-жақындағы мемлекет басшыла­рының бәрін мойындатқан Қазақстандай елдің Президенті жүрегімен жарылып, көңілімен қуанып құттықтау жеделхатын жолдап отыр. Қалай десек те, Марат байкең бақыт­ты екен. Жо-жоқ, Президенттен құттықтау жеделхатын алғаны үшін ғана емес. Олай деп ұшқары ойласаңыздар, қателесесіздер. Гәп басқада. Басқада болғанда “...Екеуміз осындай үлкен өмір жолында танысып, табыстық. Сол жастық шағымыз, тату-тәтті достық күндеріміз менің жадымда. Аман-саулықта өмір сүріп жатқаныңа қуанамын. Жұмыс бабы мойын бұрғызар емес, осындай қуанышты күндеріңде жаныңда бола алмағаныма өкінем. Бірақ мен әрдайым өзіңмен біргемін” деген сөздерді үлкен басын кішірейтіп, ақ жарылып айта білген жақсы адаммен дос болғаны үшін бақытты да байкең. Неге десеңіздер, өздерін игі жақсы­лардың санатына қосып жүрген бүгінгі көптеген басшылар алыста қалған балалық шағы тұрмақ, мына тұрған студенттік өмірлерінде қара нанды қақ бөліп жеген достарының қуаныштарын бөлісіп, жеделхат жазбайды ғой. Жазуға ниет те танытпайды емес пе әуелім. Өйткені өзі – “биікте”, ол – “төменде”. Есбол қария айтқандайын, “оның бір пәлесі – дос кісілердің арасында да бірдейлік бола бермейді. Олардың да арасынан артық-кемі шығып, кемі кіші орнына жүреді. Қиыны осы” дегеніңіздің айдай ақиқаты мен айна-қатесіз мысалы да осы емес пе. Жеделхат жолдауды айтамыз, бүгінде “астаналық” немесе “алматылық” деген атқа ие болған және кішігірім лауазымға қолы жеткен курстасыңа өзімсініп бара қалшы, баяғы “қандыкөйлек” досың “осы сені бұрын қайдан көріп ем” дегендей басыңнан аяғыңа дейін сынай қарап тұрмаса маған кел. Сонысына қарамай, солар тағы адамгершілік туралы айтады, елдің серкесі мен еркесі болғысы келеді. Бірақ адамгершілік туралы арамтер боп айтқан мың сөзі алыстағы ауылда тұратын қарапайым адамға қолына қалам алып хат жазған Елбасының бір ауыз сөзіндегі таза тілекке, шын ниетке жетпейді. Елбасының жаны да, жөні де бөлек! Меркіде тұратын Гена ағайдың, яғни Геннадий Ивановичтің де әңгімесін тыңдап көрелік. Екі дос балалық шағын Шамалғанда өткізеді. Елбасының Шамалғандағы һәм одан кейінгі тағдырын қалың көпшілік жатқа біледі десек қателеспеспіз, ал қарапайым Гена ағайды ше? Облыс түгілі, ауданның тізгінін ұстап көрмеген адамды кім таниды? Мұны кейбір менмен мансапқорлардың түсінігімен тұжырса, “кім таниды?”. Тағдыр оны ержеткен соң әуелі Қордайға, одан Меркіге “лақтырды”. Жеткен биігі өз ұғымында жаман емес – жылжымалы механикаландырылған колоннаның бастығы. Міне, осы кезде облысқа Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев келе қалмасы бар ма. Шамалғаннан кейін шұрқыраспағалы қашан. Үлкен қызметтегі үлкен кісі ұмытып та кетуі мүмкін ғой. Қасында ылғи ығай мен сығай, облыс, аудан басшылары. Жоғарғы жақтың тапсыр­масымен Қаратұма деген жерден кеңшар ашу бастамасы көтеріліп, Гена ағай соған канал қазу, су жеткізу шаруасымен шұғылданып жүр екен, қалың топтан сыртқарылау тұрыпты. Осы кезде жұмыспен мұқият танысқан Назарбаев: – Бұл шаруаны кім, қай мекеме жүргізіп жатыр? – деп сұрайды. Аудан басшысы Генаны көрсетеді. Көрсетудің де түр-түрі бар ғой, соның немкеттілеуі болыпты бұл көрсету. Гена осы кезде Елбасына қарайды. Елбасы... Генаға қарайды. Балалық шақты бірге өткізген екі жанар жарқ етіп, бала кезде әке-шешелеріне атақты жазушылардың кітаптарын дауыстап оқып беретін екі тіл сарт етіп сөзге келеді. Бірінші тіл қатқан кім дейсіздер ғой. Әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы! Онда да қасындағы кәстөм-шалбарларына қыл жуытпайтын сықиған сыпа басшыларды таңғалдырып: – Гена, бұл сен бе?!. – деп, алыстағы аудандағы құрылысшылардың бәрекелді, құрылысшылар сияқты қарапайым басшысын қапсыра құшақтай алады. Міне, кеңдік! Міне, кішілік! Міне, бала кездегі достыққа, жолдастыққа адалдық! Міне, кейбір адамдар жоғалтып алып, соны қай жерде жоғалтқанын, қай жерде ұмыт қалдырғанын есіне түсіре алмай шарқ ұрып іздеп жүрген Ұлы Мәртебелі Қарапайымдылық! Нұрекеңдей бір елдің Президенті емес, қарапайым бір ауданның әкімі бір кезде құлын-тайдай тебісіп бірге өскен досын жұмыс сапарымен жүріп кездейсоқ жолықтыра қалса, “ау, бұл сенбісің?” деп құшақтай ала ма, жоқ па? Дауысқа салсаңыз, “жоқ” деушілердің үлес салмағы басым болып шыға келеді. Өйткені, бұл дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Бар болса, некен-саяқ. Әсіресе, бүгінгі элита арасында қарапайымдылық қасиет әуес астай тым тапшы. Мұны оларға Елбасының өзі де талай рет ғибрат етіп айтып жүр. Елбасының ұлы қарапайымды-лығының, ел ішінде елеусіз қалып қойған ескі достарына деген адалдығының сыры неде? Басқалар неге осындай ақжарқын, ақкөңіл бола алмайды? Төтесінен қайырсақ, ескі достарына неге салқын? Кездейсоқ кездескен сәтте құшақтай алудың орнына, неге саусағының ұшын ұсынады? Аңқылдай амандасудың орнына неге ернін жыбырлата салады? Осы сынды сауалдар адамды көп ойлантады... Мұның жауабы, сірә, Елбасының қарапайым халықтың қақ ортасынан жарып шыққан халықтың ұлына тән мінезі мен болмысында болса керек. Қарапайым шаруаның отбасында тәлім алып, қарапайым жұмысшылар ортасында тәжірибе жинап, билік дәліздеріндегі жаны жайсаң, жүрегі кең ағалары мен замандастарының үлгі-өнегесін көріп өскендігінде жасырынып тұрса керек. Одан кейін Шамалғандағы орыс, украин және басқа да ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрі мен халықтық қалпын өзінің қазағының таным-түсінігімен араластыра тел емген текті тәрбиесінде жатса керек. Бұл кемдік емес, кеңдік. Ал кеңдік кеңсенің қытымырлау тәртібіне қашанда бас имеген. Кеңдік пен кеңсе демекші, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ халқының Ақселеу Сейдімбеков (12.ХІ.2002 ж.), Әзілхан Нұршайықов (6. І. 2003 ж.), Тұрсынхан Әбдірахманова (11. ІІІ. 2003 ж.) сияқты талай тамаша ұл-қыздарына өз қолымен жазған хаттарына көп үңілгенім бар. Бұл үшін “Елін сүйген, елі сүйген Елбасы” атты кітапты (“Елорда”, 2005 ж.) жарыққа шығарып, Елбасының эпис­толярлық мұрасын жарияға ұсынған Президент Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековке мың мәрте рахмет айтқан ләзім. Елбасының кісілігі мен кішілігін, сыры мен жырын, өнері мен өресін таны-татын хаттары мен жырларынан түзілген кітапты оқып отырып риза болғаным, сегіз қырлы, бір сырлы Елбасының эпис­толярлық жанрда да ешкімнің көмегін қажет етпейтіндігі болды. Ең бастысы – жүректің қылын қозғаған шынайы сезім­дерін қағазға өз қолымен түсіргенді қа­лай­ды екен. Адам баласына деген шы­найы сезім мен құрмет те жүректен шық­қан сөзді өз қолыңмен жазуда емес пе! Геннадий Ивановичтің басындағы жағдай журналист, бүгінде ортамызда жоқ Қасықбай аға Асаубаевтың да басынан өткен болатын. Өзі айтып беріп еді, жарықтық. Президенттің тоқсаныншы жылдардағы сол сапарына облыстық радиодан Қасықбай аға да ілеседі. Ағамыздың атын Қордай ауданының Қасық деген ауылына байланысты қойған. Сол ауылда тұратын нағашыларына жас кезінде қонаққа келген болашақ Прези­дентпен болашақ журналист ағамызға танысудың сәті түсіпті. Бірақ одан бері отыз жылдай уақыт өтті, қайтып кездескен емес. Сондықтан Алматыдан келгені бар, облыстан ілескені бар бір топ басшылардың қасында әдеп сақтап, Елбасының көзіне түскісі келмепті. Бірақ егіс алқабындағы бір арықтан аттай бергенде: – Оу, Қасықбай, бұл сен бе? Қалың қалай? – деген Елбасының өзімсінген қамқор үнін естіп, жүрегі елжіреп кетеді. Мұндайда ауызға сөз де түспейді ғой: – Жақсы! – дейді Қасағаң толқып. Жүрегі аурушы еді өзінің. Осы кезде әшейінде Қасықбайға көзінің қырын да салмайтын облыстың бірінші, екінші һәм үшінші басшылары журналистің отбасына барлық жағдайды жасап қойғандай ал кеп бөсе жөнелсін. Мінеки, Ұлы Мәртебелі Қарапайым­дылықтың тағы бір үлгісі. Әйтпесе бала кезінде кім қай ауылға барып, кім қай баламен таныс болмады дейсіз. Таныстарын есте сақтай да бермейді ғой, тіпті. Кейде танып тұрса да өтірік таны­мағансып, сырғақтап өте шығатындар қаншама. Ал қазақ көшбасшысы Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың болмысы туралы бұлай деп айта алмайсыз. Сөз басында тілге тиек болған Президенттің қырғыз досы туралы тәмсіл де осының мысалы. Сонау елуінші жылдары егіз қозыдай екі елдің малшылары Үшқоңыр мен Көк-Ойрок жайлауын тел жайлайды екен. Бейнелеп айтсақ, қырғыз ағайындардың – Кемін, қазақ бауырлардың – Жамбыл ауда­нының ауылы аралас, қойы қоралас болып кеткен. Мараттың әкесі Ақматай “Экпин” ұжымшарының озат жылқы­шысы. Социалистік Еңбек Ері! Ал Нұрсұлтанның әкесі Әбіш Шамалған ауылынан көшіп келген малшылардың ферма меңгерушісі. Сөйтіп қырғыз-қазақтың ақылманы атанған Ақматай мен Әбіштің арасындағы сыйластық олардың балаларына жұғысты болады. Бұл сыйлас­тық достыққа ұласып, екеуі Теміртауға бірге аттанды. Одан Украинаға сапар шекті. Орысшаға жетік, тілге шешен, оқып-тоқығаны мол, саз аспаптарында шебер ойнайтын Нұрсұлтан училищеде беделді болады. Оның осы беделі бірге барған басқа жігіттерге “Қытай қорғанындай” берік қамал болды. Кейде Мараттың сауық-сайранға аңсары ауатын. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы досына: – Не бар желігіп, одан да кітабыңды оқы. Сонша жерден неге келдік, – дейді екен өзімсініп. Ал өзі ойын-сауық қуғандарға ілеспей, жатақханада қалып, кітап, газет-журнал оқып, білімін жетілдіреді екен. – Намысқой еді, тек қана “беске” оқып, бәрімізге үлгі көрсететін. Содан бері, міне, бірі биікте, бірі етекте жүрсе де, бір-бірінен көз жазып, қол үзген емес. 1961 жылы 7 қазанда Марат үйленгенде досы Нұрсұлтан Теміртаудан Фрунзеге (Бішкек) келіп, Восточный көшесіндегі 63-үйдегі жалдамалы аядай пәтерде өткен кішігірім тойға қатысыпты. Кісілік пен кішілікті қатар меңгерген Нұрекең сол жерде де Мараттың достарын үйіріп әкеткен. – Аға, досыңыз Елбасы болған соң асыра мақтап отырған жоқсыз ба? – дейміз біз қалжыңдап. – Жоға, басқаны ұмытсаң да жас кездегі оқиғаны ұмыта алмайсың. Онан кейін Нұрекең орынсыз мақтанды о бастан жек көреді. Шын достың сезімі судан да мөлдір. Ислам әлемінің бас кітабы Құран кәрімге жүгінсек, расында, мадақ Алла тағалаға ғана тән. Мысалы, Мұхаммед пайғамбар­ды (с.ғ.с.) үмбеттері мақтаған сайын ол кісі күбірлеп дұға оқиды екен. “Неге өйттіңіз?” дегендерге, “Мадақ Аллаға ғана тән, сондықтан үмбеттерімнің күнәсін кешіре гөр деп Алла тағалаға жалбары­нып, дұға оқып отырдым” дейтін көрінеді. Шынында, Елбасы әсіре дәріптеуге жаны қас екенін Елбасы болғалы қаншама рет дәлелдеді. Біздің білетініміз бір тоғыз да, Елбасының білетіні тоқсан тоғыз. Әйтпесе ол кісінің кең жүрегінде Марат, Гена және марқұм Қасықбай аға сияқты бір кездері бірге өскен, бірге оқыған, бірге жұмыс істеген қаншама достарының бейнесі сыйып тұр! Елбасының “Сындарлы он жыл” атты кітабын (Алматы, “Атамұра”, 2003 жыл) оқыған адам, автордың әлемдік ауқым­дағы ақыл-ой иелерінің ой-толғам-дарынан асып түспесе, кем соқпайтын пікірлері мен пайымдарына риза болары сөзсіз. Айтайын дегеніміз, осы кітаптың кіріспесіне “Жалынның жады” деген тақырып қойылып, онда шығармасына арқау болар ойын бастау үшін өзі бір кездері қасында тұрған домна пешінің от-жалынынан мысалдар келтіреді. Өйткені буырқанып, бұрқанып жатқан отты металдың, абайламасаң, қаупі де басымдау болады. Елбасы осыны суреткерге тән түсінікпен тамаша баяндап келеді де: “Домна цехындағы қауіпсіздік, ең алдымен, күрделі технологиялық тізбектің барлық элементтерін мейлінше қатаң әрі сайма-сай сақтау арқылы қамтамасыз етіледі. Өкінішке қарай, адамдар мен қауымдастықтың өзара қарым-қатынасында күйреуге соқтырудан сақтайтын қатаң тәртіп жетісе бермейді. Кей адамдардың достығы бейіл емес, алдану, ал дұшпандығы кейіс емес, келісімге келе алмағандық екендігін кезінде қазақтың ұлы ойшылы Абай айтқан” деп, күллі ғалам басшыларын үлкен ойға жетелейді. Достық туралы бұл ойды айту үшін адамның өзі соған үлгі болу керек десек, Елбасының адамдарды алаламайтыны, достарын шыққан табы мен тегіне қарай таңдамайтыны дәлелдеуді қажет етпейтіні белгілі. Достық туралы мынадан асқан мысал болмас. Ибраһим (с.ғ.) халил, яғни дос болғаны үшін өте ауыр жағдайда болса да, достықтың шарты ретінде үлкен бір бағыныштылық пен тәуекел ішінде еді, көңілінде азғантай да болса еш қорқыныш пен үрей жоқ еді. Отқа тасталатын кезінде оған көмектесуге ұсыныс жасаған періштелерге: – Дос пен достың арасына кірмеңдер! Раббым нені қаласа, мен соған разымын, құтқаратын болса – сыйы, өртейтін болса – кемшілігім. Иншалла сабыр етудемін,.. – деп жауап беріпті. Сосын: – Ол жағдайымды біледі. Сосын айтыңдаршы, от кімнің әмірімен жанады, оны жағу кімнің ісі? – деп сұрапты. Ақыры Ұлы достан, яғни Алладан келген әмірмен от Ибраһимге (с.ғ.) салқын әрі қауіпсіз болады. Осылайша илләһи достық көрініс тапты. Алла тағала Ибраһимді (с.ғ.) адалдығы үшін аят кәримде: “Өте адал (уәдесінде тұратын) Ибраһим...” (Нәжм сүресі, 37-аят) деген сөздермен құрмет пен мадақтау көрсеткен. Президенттің достарына деген адалдығы туралы ойланғанда осы мысал есіме орала береді. Ұлы халқымызда “Бір дос бар қазандағы асың піскенше, бір дос бар аузыңдағы жағың түскенше” деген ғажап сөз бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын еске алыңызшы. Немесе сол жылдардағы баспасөз тігінділерін парақтап көріңізші. Президент жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатты сынап-мінеп жүргеннің бәрі Елбасына адал дос, жолдас, бауыр екендерін айтып, жалпақ жұртқа жар салған жандар емес пе еді. Бірақ көп ұзамай солардың көбісі сөздерінен танды, уәделерінен тайды. Елге жақсы атанудың жөні осы екен деп жосықсыз сөйлейтін болды. Сынды қойып, табалауға шықты. Мысалы, “лауазымды қызметке қолымыз жетпей қалды” немесе “орнымнан алып тастады” деп те дос деген ұлы ұғымға кір келтіруге бола ма? Мемлекет мүддесі жолындағы қиындығы көп қыруар істерде бірге болудың орнына үркек малдай жалт беретіні қалай? Ұлы халық, қарапайым халық осының бәрін көрмей-білмей отыр дейсіздер ме? Әбілқайыр ханға сатқындық жасап, Отырардың қақпасын ашып берген опасызды Шыңғысхан да мадақтап, марапаттаудың орнына, басын шаптырған жоқ па еді. Ендеше Елбасы лауазымды қызмет берсе дос санап, ал кемшілігіне байланысты қызметінен алса немесе басқа қызметке жұмсаса “көшке берген тайлағын” даулап жүрген түлкібұлаң дуайпаттарға халық қалай сенеді? Қалай басшылыққа сайлап, қалай төбесіне көтереді? Ибраһим (с.ғ.) пайғамбардың “Дос пен достың арасына кірмеңдер! Раббым нені қаласа, мен соған разымын, құтқаратын болса – сыйы, өртейтін болса – кемшілігім. Иншалла сабыр етудемін” деген сөзінен неге сабақ алмайды. Неге өзі емес, тек қана өзге кінәлі болуы керек? Елбасының өмір жолындағы алғашқы соқпақтардың бірінде дәмдес-тұздас болған ағалардың бірі – Рахымжан Мырзахметов. Бұл сонау 1958 жыл екен. Комсомолдық жолдамамен Теміртауға барған оңтүстіктің бір топ жігіттері, ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы бар, Днепродзержинскіден бір-ақ шығады. Бұл, әрине, қалың қазаққа белгілі жәйт. Белгісізі – 1964 жылы 6 шілдеде бүкіл бригада болашақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 24 жасқа толған туған күнін тойлапты. Арада алты күн өткенде Рахымжан ағаның үйіндегі жеңгей Сәния қошқардай ұл табады. Рахаңның шойын балқытушы достары нәрестенің атын “Шойынхан” деп қояйық деп шулайды. Сол кезде осы қуаныштың басында жүрген Нұрекең “Теміртаудағы күндерді еске түсіретін ат қояйық дегендерің орынды, сондықтан бұл нәрестенің аты “Темірхан” болсын” депті. Бұл есім Рахаңа да, жары Сәнияға да ұнайды. Теміртау қаласының 50 жылдығында сол байырғы достардың бас қосуы болады. Думанды топтың ортасында әдеттегідей Нұрсұлтан Әбішұлы да жүреді жайраңдап... Арқа сүйеуге болатын достан артық пана жоқ. Жүйрік атқа шабандоз үйір, жақсы адамға дос үйір. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Ғасырлар тоғысында” атты кітабындағы (Алматы, “Атамұра”, 2003) “Мағұрып пен машырық арасында” деген тараудың басында Герман Гессенің “Шығыс пен Батыс даналығынан біз бір-бірімен өштескен күштерді емес, күллі дүниені өз арасында тербелткен екі полюсті көргендейміз” деген сөз жазылыпты. Түсіне білген адамға бұл да ұлы достықты ұлықтаған асыл сөздердің бірі. Елбасы оны эпиграфқа бекерге шығарып отырған жоқ. Ол тәуелсіз елінің босағасы берік, керегесі кең, шаңырағы биік болуы үшін тоқсаныншы жылдары шығыс пен батыстан достар іздеді. Сол үшін Тұрғыт Өзалмен, Цзян Цзэминьмен, Маргарет Тэтчермен, Франсуа Митте­ранмен, Жак Ширакпен, Фахд Абдел Азизбен және басқа да көптеген мемлекет басшыларымен кездесті. Барлығымен де дос, пікірлес болып кетті. Сонда кім үшін? Әрине, елі мен жері үшін. Елі мен жері үшін болғанда бұрынғы КСРО деген қызыл империяның тасасында қалып қойған Қазақ елін дүние жүзінің жұртшылығына таныту үшін! Қазақ еліне жау емес, дос іздеген Елбасының сол ізгі сапары мен маңызды миссиясы әлі жалғасып келеді. Мынау таныс – көп, дос – аз заманда бұл үлгілі үрдіс. Жақсы дәстүр. Соның арқасында Қазақ елін Шығыс та, Батыс та төріне шығарып, беделді ұйымдардың төраға­лық­тарын ұсынып отыр. Әбдіжәміл аға романындағы Есбол қарияның “Оның бір пәлесі – дос кісілердің арасында да бірдейлік бола бермейді. Олардың да арасынан артық-кемі шығып, кемі кіші орнына жүреді. Қиыны осы” деген қаупі де қазақ көшбасшысының сабырлы саясатының арқасында жоққа айнал­ғандай. Құдайға шүкір, қазір бұрынғыдай кішіміз, кембіз деп басқа елдердің алдында күмілжімейміз. Елбасының елдер мен елдердің, адамдар мен адамдардың арасындағы Достық деген дегдар сезімге деген іңкәрлігі қазақстандықтарды осыған үйретті. Кім халық үшін өмір сүрсе, ол мәңгі өмір сүреді. Қазақстанның бақытты баяны үшін Халықтық Президентке айналған көшбасшы да халық үшін, достар үшін туған перзент. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. *Нұрсұлтан Әбішұлы мен Марат Ақматайұлы (жас кездері және бүгінгі уақытта).