Балалар • 19 Ақпан, 2025

Жасөспірімдер мен суицид: өмір мен өлім арасындағы күрес

128 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Суицид қоғамда кеңінен етек жайған дерттің біріне айналды. Жасөсіпірімдер арасындағы суицид – қазіргі қоғамның маңызды мәселелерінің бірі. Бұл тек жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның болашағына әсер ететін жағдай десек те болады.

Жасөспірімдер мен суицид: өмір мен өлім арасындағы күрес

Жасөспірімдердің өз-өзіне қол салуына отбасылық мәселелер, мектептегі қиындықтар, психологиялық мәселелер, әлеуметтік қысым, жеке проблемалар мен оқиғалар түрткі болуы мүмкін.

Осы орайда психолог, отбасылық психодиагностика және психокоррекция маманы Айымгүл Ерланқызымен қоғамның қорқынышына айналған жасөспірімдер арасындағы суицидке байланысты, бұл оқиғаның себептері мен алдын-алу шаралары бойынша ой өрбіттік. 

Психолог маманның пайымдауынша, жасөспірімдер арасында суицид оқиғаларының жиiлеуiне көбінесе қаржы мәселесі, психикалық аурулар, қоршаған адамдармен түсініспеушілік отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы,зорлық-зомбылық, есiрткi қолдану, әртүрлі компьютерлік ойындар, атыс-шабыс, қантөгіске толы фильмдердің тікелей әсері бар дейді. 

«Жасөспірімдер арасында суицидке әкелетін негізгі себептер әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, белгілі психикалық ауытқулар, созылмалы-депрессивті күй, отбасындағы шешілмеген кикілжіңдер, достардың арасындағы түсініспеушілік, немесе сәтсіз аяқталған махаббат, ерте жүктілік, есірткі заттарын қолдану деген сияқты мәселелер жасөспірімдер арасында суицидке әкелуі мүмкін. Суицид - демонстротивті немесе шынайы болуы мүмкін. Демонстративті суицидті жеткіншектер өздеріне көңіл аударту үшін жасайды», дейді психолог, отбасылық психодиагностика және психокоррекция маманы Айымгүл Ерланқызы. 

Әлеуметтік желілерде буллингтің алдын алу үшін, әлеуметтік желілерді бақылап отыру қажет. Әлеуметтік желілер арқылы суицид туралы ақпараттарды таратуға қарсы шаралар қабылдау маңызды.

«Әлеуметтік желілер мен ғаламтордың жасөспірімнің психологиясына әсері оң және теріс болуы мүмкін. Оң әсерін айтатын болсақ, жасөспірімдер әлеуметтік желі арқылы қарым-қатынас қажеттігін қанағаттандыра алады, қоғамдық-әлеуметтік тәжірибені жақсы меңгереді, виртуалды қарым-қатынас дағдыларын жақсартады. Теріс әсеріне келер болсақ, жасөспірімдер кибербуллингқа ұшырауы мүмкін, немесе белгілі бір мінез-құлықтың пайда болу мүмкін. Сонымен қатар олар өздеріне керек емес немесе өздерінің психикалық жай-күйі жайлы дұрыс емес ақпараттарды алып өздеріне зиян тигізуі мүмкін» дейді маман. 

Оның айтуынша, мектептерде кәсіби психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істеуі тиіс. Олар оқушылардың эмоционалдық жағдайын бақылап, қиындықтары туралы хабардар болуға көмектеседі. Сондай-ақ, балаларға суицид туралы дұрыс ақпарат беру және психологиялық көмек көрсету курстарын ұйымдастыру өте маңызды.

«Балаға үш тараптан да кешенді көмек көрсетілуі тиіс. Ең бірінші кезекте ата-ана, екінші педагогикалық орта, яғни баланың оқу орнындағы мамандар. Үшіншіден баланың мекен-жайы бойынша тіркелген медициналық орталығындағы мамандар. Осы үш тараптан да бірдей көмек көрсетілуі керек. Ата-ана әрқашан баланың көңіл-күйін, болып жатқан өзгерістерді байқап әрқашан баламен байланыста болып, балаға қажет көңіл бөлу керек. Сонымен қатар мектепте өмір құндылықтарына байланысты тренингтер, лекциялар өткізу өте маңызды. Ал, медициналық мекеменің тарапынан медициналық тексерістер, яғни, әр жыл сайын медициналық тексерістен өткен кезде жасөсіпірімдердің толықтай психикалық күйі тексерістен өту керек. Неғұрлым ерте жасалған дүниенің барлығы жасөспірімнің өз-өзіне қол салуының алдын алуы мүмкін», дейді Айымгүл Ерланқызы. 

Бүлдіршіндердің өмірін сақтап қалуда қоғамның да рөлі айрықша. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін қоғам ең бірінші кезекте диагностика жүргізе алу керек дейді маман. 

«Ата-ана болсын, мектеп қызметкерлері болсын баланың сөзіндегі немесе көңіл-күйіндегі өзгерістерді уақытылы байқап, сол белгіге назар аударуы тиіс. Сондай-ақ баламен әр уақытта тығыз қарым-қатынаста ата-ана болғаннан кейін психологтар ата-анамен де жұмыс жүргізуі тиіс. Педагог мамандары да баланың бойында өзгерістер пайда болған кезед не істеу керек екенін білмей қалатын жағдайлар да кездесуі мүмкін. Сол себепті, мектеп қызметкерлерімен де ағартушылық жұмыс жүргізу маңызды», деді психолог. 

Суицидтің алдын алу – бұл тек кәсіби мамандардың ғана емес, ата-аналардың, мектептер мен қоғамның да бірлескен күш-жігерін талап етеді. Ол тек бір адамның немесе отбасының мәселесі емес, бұл бүкіл қоғамның жауапкершілігін талап ететін жағдай. Суицидтің алдын алу үшін ата-аналар, мектеп, қоғам және мемлекетте ат салысу қажет.

Қоғамдағы ең қымбат қазына – адам. Адам өмірін сақтау және оны қорғау мемелекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта суицид мәселесін қоғамда, әсіресе жеткіншектер арасында болдырмауға барынша күш салуымыз керек.