
– Тазы – жеті қазынаның бірі. Ит жүгіртуге шынашақтай кезімізден ынтызар болдық. Әркім демалысын әрқилы өткізіп жатады ғой. Біз шаһардың тынымсыз тіршілігінен бір мезгіл бой алыстатып, демалыста ауылға атбасын бұрамыз. Алтын бесікке барғанда ғана шынайы демаламыз. Өйткені саятшылық жанымызға жақын. Облыс орталығының маңында орналасқан Жамбыл ауданына қарасты Өрнек ауылында ата-анамыз бар. Шаңырағымыздың сүт кенжесі де сонда.
Расын айтсақ, өңірде саятшылық та, тазы жүгірту де назардан тыс қалып бара жатқаны белгілі. Әйткенмен, қанға сіңген кәсіпті жалғастырған жөн. Қазақ тазысы патент алғанда қуандық, өзіміз де атсалыстық. Облыс орталығында өткен көрмеде тазыларымыз талапқа сай болып, арнайы сертификат табысталды. Үш тазының біріне елордада өтетін көрмеге жолдама бұйырды. Тазымызды ертіп талай додада топқа түстік. Тіпті өңірде де жарыс өткіздік. Осылайша атадан мирас өнерді қолдан келгенше қолдап жүрміз. Мемлекет тарапынан құмай тазы ұлттық бренд деп әспеттелсе де, жергілікті атқарушы билік тізгінін ұстағандар бұған жеткілікті назар аудармай отыр. Шенділер көмектессе, нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен, көкпар секілді ұлттық спортымызға қыруар қаржы салынып жатыр. Ал біз өзімізбен өзіміз жүрміз, – дейді Мақсат Абатов.
Бірнеше жыл бұрын өңірде өткен додаға көршілес облыстардан арнайы қонақтар атбасын бұрған. Тазыларға арнайы киім тіктіріп, доданың ережесін сүзгіден өткізген Мақсат пен Бағдат келушілердің көңілінен шығуға талпынған. Ұлттық өнерді дәріптеген ағайындылардың еңбегі еш кеткен жоқ. Тазы жүгіртуге әбден дағдыланған кәнігі мамандар ризашылық кейіппен тарқасты.
– Қалай болған күнде де бабадан мирас болып қалған атакәсіпке адал болғанымыз абзал. Тазының қасиетін түсінетін кез жетті. Түзде жүгірмесе тазы біткен тозады. Оны қатардағы ит секілді байлап ұстауға болмайды ғой. Осыны қаперде ұстаған жөн. Сондықтан да жыл он екі айда бір рет болсын тазы жүгіртуден турнир ұйымдастырып тұрған дұрыс. Інім Бағдаттың қол ұшын созуының арқасында мұндай жарысты өткізіп те жүрміз. Алайда қолда қаражат болмаған соң кейде бәріне қолды бір сілтегің келеді. Бір турнирге 300 мың теңгенің төңірегінде қолдау болса да ұйымдастырар едік. Алайда демеушілік көрсетуге талпынған азаматты көрмедік, – дейді Мақсат жеті қазынаның бірі туралы ойымен бөлісіп.
Мақсат Абатов еңбек демалысын әдейілеп қансонар болатын уақытта алады екен. Қара жер ақ қарға оранған шақта ол саятшылық құрады. Маусым аяқталғанға дейін тазысының бабын келтірудің қамында жүреді. Ол мұнысын ата кәсіпке деген адалдық деп есептейді.
– Таза қанды тазы алудың да машақаты аз емес. Оны осымен айналысып жүрген азаматтар жақсы біледі. Мәселен, үш жылымды құрбандыққа шалып, селекция жасадым. Қазіргі кезде төрт тазымыз бар. Жеті қазынаның санатына енген тазылар жарғақ, шашақ құлақты болып бөлінетінін айта кеткен жөн. Ең бастысы, бұл жұмысқа аса мұқият қараған дұрыс.
Кейбіреулер тазысы қасқыр алғанын айтып бөседі. Жалқы тазы қасқыр ала алмайды. Рухы мықтылары түз тағысын бір-екі аунатып, қайта артқа тартыншақтап, қожайыннан көмек күтеді. Осыны ұмытпаған жөн. Ал түлкі, қоян және өзге аңдарды алу үшін тазыны арнайы баптайды. Оның өз технологиясы бар. Көпшілік осыны білмейді. Демалыста тазы жүгіртуге ынтызар екенімді білетін басшыларым қай кезде де қолдау көрсетіп жүреді. Сол үшін оларға алғысым шексіз, – дейді Мақсат.
Мақсаттың айтуынша, қазақтың танымында тазының жасы қанша рет қар басқанымен есептеледі. Оның бір тазысы биыл үшінші рет қар көріпті. Бұл – үш жаста деген сөз.
– Көкбөрі, Ақбөрі деген тазыларымның жөні бөлек. Өйткені екеуі ұялас. Ал «Шустрый» деп ат қойып, айдар таққан күшігім осы жылы ауызданды. Қазақ қай уақытта болсын, дос көңілін қимайтын халық қой. Сол досқа деген адалдығым Сырттан деген тазымды бауырыма сыйлауыма түрткі болды. Оның да тазыға деген қызығушылығы зор екенін аңғардым. Жалпы, атқа міну, тазы жүгіртудің де өзіне тән мәдениеті бар. Оны меңгеруге ұмтылған кез келген адамға көмек көрсеткен жөн деп білемін. Сол арқылы біз ұлттық ғұрпымыз бен құндылығымызды дәріптей түсеміз, – дейді ағайынды Абатовтар.
Мақсаттың айтуынша, атасы саятшы болған көрінеді. Осыған қарап-ақ ағайындылардың атакәсіпке деген аңсары ауғанын бағамдау қиын емес. Олар тазы баптауды басты міндеттерінің бірі деп пайымдайды. Атакәсіпке адалдық дегеніміз де осы болса керек. Әйтпесе, шойынжолда еңбек етіп, нәпақа айырып отырған азаматтарды ешкім тазы бапта деп қинап жатқан жоқ.
Тазы жүгіртіп, саятшылық құрып жүрген ағайындылардың жалғыз ғана мақсаты бар. Олар қазақтың бұл ғұрпын жас ұрпаққа жеткізгісі, насихаттағысы келеді. Алайда бір жалақыға қараған ағайындылар кейде өзге өңірлерде өтетін жарыстарға бара алмай жатады. Өйткені қаржының жоқтығы – қолбайлау. Ағайындыларға қолдау көрсететіндер жақын арада табылар ма екен? Кім білсін, демеушілер қолдап жіберсе, олардың алдағы уақытта атқарар ісі аз емес-ау.
Тараз