Тұлға • 22 Наурыз, 2025

Ахмет Жұбановты ардақтау – парыз

658 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жастау кезімізде анам Ақжан Жұрымбайқызы Нұрпейісова таңғы шайын ішіп отырып:

Ахмет Жұбановты ардақтау – парыз

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

– Жаратқанның дүрбелеңге толы бұл фәниінде бекер ештеңе жоқ шығар. Себепсіз салдар болмайды. Жер бетіндегі тіршіліктің бәрі Алланың нәр беруімен өсіп-өнеді. Адамның тағдыры да үлкен өзгеріске түсіп тұрады. Біздің әулет Ахмет Жұбановтың, әлбетте Жұбановтар әулетінің алдында өмір бойы қарыздар, – деді. Сонда мен:

– Ойпырмай, анашым, бізге туыс емес Ахмет Жұбановтың әулетімізге сіңірген еңбегі қан­дай? – деп сұрадым.

– Алғашында Дина әжең туған жері Бекетай құмының төңірегінде, сол кездегі Бөкей ордасы, Орал, Гурьев (қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау облыс­тары) өңіріне ғана аты танылған күйші болған. Егер Ахмет Жұба­нов болмағанда күйші анамыздың танымалдылығы сол өңірден аспай қалар еді. Бүгінгідей күллі жұрттың алдында әйгілі де абыройлы болар ма еді, болмас па еді, кім білсін? Шамасы, 1936–1937 жылдар болуы керек, ел аралаған өнерпаздар ауыл-ауылға барып, концерт қоятын. Сондай бір топ сапар кезінде Дина анамыздың күйін тыңдап, өнеріне тәнті болған екен. Елге мәлім дүлдүл әнші-күйшілер көріп, естігендерін Ахмет Жұбановқа жеткізеді. Ахмет аға сол уақытта Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы филармонияның көркем­дік жетекшісі, сонымен қатар музыкалық-драма техникумында директордың әдістемелік және оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеп жүрген кезі екен. Көп ұзамай Ахмет Қуанұлы күйші апамызды Алматыға алды­руға Смағұл Көшекпаев де­ген азаматты жібереді. Ол бір­­не­ше рет барғанда, күй анасы: «Кәрі қойдың жасындай өмі­рім қалды, мені үлкен қалаға кө­ші­ріп қайтесің? Қала деген мен үшін жат әлем», деп қайтарып жібереді.

Смағұл ағамыз күйші ана­мыз­дың алдына қайта барып: «Ұстазыңыз Құрманғазының шығарған күйлерін халыққа жеткізушісі болмаса ұмыт болғалы тұр. Атамыздың күйле­рін естіп, тартып жүрген шәкірті өзіңізсіз ғой» деген сөздерден кейін үйдегі келіндеріне киімде­рін жината бастаған екен. Ақыры күйші Динаны Алматыға қоныс аударуға көндіреді.

Ол уақытта Дина шешеміздің 70-тен асып кеткен шағы еді. Күйші Динаны сонау Астрахан облысы Володар ауданы Козлово елді мекенінен (қазір Диановка деп аталады) Алматының төрі­не табандылық танытып жүріп көшіріп алғаны –Ахмет Қуан­ұлының іскер шеберлігі, таным­дық көрегендігі. Сөйтіп, Дина анамыз 1937 жылы 75-тен асқан шағында ұлттық аспапта шебер орындаушы өнерпаздардың қатарында Мәскеуде өткен Бүкілодақтық бірінші байқауда жүлделі орынды жеңіп алады. 1944 жылы 83 жасында Орта­лық Азияның бес республикасы­нан өнерпаздар қатысқан Ташкент­тегі онкүндік байқауда Дина Нұрпейісова тағы да топ жарады.

Көп ұзамай Дина шешеміздің отбасы мен жақын туғандары да Алматыға көшіп келіп, жайға­са бастайды. Сол көште күй анасы­ның шашбауын көтеріп мен де бірге келіп едім. Сенің әкең Шаңғытбай Екінші дүниежүзілік соғыста жарақат алып, туған жері Ақтөбе өңіріндегі Бөгетсай елді мекеніне оралып, ауылдық кеңестің хатшысы қызметін атқарып жүреді, қосымша мектепте сабақ та береді екен. Сол кезде әкеңнің басты мақсаты Алматының заң университетіне түсу болған. Ал мен болсам, консерваторияның алғашқы курсында оқып жүрдім. Студенттік кештердің бірінде әкеңмен танысып, кейін отау құрған едік. Сондықтан да Ахмет ағаңды жай ғана ғалым деп қарауға болмайды, – деді анам Ақжан.

Қазақ тарихында музыка өне­рінің дамуына ықпал еткен тұлғалар жеткілікті. Бірақ Ахмет Қуанұлы Жұбановтай тұлғалар аз, саусақпен санарлық. Ол – композитор, педагог, музыкатанушы ғалым және дирижер. Жұбановтар әулеті еліміз үшін өнегелі отбасы болғанын да көп ескере бермейміз. Айта кететін болсақ, Құдайберген, Ахмет және Ғазизадан бөлек, бұл отбасында ондаған ғалым дүниеге келген. Сонымен қатар әр тұлғаның соңынан көптеген ізбасар ілесіп, есімдері елге танымал тұлға, қоғам қайраткері ретінде ел абыройын асқақтатуға зор үлес қосқаны қаншама.

1906 жылы 29 сәуірде Ақтөбе облысы Темір ауданында дү­ниеге келген Ахмет Қуанұлы қазақ музыка өнерін зерттеу­ге және насихаттауға елеулі үлес қосты, ұлттық мұрамызды өш­пес байлыққа айналдыра білді. Ол жасынан музыкаға қызы­ғушылық танытқан, жергілікті музыканттардан домбыра тартуды және скрипкада ойнауды үйренді. 1929 жылы Ленинградта оқып, скрипка және музыка теориясы бойынша терең білім алды. 1933 жылы Алматы музыкалық-драма училищесінде сабақ бере бас­тады. Сол тұста қазақ музыка дәстүрін ұлттың маңызды рухани құбылысына айналдыру үшін тынымсыз тер төкті. Еңбегі жоғары бағаланып, 1944 жылы оған Қазақ КСР Халық әртісі атағы берілді. 1943 жылы өнертану докторы дәрежесіне ие болса, 1948 жылы профессор және академик атанды.

Алғашқы музыкалық әліпби­ді, қазақ музыкасын зерттеу жөніндегі ғылыми кабинетті, сондай-ақ халық аспаптар ор­кестрін, Қазақ мемлекеттік филар­мониясын құрды. Ол сон­дай-ақ елімізде музыка мәдение­тінің дамуына ықпал еткен педа­го­гикалық, ғылыми және қоғам­дық жұмыспен белсене айналысты. 1940 жылдары Жұбанов еліміздің түкпір-түкпірінен он мыңға жуық ән жинаған ғылыми экспедиция ұйымдастырды. Ол халық композиторларының шығармаларын жинап, жазып алып, әншілерге сабақ беріп, ерекше еңбекқорлығын көрсетті.

Сонымен бірге А.Жұбанов халық композиторлары мен олардың шығармалары туралы бірқатар монография жазып, қазақ музыкасын ғылыми тұрғыда зерттеу үшін көп жұмыс жасады. Халық күйлерін оркестрге бейімдеп, нотаға түсірді. Со­ның негізінде симфониялық шы­ғармаларды дүниеге әкелді. Бір сөзбен айтқанда, ол – еліміздегі заманауи кәсіби музыканың негізін қалаушы. Ахмет Қуанұлының маңызды жұмыстары ретінде Л.Хамидимен бірлесіп жазған «Абай», «Төлеген Тоқтаров» опе­ра­ларын, «Құрманғазы Сағыр­­баев», күйшілер туралы «Ға­сыр­лар пернесі», «Замана бұл­­бұл­­дары» атты еңбектерін, сон­дай-ақ қызы Ғазиза аяқтаған «Құр­манғазы» операсын айтар едік.

А.Жұбанов қазақ өнері мен мәдениетін жоғары деңгейге көтергені үшін «Ленин» орде­німен, басқа да наградалармен марапатталды. Астана, Алматы, Ақтөбе қаласындағы көшелерге, сондай-ақ туған өңіріндегі білім беру орындарына есімі берілді. Алматыдағы өзі тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылған. Композитордың туғанына 100 жыл толуына орай Ақтөбеде ескерткіші орнатылды. ЮНЕСКО шешімімен 2006 жыл Ахмет Жұбанов жылы болып жарияланды. Сол жылы 17 қазанда ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб-пәтерінде еліміздің өнер шеберлерінің қатысуымен салтанатты жиын өтті. Сондай-ақ «Қазақфильм» киностудиясы «Ахмет Жұбанов» атты деректі фильм шығарды, режиссері – Қалила Омаров.

Мұхтар Әуезов «қазақтың ұяты күйінде ғана қалды» деген болатын. Ахмет Қуанұлы болса – музыка әлемінің іргелі дамуына зор үлес қосқан тұлға. Ол – музыканың адам санасына және жастардың өнегелі тәлім-тәрбиесіне қосары аса маңызды екенін айта білген педагог. Композитордың «Музыканы түсінуге тілдің қажеті жоқ, көңіл болса жетіп жатыр» деген керемет сөзі бар.

2019 жылы 7 шілдеде Ұлттық домбыра күніне арналған салтанатты жиында Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Күмбірлеген домбыраның үні батырларымызға рух, ақын­дарымызға шабыт берген. Дом­быра әрбір қазақтың рухын көкке көтеретін құнды қазы­намыз болуға тиіс», деп күйде халқымыздың терең тарихы бар екенін айтты.

Ел боламыз десек, ұлттық музы­ка мен жыр, қисса-дастан­дарымызды қорғауға көп күш са­луымыз керек. Себебі бүгін­гі ұшқыр ақпараттық, жасан­ды интеллект қарқынды дамы­ған технология заманында телеар­наларда көрсетіліп, ән әлеміндегі сапасыз, мағынасыз, жылтырағы көп музыкалық шала шығармаларға тыйым салу оңай болмай тұр. Сондықтан мұрамызды дұрыс насихаттау­ға тиіспіз. Ұлттық музыкалық құн­дылықтың өзектілігі мен маңы­зын ашу – қоғам үшін өте маңызды.

Еліміздің әр азаматы Ахмет Жұбанов заманының маңдайалды тұлғасы екенін, оның өмірі мен шы­ғармашылығы, отбасы, әйгілі ағайын-туыстары туралы жан-жақты білгені жөн. Қазақ күйлерін нотаға түсіріп, мол қорын сақтап қалған көреген ғалымның 2026 жылы 120 жылдық мерейтойы келе жатыр.

Тарихи деректерге көз алсақ, әйгілі композитор Людвиг ван Бетховеннің әлем бойынша жүз шақты ескерткіші бар екен. Осы орайда, Астананың келісті бір жеріне Жұбановтар әулетінің шыққан биігін әйгілейтін ескерт­кіш орнатылса, өнер мен мәде­ниеттің абыройы арта түсері анық. Сонымен қатар отбасы құндылықтарын дамытуға үлес қосатын өнегелі іс болар еді. Өйткені ескерткіштер қоғамның ілгері басқан әдет-ғұрыптары мен игі салт-дәстүрін әйгілейді. Ел ішінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу ісін қалыптастырады. Ахмет Жұбановтай танымал тұлғаға ескерткіш орнату қоғам­ның жаңа буынын тәрбиелеуге қызмет ететіні анық.

Елордада Ахмет Жұбановтың еңселі ескерткішін орнату арқы­лы оған деген шынайы құрме­тімізді көрсетсек, қандай ғани­бет? Әр адамның назарын ауда­рып, оның ақыл-парасатын толықтырушы дүниенің бірі – танымал тұлғалардың бейне-мүсіні. Көрнекті ескерткіштердің тәрбиелік, өнегелік мәні аса зор. Сонымен қатар еліміздің барлық өңірінде, әр ауылдың саябағы мен көпшілік жиналатын орындарда ана тіліміз бен ұлттық музыка­мызды дәріптейтін мәдениет ошақ­тарының болуы да өте маңызды.

 

Төлеген Қуанышев,

«Күй анасы» республикалық қорының жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор