Парламент • 26 Наурыз, 2025

Криптоинвесторлардың басым бөлігі «сұр аймақта» жұмыс істейді - Смышляева

87 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Екатерина Смышляева цифрлық активтер индустриясына қатысты депутаттық сауалын  Премьер-Министрге жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Криптоинвесторлардың басым бөлігі «сұр аймақта» жұмыс істейді - Смышляева

Фото: parlam.kz

Е.Смышляеваның айтуынша осыдан екі жыл бұрын қабылданған цифрлық активтер туралы заң инновациялық нарықты реттеу мен дамытудың алғашқы қадамы болды. Алайда, саладағы жағдай күн сайын өзгеріп отыратындықтан алға жылжу керек. Ағымдағы жағдайды талдау индустрияның бірқатар проблемаларын көрсетті. Қазіргі уақытта Қазақстандағы цифрлық активтер «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) криптобиржаларында ғана заңды түрде айналысқа жіберіле алады. Бұл ретте, сарапшылардың бағалауынша, Қазақстанның криптоинвесторларының 5% -ы ғана осы алаңды пайдаланады, ал қалғандары «сұр аймақта» жұмыс істейді. 

Е.Смышляеваның сөзінше, екіншіден, ел экономикасына цифрлық майнерлердің қатысуы төмендеп отыр.

«Бүгінде компаниялар салық төлейді, майнерлердің орталықтары энергия жүйесінің теңгерімдеуші элементіне айналды. Алайда, әзірге мұндай компанияларға деген сенім деңгейі төмен күйінде қалып отыр, олар зор әлеует пен ресурстарға ие болғанымен, іс жүзінде инновациялық экономикаға қатыспайды», деді Е.Смышляева.

Депутаттың сөзінше бүгінде цифрлық активтер саласы жылыстату ортасына айналғандықтан қылмыстық кірістерді заңдастыру белең алған. Заңсыз криптоалмасушыларға қатысты бірқатар қылмыстық істер бойынша айналым мөлшеріндегі өндіріп алу сомасы 5-6 млрд. теңгені құрайды.

Осы және басқа да жайттарды талдай келе Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Цифрлық активтер саласын одан әрі дамыту және заң бұзушыларға арналған қылмыстық құрамдарды қайта қарау бойынша  бірқатар ұсыныстарын  айтты.

«Көлеңкелі нарықты азайту үшін қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің айналымына салынған тыйымды шектеу шарасына өзгерту, яғни жеке тұлғаларға лицензияланған платформалар арқылы қатысуға мүмкіндік беру.

Цифрлық активтердің барлық түрлерін заңды түрде шығару және айналымға енгізу инфрақұрылымын кеңейту мақсатында цифрлық активтер саласындағы қызмет көрсететін лицензияланған провайдерлердің (айырбастау орындары) санын кезең-кезеңімен АХҚО аясында, кейін ұлттық деңгейде арттыру.

Цифрлық активтер саласындағы қылмыспен күрес тиімділігін арттыру үшін бақылау шараларын қарапайым пайдаланушылардан алаяқ делдалдарға ауыстыру.

Цифрлық активтер саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша қылмыстық жауапкершілік негіздерін қайта қарау.

Лицензияланған майнингтік компанияларды энергетика саласын қоса алғанда, түрлі инвестициялық жобаларға қатысуға тарту.

Инновациялық қызметті қолдаудың басым бағыттарының қатарына қамтамасыз етілген цифрлық активтердің шығарылуы мен айналымына байланысты жобаларды қосу.

Цифрлық активтер саласын реттеу үшін пилоттық және эксперименттік құқықтық режимдерді кеңінен пайдалану», деді мәжілісмен.

Е.Смышляеваның айтуынша заңнаманы өзгерту бойынша қазіргі уақытта депутаттар реттеуші  органдармен бірлесіп шұғыл, перспективалы ұсыныстар дайындады. Алайда, Цифрлық кодекс жобасы 7 ай бойы үкіметтің қорытындысын күтіп жатыр.

«Аталған құжаттар цифрлық активтермен операциялардың ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты, тиісті мемлекеттік органдардың бұл мәселе бойынша келісім беруін және үйлесімді жұмыс істеу процесін жеделдетуін сұраймыз», деп аяқтады сауалын депутат.