Күрес • 29 Наурыз, 2025

Бозкілемде – бұрымдылар

81 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әйелдер күресінен Азия чемпионаты 1996 жылдан бері ұйым­дастыры­лып келеді. Тұсаукесер турнир Қытайдың Сяошани қаласында өтті. Бір қызығы, осы жарысқа АҚШ балуан­дарына да қатысуға рұқсат бе­рілді. Нәтижесінде, 50 кг сал­мақта барлық қарсыласын жыққан Патрисия Саун­дерс алтыннан алқа тақ­ты. Тағы бір бас жүлде қы­тайлық Лю Дунфэнге бұ­йырды. Қалған жеті ал­тын­ды жапондар жиып алды.

Бозкілемде – бұрымдылар

Жалпы, сары құр­лық­­тың басты дода­сын­да Жапония құ­ра­ма­­сының командалық есеп­те өзгелерге есе жіберген кез­дері сирек. Мәселен, сол кезден бері ұйымдастырылған 27 жа­рыстың 19-ында күн шығыс елі өкілдерінің асығы алшысы­нан түсті. Қытай қыздарының ал­ты рет мерейі үстем болды. 2021 жылы коронавирустың кесірі­­­нен Алматыда жалауы желбі­ре­­ген жарысқа аталған мемлекет­­тің бұрымдылары келмеді. Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын­да өткен сол бәсекеде Үнді елі өкіл­дерінің бақ жұлдызы жанды.

Тұсаукесер Азия чемпионатында еліміздің құрамасы бір қо­лаға қол жеткізді. Ол жүлдені 57 кг салмақта белдескен Светлана Волкова иеленді. Аталған додада еліміз барлығы 86 жүлде олжа­лады. Оның 19-ы алтын, 16-сы кү­міс, 51-і қола. Жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілгендер қа­тарында Светлана Ярошевич (2003), Жұлдыз Ешімова (2007), Елена Шалыгина (2009, 2012), Татьяна Аманжол (2009, 2013, 2014, 2020), Гүзәл Манюрова (2010, 2011, 2012, 2014), Жәмила Бақбергенова (2020, 2022, 2023), Валентина Исламова (2021), Елмира Сыздықова (2021, 2023), Мәдина Бақбергенова (2022) сынды сұлулар бар.

Жерлестеріміз үшін 2009, 2012, 2014, 2019, 2020, 2021, 2022, 2023 жылдар табысты болды. Сол жарыстарда Әнұранымыз екі реттен шырқалды. 2003, 2007, 2010, 2011, 2013 жылдары бір-бір алтыннан иелендік. Қалған бәсекелерде күміс пен қоланы қоржынға салғанымызбен, бас жүлдеге қол жеткізе алмадық.

Азия чемпионатында бар­лығы 11 командаға ғана бас жүл­де бұйырған екен. Солардың арасындағы ең табыстылары – Жапония мен Қытай. Жапон­дар 102 алтын алса, қытайлықтар 57 рет топ жарды. Осы көрсеткіш жөнінде 19 алтыны бар еліміз үшінші орында. Басқа елдердің нәтижелері мынадай: Моңғо­лия мен Үндістан – 10, Қырғызстан – 8, Оңтүстік Корея мен Солтүс­тік Корея – 4, Түрікменстан мен Тайпей – 1.

2020–2023 жылдар аралығын­да Нью-Дели, Алматы, Ұланба­тыр, Астанада өткен жарыстарда еліміздің әйелдер құрамасы екі алтыннан олжалап, жалпы есепте үздік үштіктің қатарынан көрінді. Жәмила Бақбергенова Азияның үш дүркін чемпион атанса, Елмира Сыздықоваға бұл белес екі рет бағынды. Татьяна Аманжол, Валентина Исламова, Мәдина Бақбергенованың бір мәрте мерейі үстем болды.

Былтыр Бішкекте шымылдығы түрілген бәсекеде бірде-бір бұрымдымыз алтын тұғыр­ға көтеріле алмады. Алатау­дың арғы бетіндегі айқасты төрт қоламен қорытындыладық. Жүлде иегерлері – Лаура Алма­ғамбетова, Диана Каюмова, Анастасия Панасович, Елмира Сыздықова. Енді қазақ қыздары Амманда өтетін Азия чемпионатында сол олқылықтың орнын толтырады деп үміттенеміз.

Әйелдер күресінен 2024 жыл­ғы Азия чемпионатының же­ңім­паздары: 50 кг – Юи Сусаки (Жа­пония), 53 кг – Ким Джиханг (Сол­түстік Корея), 55 кг – Мо Кийо­ка (Жапония), 57 кг – Фенг Йон­син (Қытай), 59 кг – Жанг Си (Қытай), 63 кг – Айсұлу Ты­ны­­бекова (Қырғызстан), 65 кг – Ма­хиро Йоситаке (Жапония), 68 кг – Нонака Одзаки (Жапония), 72 кг – Джанг Сиан (Қытай), 76 кг – Айпері Медетқызы (Қырғызстан).