
Бір алтынға зар болдық
Жарысты грек-рим күресі шеберлері бастады. Күрестің бұл түрінде еліміз Азияның алдыңғы легінде екені барша жұртқа мәлім. Осыған дейінгі Азия чемпионаттарында барлығы 146 медальға (44 алтын + 42 күміс + 60 қола) қол жеткіздік. Бұл көрсеткіш жөнінен Иран (58 алтын) мен Оңтүстік Кореядан (56 алтын) ғана қалып келеміз. Өзге мемлекеттерден көшіміз әлдеқайда ілгері. Біз тек 1993-2024 жылдар аралығында, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде өткен бәсекелерді есепке алып отырмыз. Аталған додадан бас жүлдесіз оралған кезіміз де жоқ емес. Атап айтсақ, 2001 жылы 1 күміс пен 1 қоланы, 2007 жылы 2 күмісті, 2008 жылы 2 күміс пен 1 қоланы, 2010 жылы 1 күміс пен 2 қоланы, 2019 жылы 1 күміс пен 6 қола медальді қанағат тұттық. Сол келеңсіз жағдай тағы да қайталанып, алыстағы Амманда «классиктеріміз» еліміздің әнұранын бірде-бір рет шырқата алмады.
Таяу шығыста күш сынасқан 10 жерлесіміздің екеуі ғана ақтық сынға алқынбай жетті. Омар Сатаев (82 кг) пен Әлімхан Сыздықов (130 кг) финалда Иран балуандарына есе жіберді. Магомад Ибрагимов (77 кг) пен Шәміл Ожаев (87 кг) қола медальді қанағат тұтты.
Сары құрлықтың басты додасында мақтаулы Мейіржан Шермаханбеттің (67 кг) сын сағатта сүрінген сәтінде қатты қынжылдық. Әлем чемпионатында қола, Азия ойындарында күміс, Азия біріншілігінде алтын алған марқасқа бұрын-соңды көзге түсе қоймаған Оңтүстік Кореяның ортаңқол балуаны Менсонг Квонның осал тұсын таба алмады. Жастар арасындағы (U-23) әлем чемпионы, ересектердің құрлық біріншілігінің жеңімпазы Сұлтан Әсетұлының (63 кг) жолына да үлкен үмітпен қараған едік. Алайда Амманда бұл балуанды мүлде танымадық. Алғашқы екі айналымда айқын басымдық танытқан Сұлтан шешуші тұста оңбай опық жеді. Әуелі Өзбекстанның, одан кейін Солтүстік Кореяның өкіліне есесі кетті. Сол секілді Иорданиядан құралақан оралған Ербол Камалиев (55 кг), Бақытжан Қабдыл (60 кг), Әділхан Сатаев (72 кг), Ілияс Гучугов та (97 кг) ел сеніміне селкеу түсірді.
Абырой болғанда, әйтеуір қазақтар биылғы Азия чемпионатынан алтынсыз қайтқан жоқ. Бірақ бұл бас жүлдені біздің төл түлегіміз емес, Өзбекстанда туып-өсіп, сол жақта күрестің қыр-сырына қаныққан қандасымыз Айтжан Қалмаханов олжалады. 19 жастағы дарынды жас солтүстіккореялық Чан Кимді, отандасымыз Сұлтан Әсетұлын, ирандық Мохамад Мехди Аббас Кешткарды жолынан ығыстырып, Таяу шығыста Өзбек елінің әнұранын шырқатты.
Грек-рим күресінен 2025 жылғы Азия чемпиондары: 55 кг – Кохей Ямагава (Жапония), 60 кг – Се Унг Ри (Солтүстік Корея), 63 кг – Айтжан Қалмаханов (Өзбекстан), 67 кг – Саид Эсмаили (Иран), 72 кг – Даниал Сохраби (Иран), 77 кг – Арам Варданян (Өзбекстан), 82 кг – Мұхаммад Нагуси (Иран), 87 кг – Жалғасбай Бердімұрадов (Өзбекстан), 97 кг – Мұхаммедхади Сарави (Иран), 130 кг – Фардин Хедаят (Иран).
Жәмиланың жарқыраған сәті
Әйелдер күресінен өткен жарыстың алғашқы күні көзімізбен жер шұқыдық. Бозкілемге шыққан бес бұрымдының барлығы да жеңілістің кермек дәмін татты. Бір ғана белдесуде жеңіске жетіп, жартылай финалға жеткен Светлана Анкичева (50 кг) үшінші орын үшін сайыста сүрінді. Жұбаныш белдесуде бағы жанған Гүлдана Бекеш (59 кг) пен Ирина Казюлинадан (68 кг) да қайыр болмады. Тәжірибелері әбден толысқан Зүлфия Яхьярова (55 кг) мен Елмира Сыздықова (76 кг) тұсаукесер кездесулерінде тізе бүкті.
Келесі күні Нилуфар Раймова (57 кг) шу дегеннен ұтылса, басқа қыздарымыз біразға барды. Солардың арасынан 72 кг салмақта күрескен Жәмила Бақбергенова ғана жасындай жарқылдады. Бастапқы бәсекеде оңтүстіккореялық Сехе Кимді айқын ұтқан ол жартылай финалда жапониялық Масако Фуруитимен айқасты. Дәл осы спортшы 2021 жылы Ослодағы әлем чемпионатының ақтық сынында біздің Жәмиланы жеңген еді. Бұл жолы да Фуруити 2:1 есебімен алда келе жатты. Бірақ бәсекенің аяқталуына бір секунд қана қалғанда Ж.Бақбергенова оны кілемнің сыртына итеріп шығарып, аса қажетті ұпайды қоржынға салды. Бұл шешімімен келіспеген жапондар қазылар алқасына шағым түсіргенгімен, өзгеріссіз қалды.
Финалда Жәмиланың жолы жастар арасындағы әлем біріншілігінің (U-20) күміс жүлдегері, Азия чемпионы (U-20) Юки Люмен қиысты. Бірінші кезеңде қытай балуаны белсеңді қимылдап, біздің балуанның еркін көсілуіне мүмкіндік бермеді. Үзілістен кейін қарқынын күрт күшейткен Жәмила қарсыласын әбден састырды. Ақыры 4:1 есебімен жеңіске жетіп, төрт дүркін Азия чемпионы атанды. Сөйтіп, Бақбергенова аталған жарыста олжалаған алтын медальдардың саны жөнінен Татьяна Аманжол, Гүзел Манюровамен теңесті. Бұл – балуандық өнерді серік еткен еліміздің бұрымдылары арасындағы ең үздік көрсеткіш.
Өзге үш балуанымыз үшінші орынға таласты. Бұл ретте Зейнеп Баянованың (53 кг) жолы болды. Қола медаль үшін тартыста ол Отгонтуйя Шинболдпен шеберлік байқасты. Осыған дейін үш бірдей дүбірлі додада дәл осы моңғол спортшысы Зейнепке сан соқтырған еді. Бұл жолы намысқа тырысқан қазақ қызы есе қайтарды. Тыныс Дүбек (62 кг) қырғыз Қалмира Білімбекқызынан, Гауһар Мұқатай (65 кг) қытайлық Ки Жангтен жеңілді.
Жалпыкомандалық есепте Жапония құрамасы алдына жан салмады. Күншығыс елінің арулары 4 алтын, 1 күміс, 4 қоланы олжалады. Одан кейінгі сатыларға Солтүстік Корея (2+4+1), Қытай (1+3+4), Үндістан (1+1+3), Қазақстан (1+0+1), Қырғызстан (1+0+1), Моңғолия (0+1+3), Өзбекстан (0+0+2), Оңтүстік Корея (0+0+1) құрамалары табан тіреді.
Әйелдер күресінен 2025 жылғы Азия чемпиондары: 50 кг – Ремина Яшимото (Жапония), 53 кг – Цой Хёгён (Солтүстік Корея), 55 кг – О Кёнрёнг (Солтүстік Корея), 57 кг – Сара Натами (Жапония), 59 кг – Сакура Ониши (Жапония), 62 кг – Маниша Маниша (Үндістан), 65 кг – Мива Морикава 68 кг –Ли Зелу (Қытай), 72 кг – Жәмила Бақбергенова (Қазақстан), 76 кг – Айпері Медетқызы (Қырғызстан).
Шешуші сәттің шешімі
Иорданияның бас шаһарында еліміздің 10 еркін күрес шебері күш сынасты. Алғашқы күні алтын медальдің сыңғырын естімедік. Төрт өреніміздің арасынан 97 кг салмақтағы Ризабек Айтмұхан суырылып шықты. Бастапқы бәсекелерде индонезиялық Мұхаммад Рудиансюан мен түрікменстандық Шатлық Хемалаевтың аяғын көктен келтірген даңқты балуан жартылай финалда жастар арасындағы әлем, құрлық чемпионы, ирандық Мұхаамадмобин Азимиден айласын асырды. Финалда Ризабек арынды Араш Есидамен айқасты. Дәл осы жапон жігітінен осыдан екі жыл бұрын Астанада өткен Азия чемпионатының финалында ұтылған-ды. Осы жолы да жерлесіміздің оған әлі жетпеді. Өте сауатты тактика ұстанып, бәсекенің басынан аяғына дейін бір тыным таппаған Есида Алаш жұртын алтыннан айырды. Бұл – Ризабек Айтмұханның Азия чемпионатындағы үшінші күмісі.
Нұрсұлтан Садық (65 кг) жарысты мерзімінен бұрын аяқтаса, қалған үш балуан қола медальға таласты. Шешуші тұста Рахат Қалжанның (57 кг) бағы жанды. Алғашқы айналымдарда Ан Жиенг (Оңтүстік Корея) пен Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Гулимжон Абдуллаевты (Өзбекстан) жеңген жерлесіміз жартылай финалда Милад Вализадеге (Иран) жол берді. Үшінші орын үшін тартыста Рахат Хусейн Албехадилалборстан (Ирак) айласын асырды. Дәл осы межеде Дәулет Ергеш (79 кг) тәжік Магомед Евловтың, Начын Куулар (70 кг) жапон Йошиносуке Аоягидің алдында дәрменсіздік танытты.
Жарыстың соңғы күні Балғабай Мұхамед (61 кг) пен Нұрсұлтан Азова (125 кг) жүлдесіз қалды. Нұрқожа Қайпанов (74 кг), Болат Сақаев (86 кг), Азамат Дәулетбеков (92 кг) жартылай финалға еш кедергісіз жетті. Бұл межеде Азамат сүрінді. Ол ирандық Әмірхоссейн Фироуға есе жіберді. Бірақ айтулы балуанға өкпе айта алмаймыз. Кейінгі үш Азия чемпионатында алдына жан салмаған Азамат Иорданияның астанасында өзінің үйреншікті салмағында күрескен жоқ. Сол себепті де өзінен әлдеқайда еңселі қарсыластармен тіресу қазақ спортшысына қиын соқты. Десек те Дәулетбеков елге құралақан оралған жоқ. Үшінші орын үшін тартыста қандасымыз өзбек Шерзод Пайоновтан басым түсіп, қола медальді қоржынға салды. Бастапқы бәсекелерде қарсыластарына еш мүмкіндік бермеген Болат Сақаев финалда ұтылды. Шешуші тұста ирандық Абдолфазл Рахманидің осал тұсын таба алмаған ол күмісті қанағат тұтты.
Отандық еркін күрес шеберлері арасынан Нұрқожа Қайпановтың асқан шеберлігіне тәнті болдық. Былтыр Тиранада әлем чемпионы атанған қазақтың мақтанышы Амманда бахрейндік Магомедрасул Аслуев, моңғол Батбаяр Батсух, ирандық Мұхаммед Шакери, қырғыз Орозбек Токтомәмбетовті тізе бүктіріп, алтын тұғырға көтерілді. Бұл белдесулердің барлығын Қайпанов тактикалық тұрғыдан өте сауатты өткізді. Еш артық қимыл жоқ, асықпай-саспай күресті. Қарсыластарының мысын басып, үнемі шабуыл өтінде жүрді. Қорғанысында да мін жоқ. Осылайша, Нұрқожа үшінші рет Азияның бас балуаны атанды.
Жалпы есепте Иран (4+1+4) озды. Екінші орында – Жапония (3+0+3). Үшінші сатыға еліміздің құрамасы (1+2+2) табан тіреді. Одан кейінгі орындарға Қырғызстан (1+1+0), Солтүстік Корея (1+0+1), Моңғолия (0+2+3), Үндістан (0+2+1), Бахрейн (0+1+2), Тәжікстан (0+1+1), Қытай (0+0+3) құрамалары жайғасты.
Еркін күрестен 2025 жылғы Азия чемпиондары: 57 кг – Шонсон Хан (Солтүстік Корея), 61 кг – Такара Суда (Жапония), 65 кг – Кайсей Танаба (Жапония), 70 кг – Ерназар Акматалиев (Қырғызстан), 74 кг – Нұрқожа Қайпанов, 79 кг – Махди Юсефихаживар (Иран), 86 кг – Аболфазл Рахими (Иран), 92 кг – Әмір Хоссейн Фирузпур (Иран), 97 кг – Араш Есида (Жапония), 125 кг – Әмір Реза Масуми (Иран).