
Сурет: ile-tany.kz
Негізгі басымдық айқындалды
Премьер-министрдің айтуынша, 2020 жылдан бері Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді жеңілдету, бюрократияны қысқарту және «Электронды үкімет» жүйесін құруда белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазірдің өзінде мемлекеттік қызметтерді проактивті форматта ұсыну кезеңіне өту жүзеге асырылды. Бұл азаматтарға қызмет алу үшін кез келген мемлекеттік мекемеге барудың қажеті жоқ дегенді білдіреді. Жүйе автоматты түрде өтінішті қабылдап, қажетті қызметті көрсетеді. Мысалы, бала өмірге келгенде оның ЖСН автоматты түрде беріледі, туу туралы куәлік SMS арқылы рәсімделеді.
– Дербес деректерді қорғау мен цифрлық қауіпсіздікке ерекше назар аудару керек. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, дербес деректермен жұмыс істейтін мамандардың жауапкершілігін арттыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуі қажет. Осы саладағы бұзушылықтар үшін жазаны күшейту керек. Жаңа SIM карталарды сатып алу кезінде биометриялық тіркеу, сондай-ақ SIM карталарды үшінші тұлғаларға заңсыз беру бойынша жауапкершілік енгізіледі. «Стоп-кредит» қызметі іске қосылды, оны халық белсенді түрде пайдаланып жүр. Банктік қосымшалар арқылы жүретін қарапайым әрі жылдам үдерістердің арқасында онлайн-қызметтермен қамту деңгейі артып келеді. Біз мұндай өзара табысты ықпалдастықты қолдаймыз. Жалпы, мемлекеттік қызметтердегі бизнес-үдерістерді оңтайландыруға баса назар аудару керек. Пайдаланушылар өздеріне қажетті қызметтің бәрін ең көп дегенде, «екі батырманы басу арқылы» алуға тиіс. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жасанды интеллектіні белсенді түрде енгізу керек. Бірінші кезекте, «электронды үкімет» платформасында осыған басымдық берілуге тиіс, – деді О. Бектенов.
Үдерістің 92%-ы онлайн жүреді
Былтыр елімізде мемлекеттік қызметтерді алу жүйесі айтарлықтай дамып, 340 миллионнан астам қызмет онлайн-форматта көрсетілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Қазір мемлекеттік қызметтердің 92%-ын қашықтан алуға болады, ал азаматтардың 90%-ы қызметтерді смартфон арқылы алады. Мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуді монополиясыздандыру шеңберінде негізгі сервистер танымал финтех-платформаларға интеграцияланды, бұл халықты цифрлық қызметтермен қамтуды едәуір арттырды. Бұған қоса отандастарымыз QR-қолтаңба мен биометрияны сенімді қолдана бастады. Цифрлық құжаттар қызметі ерекше танымал болуда, бір жыл ішінде азаматтар оны 292 млн рет қолданды. Мәселен, көлік иелеріне хабарлама жіберу үшін жаңа цифрлық қызмет іске қосылған. Ол жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарда келеңсіздіктің алдын алады.
– Егер сіз терезесі ашық қалған немесе өтуге кедергі келтіріп тұрған көлікті байқасаңыз, мемлекеттік нөмірді теріп, қажетті тетікті таңдасаңыз жеткілікті. Көлік иесіне анонимді хабарлама жіберіледі. Бұл сервис өзара көмектесудің әрі азаматтық жауапкершіліктің құралына айналады деп сенеміз, – деді Ж.Мәдиев.
Сосын жеке куәлікті онлайн ауыстыруға да болады. Ең сұранысқа ие мемлекеттік қызметтің бірі – жеке куәлікті ауыстыру екені анық. Осы сәуір айының соңына дейін онлайн-форматқа ауыстырылады. Мамандар қазірдің өзінде азаматтың фотосуретін сәйкестікке бағалайтын AI моделін сынақтан сәтті өткізді. Яғни болашақта азаматтарға жеке куәлік алу үшін тек eGov платформасында сәйкестендіруден өту, фото мен қолтаңбаны жүктеу, онлайн төлем жасау мен құжаттың дайындығы туралы SMS күту ғана қажет болады.
– 2024 жылы ХҚО операторлары 15,2 млн қызмет көрсетті. Бұл ретте өтініштердің 80%-ы он қызметке тиесілі. Біз мемлекеттік органдармен бірлесіп, бұл қызметтерді автоматтандыру және баламасыз, тек онлайн форматқа көшіру бойынша жол картасын әзірледік. Бірінші кезеңде: жеке куәлікті ауыстыру, электронды цифрлық қолтаңба беру, еңбек мигранттарына рұқсат беру қызметтері. Келесі кезекте тіркеу қызметтері: көлік, жылжымайтын мүлік, жерге қатысты құжаттар көшіріледі. Мақсатымыз – жыл соңына дейін халыққа қызмет көрсету орталығының жүктемесін 50%-ға дейін азайту, – деді министр.
Тіпті онлайн-кеңесшілер енгізіліп жатыр. Бірыңғай байланыс орталығында 60 мемлекеттік қызмет бойынша кеңес беретін, 10 қызмет түрін көрсететін интеллектуалды дауыстық көмекші жұмыс істейді. Оның қатарында туу туралы куәлік, сотталмағаны туралы және психо-наркологиялық диспансерлерде тіркелмегені туралы анықтамалар және басқа да қызмет түрі бар. Сонымен қатар 1414 байланыс орталығының базасында әкімшілік органдардың 30-дан астам байланыс орталығын біріктіретін орталықтың қызметіне ЖИ енгізу бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Одан бөлек, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру үшін 5 жаңа сервис енгізілді. Бұл туралы Үкімет отырысында «Азаматтарға арналған үкімет» КеАҚ басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев мәлімдеді. Бұл жаңалықтардың ішінде әр пайдаланушыға жеке қызмет көрсететін «жеке менеджер» бар. Сондай-ақ шетел азаматтарын тіркеуге электрондық келісім сервисі қосылды. Енді үй иелері жалға алушыларды уақытша тіркеу туралы SMS-хабарлама алады. Бұл шара тұрғын үй иесін ескертпей, шетелдіктерді тіркеуді болдырмайды.
Ақпараттық жүйелер жұмыс істемеген жағдайда пайдаланушылардан өтініштерді қабылдауға қосымша сервис әзірленді. Маңызды жаңалықтардың бірі – дербес деректерге қол жеткізуді бақылау. Ол ХҚО қызметкерлерінің азаматтардың жеке ақпаратына олардың келісімінсіз қол жеткізе алмайтындығына кепілдік береді. Сонымен қатар жылжымайтын мүлік иелерін барлық тіркеу әрекеттері туралы автоматты түрде хабардар етуге болады. Ол хабарламаларды электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетке жібереді.
Ең бастысы, жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру үдерісіне жаңа технологиялар жасалады. Яғни жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру үдерісіне толықтырылған нақтылықтың (AR) және компьютерлік көрудің (Computer Vision) заманауи технологияларын енгізу жоспарланып отыр. Бұған қоса, Еуропа елдерінің табысты тәжірибесі негізінде емтихан қабылдау тәртібі, сондай-ақ көлік құралдарын тіркеу рәсімі қайта қаралатын болады.
Жобаға 5 мың мектеп қосылды
«BTS Digital» ЖШС бас директоры Нұртай Әбілғалиев Үкімет отырысында еліміздегі «Әлеуметтік әмиян» жобасының іске асырылуы туралы баяндады. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асырылып жатыр әрі мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыруды көздейді.
– Қазір «Әлеуметтік әмиян» Үкіметтің электрондық порталы – e-Gov mobile ішінде жеке қызмет ретінде іске қосылған. Ақшалай емес мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуде Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» сервисі іске асырылды. «Әлеуметтік әмиян» арқылы дәрі-дәрмектер бүкіл республикаға беріледі. Еліміздегі барлық 773 дәріхана қосылған. Бүгінде 4,2 млн-нан астам рецепт қамтамасыз етілді.
Ол медициналық қызметкерлердің жүктемесін азайтады, қағаз рецептер алу үшін дәрігерге барудың қажеті жоқ. Дәрі-дәрмек алу тарихы бір қосымшада сақталады әрі дәріні өз бетімен ала алмайтын жағдайда жақын туыстарымен бөлісу мүмкіндігі бар. «Әлеуметтік әмиян» медициналық ұйымдар тарапынан жалған есеп беру тәуекелін төмендетіп, «Қазақтелеком» АҚ таңбалау жүйесі арқылы дәрінің өндіруден елге кіргізілген сәтінен бастап сатылымнан алынғанға дейінгі жолын қадағалайды, – деді Н.Әбілғалиев.
Сондай-ақ ол Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп «Тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету» қызметі іске асырылғанын айтты. Қазіргі уақытта жобаны ел ішіне таратуға күш салынып жатыр. «Әлеуметтік әмиянға» 5 мыңнан астам мектеп қосылып, 2,6 млн-нан астам түскі тамақ берілді.
11,1 миллион сандық құжат пайдаланылды
Елімізде электрондық қызметтердің көмегімен жол трафигі мен соттарға жүктемені азайту көзделіп отыр. Үкімет отырысында «Freedom» компаниясының мемлекеттік қызметтер мен сервистерді іске асыру барысы туралы «Freedom Holding Corp» компаниясының негізін қалаушы әрі иесі Тимур Турлов айтып берді. Атап айтқанда, ол сақтандырудың цифрлық өнімдері 21-ден астам мемлекеттік интеграцияны пайдаланатынын атап өтті.
– Біз нарықта ХҚО 2.0 АЖ сервисіне алғашқы болып қосылдық, оның шеңберінде автокөлік тіркелген сәттен бастап сақтандыру өтемін ұсынамыз, ал басқаларында сақтандыру қорғанысы келесі күні іске қосылады. Бір жыл бұрын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Еуропротокол тетігін іске қосты, онда шығыны 100 АЕК-ке дейін құрайтын ЖКО жол полициясының қатысуынсыз және соттарға жүгінбей реттеуге болады, осылайша мемлекеттік органдарға жүктемені азайтып, төлемдерді алу үдерісін жеделдетеді. Біздің dtp.kz сақтандыру жағдайларын реттеу өніміміз күнтізбелік 5 күн ішінде төлемдер жасайды, ал нарық бойынша төлемдердің орташа мерзімі 92 күнді құрайды. Дегенмен, мемлекет жасап отырған барлық жағдайға қарамастан Еуропротокол тетігін пайдалану үлесі төмен күйінде қалып отыр, – деді Т.Турлов.
Мемлекет пен жеке сектор арасындағы әріптестік мемлекеттік қызмет көрсету саласын трансформациялап келеді. Kaspi.kz басқарма төрағасы Михаил Ломтадзе Үкімет отырысында Мемлекеттік қызметтерді цифрландыру жөніндегі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс туралы айтты.
Ол жұмыстың басты мақсаты – отандастарымыздың тұрмысын жайлы ететін инновациялық сервистерді құру екеніне тоқталды.
Былтыр Kaspi.kz қосымшасы арқылы 11,1 миллион сандық құжат пайдаланылды, 1,3 миллион автокөлік тіркеуден өтті, 220 мың адам жүргізуші куәлігін алды, 277 мың жеке кәсіпкерлік тіркелді. Сонымен қатар 2024 жылы салықтар мен төлемдер бойынша 7,5 миллион төлеуші тіркеліп, Kaspi.kz арқылы 2,2 триллион теңге бюджетке түсті. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34%-ға артық.