Өшпес даңқ • 03 Сәуір, 2025

Тылдағы майдан – «Егемен» архивінде

512 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Екінші дүниежүзілік соғыстағы батырларымыздың көзсіз ерлігі туралы аз жазылған жоқ. Сөйтсе де төрт жылға созылған қан майданда жеңіске жетуімізге тылда қалған халықтың қандай еңбек сіңіргенін біз ылғи да ұмыт қалдырамыз. «Egemen Qazaqstan» (сол кездегі «Социалистік Қазақстан») газетінің 1941–1945 жылдар аралығындағы архивін ақтарып отырсаңыз, сол бір сұрапыл жылдардың тауқыметті келбеті көз алдыңызға келеді. Қара жұмысқа жегілген қарттар, балалық балғын шағын еңбекке айырбастаған жеткіншектер мен ауыр тіршіліктің жалына жармасқан аналардың маңдай тері жаныңызды жауратады.

Тылдағы майдан – «Егемен» архивінде

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Қарттардың ерлігі

Ел басына күн туған заманда етігімен су кешкен ер жігіттердің дені майданға аттанды. Тылда атан түйеге жүк болар ауыр жұмыстың қамытын киіп қарт­тар, әйелдер мен балалар қалды. Көне газет­терді ақтарғанда олар қолына күрек­ті жанбағыс қамы үшін ғана емес, жеңіс үшін ұстап жүргенін байқайсыз. Жеңіс деген бірауыз қастерлі сөздің құнының қаншалықты қымбат екенін түйсінесіз.

Мәселен, соғыс уағында әртүрлі ұрандармен майданға қаржылай көмек көрсеткен азаматтар легі өте көп. Соның бірі – «Советтік Қазақстан» атты қуатты авиация эскадрильясын жасау ұраны. Бұл бастаманы Алматы селендік ауданы көтеріп, қалың бұқара жаппай қолдаған. Тіпті, қарттарға дейін қалтасындағы соңғы тиынын санап берген.

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылдың 16 қаңтары күнгі №13 (6243) санында «Колхоз қарттары» деген материал жарияланыпты. «Қашқынбаев қарт өрістегі малды бақташының алдына салып колхоз қыстағына жаңа ғана қайтып келді. Жасы жетпіске келгенімен ол отбасында отырған шал емес. Ширақ. Еңбек майданында ауызға ілініп жүрген колхоздың белді адамдарының бірі» дей келіп, қарттың «Советтік Қазақстан» эскадрильясын жасау қорына 7 мың сом өткізгені жазылған. Сондай-ақ аталған мақалада авиация эскадрильясын жасақтау жұмысына Сырғабаев пен Жабағиев деген ақсақалдардың бірі – 15 мың, екіншісі 20 мың сом аударғаны көрсетілген.

Газеттің сол күнгі санында «Советтік Қазақстан» атты қуатты авиация эска­дрильясын жасау ұранын қолдаған «Құрыш құс қорына», «55 мың ақша, 55 пұт астық бердім» деген секілді бірнеше мақала жарияланыпты. Ол материалдардан да тылдағы еңбеккерлердің майданға берген құрбандықтарын оқуға болады. Сонымен қатар осы санда «Красный интернационал» колхозы танктер колоннасын жасау қорына 1 миллион сомнан аса қаржы жинағаны туралы материал да жарық көрген.

«Егеменнің» біз сөз етіп отырған нөмірінде тылдағы ақсақалдардың май­данға көрсеткен көмегі туралы «Қария қуанышы» деген де материал оқырман назарына ұсынылыпты. Ол мақалада: «Біздің қасымызда қарапайым қарт отыр. Ол – Гвардеец ауданының (Алматы облысы) Көшпенді колхозының мүшесі. Оның өңінде ерекше бір қуаныштың белгісі бар. Әжім түскен көне жүзін жылы шырай береді, күлімсірейді. Ол қуанышты. Адал еңбегімен тапқан 84 650 сомды отан заемы­на беріп отыр. 84 650 сом! Бұл ақша – оның адал еңбегі, әйелі Рахима шешейдің, қы­зы Зейнеп қарындастың адал еңбегі. Табанақы, маңдай термен тапқан асыл еңбектің ақық жемісі өзінің орнын тапты, отан өмірін сақтайтын ұлы қорға құйылды. Қария осыған қуанады», делінген.

Осы бірді-екілі деректерден-ақ елде қалған қариялардың Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске қандай қомақты үлес қосқанын аңғаруға болады. Олар қиын қыс­тау заманда майдандағы ұл-қыздары мен немере-шөберелерін рухтандырып, қолынан келгенінше қаржылай құрбандық бере білді. Жұдырықтай жұмылып, елдік іске үлгі болды. Демек биыл 80 жылдығын тойлағалы отырған жеңіске сол қарттардың қосқан үлесінің де арқасында жеткенімізді бүгінгі ұрпақ мәңгілікке жадында сақтауы керек.

 

14 жасында 300 жылқы баққан бала

Соғыс қаншама жас өркеннің бала­лығын ұрлады. Асыр салып ойнайтын балғын шағында жер жыртып, егін еккен, шөп шауып, мал баққан жеткіншектер аз болмаған. Бесіктен белі шықпай жатып, ауыр жұмыстың арбасын сүйреген сол балалардың өмірін суреттеген көркем туын­дыларды оқығанда жаның түршігеді. Сондықтан да тылдағы бұқараның жайы сөз болғанда соғыс уағындағы балалардың жеңіс жолына арнаған құрбандығын айтпай кетуге болмайды.

«Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылдың 23 маусым күнгі №130 (6260) санында жарық көрген «Егін орағы қызуда» деген мақалада сол кездегі Оң­түстік Қазақстан облысының колхоз-совхоздарының жұмысына оқушылар отряд­тары көптеп тартылғаны сөз болады. Мысалы, 1943 жылы егін ору жұ­мысына облыстың 1,5 мың мұғалімі мен 20 мың оқушысы атсалысыпты. Тү­сінген адамға бұл тек қазіргі Түркістан облысындағы ахуал емес. Қазақстанның бүкіл облыстарында еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін маңдай терін жеңіс жолына төкті.

Енді осы балалардың әрқайысының еңбегін бағалау үшін басылымның біз сөз етіп отырған нөмірінде жарияланған К.Есмұратов атты 14 жастағы баланың «Үлгілі жылқышы боламын» деген хаты арқылы айшықтап көрсек. Аталған хатта 14 жастағы бала әкесінің Гурьев облысы Еспол ауданы Степан Разин атындағы ұжымшардың жылқышысы болғанын, әкесі майданға аттанған соң, оның орнын жоқтатпай, барлық жұмысты өз мойнына алғанын жазады.

«Менің қарауымда 300 жылқы, биыл туған 33 құлын, 22 бие бар. Құлындарым­ның бәрі де жақсы өсіп келеді» дей келіп сөзін: «Қызыл Армияға беру үшін өсіріп отырған жылқыларымды айрық­ша кү­темін. Биыл өз қолымдағы жылқы­ларым­нан сүйікті жауынгерлерге 22 сәйгүлік атты даярлап бердім. Менің ең жақсы көретінім: арқасына ер-тоқым тимеген, асау жылқыны мінуге үйрету. Сондықтан да мен 25 асау жылқыны мінуге үйреттім. Жуырда ғана 14 жасқа толдым. Жылқыларымды өте жақсы күткенімді колхоз басқармасы бағалап, маған 3 рет сыйлық берді, өскенімде мен де өз әкем сияқты үлгілі жылқышы боламын», деп аяқтайды.

Әкесінің ауыр жұмысына еге болып, 14 жасында 300 жылқыға бас-көз болған Есмұратов секілді балалардың еңбегі еленіп, бәрі өздеріне лайық құрмет көрді ме? Тылдағы ауыр бейнетке балалығын айырбастаған балалардың жеңіске қосқан үлесін әділ бағалай алдық па?

 

Ерлердің орнын жоқтатпаған аналар

Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске жетуіміздің басты қозғаушы күш – тылдағы әйелдер. Майданға дейін негізінен отбасы, ошақ қасында бесігін алаңсыз тербе­тіп келген қазақтың қыз-келіншектері соғыс кезінде Толағайдай тас шайнап, тау қопарды. Соғыстың алғашқы күнінен бас­тап, аналарымыз жеңін түріп тастап, қандай ауыр жұмыс болса да білек сыбана кірісіп кетті.

«Социалистік Қазақстан» газетінің соғыс жылдарындағы нөмірлерін қарап шыққанымызда тылда жүріп ерлік көрсеткен әйелдердің тым көп екеніне көз жеткіздік. Мәселен, газетіміздің 1944 жылдың 18 қаңтары күнгі санында «Әйелдер жауынгерлік еңбекте» деген мақала жарияланыпты. Онда Оңтүстік Қазақстан облысының 80 мыңнан аса қыз-келіншектері ауыр жұмысқа жегілгені жазылған. Аталған материалда: «Ауыл шаруашылығының негізгі жұмыстарын аяқтауда әйелдер қажырлы күрес жүргізді. Фрунзе ауданындағы Шорнақ МТС-ның трактор бригадасы (бригадирі Малаева жолдас) егін ору кезінде жұмысты майдандағыша істеп, күндік нормасын 20 пайыздан асыра орындап отырды. Ол 175 гектар егін жинаудың орнына 255 гектар егін жинап, 370 кг жанармай үнемдеді», дей келе Қожамбекова, Ал­тайбаева, Жолдыбаева, Бегалиева сын­ды мақташылардың ерен еңбектерін мадақ­тайды. Олар күніне белгіленген 45 кг мақтаны екі-үш еселеп, 110-120 келіден терген. Яғни аталған аналардың маңдай тері тек жеңіс үшін төгілгенін терең түйсінуге болады.

Ел газетінің 1944 жылғы 14 қаңтардағы №10 санындағы «Стахановшылар қатары өсуде» деген материалда да соғыс кезіндегі аналардың еңбегі насихатталған. Онда: «Жаркент ауданының Калинин атындағы колхоздың мүшелері егіс даласында аянбай істей отырып, 1943 жылдың ауыл шаруашылық жұмыстарын ойдағыдай аяқтады. Колхоз мемлекетке астық тапсыру жоспарын уақтылы орындап үлгерді. Алдыңғы қатарлы колхозшылар еңбек өнімділігін еселеп арттыра түсуде. Стахановшы колхозшы Сандыбаева, Хамыраева, Садирова сынды жолдастар колхоз шаруашылығының қай саласын­да болса да күндік нормаларын 250–300 па­йыз орындайды. Мұндай стахановшылар қатары колхозда жыл сайын арта түсуде. Өткен жылы небәрі 7 ғана стахановшы болса, қазір оның саны 24-ке жетті», делінген.

Газетіміздің 1944 жылдың 9 қаңтары күнгі №7 санында «Комсомолецтер мал өсіру күресінде» деген мақала жарияланған. Онда: «Комсомолец Дәулетәлиева «Қызыл ту» колхозындағы қой фермасының меңгерушісі болып істейді. Ферма 1943 жылы 335 қойдан 424 қозы алып, аман өсірді. Дәулетәлиева жолдастың өзі сол колхоздың комсомол ұйымының секретары», делінеді.

Қазақтың бас үнжариясының бетін­де қатталып, архивте сақталып қалған қай деректі алсаңыз да, оның артында майдандағы жеңіс үшін күндіз күлкі­ден, түнде ұйқыдан айрылған асыл анала­рымыздың бейнесі көрінеді. Олардың бәрін ғылыми тұрғыда зерттеп, шынайы баға­сын беру болашақтың еншісіндегі дүние екеніне көзіңіз жете түседі. 

P.S. Ресми деректердегі мәліметтерге сүйенсек, еліміз соғыс жылдарында қорғаныс қорына 1 млрд сомнан аса қаржы аударып, майданға 1 600 вагонмен 2 млн-нан аса керек-жарақ зат жөнелтіпті. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңіске жетуімізге барша халықтың атсалысқанының анық айғағы. Сондықтан да сол бір сұрапыл жылдарда күн-түн демей дамылсыз жұмыс істеген еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі бұқараны құрметтеуге тиіспіз. Бір сөзбен айтқанда, майдандағы ерліктерге жол ашқан тылдағы батырлардың да еңбегі ескерусіз қалмауы керек!