Еңбек • 04 Сәуір, 2025

Классиктерді қадірлейтін бұрғылаушы

166 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазір кітап оқитындар азайды деп дабыл қағады әлеуметтік зерттеушілер. Бірақ ел ішінде Еркебұлан Төкенов секілді қарапайым еңбек адамының кітап кеміріп жүргенін көргенде зерттеудің реттілігіне күмән келтіретін жөніміз бар. Қарағанды металл конструкциялары зауытының білікті бұрғылаушысы, «Ұлағат» оқырман клубының мүшесі Еркебұлан мырза зауыт қызметкерлерінің кітап оқуға деген ынтасын ашып жүр.

Классиктерді қадірлейтін бұрғылаушы

Қарағанды металл конструкциялары зауыты – өңірдегі іргелі кәсіпорын. Зауыт өнеркәсіп пен энергетика, мұнай-газ саласына, басқа да нысандарға арналған металл бұйымдарын шығарады. Қазіргі кезде «Changan», «Chery», «Kia», «Haval» компаниялары мен өңірдегі газ, жылу электр орталықтарының тапсырысын орындап отыр. Алпауыт зауытта еңбек қыз-қыз қайнап жатады. Мұнда жонылған түрлі металл бұйымы тек өңірдің ғана емес, ел өндірісінің кәдесіне жарап тұр. Экспортталған әр металл бұйымында өз ісінің шебері Еркебұлан секілді мамандардың да өзіндік қолтаңбасы бар.

Осы ретте Еркебұлан мыр­заның жұмысы аса жауапты. Бұр­ғылау цехында тапсырыс берушінің сұрауы бойынша металл бұйымы өлшеп, пішіледі. Қажет пішін не артық, не кем кесілмеуі керек. Дәлдікті қажет етеді. Егер есебіңіз қате шықса, бірнеше цехтағы еңбек зая кетеді, металл іске алғысыз болады.

– Қазірде қашауыш, тісті қашауыш білдектермен, басқа да құрылғылармен жұмыс істеп, зауыт өндірісін өркендетуге өз үлесімді қосып келемін. Еліміздің жер-жерінен түрлі тапсырыс түседі. Соларға қажетті бөлшектерді дайындау – негізгі мін­детіміз. Бөлшектердің дәл­дігі мен сапасы тек өндіріс тиім­ділігіне ғана емес, бүкіл кә­сіпорынның қауіпсіздігіне де тіке­лей әсер етеді, – дейді металл маманы.

Еркебұлан – ұстаздар отбасында дүниеге келген он баланың тоғызыншысы. Зауытта еңбек ету – бала күнгі арманы. Оған мұғалімінің мына бір әпсанасы әсер етіпті.

– Мектепте оқып жүргенде ұстазымның айтқан әңгімесі маған арман-мұратыма жол салғандай болды. Ол әңгімеде үш баланың қиял-арманы айтылады. Қала аумағы абаттанып, зәулім ғимараттар бой көтеріп, құрылыс жұмысы жүріп жатқан еді. Балалар болашақ қаланы жылдам көргілері келеді. Бірақ ол ұзаққа созылғанына риза болмайды да, өз армандарын бір-біріне айтады. Бірінші бала: «Мен он жылға басқа елге кетіп, қайтып келсем», дейді. Екінші бала: «Он жыл ұйықтап, содан кейін тұрғаным дұрыс», деп шешеді. Үшінші бала: «Осы қаланың әсем болуына үлесімді қосып, өз қолыммен сәулетті, ғажап ғимараттар салыссам», деген пікір білдіреді. Дәл осы ой менің негізгі арманыма айналып, соған қолым жетті. Қарағанды қаласында «Ұмай», «Таир» секілді басқа да құрылыс нысандарының салынуы­на септігіміз тиді, – дейді.

Ертеден еңбекпен шыңдалған Еркебұлан 1991 жылы студенттік бригадаға ілесіп, Егіндібұлақ ауда­нындағы аурухананы да салысады. Әскердегі борышын Байқоңыр қаласындағы құрылыс батальонында өтейді. Онда жинақтаған тәжірибесінің қызығын қазір көріп жатыр.

Еркебұлан – Қарқаралыдағы Шөптікөл ауылының кітап­ханасын тауысқан оқырман. Кі­тапхана үйінің дәл іргесінде болыпты. Қатарластары асыр салып ойнап жүргенде, ол ертегілерді, батырлар жырын, тарихи шығармаларды оқып, ой кешіп отырады екен.

– Осыдан бір жыл бұрын «Ұлағат» оқырман тобына Рымхан досым арқылы қосылдым. Екі аптада бір кездесіп, оқығанымызды талқылаймыз. Онымен қоса, түрлі іс-шараға қатысамыз. Мә­се­лен, «Алаш айлығында» сахна төріне шығып, Шәкәрім қажының рөлін сомдап, бір белеске шыққандай күй кештім. Орта тауып, кәдімгідей жаным жадырап қалды, – дейді үздік оқырман.

Еркебұлан күніне 40–50 бет кітап оқымаса, асқазанына ас бар­мағандай күй кешеді екен. Кітапты көбіне «Qasym» дүкенінен алады.

– Бұл кітап орталығында шетел әдебиеті мен қазақ әдебие­тінің классиктері жазған шоқтығы биік шығармалар бар. 160-қа жуық шетел қаламгерінің кітабы қазақшаланды. Шетінен оқып жатырмын. «Абай жолын» бес мәрте оқыдым. Мұхтар Мағауинді де сүйсініп оқимын. Абайдың, Шәкәрімнің, Махамбеттің кез келген өлеңін жатқа айтамын. «Жеңіске жеткен адамдардың кітапханасы үлкен болады, ұтыл­ғандардың теледидары үл­кен болады», депті әлемге әйгілі кәсіпкер Дэн Кеннеди. Рухани қазына ойыңды кемел етеді. Сондықтан кітаптан бас алмаймын. Оқығандарымды әріптестеріме әңгімелеп беремін. Бірнешеуі соның әлеміне еніп, кітап оқып кетті. Үзілісте тал­қы­лайтынымыз – оқыған кіта­бымыз», дейді ол.

Еркебұлан отбасында асыл жар, қадірлі әке, абыройлы ата. Кіш­кентай екі жиені атасына асығады. Өйткені түрлі ертегі, дастандарды әңгімелеп береді. Бүгінде баланы телефон тәрбиелеп жатыр дегенді жиі айтамыз. Егер әр үйде Еркебұлан секілді ертегі айтар жан болса, онда бала қазақша тіл ұстартып, рухани болмысы болаттай болар еді.

 

Қарағанды облысы