Байқау • 04 Сәуір, 2025

Өнертапқыштар бәсекесі

47 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары кеншілер қаласы инновация және инженерия орталығына айналды. Жақында өткен халықаралық роботтехника фестивалі соның жарқын дәлелі. Болгария, Иран, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдері мен өзіміздің IT өрендер ой жарыстырды.

Өнертапқыштар бәсекесі

Суретті түсірген – Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Daryn First Championship» республикалық роботтехникасы фестивалінде топ жарып, Орталық Азия чемпионатында өңіріміздің намысын қорғаған Қарағандыдағы «Мұрагер» мамандандырылған мектеп оқушылары үздік жобаларын таныстырды.

Фестивальға қатысушы өрен­дерді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей құттықтап, сәттілік тіледі.

– Роболенд фестивалі небәрі 10 жылдың ішінде 30 команда, 70 адам қатысқан кішігірім сайыстан бүгінгі таңда халықаралық деңгейге жетті. Фестивальдың шығармашылық идеялар жарыққа шығатын үлкен алаңға айналғаны – Қарағанды өңірі үшін үлкен мәртебе. Сіздердің араларыңызда еліміздің цифрлық әлеуетін арттыратын білікті жас­тар бар екеніне сенімдімін. Бүгінгі сайыс­тар жаңа білім алып, ерекше пікір алмасуларға жетелейтін жақсы орта құруға зор мүмкіндік береді, – деді Әлібек Әлденей.

Бұған дейінгі өткен тоғыз фес­тивальға Италия, Сербия, Грекия, Польша, Грузия, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және елімізден жеті мыңға жуық команда қатысыпты. Жалпы, 12 мыңнан аса қатысушы өздерінің үздік жоба­ларын қорғаған.

Мұнымен қоса фестиваль жылда үш мыңнан астам көрермен жинап, жарыс онлайн трансляция арқылы да таратылған. Осылайша, он жыл ішінде фес­ти­валь өз ауқымын кеңейтіп, ха­лықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу алаңына айналып үлгерді.

Жарыстың деңгейі артқан са­йын қатысушылар саны да көбейіп келеді. Биылғы фестивальға 362 ­командадан тұратын 750 қатысу­шы бақ сынады. Чемпионатта «Кегель­ринг», «Лабиринт», «Квад­ро­коп­терлерді маневрлеу», «Шы­ғар­машылық санат» секілді белгілі бағыттар бар.

– «RoboLand» – еліміздегі білім роботтехникасы бойынша ең алғашқы ірі жоба әрі техникалық шығармашылық пен жаңа техно­ло­гия­лардың ауқымды форумына­ айналды. Бұл чемпио­нат – жас инженерлер мен конструк­торлар үшін тәжірибе алмасу алаңы ғана емес, сонымен қатар білім беру роботтехникасының өзекті мәселелерін талқылауға арналған ашық диалогті платформа, – дейді фестивальдың бас төрешісі Есбол Әрінов.

Болгарияның Варна қаласынан кел­ген Сергей Смынтынаның шә­кірт­тері 9-13 жас аралығындағы ба­лалар лабиринттері байқауына қатысты.

– Қазақстанда осындай ауқым­ды чемпионаттар өтіп жат­қа­нын білмедік. Фестиваль жоғары деңгейде өтті. Мұндай халық­ара­лық кездесуді өз көзімізбен көруге, тәжірибе жинауға, өзімізді көрсетуге келдік. Өйткені бізде қалыптасқан роботтехника және бағдарламалау мектебі бар, – деді Сергей Смынтына.

Ал Иран ұлттық коман­дасының жетекшісі Надер Нобахт: «Робот­­техниканы оқытудың жаңа жолдарын пайдаланудың маңыз­дылығы» тақырыбында баяндама жасадым. Жалпы, Иранда роботтехника жақсы жолға қойылған. Бұл біздің елдегі Тегеран универ­сите­тімен тығыз байланысты. Мек­теп­терімізде роботтехника пән ретінде оқылатындықтан үздік оқу­шы­ларымыз Малайзия, Қытай елде­рінде өтетін жарыстарға жиі қаты­сады. Биылғы Қарағанды фес­ти­валіне «Шығармашылық санат» бойынша қауіпсіздік жоба­сын ұсынатын 9 қатысушы келді. Әр­түрлі робот түрлерін пайдаланып, өрт­тің алдын алуға бағытталған жобалар ұсындық», дейді.

Сонымен екі күн бойы өткен роботтехника чемпионатында Қарағанды облысы тағы да жоғары нәтиже көрсетті. Өңір командалары жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленсе, Қостанай облысының өкілдері екінші орын, Өзбекстаннан келген қаты­сушылар үшінші орын алды.

Фестиваль аясында дәстүрлі «Қарағандылық кездесулер» өтті. Биылғы пікірталас «Білім беруді цифрлық трансформациялау: трендтер мен перспективалар» тақырыбы аясында өрбіді. Онда жетекші сарапшылар оқу жүйесіне цифрлық технологияларды енгізуді талқылап, STEM-білім беруді дамыту бойынша тәжірибе алмасты.

Жас өнертап­қыш­тар чемпио­наттан соң С.Сәпиев атындағы бокс орта­лығында өткен «RoboLand Party» ойын-сауық бағдарламасын ықы­лас­пен тамашалады.

Фестивальды «Kazdidac» қауым­дастығы ұйымдастырды. Бас демеу­ші – «Базистік дүкен» ЖШС, ресми демеушілер – DIGIS AV пен Регион 715 компаниялары.

 

Қарағанды облысы