Талбесік • 10 Сәуір, 2025

Толағай тауы

2171 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Толағай – Қалба тауы жотасындағы оқшау тұрған ерекше шоқы. Биіктігі – 985 метр. Аңыз бойынша қуаңшылық кезінде жерге жаңбыр жаудырамын деп, Толағай батыр Тарбағатай тауын көтеріп әкелген.

Толағай тауы

Толағай тауы туралы кезінде ақын Әбділда Тәжібаев дастан жазып, ол көпшілікке кең таралған. Бұған қоса орыс ғалымдары Г.Потанин, О.Сиверс Көкпектідегі Толағай таулары туралы жазба деректер қалдырған. Көп естіген аңыз шоқыны өткенде Көкпектіге барған сапарымызда көрудің сәті түсті. Тау Көкпекті ауылынан
18 шақырым солтүстік-батыста екен.

«Толағай» сөзі түрік-моңғол тілінде басты білдіреді. Ал академик Рәбиға Сыздық толағай этнониміне «жеке тұрған төбесі тақыр тау» деген анықтама береді. Екеуінің мағынасы бір.  Оның жарқын куәсі – қазақ жыр-дастандарында жиі ұшырасады. «Ер Қосай» эпосында «Ер-тоқымын жас­танып, Қу толағай бастанып» десе,  Махамбет «Қу толағай бастанбай, Ерлердің ісі бітер ме?» дейді. 

Толағай батыр қуаңшылық болған жерге тау көтеріп келетін аңыз мотиві қазақтың біраз жерінде кездеседі. Мәселен, «Толағай тауы» деп аталатын тау Жаңаарқа жерінде (әйгілі композитор Ілия Жақановтың «Толағай» әні осы тауға арналған) және Жам­был облысында бар. Алайда негізгі әпсана елі­міздің шығыс өңірінде жақсы сақталғаны байқалады.

Толағай тауы – Көкпекті ауданының киелі жерлерінің бірі. Қазір де оны көргісі келетіндер көп. Аңызға арқау болған Толағай – тау туризміне таптырмас орын.

 

Абай облысы