Digital • 11 Сәуір, 2025

«ChatGPT»: Мүмкіндікті не шектейді?

147 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Жасанды интеллект қазір ән де салады, әңгіме де жазады, тіпті сабақ та береді. Бір қарағанда, бұл – керемет мүмкіндік. Мұғалімдер мен оқушылар бұрын-соңды болмаған жылдамдықпен ақпаратқа қол жеткізе алады. Эссе, мәтін жазу, ақпарат талдау, есеп шығару – бәрі жеңілдеді. Алайда мәселенің екінші жағы бар. Оқушылар дайын жауапты көшіріп алып, сыни ойлаудан, ізденуден, ой еңбегінен алыстап барады. «ChatGPT» оқушының көмекшісіне айнала ма, әлде оның орнын баса ма? Бұл – білім саласы алдында тұрған басты сұрақтың бірі.

«ChatGPT»: Мүмкіндікті не шектейді?

Әлемді әбігерге салған платформа

Нейрожеліні білім саласында пайдалану туралы қызу пікірталас жүріп жатыр. Қазірдің өзінде мұғалімдер мен оқушы­лар бұл құралды күнделікті білім алу үдері­сіне тұрақты қолданып жүр. «OpenAI» компания­сының дерегінше, 2023 жылы оқушылардың 13%-ы тапсырмаларды орындауға «ChatGPT»-ді қолданса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 26%-ға жеткен. Ал Цифрлық білім кеңесінің был­тыр­ғы ғаламдық зерттеуіне қатысқан білім алу­шылардың 86%-ы оқуында ЖИ құ­рал­­дарын тұрақты қолданатынын, ал 66%-ы толы­ғымен «ChatGPT»-ді пайдаланатынын айтқан.

«QazBilim» ұлттық лицейінің негізін қалаушы Аятжан Ахметжанұлы да мәселеге назар аударып, білім жүйесіне өзгеріс қажет екенін жазады. «Кеше елестете алмайтын біраз дүниенің бүгінде қалыпты жағдайға айналғаны көп нәрсеге басқа қырынан қарауға итермелеп жатыр. Кеше саған бір нәрсе өлең жазып береді, эссе жазып, үй тапсырмасын орындап береді, есептеріңді шығарып, жаттығуларыңды жасап береді десе, ертегі деп сенбес едік. Ал бүгін ол – шындық. Жасанды интеллект өте қарқынды дамып кетті. АҚШ пен Қытай түр-түрін жасаудан жарысып жатыр. Ал біз солардың жасағанын қолдануды үйреніп үлгермейміз. Кез келген дүниенің екі жағы бар. Сол жасанды интеллект білім үдерісінде біраз сұрақ туындатып отыр. Оқушыға үйге тап­сырма бересің, ол «ChatGPT»-ге істетіп алып келеді. Оқушыға шығарма жаз дейсің, ол «ChatGPT»-ге жаздырады. Оқушыға есеп шығар дейсің, ал оқушы оны «ChatGPT»-ге шығарта салады. Тіпті оқушылар ТЖБ мен БЖБ-ны «ChatGPT»-ге тапсыратын болды. Не істемек керек? Бұл балалардың білім алуына үлкен сұрақ тудырады. Ал оқушының жасанды интеллектіге істетіп отырғанын дәлелдеу – қияметтің қияметі», деп пікір білдірді ол. 

АҚШ бұл технологиямен алғаш бетпе-бет келген елдердің бірі болды. 2023 жылдың басында Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Сиэтл сынды қалалардағы ірі мектептер оқушылардың жаппай көшіруіне жол бермеу мақсатында «ChatGPT»-ді бұғаттап тастады. Нью-Йорк қаласының білім департаменті тіпті 2022 жылғы желтоқсанда оны ресми түрде тыйым салынған сайттар тізіміне енгізді. Дегенмен көп уақыт өтпей-ақ, мұндай қатаң шаралардың орнына балама әдістер қарастырылды. 2023 жылдың мамыр айында Нью-Йорк білім департаменті шешімін өзгертіп, мұғалімдер мен оқушыларға «ChatGPT» мен соған ұқсас ЖИ құралдарын зерттеп, тиімді пайдалану жолдарын үйретуге кірісті. Яғни тыйым салудан гөрі, технологияны түсіну және оны дұрыс арнаға бағыттау стратегиясына бетбұрыс жасады. Қазір АҚШ мектептерінде біртіндеп «ChatGPT» сабаққа интеграцияланып жатыр.

Ал Италия 2023 жылы нейрожеліні бүкіл ел көлемінде уақытша бұғаттаған алғашқы Батыс елі болды. Бұған себеп – платформаның дербес деректерді қорғау талаптарына сай келмеуі. Ал Франциядағы беделді «Sciences Po» университеті 2023 жылдың қаңтар айын­да студенттерге жасанды интеллект көмегімен жазылған мәтіндерді қолдануға тыйым салды. Университет бұл тәртіпті бұзғандар оқудан шығуы мүмкін екенін де ескертті. Ал Еуропаның басқа бөлігінде, мысалы, Ұлыбритания мен Германияда жағдай бөлек. Бұл елдердің кейбір жоғары оқу орындары студенттерге жасанды интеллектіні қолдануға рұқсат берді. Бірақ бір шарты бар. Білім алушылар жұмысында «ChatGPT»-ді қолданғанын ашық көрсетуі керек және да­йын мәтінді ала салмай, оны өздері тексеріп, өңдеп жауапкершілік танытуға тиіс. Яғни бұл елдер технологияны ты­йым тастауға емес, оны ашық әрі адал қолдануға үндеп отыр. Азия елдері де өз ережелерін енгізіп жатыр. Мәселен, Жапония ЖИ-ді қолдануға түбегейлі ты­йым салған жоқ. Алайда оны мектептерде шектеулі түрде қолдануға арналған ресми нұсқаулық жариялады. Нұсқаулықта «ChatGPT»-ді сабақта идея алу, пікірталас тақырыбын дамыту сияқты мақсаттарда қолдануға рұқсат етілген. Бірақ емтихан тапсыру, бағалау жұмыстары кезінде платформаны пайдалануға қатаң тыйым салынды. Сонымен қатар оқушыларға жасанды интеллектіні қосымша ретін­де оқыту міндеттелді. Ал Қытайда «ChatGPT» ресми түрде бұғатталғанымен, өздерінің жергілікті жасанды интеллект платформалары бар. Кей мектептер бұл нейрожелілерді ағылшын тілін үйретуге немесе жаттығу тапсырмаларын құрастыруға қолданады.

Жалпы алғанда, әлем елдері «ChatGPT»-ге біржақты баға беріп отыр­ған жоқ. Дегенмен білім саласындағы ортақ ұстаным – академиялық адалдықты сақтау, технологияны саналы қолдану, жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеудің мәдениетін қалыптастыру.

 

ЖИ – қосымша көмекші құрал

Информатика пәнінің мұғалімі Гүлжан Төлеу жасанды интеллектінің игілігінен бас тартуға болмайды, керісінше оны жақсы жаққа бейімдеп, білім жүйесіне енгізу қажет екенін айтады. «Бұл мәселенің туындауы, білім саласына өзгеріс қажет дегенді білдіреді деп санаймын, яғни дәстүрлі оқыту тәсілдері ескірді десек те болады. Әрине, бірден бәрін өзгерте алмаймыз және бірден «ChatGPT»-ге де тыйым сала алмаймыз, біз керісінше оқушыларға оны таныстырып пайдасын көрсетіп, жақсы жағын үйретуіміз керек. Қазір «STEM» деген түсінік пайда бола бастады, яғни жобалық оқыту десе де болады. Жобалық оқыту арқылы балаларды сыни ойлауға, білімді тәжірибе арқылы игеруге бейімдей аламыз. Яғни оқушылар осы кезде «ChatGPT»-ді қолдана алады ол теориялық тұрғыда көмек­те­седі, тіпті нұс­қаулық та болады. Сабақтарын кәсіби тұрғыда өткізу мақ­са­тында мұға­­лімдер де заманауи технологияларды игеруі қа­жет. Ал оқушылар үйде өздері жаңа та­­қырыпты меңгеру үшін нейрожеліні пайдаланса болады. Осы тұрғыдан алғанда, ЖИ жақсы репетитор. Әрқашан қолжетімді, кез келген сұраққа жауап береді», дейді ол.

Алайда нақты ғылымда чатботты қолданғанда сақтық керек. Кейде ол есептер мен ғылыми мәліметтерден жаңылып, қате жауап беруі мүмкін. Сондықтан мұғалімдер мен ата-аналар оқушыларға нейрожеліні тек қосымша көмек құралы ретінде пайдалануды, ал жауаптарды дәстүрлі тәсілмен тексеруді ұсынады. Жапонияның білім саласындағы ресми нұсқаулығында да жасанды интеллект құралдарын пайдаланған кезде оқушы дайын жауапқа үйреніп кетпеуі ескертілген. Мысалы, кейбір жапон мұғалімдері оқушылар­­ға «Chat­GPT»-ден алын­ған жал­ған ақ­па­ратты беріп, оны тал­­­­дау­ды, қате тұс­тарын табуды тапсырады екен. Бұл тәсіл оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытады, шынайы дерек пен жалған ақпаратты ажырата білуге үйретеді.

UNESCO сарапшылары генера­тивті жасанды интеллектіні білім жүйесіне енгізу жөніндегі баяндамасында оның бірқатар қаупі бар екенін атап өткен. Олар «ChatGPT» сияқты құралдар кейде өрескел қателер жіберіп, бұрмаланған не біржақты ақпарат ұсынуы мүмкін екенін ескерткен. Бұл – білім алушылар үшін үлкен қауіп. Себебі оқушылар немесе студенттер тарихи не ғылыми дерек іздеген кезде «ChatGPT» берген мәліметке толықтай сеніп қалуы мүмкін. Сонымен қатар ЖИ кейде мүлде жоқ дереккөздерді ойдан шығарып, дәйексөз ретінде келтіретіні немесе әдебиеттер тізіміне нақты негізі жоқ сілтемелер қосатыны да анықталған. UNESCO сарапшыларының айтуынша, оқушылар мен студенттерге жасанды интеллект ұсынған кез келген мәліметті өзге сенімді дереккөздер арқылы қайта тексеру мәдениетін қалыптастыру – маңызды міндет. Бұған мән берілмесе, жасанды интеллект айтты екен деп жалған ақпаратты таратып жіберу немесе соған сүйеніп дұрыс емес тұжырым жасау қаупі туындайды. Содан білімнің сапасы төмендейді. Білім саласының сарапшысы А.Ахметжанұлы мәселені шешудің екі жолын ұсынып отыр. «Бірінші мектепте телефонды бір тұтас шектеу. Біраз ел осы қадамға барған. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Біз де «Qazbilim» ұлттық лицейлеріне телефонды бір тұтас жинап алуды іске асырғалы үш айдан асты. Көп бағытында нәтиже жақсы. Ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде де оң өзгеріс байқағалғаны анықталды. Бірақ бұл да кейбір түйіндерге шешім емес. Мүлдем шектеп тастау да мүмкін емес. Екінші, жасанды интеллектіні оқыту, ресми оқу бағдарламасына кіргізу. Біраз елдер оқу курсына, таңдау курсына кіргізген. Бұл кезек күттірмес дүние деп ойлаймын. Ал біздің білім беру жүйесі де бұл мәселені тереңнен ойлағаны дұрыс. Оқушылардың білім алуына кері әсерін тигізетін тұстарын шешудің жолын іздеу өте маңызды. Себебі адамды құртатын ой емес, ойсыздық», деді ол.