Таным • 11 Сәуір, 2025

Тұңғиық

35 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл Астанада көктем ерте шықты. Наурыздың ортасынан қардың көбесі сөгіліп, жер дегдіп қалды. Күн де анадай мейірін төгіп тұр. Даладан көк майсаның хош исі аңқиды. Жылы жақтан қанатын қағып құстар келді. Көктемнің әсері ме, адамдардың да көңілі көтеріңкі. Әсіресе аула да асыр салып ойнаған балалар мәз-мейрам. Өмірдің дәл осындай көркем көрінісін бейнелеуге қылқаламның құдіреті ғана жетеді.

Тұңғиық

Шынында, қылқалам шебер­лері – айрықша талант ие­лері. Олардың ортаны, қоғамды қабылдауы да өзгеше. Жүріс-тұрысы да бөлек. Ешкімге ұқсамайды. Отан­дық бейнелеу өнерінде өмірі де, шығар­машылығы да жұмбаққа толы тұл­ға­лар баршылық. Соның бірі – көр­некті кескіндемеші Салахитдин Айтбаев.

Айтулы қылқалам иесі бейнелеу өнеріне өткен ғасырдың 60-жылдары келген бірегей толқынның өкілі. Бұл буынның ұлттық бейнелеу өнерінде алар орны бөлек. Олар алдыңғы толқын ағаларының тәлімін алып, сурет әлеміне соны із салды. Биік деңгейге құлаш ұрды. Бейнелеу өнеріндегі барлық жанрды түрлентті. Жаңаша дамытты. Бірақ қазақы болмыстан ажыраған жоқ. Қайта, ұлттық пен заманауи ерекшелікті сәтті үйлестіре білді.

Сыршыл суретші Салахитдин Айтбаев кескіндеме мен графика жан­рында еселі еңбек етті. Қарымды қолтаң­басын қалыптастырды. Оның шығармалары ұлттық образға бай. Бояуларының түсі анық. Кез келген туын­дысында тарихи таным мен заман тынысын тап басқан. Әр құбылыстың мәніне терең бойлайды. Өнертанушылар кескіндемешінің осы шеберлігін жоғары бағалаған. Сондай жұмысының бірі – «Жас қазақтар». Картинаның аты да ерекше. Бұл еңбек 1968 жылы жарыққа шыққан. Содан бері де алпыс жылға жуық уақыт өтті. Бірақ әлі бояуы кеппеген жаңа дүние секілді. Мұндағы даланың келбеті қандай көркем! Табиғаттың ғажап сұлулығынан көзіңді ала алмайсың. Көк майса көмкерген қырдың етегіне төрт киіз үй ірге тепкен. Кешқұрым. Бір киіз үй алдында кимешек киген келіншек ер адаммен әңгімелесіп тұр. Әлде күйеуі ме? Әйтеуір бір шаруамен ақылдасып тұрған сияқты. Екінші киіз үй алдында жерге төселген сырмақ үстінде орта жастағы әйел екі жасы үлкен ақсақалға шай құйып беріп отыр. Қырдың арғы жағынан екі жылқышы бір топ жылқыны айдап барады. Келесі қырдың үстінде ұлттық нақышта киінген бір топ бозбала қызу әңгімелесіп тұр. Олардың әңгімесіне иттің өзі ұйып қалған. Бейнелеп айтқанда, қазақы ауыл келбеті соншалықты ыстық. Бозбалалардың бойында бекзаттық бар. Киімдері де жарасымды. Үстеріне қона қалған. Бұл көрініске автор бояу түстерін талғаммен қолданған. Картинаға сары, жасыл, қоңыр, қызыл түстер айрықша рең береді. Құлпыртып жіберген.

Бір қызығы, Айтбаевтың осы туындысы Мәскеудегі «Молодая гвардия» журналында сынға ұшыраған. Әлдебір сыншы «Белгілі қазақ кескіндемешісі С.Айтбаевтың «Жас қазақтар» атты картинасында бірнеше қазақ жасы қазақтың бұрынғы ауқатты байларынша киініп алған. Автор онымен не айтқысы келген», деп қалам ұшымен түйреп өткен. Біз мұны белгілі қаламгер Қали Сәрсенбайдың «Өнер-өмір» атты кітабындағы автордың суретші шығармашылығы туралы жазған «Мен өз деңгейімді өзім жақсы білемін»  мақаласынан оқыдық. Осы мақалада қылқалам шеберімен жақын араласқан әріптесі, белгілі суретші, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Саламат Өтемісұлы былай дейді: «Бұл Қалжанның салмақты туындыларының бірі болатын. Алдыңғы шепте ұлттық киім киген ой үстіндегі жастар, арғы жақта жылқы қайырып келе жатқан кісі бейнеленген.

 –Мен сенің бұл композицияңды білемін ғой, жақсы туынды, біреу бірдеңе айтты екен деп несіне ренжисің, көтер басыңды деп едім: – Білсең, сен менің сол жұмыс үстіндегі ой төркінімді тапшы, – деп орнынан тұрды.

– Не айтқым келді сол жұмыс арқылы? – «Ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай...» деп шұбыртып ала жөнелдім. – Дәл таптың, жаным-ай! – деп жарқылдап қолымды алды».

Шын мәнінде, қылқалам иесі мұнда кеңес өкіметі орнағанға дейінгі қазақ өмірін айшықты бедерлеген. Туынды астарында «біз сондай ел болғанбыз!» деген асқақтық бар. Бірақ соны автор бояу түсімен астарлы әдемі жеткізген. Сондықтан да оны кеңес идеологиясын мұрат еткен сыншылар қабылдамады.

Өнертанушылар 60-жылдары бейнелеу өнеріне келген талантты буынды «қатаң стиль» өкілдері деп айтады. Мәселен, белгілі суретші, оқытушы Мәлік Қайдаров Айтбаев шығармашылығында портрет маңызды орын алатынын жеткізген. Кескіндемешінің біз сөз еткен еңбегі де портрет жанрына жақын.

«Портреттерді салу кезінде ол өзімен жеке бетпе-бет қалды. Сөйтіп, тақы­рыптық композицияда бір қырынан қосарлана жүретін идеологиялық мін­деттен бойын аулақ ұстады. Портреттің тартымдылығына мән берді. Соның әсерінен кенеп бетіне кейіпкер бейнесін шынайы түсірді», депті.

Жалпы, Салахитдин Айтбаевтың өзі де, өнері де кеңестік кезеңнің қалыбына сыймады. Оны қылқалам шеберінің болмысынан да, шығармашылығынан да байқаймыз. Туындылары қырық қатпарлы сырға толы. Бірден ашылмайды. Бар асылы құдықтың суы секілді тереңде. Тұңғиық.