Қазіргі күні біздің мемлекетіміз жастарға техникалық білім беруге ерекше мән беруде. Мұны жыл сайынғы мемлекеттік білім гранттарының көбінесе техникалық мамандықтар үшін бөлінетіндігінен айқын аңғаруға болады.
Жастарды техникалық білім алуға ынталандыратын тағы бір жайт бар. Ол – осы салада табысқа жеткен, тіпті, техникалық ғылымның шыңына өрлеп, соңында із қалдырған аға ұрпақ өкілдерінің жарқын өмір жолдары. Ұлы Абай атамыздың «болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» дегеніндей, алдында жарық жұлдыздай жол көрсетіп, шақырып тұратын осындай шамшырақтар болмаса, жастарымыз өздері үшін беймәлім білім ошағының есігін батыл аша алар ма? Әрине, ілуде біреуі болмаса, көпшілігі қорғалақтап қалған болар еді.
Өткен ғасырдың орта кезеңінде ауылдардан оқу бітірген қазақ жастары техникалық жоғары білім алуға талпыныстар жасай бастады. Бұған елімізде техникалық жоғары оқу орындарының ашыла басталуы себеп болды. Сондай жастардың бірі бұрынғы Семей облысы Аягөз ауданындағы Сергиополь ауылының түлегі Жеңіс Оразханұлы Құлсейітов еді. 1962 жылы сол кезде құрылғанына көп болмаған Өскемен құрылыс-жол институтының механика факультетінің есігінен имене аттаған сол ауыл баласы бүгінде техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік және жаратылыстану ғылым академияларының академигі, өз саласы бойынша сан мыңдаған шәкірт тәрбиелеу ісіне тікелей үлес қосқан білікті ұстаз, 3 монография, үш тілде жарық көрген бір оқулық пен 5 оқу құралының, 17 өнертабыстың, 200-ге тарта ғылыми мақалалардың авторы. Тізе берсек, Жеңіс Оразханұлының Қазақстанның білім мен ғылым саласына қосқан үлесі аз емес. Олардың кейбірін баяндармыз да. Бұл жерде атап көрсете кетер тағы бір мәселе, ағамыздың ашқан жаңалықтары ғылым мен өнеркәсіптің арасы алшақтаған заманның өзінде тек таза теориялық ілім күйінде ғана қалып кетпей қажетінше өндіріске енгізіліп, тиімділік бергендігі. Осындай жетістіктері, яғни өзі ұзақ жылдар бойы көз майын тауысып зерттеп келген техникалық жүйелердің сенімділігін арттыру саласына қосқан көрнекті үлесі үшін 2000 жылы ғалымға Кембридждегі (Англия) халықаралық биографиялық орталықтың медалі тапсырылса, еңбектері өз еліміз тарапынан да жақсы бағасын алды. 2001 жылы Елбасының Жарлығымен білікті ғылыми, басшылық және ұстаздық қызметі үшін «Құрмет» орденімен марапатталуы соның бір дәлелі болды.
Профессор Жеңіс Құлсейітов – КСРО өнертапқышы, Қазақстан Республикасының білім беру саласының үздігі, Халыққа білім беру ісінің құрметті қызметкері. Өзі туып-өскен Аягөз ауданының құрметті азаматы. Оның еңбектері Жоғарғы Кеңестің Құрмет грамотасымен және басқа да көптеген марапаттармен атап өтілген. Әсіресе, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатының иегері екенін өзі ерекше мақтанышпен айтып отырады.
Осы атақ, марапаттардың барлығы шынайы еңбектің нәтижесі екендігіне ғалымның ішкі әлеміне сүңгіген сайын көз жеткізе түсесіз. Биязы да, сыпайы мінезі, әңгіме қозғағанда өзі туралы айтудан қашқақтап, ғылым саласында алғаш қолынан жетектеген ұстаздарын, өмірде үлгі алған адамдарын алға сала беретіндігі болмаса, ағамыз қарапайым да, ашық адам. Бірақ, бір өкініштісі, техникалық саладағы, соның ішінде машиналар жүйелерінің беріктігі саласындағы ғалыммен әңгімелескенде журналистің алдында бірқатар қиындықтар пайда болады екен. Мәселен ағаның монографияларындағы формулалар мен математикалық модельдердің қыр-сырын біз оншама ұға бермейміз. Ағамыз болса, өзі туралы баяндауға оншама ықыласты емес. Осылайша қиналып отырғанда, есімізге немістің ұлы ақыны, әрі ғалым, мемлекет қайраткері Иоганн Вольфганг Гетенің: «Теория досым сұрғылттау ғой, ал өмірдің өз терегі мәңгі жасыл қалпында жайнап тұр», деген сөзі еріксіз ойға оралды. Шамасы, техникалық саладағы біздің жақсы ғалымдарымыз бен инженерлеріміздің еңбектерінің бұқаралық ақпарат құралдарында көп насихаттала бермейтіндігіне, оның есесіне қазіргі теледидарлардың беттерін бесіктен белі енді ғана шыққан әншілердің жаулап алуына осы «жасыл терек» мәселесінің әсері көп болса керек. Бірақ бір ақиқат нәрсе: адамзат өмірінің өзгеруіне, тұрмысының жеңілдеуіне әсер ететін қоғамдық-техникалық және әлеуметтік-экономикалық революцияларды алдымен ғалымдар мен технократтар туындатады, саясаткерлер жүзеге асырады, ал жемісін, дәл біз әңгіме қозғап отырған жағдайға бейімдеп айтар болсақ, теледидардың ойлап табылуына түк қатысы жоқ әншілер көріп жүр. Әрине, мысал үшін айтқанымыз болмаса, біздің бұған көп ренішіміз де, қарсылығымыз да жоқ. Алайда біз қазіргі ән мен тойдың елінен шығармашылық еңбектің жасампаздық күшіне иек артатын инновациялық экономика еліне шын мәнінде айналғымыз келіп отырған жағдайда мемлекеттік идеология саласының реттеушілік тетіктерін пайдалана отырып, білім мен техника саласындағы мамандар мен ғалымдарды және олардың табыстарын насихаттау ісіне белсендірек көшкеніміз жөн болар еді.
Айтпақшы, әнші демекші техника ғылымдарының докторы Жеңіс ағаның оңашада өз көңілін сергіту үшін ептеп өлең жазатындығын, бірақ онысын еш жерде жарияламайтындығын, өзіміз әңгімелесіп болғаннан біраз кейін оның жақсы таныстарынан естіп білдік. Ағаның отбасын құрап үлгірмеген жастық шағында өзі ғашық болған қызға арнап жазған «Әдемі қарындас» атты осындай бір өлеңі кейіннен композитор Болат Әшірбаевтың қолына түседі де, ол өлеңді қатты ұнатып, оған ән жазады. Қазір ол әнді белгілі әншіміз Қайрат Нұртас орындап жүр екен. Ал сол кездегі «әдемі қарындас» Ләтипа Елубайқызы болса, бұл күнде Жеңіс Оразханұлының 50 жылға жуық отасып келе жатқан адал жары. Екеуі заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеп отырған бақытты жандар. Бұл, әрине, реті келіп қалған соң сөз арасында айтылып қалған әңгіме.
Көптеген ғалымдармен әңгімелесе, олардың өсу жолдарына назар аудара жүріп, біз мұндай адамдардың өмірі әдетте жеміс беретін ағаштардай бірте-бірте табиғи тұрғыда өсіп-жетілудің жүйеленген тәртібіне негізделетіндігіне көз жеткізген едік.
Жеңіс Құлсейітов өмірінің басты формуласы да осыған ұқсас. Ол жастық шақтан алдына мақсат қойып, жүйелі түрде іздену нәтижесінде ғылымға бет бұрды. Осы салада қоғамға пайда әкелген шынайы шығармашылық еңбегі мен жетістіктерінің арқасында ғалым ретінде де, ұстаз ретінде, басшы ретінде де бірте-бірте биіктерге көтеріліп, қоғам құрметіне бөленді. Сөйтіп, Жеңіс Құлсейітов бұл күнде Абай атамыздың: «Ақырын жүріп, анық бас, еңбегің кетпес далаға. Ұстаздық қылған жалықпас, үйретуден балаға», дегеніндей техникалар жүйесінің сенімділігі мен беріктігі саласында халықаралық қауымдастыққа танымал ғалымға, отандық ғылым мен жоғарғы мектептер жүйесінің көрнекті ұйымдастырушыларының біріне айналды.
Енді осыны таратып айтсақ, студенттік және жас маман кезеңдері белсенді іс-қимылдарымен есте қалды. Облыстық комсомол комитетінің штаттан тыс хатшылығына, бюро мүшелігіне сайланып, облыстағы жас ғалымдар мен мамандар кеңесін басқаратыны да осы кез. Әрине, ауыл мектебін бітіріп келіп, механика факультеті секілді ауыр оқуды қалап алған жас жігіт үшін бәрі де бірден жеңіл бола қойған жоқ. Бастабында тіпті кілең орыс тілді ортадағы оқу өте ауыр тиді. Өйткені, оқу үшін ауылдан талпынып келіп жатқан жастар болмаса, сол кездегі Өскемен қаласында тұрғылықты тұратын қазақ ілуде бір кездесетін. «Бір күні институтымызда үздік студенттердің суреттері ілінген Құрмет тақтасы пайда болды. Қарасам, олардың арасында арпа ішінде бір бидай секілді болып, құрылыс факультетінде оқитын Женя Смағұловтың ғана суреті тұр. Қалғандары түгел басқа ұлттар. Осы жағдай орта мектепті медальмен бітірген менің намысыма әбден тиді. Өзімді өзім қамшылауыма тура келді», деп еске алады сол кездегі Өскемен құрылыс-жол институтындағы жағдайды Жеңіс аға.
Сонымен, күндіз-түні білімге бас ұру. Бос уақыттары қоғамдық жұмыстарға белсене араласу. Нәтижесінде институтты үздік бітірді. Сол тұста бірнеше жерге жұмысқа шақырылды. Өзі студенттік практикасын кішігірім бастық ретінде абыроймен өткізген Аягөздегі автокөлік жөндеу зауытына жұмысқа баруға жол ашық. Облыстық комсомол комитеті де сан мәрте жұмысқа шақырған. Оның үстіне факультет деканы Матвей Яковлевич Дудченко мен машиналарды пайдалану кафедрасының меңгерушісі Иван Андреевич Лесников институтқа қалу жөнінде қолқа салып отыр. Ойлана келе соңғысын таңдады. Бұл шешім оның мұнан кейінгі өмір жолын айқындап берді.
«Сол кездегі ұстаздарымның қай-қайсысына болсын алғысым шексіз. Әсіресе, студент кездегі алғашқы ғылыми көзқарасымның қалыптасуына себепші болған ұстазым доцент Леонид Аверянович Горбачевке, қолтығымнан демеп, қанаттандырған сол кездегі институт ректоры Анатолий Константинович Сидоровқа, проректор Серік Ғафарұлы Күсепғалиевқа, профессорлар Мұхтар Кітапбайұлы Кітапбаевқа, Лилия Викторовна Столяроваға, Октябрь Александрович Ханға ризашылығымды білдіремін» дейді ол ағынан жарылып.
Өскемен құрылыс-жол институтының машиналарды пайдалану кафедрасының ассистенті ретінде алғашқы қызметін бастаған жас жігіт көп өтпей институт басшылығының қолдауымен Мәскеу автокөлік жолдары институтының аспирантурасына жіберіледі. Алайда мұнда оқуға түсу оңай болған жоқ. Бүкіл Одақ бойынша мұнда қалаған мамандығына бөлінген бес орынға өзі секілді жиырма алты үміткер құжат тапсырған және олардың барлығы – ғылыми-зерттеу институттары, одақтың автокөлік зауыттарында жұмыс істеп ысылып, тәжірибе жинақтап келген кілең мықтылар. Бабы келісті ме, бағы жанды ма, әлде білімі биік болып шықты ма, әйтеуір сол сайыпқырандар тобын жарып өтіп, бес орынның біреуін иеленіп, аспирантураға қабылданды. Мұнда 1971-1974 жылдар аралығында үш жыл оқып, 1975 жылы «Автокөліктердің сенімділігін статистикалық болжау мен техникалық диагностикалауды қоса тиімді пайдалану әдістері» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
Міне, осы үш ауыз сөздің астарында үш жыл бойы көз майын тауысқан ұлан-ғайыр еңбек жатқандығын ашып айтуымыз керек. Жеңіс Оразханұлы тек аспирантурадағы оқуымен ғана шектеліп қалмай, қолға алып отырған ғылыми жұмысында нақты нәтиже көрсету үшін мәскеулік жетекшісі машиналардың сенімділік жүйесі саласындағы аса белгілі ғалым, профессор Александр Михайлович Шейниннің көмегі және қолдауымен Мәскеу мемлекеттік университеті мен маршал Р.Я.Малиновский атындағы бронетанк әскерлері академиясында қосымша курстарға қатысып, осы саланың білікті ғалымдарынан кеңестер алды. Бронның беріктігін зерттеу ісіне біраз уақытын жұмсады. Математикалық моделдеу бағытында да көп ізденуге тура келді. Осының нәтижесінде кандидаттық диссертациясының құндылығы мен тиімділігі арта түсті.
Шәкіртінің ғылымдағы алғашқы нәтижелерінен жігерленген А.М.Шейнин оны Мәскеу түбіндегі Дмитров полигонында қалып жұмыс істеуге, қолға алған бағытын докторлық диссертацияға ұластыруға шақырды. Өкінішке қарай олай етуге болмады. Өйткені, елде отбасы мен туған-туыстары бар. Ең бастысы, мұны өзіне сенім артып, аспирантураға жіберген Өскемен құрылыс-жол институтының ұжымы күтіп отыр.
Жеңіс Оразханұлы өзінің білім ордасына қайта оралды. Мұнда қызметі көтеріліп, бірте-бірте аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі болды. Оның бастамашылдығы және белсене қатысуымен Өскемен құрылыс-жол институтында Қазақстанда бірінші болып «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы мен оның кафедрасы ашылды. Жеңіс Оразханұлы өзі негізін қалаған осы кафедраның тұңғыш меңгерушісі болып тағайындалды.
Күн сайын жүздеген мың көлік түрлері ағылып жатқан қазіргі Қазақстанды жол қозғалысын ұйымдастыру мамандығынсыз елестетудің өзі мүмкін емес. Оның үстіне, жол қозғалысының қауіпсіздігі мен оның проблемалары өткір сипатқа ие бола түскен сайын кезінде Жеңіс аға бастауында тұрған осы бір іс пен оның мамандық иелері қызметінің біздің еліміз үшін қаншалықты маңызды екендігіне көз жеткізу қиын емес.
1979 жылы «Машиналар сенімділігінің проблемаларын» зерттеу бағытындағы ғылыми-өндірістік зертхананы құрды және оның жұмысына басшылық жасады. Осы зертхана базасында көптеген ғылыми-практикалық жұмыстар тындырылып, қоғам өміріне пайдасы мол ауқымды істер қолға алынды. Мәселен, бұл зертхана Өскемен қаласындағы үш автобус паркіндегі автобустардың техникалық сенімділігін анықтау ісіне қызмет көрсетті. Артынша осы жұмыстардың нәтижесінде Кеңес Одағының автобус шығаратын зауыттарымен, автобустар жасау жөніндегі ғылыми-зерттеу және жобалау институттарымен, сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облыстық жолаушылар тасымалдау басқармасымен Өскемен құрылыс-жол институты арасында көп тарапты келісім-шарттар жасалынып, осының негізінде Өскемен қаласының автобус парктері қажетті қосалқы бөлшектермен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етіле бастады. Ал, Шығыс Қазақстан облыстық жолаушылар тасымалдау басқармасы мен автобус парктерінің басшылығы қаладағы автобус қозғалысын белгіленген кесте бойынша дәл уақытында ұйымдастыруды өз міндетіне алды. Жеңіс Құлсейітов басшылық жасайтын зертхана болса, қаладағы автобустардың жүйелік сенімділіктерін сынақтан өткізіп, анықтап отырды. Алынған нәтижелер мамандандырылған ғылыми-зерттеу және жобалау институттарына жіберіліп қайсыбірі өндіріске енгізіліп жатты. Бұл жұмыстың тиімділігін, әсіресе, күнделікті автобустармен жұмыстарына, сабақтарына қатынайтын, мыңдаған жұмысшылар, студенттер мен оқушылар, қала тұрғындары жақсы сезінді. Автобустар кестеден ауытқымай әр аялдамаға дәл уақытында келіп отыратынын өскемендіктер әлі ұмытқан жоқ. Әрине, Кеңес Одағы бойынша мәселе шешу, резервтерді Өскемен сияқты кішкене қалаға бұрғызу Жеңіс Оразханұлына оңайға түспегені айтпаса да белгілі.
1987 жылы Жеңіс Құлсейітов институттың ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры болып тағайындалса, институт техникалық университет болып қайта құрылған 1996 жылы оқу жұмыстары жөніндегі проректор, мұнан кейін көп өтпей бірінші проректор болып тағайындалды.
1992 жылы ғалымға КСРО халыққа білім беру комитеті Мәскеуде профессор атағын берді. Мәскеу бұл атақты оған «Жол қозғалысын басқару және ұйымдастыру» кафедрасы бойынша Қазақстанда өзінің ғылыми-оқытушылық мектебін қалыптастырғандығы үшін берді. Сөйтіп Жеңіс Құлсейітов аталған кафедра және мамандық бойынша Қазақстаннан шыққан бірінші профессор болды. Ол өз саласы бойынша 12 ғылым кандидатын әзірлеп, бес мың маман дайындау ісіне тікелей және белсене қатысты. Шығыс Қазақстан техникалық университетінде Қазақстанда бірінші болып екі жаңа мамандықтан аспирантура ашты. Алматыдағы Ө.А.Жолдасбеков атындағы механика және машина жасау институтында «Машиналар, аспаптар, аппаратуралар динамикасы мен беріктігі» ғылыми мамандығы бойынша құрылған докторлық диссертациялық кеңестің талай жыл мүшесі болды.
Жеңіс Құлсейітов өзінің докторлық диссертациясын жазуға және қорғауға жиырма жылға жуық уақытын сарп етті. Оның мойнындағы проректор ретіндегі көптеген ағартушылық және ұйымдастырушылық жұмыстар осы іске көп кедергісін келтіргенімен бұл еңбек те машиналардың сенімділігі мен беріктігінің теориясын дамыту ісіне қосылған қомақты үлес болып табылатын шын мәніндегі ғылыми бағыттардың бірі болды. Бұл жұмысқа Қазақстандағы механика саласының аса білгірі, көрнекті ғалым, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің өзі жетекшілік еткен еді.
«Өмірбек Арсыланұлының машиналар механикасы саласындағы терең білімімен қатар жұмысты жапырып істейтін аса бір алымдылық қасиеті бар екен. Сол кезде денсаулығы болмай ауруханада жатқан ол кісіге танысу үшін өзімнің бес жүз беттік еңбегімді тапсыра тұрып, мені енді екі-үш айдан кейін шақыратын болар деп топшылаған едім. Бір аптадан кейін-ақ мені іздеп, көмекшілеріне айтып шақыртып алып, көптеген формулалардың қолданылу жайын ежіктей отырып сұрады. Диссертациямның өзіне ұнағандығын айтты. Оның үстіне, мені сүйсіндірген ғылыми жұмысқа барынша адал және қатаң талап қояды екен. Сөйтіп, мен ол кісінің талабы бойынша Өскемендегі қызметімді тастап, төрт жылдай Алматыда отырып, ізденіп жұмыс жасадым. Академиктен және басқа да ғалымдардан көп нәрсе үйрендім. Докторлық диссертациямды сәтті қорғап шықтым» дейді Жеңіс Оразханұлы.
Мұның сыртында қос ғалым бірлесе отырып, «Машиналардың жұмыс қабілетін қайта қалпына келтіру теориясын математикалық моделдеу мен оларды қолдану әдістері», «Машиналар мен механизмдердің жұмыс істеу қабілетін қайта қалпына келтіру үрдісіндегі Эрланг заңы» атты және т.б. еңбектерді жазып өте жоғары дәрежедегі ғылыми журналдарда жариялады.
Мен ғалымды іздеп барып осы мақаланы жазғым келетінін айтып рұқсатын алған соң ол кісінің іс-әрекетін зерттей бастадым. Байқағаным Жеңіс Оразханұлы өзінің ғылыми ізденістерін заман талабына сай бағыттап отырады екен. Кеңес өкіметі кезінде бізде автобустар сенімділігі үлкен проблема болды. Жоғарыда атап өткендей, сол кезде ғалым өзі басқарған зертхананың жұмысын осы проблеманы шешуге бағыттады. Ал егемендік алған еліміздің сенімділігі жоғары автобустар сатып алуға қауқары жеткенде, құрылыс көлемі артқанда, өзінің ғылыми ізденістерін құрылыс-жол машиналар сенімділігіне аударды. Осы мәселеде де табысты шешімдерге қол жеткізді. Мәселен, оның «Машиналардың гидравликалық және пневматикалық жүйесіндегі нығыздағыш құралдардың беріктігін қамтамасыз ету» деген монографиясы қазіргі өз бетімен жүріп жер қазатын, жүк көтеретін машиналар жұмысындағы әлсіз буындардың проблемасын еңсеру мәселесін қамтиды. Ғалым осы еңбегінде машиналардың гидравликалық жүйесіндегі өз бетімен бейімделетін және өз бетімен реттелетін нығыздағыш (уплотнитель) туралы тың идеяны өмірге әкеліп, оларды жасауды өндірістік негізге көшіруді және қолдануды ұсынады. Қазіргі нығыздағыштардың жұмыс істеу уақыты 500-600 сағатты құраса, ғалым ұсынған жаңа нығыздағыш кемінде 3000 сағат, тіпті одан да ұзақ уақыт бойы жұмыс істей алар еді және бүкіл механизм жұмысының тиімділігін елеулі түрде арттырған болар еді. Бұл ұсыныс патенттелген және әлемдік маңызға ие болып табылады.
Бүгінде жетпіс жастың биігіне көтеріліп отырған, Қазақстанда машина жасау мен жол қозғалысы саласындағы ғалымдар мен мамандар армиясының қалыптасуына үлкен үлес қосқан еліміздің техникалық интеллегенциясының көрнекті өкілінің үйінде болғанымызда ол кісінің қолында құнды техникалық әдебиеттердің мол қорының бар екендігін байқадық. Менің сөредегі самсыған кітаптарға ұзақ қарағанымды байқап қалған ғалым аға: «Бар байлығым балаларым, немерелерім және осы кітаптарым, немерелерім «қара шаңыраққа» біздің апасы екеуміздің үйімізге келгенде, осы кітапханадан шықпайтындары қуантады», деді ризашылық сезіммен.
«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» дегендей, Жеңіс аға мен Ләтипа апайдың үлкен ұлы Айдын еліміздегі индустриялық-инновациялық бағдарламаларды әзірлеп, жүзеге асыруға, инновациялық үдерістің қалыптасып дамуына белсене үлес қосып жүрген білікті менеджер. Екінші ұлы Бауыржан, күйеу балалары Қайрат пен қызы Гүлшат білімді де білікті жастар, қазіргі заманға сай өз жеке кәсіпкерліктерін дамытып, соның жемісін көріп отырған жандар. Немерелер өсіп келеді. Ғалымның жиені Санат жақында ғана Бостон университетін үздік тәмамдап, бакалавр атағын алып келсе, немересі Жәния Президентіміздің Астана қаласындағы зияткерлік мектебінде жетінші сыныптан бастап оқу құқығын жеңіп алды.
«Ғалым болу оңай емес. Көп маңдайтер төгуді қажет етеді. Үнемі ізденіс үстінде жүресің. Бірақ өмір сонысымен де қызықты. Мәселен, мен жан рахатымды қонақ пен тойға барудан емес, оңаша қалып, ғылыми жұмыстармен шұғылданған сәттерімнен аламын. Рас, санаңды сарсылтып, шаршататыны да бар. Сондайда ұйықтап кеткеннің өзінде ми жұмыс істеп жатады-ау деймін. Күндіз табылмаған кейбір күрделі шешімдер түнде түсіңе кіреді», – дейді ғалым.
Елбасымыз өткен жылы Индустрияландыру күні аясындағы жиын барысында сөйлеген сөзінде «Іздеген сайын табылып, игерген сайын көбейе беретін бір ғана қазына – бұл индустрия мен инновация» десе, Назарбаев Университет студенттері алдындағы сөзінде «Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігі билейтін постиндустриялық әлемге қарай жылжып келеміз» деп болашақ өмірдің бейнесін көз алдымызға келтірген болатын.
«Елбасының осы сөздеріне екі қолымды қатар көтеріп қосыламын. Менің ойымша, болашақта техника саласының ғалымдары шынайы нәтижелерге қол жеткізетін болса, бай адамдарға айналады. Өйткені, елімізде ғылымды коммерцияландыру ісі қолға алынуда. Интеллектуалдық меншікті қорғау мәселесі заң тұрғысында бекіді. Қазір мемлекет жас ғалымдарды шетелдерге тәлімгерлік практикадан өтуге жіберуде. Мұның мәні де ерекше. Өйткені, ғалымға оның ізденістеріне оң ықпалын тигізетіндей, пікірталастарға қатысуына мүмкіндік беретіндей білікті ғылыми ортаның болуы да басты шарттардың бірі. Мәселен, мен білімімді кезінде Алматы мен Новосібірдің, Мәскеу мен Киевтің ғылыми ортасында жиі болып, тұрақты түрде араласа отырып байыттым. Германия, Венгрия, АҚШ, Қытай, Чехия, Голландия және басқа да шетелдерде өткен ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасап, жаңа ғылыми бағыттармен танысып отырдым. Еліміздің тәуелсіздігі нығайған сайын жастарға жол ашылып келеді, осыған қатты қуанамын. Елбасының қолға алған бес реформасынан үлкен үміт күтемін», дейді Жеңіс Оразханұлы.
Көпті көрген ғалым ағаның бұл сөзіне біз де қосыламыз. Мақаламызды Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әйгілі ақын Ұлықбек Есдәулетовтің Жеңіс Оразханұлына арнаған өлеңінің:
«Жеңіс аға, құтты болсын жеңісің,
Кеңи берсін ғылымдағы өрісің.
Аягөзден түлеп ұшқан ақиық,
Алыс самғап, шарықтай бер ел үшін»,
деген бір шумағымен қорытындылаймыз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.