
Елдің асқар таудай панасы
Орта дәулетті дін қайраткерінің шаңырағында дүниеге келген Смағұл жасынан мұсылманша да, орысша да біршама жақсы білім алған. Әкесі Сәдуақас Қызылжардағы Бегішев медресесін бітірген. Баласын алғаш өзі оқытқан әке оның зеректігін көрген соң, замана талабына сай болуы үшін көрші орыс селені Полтавкадағы қазақ-орыс мектебіне береді. Кейін Смағұл Омбыдағы ауыл шаруашылығы училищесінің кооперация бөлімін тәмамдап, осындағы институттың кооперация факультетінде бір жыл оқиды. Осы жылдары оның қайраткерлік, ұйымдастырушылық қасиеттері де көрініп, ол Омбыдағы қазақ жастарының ұйытқысы болып, «Бірлік», «Жас азамат» ұйымдарына белсенді араласады. Осы жылдарда Мағжанмен де танысып, оның үлгі-өнегесін бойына сіңіреді.
«Ол Омбыда «Центросибирь» аталынатын бірлестікте нұсқаушы болып қызмет істеді. Былайша айтқанда, болашақ республиканың экономикасына байланысты тәжірибе көрігінен өтіп жүрген-ді. Шикізатты қалай өнім ету және оны қалайша қазаққа бұйырту Смағұлдың өзекті мақсаты еді. Бүгінде классикалық мақалалар деп жүрген «Киргизская (казахская) литература» очеркі мен «Нужды аула» атты топтама мақалаларын ол бар болғаны 18–19 жасында осы ұйымның «Трудовая Сибирь» журналына жариялағанын жақсы білеміз. Ол тіпті 1917–1918 жылдары Ақмола облысында Алаш комитетін құруға да атсалысқан. 1918 жылы 5–13 сәуірде М.Мырзаұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Г.Досымбекқызы сынды жастармен бірге Омбыда ұлт жастары съезін ұйымдастырады. Алаш ұл-қызын бір мұрат төңірегіне топтастыруға атсалысады» (Сәдуақасұлы С. Үш томдық шығармалар жинағының алғы сөзінен, 2013).
Смағұлдың 1920 жылы 12–18 қыркүйек аралығында Мәскеуде өткен Күншығыс ұлттары жастарының І конференциясына өкіл ретінде қатысып, қазақ жастарының атынан сөз сөйлеп, Күншығыс жастарының орталық бюросына мүше болып сайланғаны, сондай-ақ сол жылғы 4 қазанда Орынборда жалпы қазақ кеңестерінің І съезіне делегат болып, жас қайраткерлер атынан мінберге шақырылғаны туралы смағұлтанушылар зерттеулерінде атап өткен.
Смағұл Сәдуақасұлының Қазақ автономиясына сіңірген еңбектері көпке белгілі. 1921 жылы ол ҚазОАК хатшысы, ҚАССР Жоспарлау комиссиясының басшысы, 1925 жылы Ахмет Байтұрсынұлынан кейін Халық ағарту комиссары, 1928 жылы Қазақ педагогикалық институтының директоры, «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, т.б. қызметтер атқарған. Қай жерде істесе де, қандай қызметті атқарса да, ол іске жалындап кірісіп, халқына пайдасын тигізуге ұмтылған. Ол – Ф.Голощекиннің қанды саясатына қарсы шығып, табан тіресе қарсылық білдірген аз тұлғалардың бірі. Ақыры Голощекин оны Мәскеуге оқуға жіберіп құтылады. Ал 1933–1934 жылдары Голощекиннің досы Николай Ежов Мәскеудегі партия Орталық комитетінің «партияны тазалау» жөніндегі жалпыодақтық комиссиясының мүшесі болған. Олар компартияның болашағына сенген талай адал жандардың көзін құртқан. Соның ішінде Воронежде теміржол басшыларының бірі болып жүрген Смағұлға да Голощекиннің өтінішімен қастандық жасауы мүмкін. Әйтпесе тепсе темір үзетін жалындаған жас жігіт 33 жасында белгісіз дерттен Мәскеудің ауруханасында қайтыс бола ма?
Өзін Голощекин Қазақстанға жолатпаса да, Смағұл мұндағы аштықты естіп-біліп, үкіметке білдіріп, көмек жасауды талап еткен хаттар жіберуі мүмкін. Ал мұндай әрекеттер қандықасап Голощекинге ұнамайды, әрине...
Смағұлдың қайраткерлігін Мағжан жоғары бағалаған. Өзі Соловкиде айдауда жүрсе де, Смағұлдың қазасын естіген соң:
«Жас Смағұл үздік туған бала екен,
Байтақ елге асқар таудай пана екен.
Сол баладан, сол панадан айрылған,
Қайран қазақ, орны толмас жара екен»...
деп басталатын көңіл айту жырын жолдаған.
33 жастағы жас жігітті «елдің ағасы», «асқар таудай панасы» деп жазғанына қарағанда, Мағжан Смағұлды өте жақсы біліп, оның айрықша тұлға екенін таныған.
Ашылмаған ескерткіш
Осы әңгімелердің бәрін Смағұл Сәдуақасұлына арналған кеште жиналғандар еске алды. Соның ішінде қазір облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы қызметін атқарып жүрген Ерік Нұрақаев ерекше деректер келтірді. «Кім білді ердің асыл туған бағасын» деп Мағжан айтқандай, Смағұлдың бағасын қазақ әлі күнге біле алмай келеді», деп бастады ол өзінің сөзін. Одан әрі 2003 жылы Смағұлдың туған жері Ақжар ауданына әкім болып тағайындалғанын айтты. Бір ақсақалдар аудандық мәслихаттың шешімімен осыдан 10 жыл бұрын Смағұлға ескерткіш орнату туралы шешім қабылданғанын айтады. Ерік Есімұлы оның неге орнатылмағанын сұрайды. Сөйтсе, сол жылдары Көкшетау облысы жабылып, аудан Солтүстік Қазақстанға қараған, бірнеше әкім ауысқан, ал Ресейдің Полтавка ауылындағы шеберге берілген тапсырыс сол күйі ұмыт қалған. Бұл олақтықты түзету үшін Е.Нұрақаев Полтавкадағы шеберге барады. Смағұлды дәл ұқсатып жасаған ескерткіш үлкен шеберханасының бір бұрышында шаң басып жатыр екен. Шебер: «Тапсырыс бересіңдер де іздемейсіңдер, сендер не қылған халықсыңдар, қазақтар?» деп біраз бұлданады. «Енді алып кетуге келдік» десе, «Келіскен 7 мың долларды алақаныма салыңдар, сонда ғана аласыңдар», дейді. Ерік Нұрақаев Ақжар ауданындағы бір іскер азаматқа айтып, сұраған ақшасын беріп, ескерткішті аудан орталығының қақ ортасына орнатады. Бұған халық қатты қуанады.
2023 жылы Петропавл қаласындағы ең үлкен мектептердің біріне Смағұл Сәдуақасұлының есімі берілді. Бұл облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығметов болған тамаша кезең еді. Осы азаматтың бастамасымен ауыл-селолардың көшелеріне 500-дей қазақ атауы берілді. Енді қаладағы көшелерге кірісеміз деп отырғанда облыс әкімі Қ.Ақсақалов оның қызметін қысқартып тастады. Бірақ сол жылдары Ғанекеңнің қолдауымен қала мектептеріне Қажымұқанның, Әлихан Бөкейханның, Міржақып Дулатұлының, Жұмағали Тілеуліұлының есімдері беріліп үлгерген еді. Смағұлға да мектеп атауы сол кезде берілген.
Мектепке есімі берілгенімен, алдына ескерткіш-бюст орнату аяқсыз қалды. Оны да Ерік Нұрақаев қолға алып, мүсінші Қазыбек Сатыбалдинге Смағұлдың бюстін жасатып, мектептің алдына қойдырды. Алайда сол тұста облыс әкімі Құмар Ақсақалов ауысып, оның орнына қысқа мерзімде тұрған Айдарбек Сапаров та әне ашылады, міне ашылады деп жүргенде басқа қызметке кетті. Сөйтіп, Смағұлдың ескерткіші әлі күнге ресми түрде ашылмай қалды. Тек қаланың патриот белсенділері Тәуелсіздік күні оған гүл шоқтарын қойып жүр...
Ерік Нұрақаев сөзінің соңында биылғы 125 жылдығында ескерткішті ресми түрде ашып, оған көше атын да беру керек деген ұсыныс жасады. Отырған халықтың бәрі ұсынысты қызу қолдады.
Кешті жергілікті ақын Аманжол Зағыпар Смағұлға арнаған өлеңімен аяқтады. Онда мынадай жолдар бар екен:
«Алаштың әр заманда туады ұлы,
Қияда түлеген ғой қыран ұлы.
Жарқында жарық сыйлап Жаратқаным,
Алаштың туған еді Смағұлы.
Смағұл сүріп кеткен ғұмыр бөлек,
Тұлғаны баптайтұғын тұғырлы ел ек.
Әлі күнге жатырмыз ояна алмай,
Оятуға бір Смағұл туу керек».
Петропавл