
Еркін пікір алмасу форматындағы басқосуды ашып, жүргізген серіктестіктің бас директоры Дихан Қамзабекұлы елордалық мәслихат депутаттарының баспасөзге деген ықыласына, өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған пейілдеріне алғыс айтып, кездесудің маңыздылығын атап өтті.
– Бәріміз мемлекеттік мүддеге қызмет етіп жүрміз. Жаңарған еліміздің, Әділетті Қазақстанның мүмкіндігінше қоғамға жақын болу, қоғамдық диалогті алға шығару сынды бүгінгі мақсат-мұраттарын жақсы түсінеміз. Сонымен қатар елімізде өзге
этнос өкілдері де өмір сүріп жатыр, түрлі қоғамдық-саяси жіктер де бар. Міне, осылардың арасында белгілі бір сұхбаттастықты кәсіби диалог деңгейіне жеткізу, сондай-ақ мәдени-ағартушылық, отбасы құндылықтары, жастар ісі сынды өзге де ақпараттық бағыттағы жұмыстарды күнделікті жүзеге асырып келеміз, – деп Д.Қамзабекұлы 300-ге жуық қызметкердің басын қосқан серіктестіктің 11 басылымының бағыт-бағдарын таныстырып шықты.
Өз кезегінде Астана қалалық мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден еліміздің бас басылымының ұжымымен кездесіп, жиынның рухани пікір алмасу бағытында ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді.
– Еліміздің дамуы бағытында атқарып жатқан жұмыстарымыздың ортақ тұстары көп. Мәселен, сіздер қоғамға қалам арқылы қызмет қылсаңыздар, біз де қоғамның үнін атқарушы билікке ісімізбен жеткізіп отырмыз. Алдағы уақытта мәслихат атқарған жұмыстарды сіздер арқылы халыққа үнемі жеткізіп отырсақ, үлкен шаруа атқарылар еді, – деген Т.Зейнұлқабден сонау бала күніндегі газетпен алғаш қалай танысқан оқиғасын әңгімелеп берді.
Ал кезінде елордалық «Астана ақшамы» газетінде 13 жыл табан аудармай басшылық қызметтерде болған, бүгінде «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан мәслихат депутаттарының алдында газет мәртебесіне байланысты бір ұтымды ұсынысын ортаға салды.
– Бізді елорданың жауапты орындарының, мектептерінің «Егеменнен» бастап балалар газетіне мүлдем аз жазылуы толғандырады. Сауатты астанаға бәріміз де жауаптымыз. Иә, Астананың өзге қалалардан мәртебесі жоғары. Сол сияқты оның газетінің де мәртебесі еліміздің өзге де қалалық газеттерінен бір бас жоғары тұруы керек. Қанша дегенмен елдің астанасының шежіресін жасап жатқан басылым ғой, – деп Т.Батырхан астаналық мәслихат депутаттарының назарына «ақшамдықтардың» үлкен мәселесін жеткізді.
Одан кейін сөз алған депутат Кендебай Адамбек мәслихат депутаттарының да жұмысын жұртқа тұрақты жеткізіп отыратын әріптестік орнату идеясын тастады. Ол мәжілісмендер сияқты астаналық мәслихат депутаттарының да батыл ұсыныстарын айтып, өзекті мәселені көтерген өткір сауалдар жолдап тұратынын тілге тиек етті.
Сондай-ақ жиында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары Виктор Пряников, «Egemen Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ғабит Іскендерұлы, депутаттар Бауыржан Қасымбергебаев, Динара Байсеркина, Ғабит Тәжімұрат, Асқар Смағұлов, Бекзат Жолжақсынов, «Egemen.kz» сайтының шығарушы редакторы Баян Сүлейменқызы да сөз сөйлеп, БАҚ өкілдері мен депутаттардың байланысын арттыра түскен бастамаға жоғары баға берді.
Жиын соңында Дихан Қамзабекұлы Астана қалалық мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабденге алғыс білдіріп, ел газетінен естелік ретінде «Абай Құнанбайұлы: сипаттамалы библиографиялық көрсеткіш» көптомдығының І, ІІ томдарын, «Егемен Қазақстан» кітапханасы» сериясымен жарық көрген Әбіш Кекілбаевтің «Дәуір дауысы», Тілекқабыл Боранғалиұлының «Еңбекші қазақ» әндері» кітаптарын тарту етті.
Ал депутаттар редакцияның шығармашылық, өндірістік бөлімдеріне кіріп, газет шығару үдерісінің қыр-сырына қанықты.