Тұлға • 12 Сәуір, 2025

Ұлылық өнегесі

297 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Есімі ел аузындағы тұлғалар әрдайым асқақ та биік тау секілді. Қаныш Сәтбаевты да бәрі­міз – қазақтан шыққан тұңғыш академик, ғалым ретінде танимыз. Ал оның қа­рапайым болмысын, күнделікті өмірдегі бейнесін, кісілігін, кішілігін, даналы­ғын, ағалығын көргендер көпшілікке беймәлім көп қырын аңыз етіп айтады.

Ұлылық өнегесі

Қамқор аға

Қалмұқан Исабай қағазға түсірген Бөпежан Аянбергеновтің естеліктерінен Қаныш Сәтбаевтың биік мінберден сөйлеген академик болғанын емес, өзінен кішілермен жүздесіп, тілдесіп, кеңесіп отыратын қарапайым болмысын тануға болады. Біраз жыл қасында көмекшісі болып істеген естелік иесі Қаныш Сәтбаевтың ойлы, байыпты, адамның сөйлеген сөзінен, қөзқарасынан ішкі сырын аңдай алатын, асыра сөйлемейтін, дәл баға беретін ерекше қасиеті барын айтады. Бөпежан Аябергенов 1944 жылы жұмыс іздеп Алматыға барады. Біреулер «Қаныш Сәтбаевқа бар» деп жөн сілтеген екен. Ол кезде ғылым академиясы енді-енді құрылып жатқан. Барса, есігі ашық. Кезек күтіп тұрғандар көп. Бірақ Қаныш Сәтбаев ешкімді бөліп-жармай қабылдап отырады. Бөпежан Аябергеновті де кіргізеді, әңгімесін тыңдап «Аспирантураға түсіңіз», деп кеңес береді. Сосын ойланып барып, шаруашылық басқармасына ұсынады. Ол кезде мұндай жауапкершілік – үлкен сенім. Яғни Қаныш Сәтбаев кімнің қай іске жарайтынын дөп басып білетін болған. Бәрінің сырын өзі сұрап, тыңдап артынан іштей қорытынды жасап отырады екен. Жастарды майданнан күтіп алып, жұмыспен қамтамасыз етіп, сөйлесіп отырып-ақ қай салаға бейім екенін байқап, соған жол сілтеген. Кейбірін сынай жүріп, кейін байқап, ғылымға баулыған.

«Қаныш ағай көзіне түскен кейбір қазақ баласын, «осының қандай ғылымға икемі бар екен?» деп, үнсіз ғана зерттеп жүреді екен де, ананың қолынан қандай істің келетініне көзі жеткеннен кейін, «қонақтар» арасынан сол ғылым «иесін» іздестіріп, ондай табылғаннан кейін көзіне түскен жігіт екеуін үйіне шақырып, таныстырып, біріне бірін ертіп жібереді екен. Қаныш ағайдың «икемді» деген жігіттерді ғылымға баулу тәсілінің бір түрі осындай болатын», дейді Б.Аябергенов.

 

Істің жайын білген

Қаныш Сәтбаевтың тағы бір қыры – бардың басын құрап, бәріне жеткізуі. Соғыс кезі. Ғалымдарға азық жетпейді. Кезек күтіп, карточка ұстап, зейнет жасындағы ұстаздар дүкен жағалап жүреді. Сонда Қаныш Сәтбаев «бізге жеке дүкен керек» деп қала басшысымен келісіп, арнайы дүкен аштырған. Содан кейін біртіндеп мал, көкөніс, қой өсіретін «қосалқы шаруашылық» құруға жәрдемдеседі. Бұдан артық қамқорлық бола ма? Адам аш отырса – ой да шық­пайды. Қарны тоқ, көйлегі көк болса ғана ол ғылыммен айналысады. Қаныш Сәтбаев осыны жақсы түсінген.

«Ғылым жолына түскен кейбіреулер бала-шағасымен кетіп жатыр. Ал олар барған жерлерінде қалай орналасып жатқанынан мүлде бейхабармыз. Ғалымға жағдай жасағанда ғана ол ғалым болмақ. Ғылыми командировкаға баратындар қолына көзделген қала кеңесіне филиал төрағасы атынан: «Осылай да осылай, Бәленше пәлен уақытқа докторлық яки кандидаттық ғылыми атақ алу үшін диссертация қорғауға бара жатыр. Содан уақытша болса да үй-жай берулеріңізді сұраймыз», деген хат ұстатып отырсақ», деп әр істің артын ойлайтын. Ғылыммен алаңсыз айналыссын деп ғалымдардың ұсақ-түйек мәселелерін де өзі шешіп беріп отырған.

 

Қаныш ән салғанда

Қаныш Сәтбаевтың әуелетіп ән салғаны да тамсанарлық. «Бүркітбай» мен «Ерейментау» сияқты әндерді домбырамен орындағанда, қасындағылар біраз уақыт үнсіз қалатын көрінеді. Тек күй тыңдап, дауыс тыңдап емес, сол ән арқылы адамның ішкі әлемін тыңдап отырғандай сезім кешеді.

«Қаныш ағай біртүрлі көңілді отырды. Жұрт ағылып келіп сәлем беріп жатты. Мұндайда домбырасыз бола ма, ән де айтылды, күй де тартылды. Жұрт ағайға домбыра ұсынуға бата алмай отырды да, Қанекеңнің өзі қол созғанша, домбыраны ұстата берді де, жым-жырт бола қалысты. Ағай домбыра құлағын бұрап, күйін келтіріп алып, зор иықтарын қомдап, бір уақытта «Бүркітбайға» салсын-ай кеп:

Бүркітбай әкем аты – Ғазіз Омар,

Ауылым айдын шалқар көлге қонар.

Құдайдың маған берген бір нәубеті

Қыздары Жанқозының маған құмар ей-и-и…

Өй, құлаққа жағымды қоңыр дауыс кетпесін бе көтеріліп! Ағайдың Затаевичке 25 ән айтып бергенін оқы­ғанмын. Ал өз аузынан естіп отыр­ға­ным осы. Музыкалық әуенді нақы­шы­на келтіретіні сонша, жаныңды жай тап­­қызады екен. Жұртта ес жоқ. Хал­қымыздан шыққан бірінші академик төрінде отырып ән шырқаған елдің қайбір есі қалсын!», дейді естелігінде Бөпежан Аябергенов.

 

Жалақысын жалғыз жаратпаған

Қаныш Сәтбаев алатын айлығын бірде алыс­та оқып жүрген жас суретшіге, бірде ауыр халдегі қарияға, бірде ауылдан келген студентке, бірде ақшасын қайтара алмай жүр­ген танысқа беретін болған. Әйтеуір мұқ­таж жаның бәріне көмектесетін. Б.Аяберге­нов естелігінде бұл академиктің таланттың тамырына су құйып, ұлттың болашағына жасаған жақсылығы екенін жазады.

«Мәлібайым дүниеден ерте кетті. Әлгінде бір студент 500 сом сұрап келді. Мәлібайым сұрап тұрса, бермес пе едім. Сол сияқты анаған да… ана болашақ суретшіге де. Ол талантты жігіт. Талантқа көмектесу керек. Егер ол жақсы суретші болып, қазақ өнерінің дамуына үлес қосса, оған жұмсалған шығынымыздың орнына келгені ғой», дейді ол.

Қаныш Сәтбаевтың тау тұлғасының тасасында қарапайым ғана болмысы жатыр. Ол – етегі жерге тиіп жүретін, күн сайын жұрт қамы, ұлт қамы үшін жүгіретін, қанша шаршаса да үйіне рия­сыз көңілмен қайтатын, қалтасындағы айлығын шәкіртке жұмсайтын, бос уақытында домбыра шертіп, ауылдан келген жаспен шай үстінде сыр бөлісе­тін қарапайым қазақ. Жасандылықтан ада, ішкі мәдениеті мен адамгершілігі жоғары тұлға. Бөпежан Аябергеновтің айтуынша, Қаныш Сәтбаев ешқашан «мен» деп сөйлемеген. Ешкімге дауыс көтермеген. Ешбір адамды жатсынбаған. Ұлылық деген – биікте тұру емес, дәл осылай бәрінен биік тұрсаң да, ешкімді төмен көрмеу шығар.