Заң мен Тәртіп • 12 Сәуір, 2025

Әділетті қоғамның тірегі – білікті заңгер

518 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Заңгерлік жоғары оқу орындарының түлектері арқылы қоғамның құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің құндылықтары мен көзқарастарын бекітеміз. Мемлекеттің, экономиканың және әлеуметтік саланың жағдайы мамандарды даярлау сапасына байланысты. Сондықтан осы секторды тиімді нығайтуда негізгі мәселелерге ерекше назар аудару қажет.

Әділетті қоғамның тірегі – білікті заңгер

Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Ең алдымен, білім алудың консти­ту­циялық құқығын сақтай отырып, жоғары заң білімінің «элитарлығы» мен жоғары білімнің қолжетімділігі арасындағы тепе-теңдікке мән беру керек. Құқықтық білім көпжылғы қалып­тасқан оң тәжірибесін жоғалтпас үшін жоғары заң біліміндегі дәстүрлі тәсілдер мен инновациялар біріктірілуге тиіс.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және Еңбек ресурстарын дамыту орталығымен келісе отырып, «Атамекен» ҰКП республикада және өңірлерде кадрларға қажеттілікке талдау жүргізді. Алынған мәліметтерге сәйкес жоғары білімі бар ең көп сұранысқа ие мамандықтар­дың қатарына заңгерлер енеді. Заң кадрларының артықтығы туралы пікірді жоққа шығаруға болады.

Біздің университеттің заң факультетіне құқық қорғау органдарына немесе өзге де органдарға жұмысқа орналасу жөнінде өтініштер жүйелі түрде келіп тұрады. Құқық қорғау органдарында бос лауазым­дар көп, жекелеген өңірлерде арифме­тика­лық прогрессиямен өсуде, ауылдық жерлерде де заң кадрларының тапшылығы артып келеді. Осы жағдайда біз бұл мәселенің шешімі ретінде нысаналы грантты ұсынып отырмыз. «Құқық» бағыты бойынша білім беру бағдарламаларына нысаналы гранттар бөлу заң білімін салалық бөліністегі еңбек нарығының қажеттіліктерімен үндестіру мәселесін шешеді.

Университет тәжірибесі көрсет­кендей, бірінші курс талапкерлері арасында мамандық таңдау өз бетінше емес, баласын судья мантиясында, прокурорлық погондармен немесе полиция формасында көргісі келетін ата-аналарының талабы бойынша жасалатын жағдай көп кездеседі. Көптеген талапкер шындыққа қайшы келетін сюжеттерден тұратын фильмдерден түсінік алады. Бұл ретте мен «еркін тың­даушы» институты арқылы «болашақ мамандықтың дәмін татып көруді» ұсы­намын. «Еркін тыңдаушы» институты жоғары сынып оқушыларына (10-11-сыныптар) университетте заң пәндері бо­йынша сабақтарға қатысуға мүмкіндік береді. Егер студент осы жоғары оқу орнына «Құқық» бағытында білім беру бағдарламасына түссе, болашақта бей­ресми оқыту шеңберінде қайта есеп­те­летін балдар (кредиттер) алуына бола­ды. «Еркін тыңдаушы» институтының негіз­гі артықшылықтары – орта және жоғары білім сабақтастығын қамтамасыз ету, заң білімінің имиджін қалыптастыру. Нелік­тен жоғары оқу орны осы институтты өз бетінше жүзеге асыра алмайды? Өйткені «еркін тыңдаушының» заңдылығы мен осы институттың жоғары оқу орындары үшін әмбебаптығы тиісті құқықтық негіздер құрылған кезде және құзыретті органның (Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің) директивалық шешімі негізінде ғана мүмкін болады. «Еркін тыңдаушы» институты маманды­ғын саналы түрде таңдауға, болашақ­та қайда жұмысқа орналасатынын болжау­ға мүмкіндік береді.

Қазір бізде заңгерлер тым көп дайын­далып жатқаны туралы әңгіме жүріп жатыр. Осыған байланысты екі қарама-қайшы көзқарас бар. Біріншісі (әкімшілік) заң­гер­лік университеттердің және сәйкесінше заң­герлердің саны қысқартылуы керек деп талап етеді. Екіншісі (нарықтық) бұл үдеріс осы қызметке сұраныспен тікелей реттелуі керек деген пікірде. Кейінгі жылдары «Құқық» бағыты бойынша білім бағдарламаларына түсетін талапкерлер­дің саны айтарлықтай азайды. Мұның бірнеше себебі бар: техникалық білім беру бағдарламаларының қажеттілігі; ҰБТ-да таңдалған пәннің нәтижелері бо­йынша түсудің өзгермелілігінің болмауы және ҰБТ нәтижелері бойынша өту балын 75 балға дейін арттыру. Алайда екінші жоғары заңгерлік білім алғысы келетін үміткерлердің саны аз емес. Құқықтық білімге деген сұраныс көбінесе есейген жаста көрінеді. Мұның басты себебі – лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптарының болуы. Соған сәйкес үміткердің жоғары заң білімі болуы керек. Көп жағдайда олар заң білімін алады, өйткені ол мемлекеттік қызметке немесе мансаптық өсуге қойылатын талаптарға сәйкес келеді. Тағы бір себеп – қызметтік талаптарға қарамастан, құқықтық сауатты арттыруға деген ұмтылыс.

Заң білімі туралы тағы бір сыни тезис – «заң мамандығын тар шеңберлі мамандықтарға» шамадан тыс бөлу. Бұл құқықтану бойынша толық білімі жоқ мамандарды бітіртіп шығаруға әкеледі. Білім беру бағдарламалары санының өсуінің негізгі себебі академиялық қоғамдастыққа түсінікті. Өйткені заң университеттері мен факультеттерінің жұмыс істеуінің шарты кемінде үш білім бағдарламасын іске асыру болған кезде біліктілік талаптары (Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 17 маусымдағы №391 бұйрығымен бекітілген) қолданыста болды. Бұл мәселе 2024 жылғы 30 желтоқсанда Республикалық оқу-әдістемелік кеңес бекіткен Қазақ­стан Республикасында заң білімін дамытудың 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында да белгіленді.

Заңгерлерді даярлау кезінде тар шең­бер­лі мамандандыру туралы балама ұста­нымды академик С.Зиманов ұсынған еді. Оның айтуынша, құқықтық білім кез келген мамандық негізінде берілуі керек, яғни бұл – белгілі бір мамандықтағы мамандандыру ғана. Айталық, адам мұнай өндірумен айналысады, осы саланың маманы. Бұл жағдайда заңгерлік білім мұнай заңнамасының маманы болу үшін керек. Оның білімі осылайша құнды болады, өйткені ол сирек.

Мемлекет пен оның органдарының цифрлық трансформациясы жағдайында «Құқық» бағыты бойынша жоғары оқу орны түлегінің сұранысқа ие құзыреттері цифрлық біліммен тікелей байланысты. Бұл тек цифрлық сауатты қалыптасты­ру­ға бағытталған жалпы цифрлық құзы­рет­тер болмауы керек. Қазіргі жағдайда заң­дық білім бағдарламалары бойынша түлектердің кәсіби бағдарланған цифр­лық құзыреттіліктері сұранысқа ие.

Құқық қорғау органдарының қыз­метін жаңғырту цифрлық жобаларды әзірлеумен және енгізумен тығыз байла­нысты. Бұған мыналар жатады: сотқа дейінгі тер­геп-тексерулердің бірыңғай тізі­лімі; әкім­шілік іс жүргізулердің бір­ыңғай тізілі­мі; электрондық қылмыс­тық іс; тексеру субъек­тілері мен объекті­лері­нің бірың­ғай тізілімі; «Qamqor» ақпа­рат­тық сервисі; «Электрондық өтініштер»; Талдау орта­лығы, құқық қорғау, ар­наулы мемлекеттік және өзге де органдар үшін ақпарат алмасу жүйесі және т.б. Адвокаттардың, нотариустардың, сот орындаушыларының және т.б. қызметінде қолданылатын басқа да цифрлық ресурстар бар.

«Құқық» бағыты бойынша түлектің кәсіби бағдарланған цифрлық құзыретті­лігін қалыптастыру мақсатында сот және құқық қорғау органдары қызметінің цифр­лық құралдарын (СДТБТ, ӘҚБТ, Төрелік және т.б.) зерделеуге бағыттал­ған пән­дерді білім бағдарламаларына міндетті түрде енгізудің нормативтік негіз­дерін әзірлеу қажет. Осы мақсаттар үшін аталған цифрлық ресурстардың опера­тор­лары (сот, құқық қорғау және мемле­кет­­тік орган­дар) сот және құқық қорғау ор­­ган­дары­ның, сон­дай-ақ басқа органдар­­дың цифр­­лық плат­­формаларының оқу нұс­қаларын әзір­леуі және барлық жоғары оқу орны­ның заң факультеттері цифр­лық плат­фор­­малардың осы оқу нұсқа­­лары­на мін­детті түрде қол жеткізуін қамта­­масыз етуі қажет. Практикалық сектор­дың қатысуымен және қолдауымен ака­демия­лық қызметтің міндет­терін жүзеге асыруға болатын теория мен практиканың интеграциясы болуы керек.

Жасанды интеллект, блокчейн және электрондық сот ісін жүргізу техно­логияларын оқыту арқылы заң білі­мін заманауи талаптарға бейімдеу маңыз­ды. Қазіргі уақытта әлемде жасанды интел­лектінің қар­қын­ды дамуы уақыт талап­тарына сәйкес құқық саласын­дағы мамандарды даяр­лау мәселесін көтеріп отыр. Сондықтан кибер ма­ман­­дандыруға бейімделген бағдарла­ма­лармен біріктірілген бағыт бойынша заңгерлерді даярлау бағытта­рын дамыту қажет. Цифрлық технологиялар­ды ақпараттық технологиялар саласын­дағы білім үдерісіне интеграциялау үшін киберқауіпсіздікті зерттейтін құқықтың негізгі салаларымен байланысты білім бағдарламаларын құру арқылы осы сала­дағы мамандарды даярлау үшін заманауи жағдайлар жасау керек.

Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретін­де бекітеді, ал бұл қоғам мен мем­лекет­тің сұраныстарына сәйкес келетін заң білімі жүйесіне жаңа міндеттер жүк­тей­ді. Заң білімінің әлеуметтік миссиясын жүзеге асырудың маңыз­ды құралы – заң клиникаларын қайта форматтау. Қазіргі уақытта көптеген университетте клиникалық білім бар, бірақ ол ескі тәсілмен ұйымдасты­рыл­ған және қоғамның қажеттіліктеріне сәйкес келмейді. Бейіндік пәндер бойынша оқытуды жаңғырту клиникалық білім әлеуметтік мақсаттарда пайдалануды дамыту мен кеңейтуге негізделуге тиіс. Бір жағынан, бұл икемді және кәсіби ғылыми-практи­калық ойлауды қалыптастыруға және студенттерді тереңірек практикалық дайындауға көмектеседі. Екінші жағынан, оқу орындарының жанынан әлеуметтік қорғалмаған азаматтарға өтеусіз құқықтық көмек көрсететін оқу-ғылыми бөлімшелер (заң консультациялары, клиникалар) құ­ру студенттердің бойында азаматтық ұс­та­ным қалыптастыруға бағытталған. Оқы­ту­шы­лардың жетекшілігімен және адво­каттардың қатысуымен жоғары курс сту­денттері азаматтық, еңбек, отбасы­лық-неке, тұрғын үй, жер және басқа да мәселелер бойынша халыққа тегін заң­герлік көмек көрсетуге үлес қоса алады және бұл болашақ заңгерлерді прак­тикалық даярлау үшін пайдалы болады. Осы мақсатта құқық бағыты бойын­ша білім бағдарламаларына 6 және 7 семестр­де кемінде 5 кредит мөлшерінде міндетті компонент ретінде «заң клиникаларын» қосу қажеттілігі туындайды.

Заңгерді классикалық даярлау тиімді­лігінің төмендеуіне заңнаманың үнемі өзгеруі, құқықтық реттеудің тұрақсыз сипаты да ықпал етеді. Егер құқықтық белгісіздік жағдайында шешім қабылдау қажет болса, онда міндет бірнеше есе күрделене түседі. Осыған байланыс­ты білім беру, құқық құндылықтарын үйрету, құқықтық мінез-құлық моделін ұстану, жаңа технологияларды қолдану, инновациялық тәсілдер мен техноло­­гия­ларды игеру ғана емес, сонымен қатар өздері де осы үдерістердің алдың­ғы қатарында болуы керек педагогтердің рөлі артып келеді. Қазіргі әлемде білім беруді емес, сыни талдау, ақпарат іздеу, пікірталас жүр­гізу дағдыларын дамыту маңызды. Геймо­фикация, симуляция және VR, Deepfake-технологияларын енгізу білім алушы­лардың жеке өзін-өзі көрсетуін дамытуға, аналитикалық қабілеттерді, командада жұмыс істей білуді, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын және құқықтық білімді қолдануды қалыптастыруға ықпал етеді. Қазіргі білім үдерісін квестер, рөлдік және іскерлік ойындар сияқты белсенді жұмыс түрлерінсіз елестету мүмкін емес.

Жылдам жаһандану жағдайында ШЫҰ елдерінің заң білімі саласындағы өңірара­лық ынтымақтастығы қажет. Оның үстіне ШЫҰ-ға мүше мемлекет­тердің үкіметтері арасында 2006 жылғы білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бар. Осы ынтымақтас­тық­тың басым бағыттары бірлескен білім бағдарламалары, педагогтердің біліктілігін арттыру болуы мүмкін. Бұл трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл және алдын алу тетіктерін біркелкі дамытуға, құқықтық жүйелердің алуан түрлілігіне бойлауға, мәдениетара­лық коммуникация мен құзыреттілікке, дауларды тиімді шешуге ықпал етуге мүмкіндік береді. Ал құқық саласындағы бірлескен зерттеу жобалары өңірлердің алдында тұрған жалпы сын-қатерлерді анықтауға және бірлескен шешімдерді әзірлеуге көмектеседі.

Халықаралық тәжірибе алмасу бағдар­ла­ма­ларын дамыту жөніндегі іс-шаралар­ды жүйелеу қажет. Студенттер мен оқыту­шы­ларға шетелдік жоғары оқу орын­дарын­­да оқу және тағылымдамадан өту мүмкін­діктерін ұсыну шарттарын нақтылау қажет.

Сонымен қатар заң мамандарының сапасын арттыру үшін қаржыландыру жүйесіне назар аудару керек. Мысалы, АҚШ-та 1 студентті оқытуға – 20 мың доллардан астам, Ұлыбританияда – 11-15 мың долларға жуық, ал Қазақстанда 2-5 мың доллар жұмсалады. 5 мың долларлық сома тек бірнеше оқу орындарында қолжетімді және жалпы алғанда, шамамен 1000-2000 долларды құрайды. Осы жерден біз осы заңгерлерді дайындайтын оқытушылардың жалақысының қаншалықты жоғары екенін көреміз. Жүйе қаншалықты жақсы құрылса да, осы салада мамандар даярлайтын оқытушылар мен профессорлардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, дәлірек айтсақ, олардың жалақысы лайықты болуы керек. Бұл ұсынымдар Қазақ­станның заң білімі жүйесін халықаралық деңгейге жақындатуға, сот және құқық қорғау органдары­ның кадрлық әлеуетін арттыруға, нор­мативтік-құқықтық қызмет­тің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Осылайша, қазіргі заманғы заң білімінің міндеттерін сыни және креативті ойлау, эмоционалды интеллект, коммуникативті дағдылар, өзгер­мелі жағдайларға оңай бейімделуге дайын командада жұмыс істеу қабілеті бар тұлғаны қалыптастыру сияқты міндеттерді тұтас қарастыру маңызды.

 

Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің басқарма төрағасы-ректор, ҰҒА академигі