Өшпес даңқ • 14 Сәуір, 2025

Жеңісті жақындатуға үлес қосқан қарияға құрмет көрсетілді

0 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Президент Іс басқармасына қарасты «Қазқұрылысжүйесі» ұйымының басшылары тыл ардагері Аллаберген Ахметжановтың үйіне арнайылап ат басын тіреді. 90 жасқа толған ақсақалды мерейлі жасымен құттықтап, барша ұжымның атынан шағын сый-сияпат жасады, құрмет көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жеңісті жақындатуға үлес қосқан қарияға құрмет көрсетілді

«Сүйегі асыл» деген теңеуді Аллаберген ақсақалға қарата айтсақ, әбден жарасары хақ. Қария Атбасар ауданының тумасы, 1935 жылы өмір есігін ашқан. Балалық шағы сұм соғысқа тап келіп, қаршадайынан еңбек майданына араласты. Буыны қатпай жатып, мал да бақты, шөп те шапты, арба айдады.

«Біз қанша қиындық көрсек те мойымадық. Жеңіс үшін күні-түні еңбек етіп, ересектермен қатар үлес қостық. Майданға аттанған үлкендердің орнын жоқтатпауға тырыстық. Анамызға, кішкентай бауырларымызға тірек болдық», дейді қария.

Көптен күткен Жеңіс те келді. Орта біліммен шектеліп қалмау керек екенін түсінген бозбала Алматыдағы зооветеринарлық институтқа түсіп, үздік бітірді. Бейбіт күннің әр сәтін бағалап, өз саласы бойынша аянбай тер төкті. Туған жерінде шопандар бригадасын құрып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Еңбегі елеусіз қалған жоқ, озық шопан ретінде делегация құрамында еліміздің сол кездегі астанасы – Алматыға, тіпті сонау Францияға дейін барып қайтты. Париж, Марсель, Антиб, Ницца, Канн қалаларына дейін сапарлағанын сағына еске алады.

«1962 жылы Тың өлкесіне КСРО бас хатшысы Хрущев келді, сол кездегі Целиноградта съезд өтті. Мен еңбек озаты ретінде сөз алып мінбеге шықтым.  Хрущев те сөйледі, менің еңбегімді, жақсы сөйлегенімді атап өтті», дейді ақсақал.

1963 жылы озаттар сапында Мәскеуге шақырылған Аллаберген Ахметжанов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жоғары награданы оған бас хатшы Хрущевтің өзі тапсырыпты.

Еңбек озатының бай тәжірибесі мен үлгілі өмірі туралы телеарналар мен газеттер жарыса жазғанын да атап өткен жөн. Тіпті сонау Мәскеуден кинодокументалистер келіп, арнайы түсіріпті.

«Менің қой шаруашылығындағы тың тәжірибелерімді аудандық  және облыстық партия комитеті қолдап, ақыры республикаға жайылды. Өңірлердегі колхоз, совхоздарда шопандар бригадасы құрылды. Мен қай жерде жүрсем де жастарды ерінбей жұмыс істеуге, жоғары білім алуға шақырдым, ауыл шаруашылығын сапалы мамандармен толықтыруға үлес қостым. Аз жылда біздің Атбасар ауылынан бірнеше адам жоғары білім алып, совхоздарға зоотехник болып орналасты. Жемісті еңбек етіп, абыройға бөленді», дейді ақсақал.

«Ерді еңбек жеткізер» дейді қазақ. Жастайынан қызу еңбекке араласқан Аллаберген ақсақал бар мұратын осы жолдан тапты. Жұртшылықтың құрметіне бөленді, табысқа кенелді. Көптеген жоғары марапаттарға ие болды. Ел игілігі жолында аянбай жұмыс істеп, 1983 жылы құрметті еңбек демалысына шықты.

Бүгінде Аллаберген Ахметжанов 6 баладан тараған 12 немеренің, 11 шөберенің ардақты атасы. Балалары мен немерелерінің барлығы жоғары оқу орнын бітіріп, өмірден өз орнын тапты, шөберелері де жетіліп келеді. Өзі ұрпағының балалары мен немерелерінің ортасында, Астанада тұрады.

«Жасым сексенге таяғанда Меккеге қажылық сапар жасадым. Құдайдан еліміз үшін, әулетім үшін бақуатты әрі тыныш өмір сұрадым. Ұрпағымыз бақытты болсын деп тіледім», дейді қария.

Жеңіс күні қарсаңында тоқсан жылдық торқалы тойымен құттықтап келген «Қазқұрылысжүйесі» мекемесінің қызметкерлерін Аллаберген ата қуана қарсы алды. Жасы біразға келсе де еңсесі тік, санасы сергек, ойы нық, сөзі жатық. Іргелі ұжымның өзіне жасаған сый-сияпатына алғысын айтып, ақ батасын берді.