
Сурет: litpr.ru
Отбасының қабағы қату, ұнжырғасы ұн түбінде... Бұның бүйтіп бүрісіп-тырысуының себеп-қисабы біреу-ақ... Шырмауықша таратылған есеп-қисап-ақ қажытып бітірді. Тексеру тікеңдеп тілерсек қиып ол отыр. Негізі, жарты миллион жетпей желке қасып, іріден іреп алмай-ақ іш-қазаны босқа бұзылайын деп тұр... Не ас өтпейді, не ой ілгері кетпейді, яғни, дастарқан басындағы мыж-тыж кейпінің түр астары осы.
Отбасының бұл келіспеген кескін-келбетін тоқайласа қалған төрт пенде шама-шарқыларынша шартарапқа шашыратады.
* * *
Жан дегендегі жалғыз жарының ойы:
«Е, есерсоқ неме, білем бүйтіп бүрісіп отырғаныңды, отасқанымызға он жылдан асты... зерігіп-зәңгіп отырған шығарсың. Ажар кетті, әжім басты, Құдай қаласа, бірер жылда белі түзу «бабушка» боп басылып қаламыз. Ойыңда — еркіндік. Әйда, бас бостандығы тиер ме еді... әйда, қыз-қырқын, жас иіс... ойыңды, білем, білем, анау жас иіс құшып құлап жатқан Құдыс құрдасың... есіл-дертің, «Құдыста не арман бар екен» ғой. Біз саған — тұсау, темір кісен... Томағаңды кигізіп торда ұстап отырмыз... Білем, білем, томағаңды сыпырып құлдық ұрып қоя берсек, бүйтіп бүріспей әңкі-тәңкі күй кешпей, әйда ақпа-төкпе күй кешер едің-ау!..».
* * *
Есейіп ер жеткен баласы басылып отыр:
«Үйленгенімді қаламайды. Шаш-етектен болар шығынды ойлап ширығып отыр...».
* * *
Шешенің жөні бөлек десек те, ой құрғыр ойсыратып барады:
«Е, ит-ай. Қайтсін, мен де бір шикі өкпе, өз қолын өзі қайтіп кессін. Отырсам – опақ, тұрсам — сопақ, екенімді білем де...».
* * *
Дастарқандағы бесінші пенде — қонақ өз-өзінен қыбыжықтаулы:
Иә, «Қонақ бір қонса — құт, екі қонса — жұт» деп отырғаныңды білем. «Дүниедегі керемет — туыс-жекжатыңның жағаламағаны, әуре-сарсаңға салмағаны» деген қағиданың барын естіп-білгенмін...».
ІІ
Ертесінде де дастарқан басында күні кешегі бес пенденің бас біріктіре қалғанын айтсаңшы.
...Ойпыр-ай, бүгінгі үй иесінің шалқып-шаттанған көңіл күйін, әй, айтып жеткізе алмаспыз... Көзі күлімдеп, танауы делдиіп, жанары жалт-жұлт... әжімдері құмға сіңген судай, ізі де із-түзсіз... Даусы да жарқын-жарқын, әркімді бір нысана етіп хал-ахуалын, тағы басқаны сұрап тарпып-ақ отыр. Сондағысы, атаңа нәлет, кешегі жегенін желім, ішкенін ірің еткен жарты миллионның мықынынан ұстаған... Яғни реттелген, жөн-жобасы жазылған ісқағазын тауып, тәубасына келген.
* * *
Жан дегендегі жалғыз жарының ойы:
«Е, ит, арам, бір жөнін тапқан да... Ажырасып алдын ашып алмаса да, тар етектілерден қолы шығып, күпсіп, жіпсіп отыр, омалғыр неме... Арманыңа жетіпсің, дегенің боп терезең теңелген екен, ит сайқал! Көрдің бе, көңілі — көктем, жағасы жайлау, дүниені жалпағынан басып отыруын».
* * *
Бауыр еті баласы да бір нәрсе біліп мырс етті: «Қандай екен, құда-құдағи... «Қатын алма — қайын ал» деп үйреткен өзіңіз. Байлық – барлығын былай қойып, құданың құрығын, мықты креслосын, төбе-би екенін біліп алған-ау-ә... Әй, біздің әкейге сөз бар ма, кеше бүк, міне бүгін шік... бұғанда құдайға шүкір делік».
* * *
Шешенің жөні бөлек, ойы он тарап:
«Е, тура әкесі, көп нәрсені алыстан болжап, ішіндегіні сезе қояды... бар ғұмырымыздағы жиған-тергенімізді өзінің атына ауыстырып жаза қояйын деген ойымды оқып қойғанын айтсаңшы...».
* * *
Қонақ та етек-жеңін еркін тастап еңселі отыр:
«Сезгіштігін... ауылға «Түскен үйіме үйітіп қой жеткізіңдер» деген телеграмма салғанымды біліп отыр-ей...».
«Е, иә, ит дүние-ай десеңші...».
Берік САДЫР