Өшпес даңқ • 18 Сәуір, 2025

Өтелген парыз

1 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жұмыр дүниеге ерлік пен адалдықтың мәнін әйгілеген Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Адамзат тарихындағы ең ірі қанқұйлы соғыс миллиондаған отбасын жақындарынан айырып, қайғы-қасірет жұттырды. Сол сұрапыл шайқаста от кешіп, кеудесін оққа төсеген арыстың бірі – Алматы облысы Қарасаз ауылының азаматы Асанғазы Темірбеков еді.

Өтелген парыз

Мектепті енді тәмам­даған бозбала 1942 жылы майданға өзі сұ­ранып, аттанады. Әкесі Темір­бек те отбасымен, бала-шағасы­мен жұмылып, Нарынқолдағы «Промкомбинатта» жауынгерлер үшін байпақ, тон, қолғап тіккен. Жұмысшылар күн са­йын 18 сағат тапжылмай еңбек етіп, бел­гі­ленген жоспарды асыра орындап, майданға жөнел­тіп отырыпты. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін!» деген ұранмен жұмыс істеген талай отбасы секілді Темірбековтер де тыл майданының озаты атанады. Сөйтіп жүріп әскер­дегі Асанғазының амандығын тілеп, зарыққан күндерде ара-тұра хат келеді екен. Ол бірде Мәскеуді қор­ғауға аттанып бара жатқанын, енді бірде Калининград майданына жеткенін жазады. Тағы бір хатында «Ржев, Великие Луки қалаларын азат еттік», депті. Бір жолғы хатында «Ерлігі үшін» медалімен марапатталғанын хабарлаған. 1943 жылдың 26 қазанында Асанғазы: «Невель қаласын ұстап тұрмыз, алда – ауыр шайқас. Осыдан аман шықсам, хабар беремін» деген. Осыдан кейін еш хабар болмапты. Тек 1945 жылдың аяғында Кеген аудандық әскери комиссариатынан жауынгердің хабарсыз кеткені туралы қағаз келген. Сонда да әке-шешесі еш үмітін үзбей, пер­зен­тінің жолын тосумен күн кешті.

Тыл майданында тынымсыз еңбек еткен өнегелі отбасының бала­лары ер жетіп, өмірден өз орын­дарын тапқанда, анасы: «Асан­­ғазым бір төбе, іздеуді тоқтат­паңдар. Хабарсыз кетті деген солдаттар да оралып жатыр» деп аманат етіпті. Асанғазының бауырлары – Құдайберді, Болат және Ресейдің еңбек сіңірген ғылым қайраткері, қарындасы Сұлухан із­дестіру жұмыстарын тоқтатпай жалғастыра берді. КСРО Қорғаныс министрлігіне сұрау салу барысында Асанғазының майдан даласында соғысқан жерлеріндегі құжаттары да табылды.

Подольск мұрағатынан келген анық­тамада жауынгердің Не­вель қаласынан 24 шақырым жер­дегі Тетерино, Видусово, Тур­ки-Пе­ревоз елді мекеніндегі әс­кери стра­тегиялық маңызы бар теміржол бойын жау қолынан азат ету үшін кескілескен ұрысқа қатысқаны айтылады. Теміржол стансасы кезек-кезек екі жақтың қолына өтеді. Бірнеше ауыл жермен жексен болады. Ұрыс қимылы өте ауыр болып, қанды шайқаста 5 мыңға жуық ке­ңес жауынгері қаза тапқан. Осы ұрыс­та Асанғазы Темірбеков те мерт болады. Жантүршігерлік жағдай көп жыл айтылмай, жария етілмей, қаза болғандар хабарсыз кеткендер санатына қосылыпты. Араға көп жыл салып құпия ашылған. Аласапыранда хабар-ошарсыз кет­ті делінген жауынгерлердің бауырластар зиратында жерленгені анықталған. Солардың ішінде Асан­ғазы Темірбековті іздеген туыс­тары 2010 жылы Турки-Пере­воздан табады. Зиратта «Сержант Темірбеков Асанғазы 05-ХІ. 1943» деп жазылған. Табылған құжат­тарда рота командирі болған ол қарамағындағы әскерді талай ұрыс майданына бастап шыққаны, жаумен бетпе-бет айқасқаны жөнінде дерек келтірілген.

Содан бері Сәбит Темірбеков бас болған Асанғазының туыстары бұл жерлерде бірнеше рет болып қайтты. Майдангер жатқан жерге ескерткіш-тас белгі қойып, Қарасазға бір уыс топырағын ала келді. Алматы облыстық мәсли­ха­ты­ның шешімімен Қарасаз ауы­лын­дағы мектепте жауынгерге арнап ескерткіш-тақта орнатылды. Жыл сайын майдангердің басына барып тағзым ететін Темірбековтер әулеті отандастарымыздың бұл мекенге жиі қатынайтынын айтады. Өйткені бұл соғыста талай қан­дасымыз ерлікпен қаза тапты. Елі­мізден барған азаматтар Невель қала­сының маңында жат­қан біртуар батыр қызымыз Мәншүк Мәме­тованың рухына бас иіп, құран бағыштайды.