Парламент Мәжілісінің Төрағасы Қабиболла Жақыпов Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Магтымгулы Акмырадовты қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың ауқымды мәселелерін талқылай келіп, отын-энергетика саласы, ауыл шаруашылығы, көлік және коммуникация бағыттарына айрықша назар аударды.
Кездесу иелері Қазақстан-Түрікменстан қарым-қатынасының деңгейіне жоғары баға беріп, оның тұрақты дамуына екі ел басшыларының серпін беріп келе жатқанын алға тартты.
Мәжіліс Спикері әлемдік экономикада болып жатқан ғаламдық үдерістерді айта келіп, Қазақстан Президентінің дағдарыстың жағымсыз ықпалына қарсы бағытталған маңызды бастамаларын атап өтті.
Өз кезегінде мейман Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатын сөз етіп, Қазақстанның даму қарқынына назар аударды.
Парламентаралық байланыстарды нығайтуға да айрықша көңіл бөлінді. Қабиболла Жақыпов өзінің түрікмендік әріптесіне ағымдағы жылы күзде Астанада өтетін Түркі тілдес мемлекеттер Парламенттік Ассамблеясының алтыншы пленарлық отырысына қатысу үшін Қазақстанға келуге шақыру жолдады.
Магтымгулы Акмырадов Мәжіліс депутаттарын биыл мерейтойлық жыл аясында Ашғабадта өтетін Түрікменстанның бейтарап ел атануының 20 жыл толуына арналған шараларға қатысуға шақырды.
Осы ретте тараптар екі ел үшін де маңызды 2015 жыл қос мемлекет халықтарының қарым-қатынасын нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.