04 Тамыз, 2015

Деннің саулығы – бастың байлығы

701 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жақында С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің клиникасында «Қазақ хандығының 550 жылдығын» мерекелеу аясында мемлекет және қоғам қайраткерлері, даңқты спортшылар мен өнерпаздардың қатысуымен әлеуметтік акция – «Ашық есік күні» өтті.

DSC_8131-580x435

«Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысымен биыл «Қазақ ханды­ғының 550 жылдығын» бүкіл ел болып атап өткелі отырмыз. Осы орайда, С.Д.Асфендияров атын­дағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің клиникасы да белсенділік танытып, Прези­дентіміздің бастамасын қолдап, бүгінгі әлеуметтік іс-шараны – «Ашық есік күнін» ұйымдас­тырып, өткізіп отыр. Бұл шарамыз­ға 100-ге жуық адамды шақы­рып, тегін медициналық қызмет көрсетпекшіміз. Акцияның негізгі мақ­саты – еліміздің өсіп-өркендеуі­не, атақ-даңқының шығуы мен ха­лықаралық дәрежесінің көтері­луіне бар күш-жігері мен қажыр-қайратын жұмсаған, халқы үшін аянбай еңбек етіп, тер төккен еліміздің абыройлы азаматтарына лайықты сый-құрмет көрсету», – деді өз сөзінде аталмыш клиниканың директоры Жанар Ғұбайдуллина.

Университеттің клиникасы көпбағытты диагностикалық орталық болып табылады. Кли­ника негізінде ауқымды кеңестік-диагностикалық орталық, маман­дандырылған стационармен жабдықталған, бүгінгі күндегі Алматы қаласындағы бірден-бір диабет орталығы мен неврология бөлімі және республикамызда алғашқы рет навигациялық жүйе қолдану арқылы қауіпсіз әрі жеңіл түрде жедел көмек көрсетуге бейімделген Лор орталығы қызмет жасайды. Сонымен қатар, клиника аясында дүниежүзіндегі 69 мемлекеттің жоғары білікті профессорларының ақыл-кеңесін алу мүмкіндігі қарастырылған. «Клиника ұжымына өз алғысымды білдіргім келеді. Бүгін бізге өте жоғары деңгейде қызмет көрсетілуде. «Деннің саулығы – бастың байлығы» демекші, әрқашанда денсаулық сақтау мәселесіне үлкен мән беріліп, бас­ты назарда тұрған. Мұндай игі шаралардың мағынасы орасан зор. Осы орайда, бүгінгі акцияның ұйымдастырушыларына тек ризашылығымды білдіріп, үлкен алғысымды айтамын. Денсаулық сақтау саласындағы еңбектеріңіз жана берсін, халқымыз аман болсын», – деді филология ғылымдарының докторы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, қазақ тілі саласының маманы Өмірзақ Айтбаев. Клиниканың директоры Жанар Ғұбайдуллинаның айтуынша, мұндай шаралар алдағы уақытта өз жалғасын табатын болады.

Шарафаддин ӘМІРОВ, «Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ.