30 Маусым, 2010

АҚСАҚ ҚЫЗДЫҢ ПЕРІШТЕСІ

1195 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
“Адамның оң иығында – періш­те, сол иығында сайтан отырады. Періште – жақсылық, сайтан жамандық үшін күреседі” дегенді жиі естуші едік үлкендерден. Ал, діндарлар: “Адамның екі иығында да періште отырады, оң иықтағысы оның жақсы істерін, сол иықтағысы жаман істерін жазып отырады”, дегенді айтады. “Сәби – періште” дегені болмаса, адамның періште болғанын құлағымыз шалмапты. “Осы мүмкін бе өзі?” дегенде есіме өзіммен Қапал-Арасан курортында бір палатада жатқан Дариға оралады. Қараторы, бетінде қорасан дағы бар апай бір аяғын сылтып басатын. Көбіне таяқ ұстап жүретін. Зейнетке шыққан соң балалары курортқа жолдама сыйлапты. Соны мәртебе санап, қуанып жүретін Дариғаның жанарында тұп-тұнық ой тұнып тұрар еді. Құдайдың ақ жолына түскен Дариға жатарда ел мен жұрттың, отбасының амандығын тілеп, дұға қайыратын. Бірде дұға соңынан: “Енді ен­беші менің түсіме”, – деген сөзін айқын есті­дім. – Кімге жалынып жатырсыз? – дедім қалжыңдап. – Періштеме... – Қиялыңыз ғой ол... – Жоқ. Адам. Менің санамда мәңгілік жас болып қалған бір жігітті 35 жыл бойы түсімде уыздай жас қалпында көремін. Ақсақ қыздың “періштесі” деп атадым оны. – Ақсақ қыз – өзіңіз ғой... – Иә. Түсімде өзім де жас қалпымда жүремін. – Сізді ол да кей кезде ойлайтын болар, – дей беріп едім, Дариға апа күліп жіберді. – Мына мені ме? Ақсақ қызды менсінбеген сұлу жігіт ақсақ кемпірді ойлап қайтсін, Құдай-ау... – Ендеше мен алты аласы, бес бересі жоқ жан түске еніп, аян береді дегенге сенбеймін. Алдап тастап кеткен бір опасыз шығар. Құпияңызды ана жаққа ала кетпей, айтсаңызшы, – дедім күліп. – Жоқ. Ары таза... Кешкілік тамақтан соң серуен құратын әдетіміз. Жаз айының әдемі түні еді. Ай да жарық, аспан да жұлдызды. Апайдан сыр дәметіп мен жүрмін қасында. Шыдамады, білем. Орындыққа жайғасып, әңгімесін бастады. – Алматының Қыздар педагогикалық институтында оқып жүрген кезім еді. Бізді ҚазМУ-дің студенттері кешке қонаққа ша­қырды. Асабалық міндетті мойнына ал­ған сұлу жігіт өзін Азамат деп таныс­тыр­ды. Ұзын бойлы, жазық маңдайлы, бұйра бас жігіт тілінен май тамардай шешен екен. Көмейінен жыр құйылып, жүзінен шұғыла төгіліп тұрды. Шалқыған музыка ойнап, жастар би биледі. Мүгедектің жайы белгілі ғой. Елеусіздеу бір бұрышта отырғанмын. Қасыма Азамат келіп, биге шақырғаны! – Жалғыз мұңайып отыру жарас­пай­ды, қарындас, – дегенде қатты састым. – Мен... мен... мен... ақсақпын ғой, – дедім тұтығып. – Оқасы жоқ, – деді Азамат күлімдеп. – Менің де биге икемім жоқ... Музыка ырғағымен тербетіліп жүрміз. Ең сұлу жігіттің кемтар мені биге ша­қыр­ғанына құрбыларым қатты таңғалды. Аза­мат мені кеудесіне қысып тұрып, бір сәт жүзіме көз салды да, жанарын тайдырып әкетті. Бетімде шешектен қалған дақ бар ғой... Кештен соң Азамат мені жатақханаға шығарып салды. – Дариға қарындас, адам болып өмір сүрудің өзі бақыт. Үнемі биіктен көрейін өзіңді. Бір отаудың жұлдызы бол. Ба­қыт­ты бол. Қош, – деп маңдайымнан сүйді де, “мынау менің көзім болсын” деп жұқа кітап ұсынды (ол тұңғыш өлеңдер жинағы екен). Ұзап барып, күлімсіреген қалыпта ар­тына бір қарады. Отқа оранып, жа­лын­ға өртеніп, көзім жасаурап қала бердім. Бір сәт өзімді хан қызындай сезіндім. Ғұ­мырға бергісіз бір сәт. Бар болғаны осы... Азаматтың бейнесі жүрегімде жат­талып қалды. Сонда өзімнің айдай аппақ сұлу болмағаныма, аттан құлап “ақсақ” атанғаныма, сәби шақта шешектен өліп қалмағаныма өкініп едім. Бірақ, көзден таса боп, көңілден кетсе де, бір ғажайып күштің құдіретімен сол жап-жас жігіт қалпында ғұмыр бойы қиын-қыстау сәтте түске еніп, жан­ашырлық танытатынын болжамаппын... Елге келген соң мектепке мұғалім болып орналастым. Біреудің оқу бітірмеген қара шаруа жалғыз ұлына тұрмысқа шықтым. Мен сияқты ақсақ-тоқсаққа жігіттің сұлтаны үйлене ме? Ата-енем бес немересін етектеріне орап өсіріп берді. Жақсы адамдар еді. Кемсітпеді. Бірақ, жұбайым арланатын болуы керек, ішіп алса ұрып-соғып, “мен сорлымын” деп басын тоқпақтайтын. Үйден бәрімізді де қуып шығатын. Ата-анасын да ая­майтын еді. Балаларымды бауырыма басып, ол ұйықтағанша далада жүремін. Бірде керзі етігімен теуіп, басымды жарды. Бетімді қан жуса да балаларды сүйреп, далаға шықтым. Оларды көрпеге орап, жатқызып, жарық айға қарап, әй, ұлыдым-ау қасқырша! “Біреуге көлсің, Құдай, біреуге шөлсің!” деп. “Маған отбасының бақытын да қимағаның ба?” деп аңырадым. Жер таянған шақта жалғызы мас­кү­немдікке салынған ата-енемді де аяймын. Мен кетіп қалсам олардың күні не болмақ? Өзім жетіммін. Ет жақын туыс та жоқ. Сонда аспанға қарап тіл қаттым: – Сен құдіретті болсаң Азаматқа айтшы: “Баяғы ақсақ қыз бақытсыз болды” деп. Ол фәни жал­ған­нан жылап өтіп барады деші”, – дедім... Ең бақытты сәтімді еске алғаным ғой. Түн ортасы ауа үйге әзер ендік. Түс көріппін. Жап-жасыл әлем. Аспаннан шұғыла төгіледі. Нұрлы дүниеде шалғынды алқапта маған қарап Азамат тұр. Ұмтылып жете алсамшы... Оянғанда өз бойымның қайғыдан арылып, жеңілдеп қалғанын байқадым. Ең бір ауыр кезеңдерде, өмір мен өлім арасында жатқанда, тұрмыста қиналған шақта ылғи түсіме сол енеді. Қасыма жоламайды. Қол созым жерде күліп қана тұрады... Ең соңғы рет басқаша жағдайда енді. Бірде мені мектеп директоры жұмыстан шығарып жіберді. Ішкіш шалдың ала жаздай бағып, жерден алған өнімі жұлынға жұғын бола ма? Үш бала ақылы оқуда, екеуі мектепте. Жалғыз менің жалақыммен күнелтіп отырған басымыз ұлардай шулап қалдық. Менің ақсақ аяғым ісіп, қаным көтеріліп жатып қалдым. Зейнетақы алып, қараша үйдің жыртығын жамап жүрген ата-енем де қартайып, қайтыс болған. Жұмыссыз күйеу онсыз да масыл. Жалғыз қап ұнның таусылып бара жатқанын ойлап, зәрем ұшты. Өлгім келді. “Балалардың ашыққанын, студенттерімнің тарыққанын көргенше өлгенім жақсы”, – деп түйіп, боз дүниенің ішіне ендім де кеттім. Тірліктен безініп жатқан едім. Тағы да түс көріппін. Бұл жолы басқалау. Жол жағасында, құм үстінде жатырмын. Аспаннан шақырайған күн басымнан өтсе, табанымнан ыстық құм қуырады. Шөлдеп, демім тарылып, үзіліп бара жатсам да, еңбектеп жолға жылжимын. Кер жолмен көз ұшында бір қызыл автобус зулап келеді. Үмітім сол. Тоқтай қалды. Ақсаңдап есігіне барғанда табалдырыққа дейін иін тірескен жұртты көрдім. Сынадай тесік жоқ. “Кенезем кеуіп өлетін болдым-ау айдалада”, – деп ойлауым мұң екен, әлеуетті біреу жолаушыларды ысырып, қолымнан тартып, ішке енгізіп, терезе жаққа тұрғызып, өзі бір қолымен белімнен тас қып ұстап алды. Қызыл автобус жүріп кетті. Сонда байқадым. Кер жол тым ұзақ екен. Көкжиекпен шектесіп жатыр. Ентігімді басып, өзіме қол ұшын берген кісінің бетіне қарағанда... о, тоба, жас Азаматты көрдім. Тағы тіл қатпайды. Бірақ, белімнен қусырған қолын да босатар емес. “Кер жол ұзақ өмір де, қызыл автобус – тіршіліктің бесігі. Екеуміз де көп жасайды екенбіз”, – деп жорыдым түсімді. Осы түс жігерлендіріп, ертесіне директордың үстінен сотқа шағым жазып, адвокат жалдадым. Сот оның ісін заңсыз деп шешім шығарып, бос отырған күндеріме қалтасынан ақша төлеттіріп, қызметіме оралып, жеңіске жеттім. “Рахмет саған, Ақсақ қыздың “періштесі”! Мені өлімге қимадың. Аман бол, айналайын” деп, ойша сәлем жолдадым. Рухани тірек болған жанды періште демей не дейін, – деп аяқтады мұңын Дариға апа. Жасы пайғамбар жасына жетіп, құбылаға бет бұрған әйелдің сөзіне сенбеске шара жоқ еді. Ешкімге тіс жармаған сыры екен. Мен орыс басылымдарынан бір адамның бейнесінің екінші қалаға барып әрекет жасағаны туралы таңғажайыпты оқыған едім. Бірақ, Алтайдың арғы жағында қарым-қатысы жоқ кісінің бағзы біреудің, дәлірек айтсақ, бір кезде өзіне өлердей ғашық болған кемтар жанның түсіне еніп, жанашырлық танытып, құлазыған көңілін демдеп, жаралы жанын емдеп, ұзақ жыл қол үзбеуі туралы деректі еш жерден оқымаппын. Сонда ол кім? Алланың жас Азамат бейнесіне енгізіп, жаралы жанды жұбатуға жіберген періштесі ме? Әлде?.. Мәкен ӨСЕРБАЕВА, журналист. Алматы облысы, Қаратал ауданы.