Отарлықтан құтылып, өгіз мойнын езіп, жара салатын мойынтұрықтай азапты лақтырып тастап, қасиетті Ақордамызға қайта кірдік. Отан деген атқа ие болып, Қазақ елі, Қазақстан мемлекеті деген биік дәрежемен төрткүл дүниеге танылдық. Санаулы жылмен шектеу, шеңбер ішінде қалу болатынын уақыт алға тартып, енді осы жеткен өрісімізді місе тұтып, отыра бермей төрт құбыламызды түгендеуге бет бұрдық. Арғы тарихқа бойлап, қазақ кешелі бергі жұлыны жұқа жұрт емес екенін Қазақ хандығының 550 жылдығымен көрсетсек деген ниетке бекініп отырмыз. Тәубе, деп көтеріліп айтатын ұлы мерекеміз биыл осы болса керек. Бұған жеткенге дейін ширек ғасырға таяу уақыт өте шықты. Әр ұрпаққа артылған жүк, атқаратын мінсіз міндеттер болады. Оны сырты жылтырап тұрғанмен – қу тірлігі үшін қырық құбылтатындар да табылады. Бірақ адал ниет, асыл арман жолы бәрін жеңеді.
Ел болғалы бері ел азаматтарымен бірге сол адал ниет, асыл арманға өзіндік үлесін қосқан Ербол Шаймерденұлы болатын. Ерте елге танылды. Кіршіксіз киінді, үлкенге ізетпен иілді, кішіге ілгеріден көріне алды. Қызмет үстінде талапшыл болса, еркін отырыстың гүлі болатын. Ашылса Есіл болып есіліп кететін. Біздер бір шоғыр – абитуриент кезімізде жолығып, курстастық достыққа ұласып, ол ұрпағымыз өсіп, өріс кеңейгенде бір-бірімізге жақын бауыр басып, бауыр болып кеткен едік. Жаңа ғасырдың жақсылығына жадырап, жарасып, жарқылдап жүретінбіз. Риясыз қолтықтасып қай жерге де қатар келетінбіз. Ондайда дүние түгел, көңіл алаңсыз, жүрек лүпілі қалыпты болушы еді.
Иә, Ербол тас түйін азамат еді. Шалағайлық оның бойынан табылмайтын. Ойланып сөйлейтін, білімі бекем болатын. Ол алпыстың асқарына бір қадам қалғанда мәңгілік сапарға аттанды. Содан бері арада екі жыл жылыстады. Үшінші жылдың төбесі көрінді. Жаратушыға адам билігі жүрген бе?! Ербол журналист деген қасиетті мамандық қазанында қайнап, шыңдалды. Елдік істерде жүрді, басшылық қызметті де бір кісідей атқарды. Ағайын-туыс, дос-жаран, жар, баланың да ұйытқысы болды. Арасында өзі айтқандай: «Төгілді жыр боп нөпір ағын, Қанатынан шабыт-құсымның. Жанымның жайып жапырағын, Жалаңаш күйде ұсындым. Өріп бір ой мен сезіммен, Сыйлаған осы гүлдестем. Оңаша қалған кезіңде, Аларсың қолға бір кеште», деп жыр жазды. Оны: «Қанарсың, мүмкін, қанбассың, Бұлаққа көлбеп бір өткен. Әйтеуір, бейжай қалмассың. Мазасыз соққан жүрекке... Демеймін: демеп, ала сал, кешірмес сөздің құдіреті. Ескерткіш болсын – қаласаң, Осынау көңіл суреті. Құштарлық, мұң мен ізгі арман. Жалғайды адам арасын. Ой соқты осы жылдардан, Іздесең мені табарсың», деп аяқтады.
Біз бүгін Ерболдың артында қалған рухани дүниесінің сыр-сипатын өз жырында айтқандай, танып, біліп жатырмыз. Екінші өмірімен осылайша ұшыраса бастадық. Бір қуанарлығы: «Әдебиет әлемінде өлім болмайды. Өлгендер де құдды тірілер секілді. Біздің іс-әрекетіміз бен қимыл-қарекетімізге тікелей араласып тарта береді», деген Гоголь сөзіне бақсақ, Ербол өлмес рухани дүниесі арқылы бізбен бірге жасап келеді. Мына жалған дүниенің жыртық, тесігін мәңгі тірі қалып кім бітеген дейсіз. Бірақ кеткен адамның ізін өшірмеу артындағылардың парасат-пайымына, адамдық қасиетіне, ұрпағының, жарының, жақынының ұғымталдығына, отбасының жарасымдылығына тәуелді. Онсыз әркім өзі болып, күн көрудің алмағайып әлегімен жүргенде аузыңмен құс ұстасаң да өте шықсаң – қаға берісте қалып қоюың ғажап емес. Бұл жағынан келгенде ниетіне қарай шығар, Ерболға құрмет көрсетіліп келеді. Жары Күләш бастап, ұрпағы тік тұрды. Курстасы Ерағаңның (Ержұман Смайылдың) сіңірген еңбегі де өлшеусіз болды. Ол кісі зейнетке шыққаннан кейін курстастардың арасына алтын арқау болып, ұрпақтарымызды ұштастырып жүретін еді. Біз мұны: «Әкең алпысқа келгенде малай алма», деген осы», деп әзілге жеңдіріп қоятынбыз. Ербол өмірден озған соң, оның артында қалған мұрасын жинап жарыққа шығару ісі ортаға салынды. Бұл жұмысты Күләшпен кеңесе отырып бел шешіп қолға алған Ерағаң еді. Сөйтіп, ініден бауырға айналған Ерболдың кітаптарын шығару кезінде бәрімізге Ерағаң ес болды. Томдарды жинақтай жүріп, арасында жылына дейін естелік кітап шығаруды қолға алды. Түйінінде екеуін де мінсіз орындады (Естелік кітап «Жүрегімен от тасыған» деп аталады). Ең бастысы, бас-аяғы бүтін, өзі болмаса да Ербол Шаймерденұлының көзіндей алты томнан тұратын келісті кітабын «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан шығарып, жұрт қолына тигізді. Енді соны парақтап көрелік.
Тағылымдық мәні, тәрбиелік үлгісі бөлек, түзу ой, ізгі ниеттен туған жандардың жауһар сөздері бірінші томның алтын арқауы – Ерболдың өз байламымен айтсақ, «Қазақ афоризмдері (Ақыл-ой антологиясы: бағзыдан бүгінге дейін)». Бұл – ұлтқа керек, жұртқа қажет деген ойдан туған, әдемі жүйеленген іргелі іс, бізде де бар екенін дәйектеген, бүкіл саналы өмірінде тірнектеп жинаған ұлт жауһары.
«Қазақ афоризмдерінің» алғашқы данасын көргенде жүзі нұрланып, терең тыныс алыпты. Ал алты томның басын біріктірген, түйінді ой, түймедей түйін сөз бірінші томның беташары ретінде берілген. Оны терең толғап, кеңінен қозғап, бүгінгі қазақ әдебиетінің тізгінұстары, қарасөздің бетіне қаймақ кілкіткен Әбіш аға Кекілбайұлы жазған. «Біздің халық: «Атыңның сырын білгің келсе, қырық күн жемін салып, суын беріп, өзің қолға ұста, жақыныңның сырын білгің келсе, қасыңа қырық күн серік қылып, жолға шық» – дейді. «Бір күн жолдас болғанға қырық күн сәлем» дейтіні тағы бар. Сол айтқандай, Ербол екеуміздің де танысқанымызға бір-бірімізге әбден сырмінез болатындай уақыт өтіпті. Күні кешегідей еді-ау?» деп бастап, танысу мен табысу, тонның ішкі бауындай сырласып кеткен сәттер, қатар жүріп ой бөліскен кездер, аға-інілі болып, бауыр басқан тұстар, өмірдегі өзгерістер кезінде бірі парасатты басшы, екіншісі адал қосшы бола білгенін қос бұрымдай тарқата келіп, «Жаныңдағы жақсы адамдар келмес сапарға аттанған сайын дүниенің аса ұлан-ғайыр, тіршіліктің тым келте екенін ұғынғанның үстіне ұғына түсесің», деп нүкте қойыпты. Ақиқат сөз.
Ал жеке томның көтерген жүгін нақтылай айтсақ, жиырма бес ғасырдың алтынға бергісіз ақыл-ой жемісінің жинағы «Қазақ афоризмдері» сыр-сипатын, мазмұны мен мәтінін, қамтыған уақытын, тарихи танымын, берер өнегесін академик Сейіт Қасқабасов баян етеді. Кестелі сөз, кемел ойдан тұратын афоризм жанры туралы мол мәлімет беретін бұл кітап негізінен авторлық афоризмдерден тұратынын айтады.
Жалпы, афоризм түзу – құмнан көзіңді қорғай жүріп, алтын іздеу қандай азап болса, ой мәйегін, сөз асылын тізу де соған пара-пар, оңай шаруа емес. Ол үшін ой-өрең биік, талғам-танымың, зерде-зейінің ерекше болуы тиіс. Ұзын саны 80-ге таяу авторлардың сөзбен өрнектеген ой-ақықтарын Ербол маржандай тізіп, ұлт руханиятына қажет құнды кітапты құрап шыққан. Бұл шымыр шебердің ғана қолынан келетін еңбек десек, асырып айтқандық емес. Мұндай іргелі жәдігерді жалықпай ізденген адам ғана орындай алса керек. Ендігі міндет арғы қазақ Анақарыстан бастап, Сағат Әшімбаевқа дейінгі даралардың сөздері қамтылған осы кітапты жәдігердей жақсылыққа пайдаланып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғап отыруды дәстүрге айналдырсақ, қане! Әсіресе, «Жеріңді жат баспаған» (Тоныкөк), «Біз көктен жаралған, көктің ұлы – түркі жұрты боламыз» (Білге), «Қаған ел құрар» (Күлтегін), «Тәкаппарлықты – Тәңір сүймес» (Қорқыт), «Ақиқат – адалдықпен ағзалас» (әл-Фараби), «Аяққа кісен салуға болар, қолға кісен салуға болар, тілге кісен салуға болмас» (Бәйдібек би), «Тексіздің тегі – құл» (Әйтеке би), «Ерікті ұл – көрікті» (Қазыбек би), «Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза» (М.Әуезов), «Тәртіп кейде тәртіпсіздік те тудырады» (Б.Момышұлы), «Адам боп оңай туғанмен, адам боп қалу көп қиын» (Қ. Мырза Әлі), «Шындық – ащы һәм ажалсыз» (Ш.Мұртаза) деп келетін болмысы бөлектердің ой-маржандары оның көз майын тауысып жинаған, бастырған, өлместей етіп артына қалдырған аманаты. Асыл азаматпен бір әңгіме үстінде афоризмдер сөз болғаны бар. Оған себеп, Асқар Сүлейменовтің 2001 жылы шыққан «Болмыспен бетпе-бет» кітабын қалап алған еді, кейін қайтарып берді. «Алдыма қойған бір мақсатым орындалған секілді. Ол қазақ афоризмдерін жинап, шығарып өзгеге таныту, әлемдік дәрежеге көтеру, бізде де ақыл-ойдың иесі аз емес екенін өзімізге де, өзгеге де жеткізу болатын. Басы қайырылды. Келісті кітап шығарсам деймін. Ол дүниежүзіне тараған өзге жұрттардың афоризмдер жинағы сияқты кітап сөрелерінен берік орын алса, деген ізгі ниеттемін», деп еді. Өмірінің соңында сол арманы орындалды. Ол кітапты көзімен көргенін, көз нұрымен аймалағанын алда айттық.
Екінші том өлеңдерден тұрады. «Рух сапары ұзақ» деген алғысөзді жыр патшайымы, осыдан бір жыл бұрын өмірден озған досымызды «Ербол бауырым» деп бағалаған Фариза Оңғарсынова жазған. Өлеңдерін оқып отырып, мына күн, мына тірліктің өлшеулі екенін ерте сезген бе дейсің. Арсыз ажалға: «Босат мына төсектен, байлап қоймай, Өткенімше дем бітіп өңешімнен», деп айбат шегіпті. Артынан: «Мұнар да мұнар, мұнар күн, Шалғайын шалған шынардың, Шаршатып бір күн шырғалаң, Шарт етіп мен де сынармын. Сынармын мен де шарт етіп, Найзағай сынды жарқ етіп. Ниеті қара көк төбет, Қарғадай қалар қарқ етіп», деп алады да: «Жүрегім жырға айналар» дейді. Жүрегі жырға арналған ақынның әр жырынан оның жан дүниесін, ішкі иірімдерін көресің. «Қайран тағдыр» деген өлеңіндегі Ерболдың тереңдігіне тәнті боласың. «Аппақ әлем, ақ шуақты аңсадың, Болдың ортақ қызығына қаншаның. Көңілі – көр, жүрегі жоқ жандарға, Жан сырыңды жеткізе алмай шаршадың. Қайран жүрек көтереді екен қанша мұң!» дейді де «Қара жерде енді мәңгі тұрағың» деген байлам жасайды. Осы жолдарға қарап отырып, оның мына дүниеден ерте кететінін сезгендей әсерде қаласың. Ақындардың көріпкелдігі деген ұғым бар. Сол Ерболдың бойында да болған секілді ме, қалай?!
Біздің Ербол дос-жарға адал, балаға мейірімді еді. Оны жыр жолдарына келістіріп түсіріп кетіпті. Біз мұны желдей есіп жүргенде аңғара қоймаған секілдіміз. Соған «Ностальгия» деген өлең дәйек болады. «Балауса балғын едік сен де, мен де. Ойды – от, бойды – сезім кернегенде. Ақ қанат періштедей шыға келдің, Махаббат зәмзәміне шөлдегенде», деген жолдар әр адамның жанындағы жарымен өткізген балдәуренін ойға оралтып, көңілге елестетпей қоймайды. «Өмірге адам бір келгені тәрізді, Махаббат та бір-ақ рет гүлдейді», деп келетін екі жолда үлкен философиялық байлам жатыр. Кім болса да ізімді жалғайтын ұрпағым дейді. Шынына келгенде, ұрпақ бір отбасының емес, ұлттың басты қазынасы. Ұлт қазынасына қосқан балалары жайлы Ербол ақын: «Жан үзіп жайсаң, пейіл, жарасымға, Ақтілек – алтын алқа тағасың ба. Келеді өсіп менің үш құлыным, Көзімнің ағы менен қарасындай», дейді де: «Жауратпа суығыңа, салқыныңа, Жолатпа найзағайдың жарқылына. Жарасам – тұмары боп оралар ем, Ойланбай шаштарыңның талшығына... Келеді өсіп менің үш қарағым, Өмірде тіккен әсем үш дарағым. Бала деп шырылдайды әке жаны, Жүргендей жүзінде өткір ұстараның», деп әкелік жандүниесін алдыңа жайып салады. Бұл барлық әкенің сөзіндей естілері анық. Үш баланың әкесі өз әкесі туралы да әдемі ой айтады. «Адастырмас аманаты әкенің, Жүрегіңнің төріне әкеп қондырсаң», деп алады да артынан: «Сен де, әке, бөлшегісің бүтіннің, Мен де, әке, бөлшегімін бүтіннің. Тізе бүгіп тағдырымның алдында, Деймін іштей: жазғаныңа шүкір мың!» деген екен. Нағашы туралы өлеңдерді оқып жүрміз. Ерболдың «Анам елі» деген ойлы жыры бөлекше естіледі. «Еркелер саған келіп, Мен де бір балаң едім. Анамдай аялаған, Аман бол, анам елі. Жақсыны аласың құп, Жанға пәк жарасым – құт. Менің де сынбас сағым, Сен барда, нағашы жұрт», дейді. Осы сегіз жолға ана бейнесі де, нағашы мейірімі де сыйып кеткен. Мұны шеберлік десе болады.
Бұл томдағы кесек туынды «Ән – ғұмыр» атты лирикалық-философиялық поэма. Қазақ өнерінің тағдырлы бір өкілі Естай туралы шығармада жаны ізгілікті, ізетті сүйетін ақын шабыты ерекше көрініс тапқан. Ел, жер, Естайдың замандастары, Хұсни-Қорлан жайы, табиғат көріністері – бәрі ұштасып, бірін-бірі толықтырып отырады. Шашау шыққан шумақ жоққа тән. Қорытындысы былай түйінделеді: «Тірлікте таусылғанмен татар дәмі, Естайдың үзілген жоқ сапары әлі. Жол шегіп мәңгілікке бара жатыр, Атағын алысқа әлі апарады.Шырқалса, мың құбылған әні ізгі, Тербейді сұлу ырғақ жанымызды. Рухына бас иейік Естай ақын, Аруағы жүрсін қолдап бәрімізді». Осы жолдарды Ерболдың өзіне де бағыштауға болатындай. Бұл поэма Шаймерденұлының қазақ өлеңіне салған олжасы ғана емес, екінші өмірінің өзегі дер едік.
Қазақ елінің бүгінгі, ертеңгі, келешектегі ұрпағы Аристотель, А.Марк, А.Смит, У.Шекспир, Ә.Науаи, Ш.Уәлиханов, А.Шпенгауэр, О.Бальзак, Л.Толстой, О.Уайльд, А.Камю, Ф.Ницше, өзге де әлемнің асқан ақыл-ой иелерінің қанатты сөздерінен тағылым алсын, тәрбие үйренсін деген ниетпен ақықтай етіп іріктеп жинаған Ербол Шаймерденұлының елеулі дүниесі үшінші томды құрайды. Беташар сөзін «Азамат аманаты» деп ізетті інісіне қазақ баспасөзінің қаламы жүйрік, ойы ұшқыр белді өкілі, белгілі ғалым Уәлихан Қалижан жазыпты. Ой-қазынасының отын үрлеген керемет философтар мен қаламгерлердің, ойшылдардың әр сөзі атан түйеге жүк боларлық. Өз ісіне ықтиятты да тиянақты қарайтын әдемі әдісін Ербол бұл кітапты аударып, дайындау жұмысында да бұлжытпай орындаған екен. Асыл сөз иесі кім екен демес үшін әр ойшыл, не қанатты сөзін алған автор туралы қысқа да нұсқа мәлімет беріп отырады. Бұл кітап ойыңды өсіреді, көңіліңнің көкжиегін кеңейтеді, кейде «қисайсаң» «тәйт» деген емеурін танытады. Санаңа сәуле түсіретін «сиқыры» да бар. «Оқып көріңіз... ойланып көріңіз» дейді Ербол.
Төртінші том – бұрын қауым жақсы қабылдаған, әлденеше рет жұрт қолына тиген «Ақиқат айнасы» атты философиялық афоризмдерден және «Тыңда тоғысқан тағдырлар» атты очерктер жинағы мен «Әз Астана» кітапшасынан топтастырылған екен. Беташар сөзін жазу профессор Серік Негимовтің еншісіне тиіпті. Ол Ербол Шаймерденұлына құптауға тұратын: «...философиялық афористика жанрының негіздемесін жасаушы санаткер» деген баға береді. Ал очерктер жинағын сөз еткенде, автордың зейін-зердесіне ерекше тоқталады.
«Ақиқат айнасының» болмысын Ербол өзі де тайға таңба басқандай етіп баяндайтыны бар. «Әлемдік ақыл-ой қазынасын әр қырынан игеру – өркениет көшіне енудің бірден-бір дара жолы. Өйткені, көңіл көкжиегі кеңейген сайын ұлт рухының сапалық сипаты жетіле береді. Адамзат тәжірибесінің рухани бағыт-бағдарын жіті қадағалап, жете пайдалана білу – материалдық болмыс бітімін де бедерлендіре түседі. Ұлттық рухани өрлеудің одан басқа жолы жоқ. Оқырман назарына ұсынылып отырған жинақтың дүниеге келу себебінің басты сыры осы айтылған ойлармен өзектес. Мақсат – қал-қадірімізше қазақ оқырмандарын ХХ ғасыр ойшылдарының бір тобының философиялық көзқарастарының кейбір қырларымен, өмір жайлы, адамзаттық құндылықтар туралы һәм қоғам жайлы ұстанымдарымен таныстыруға қолғабыс жасау», депті.
Қалай десек те, миллиондаған адамдардың тағдыр-талайы жатқан тың игеруді, оның жетістігі мен кемшілігін қазақ тарихынан мүлде сызып тастай алмасақ керек. Тың өлкесінің түлегі Ербол бұл тақырыпқа тереңдеп барған. Шұрайлы жерді, еңбек адамдарын өмірдің өзіндей етіп баяндайды. Жиырмаға таяу тақырыпта қарапайым егіншілерден бастап, ұлт зиялысына айналғандардың бейнесі көз алдыңнан өтеді.
Жаңа астанаға қатысты ойлары да орамды. Алғашында өлең болып құйылып, артынан ән мәтініне айналған «Арман қала – Астана» (әні Марат Омаровтікі) жұрттың ерекше ықыласына бөленгені белгілі. Осы ән әуелей айтылған сәтте Ербол достың бейнесі биіктей беретіні сөзсіз.
Бір замандары Конфуций: «Әлемді нышандар мен рәміздер билейді» деген екен. Шынында, Отанның Туы, Отанның Елтаңбасы, Отанның Әнұраны – бірінші белгі екені ақиқат. Осы үш қасиетті ерен киелімізді қабылдау кезінде, басы-қасында жүргендердің қатарында Мемлекеттік рәміздерді жасау жөніндегі комиссия хатшысы Ербол Шаймерденұлы да болған еді. Қилы-қилы пікірлерді, әр алуан ұсыныстарды үйлестіру, алмағайып заманда оңай болмағаны рас. Көз алдында жасалып жатқан елдің жаңа тарихының әрбір сәтіне ұқыптылық танытпасаң, ай, жыл, тіпті ғасырлар өткен соң, күңгірттенеді, ұмытыла бастайды. Біздің Ербол жаңа жасалып, талқыдан өтіп қабылданған елдік рәміздерімізге алғашқы күннен терең мән беретініне талай куә болдық. Тынымсыз ізденетін, іргесі берік жұрттардың нышандарын зерттеп, оны тиісті адамдарға жеткізіп отыратын. Осы ұмтылыс Ерболды ұлтымыздың бірінші рәміз танушысы дәрежесіне жеткізді. Рәміздеріміздің болмысын көрсететін бірінші кітапты да Ербол жазды. Ол кітаптар толыға келіп орыс, ағылшын, өзге де тілдерге аударылды.
Ерболдың елдік нышандарымызды қабылдау кезінде, одан кейінгі уақыттарда жазған мақалаларын жете қадағалап жүрген, қазақ баспасөзінің айтулы өкілі, ел бүгіншіл, менікі ертең үшін, деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, кеңес заманының өзінде халқының бүгініне қуанумен қатар, келешегіне ойлы көзбен қарап, ертеңіне керекті ерте ескеріп, ұрпағына қажетті алдын ала атқаруды міндет санаған сөз семсері, жүздеген жас шеберханасынан шыққан Сейдахмет Бердіқұлов енді талдау мақалаларды кітап етіп шығару қажеттігін айтқан екен. Осыны Ерболдың өз сөзімен жеткізсек дейміз: «1992 жылы 4 маусымда Мемлекеттік рәміздер қабылданысымен іле-шала өтініш жасаған журналистикадағы ғажайып ұстазым, «Лениншіл жастағы» редакторым, ол кезде «Балауса» баспасын басқаратын Сейдахмет Бердіқұлов ағаның ұсынысы бойынша бар болғаны бірер айдың ішінде әзірленіп, жедел 1993 жылдың басында бірден елу мың данамен (кейін талай қайта басылып шықты ғой) жарық көрген «Қазақ елінің рәміздері» кітапшасының жарық көруі сол ізденістердің арқасы еді» дейді.
Иә, алғашында осылайша, пышақтың қырындай болып шыққан кітапшаны жетілдіріп, көлемді еңбекке айналдырған болатын. Бұл еңбек алты томдықтың бесінші томын құрап отыр. Бұл томның беташар сөзін, замандасы профессор Бүркіт Аяған толғапты. Кітапты парақтап отырғанда, рәміздер тарихына, қазақтың ұлттық рәміздерінің бастау басы қайда жатыр дегенді, бүгінгі құндылығымыздың бітім-болмысын, ерекшелігін, оның авторларын осы кітап арқылы танып-білеміз. Дүниежүзіндегі мемлекеттердің рәміздерінен де мол мәлімет аламыз. Қазір қазақтың аспан түстес Көк туы төрткүл дүниенің кез келген құрлығында желбіреп тұр. Мұхит толқынындай толқығанда, тәубе дейсің! Әнұранымыз да асқақ естіледі. Мемлекет басшысы шетелге шыққанда, ресми дидарласуларда, қыран қанат, тұлпар текті спортшыларымыз қиқулап жеңіс тұғырынан көрінгенде, Туымыз көтеріледі, Әнұранымыз орындалады. Мұны азаттық берген бақ пен бақыт демей көріңіз! Осының бәрін кестелі сөзге түсіріп, алуан түрлі суреттермен толықтырып, жұртына бірінші ұсынған – Ербол Шаймерденұлы. Болашақта осы еңбекті ұлт тану оқулығының біріне айналдырсақ, ұтылмас едік. Осы жерде «Тарих – халықтың киелі кітабы, оның тұрмысы мен қызметінің айнасы һәм ата-бабаларының ұрпақтарына арнаған өсиеті болуы тиіс», деген Н.Карамзин сөзі ойға оралады.
«Мейірім, ынсап, ақпейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса, сол шын адам болады», депті философ ақын Шәкәрім. Осы төртеуі де Ербол Шаймерденұлының бойында бар еді. Ол қарымды қаламгер ғана емес, қоғам өміріне ерте араласып, біраз белді қызметтер атқарған белді де белгілі азамат болатын. Соның кейбіреуін алда айттық. Тіл саласындағы тіршілігімізге өз үлесін табандап тұрып қосқандардың бірі де Ербол болды. Соның дәлеліндей, алтыншы томның алғысөзін академик, қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі Өмірзақ Айтбайұлының қалам тербеуі еді. Ғалым кітапқа кірген сауатты мақалаларды жан-жақты талдап, Шәкәрімнің төрт қағидасына Ербол еңбегі сай екенін алға тартады. Әсіресе, «Е.Шаймерденов – төл тілімізді шын мәнінде толыққанды мемлекеттік тілге айналдыруды ұлттың ұлы мұраты деп есептеді», деген байламы оның еңбегіне берген үлкен баға деп білеміз.
Кітаптың арқауы ойлы мақалалар, әсерлі публицистика, сыр-сипаты бөлек сұхбат, оған қоса, алыс-жақын шетелдерде өткен шараларда сөйлеген сөздері, алқалы жиындарда талқыға тастаған ойлары құрайды. Бәрінде де өзі куә заманның бітім-болмысын бүкпесіз айтады. Елбасының тәуелсіздік жолындағы батыл бастамалары, тың шешімдері, нақты мысалдармен, дәлел дәйектермен беріліп отырады. Мысалы, «Елбасы және ел рәміздері» деген танымдық мақаладағы тарихи көрініс кім-кімді де бейжай қалдырмайды. «Ербол, сен маған өткендегі әлем рәміздері каталогын тез жеткізші. Мына бір көпшілік ықыласы ауа бастаған жоба басқа бір елдің нышанына ұқсайтын тәрізді. Байқамай «ұрлап» алып, ұятқа қалып жүрмейік, – деп шұғыл тапсырма берді. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, жол болғанда іздеген кітап кабинетте болып шықты. Елбасының бір көргенін ұмытпай, есте сақтайтын зердесіне тәнті болдым. Ашып қарасам – күдігі анық, тура қолмен қойғандай. Қажетті бетті белгілеп, жедел апарып, Елбасы қолына тапсырдым.
– Маған бұл да ұнайды, – деді Елбасы. – Тек Болгарияның әскери-теңіз байрағынан аумай қалыпты. Міне... Тұп-тура өзі. Сонда Қазақстанда Болгарияның теңіз әскерлерінің жалауын желбіретіп жүреміз бе? Қисынды сөзге кім қарсы келсін», дейді. Иә, қазір бәрі оңай көрінгенмен, кезінде рәміздерді бекіту ісі талай тартысқа арқау болғанын осы кітаптағы дүниелерден аңғаруға болатын шығар.
Томдағы тағы бір елеулі еңбек – афоризмді біраз зерттеп, айтулылардың кемел сөзін көркем тілімен ұлтына жеткізген Ербол дос та артына біраз ойлы афоризмдер қалдырған екен. Сөзіміз жалаң болмас үшін бірер мысал келтірелік: «Қулыққа қулық – қу ісі, Өнеріңмен озу – дұрысы», «Есерге есе жіберме, тұяқ қалмас тігерге», «Иіле білген – ие де біледі, Күйе білген – сүйе де біледі», «Көңіл кірі – тұзақ, достық жыры – ұзақ», «Заңына қарай заманы, айналасына қарай адамы», «Тәнің ауырса – дәрі сеп, жаның ауырса – жарың сеп» – осылай жалғасып кете береді.
Қазақ әдебиетінің көзі тірі бүгінгі алыбы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің көңілінен шығу екінің біріне бұйырмаған ғой. Бұл тұрғыдан келгенде, Ерболдың жолы болған. Кезінде Әбеағаң оған атақты «Қан мен теріне» алғысөз жаздырып, кітабына берген еді. Сол «Суреткер әлемі» атты өзі жанрын философиялық-эстетикалық эссе деп көрсеткен еңбек соңғы томның нүктесін қойған екен. Бұл да бір әдемі шешімдей көрінді. Мақаланың соңын Ербол Шаймерденұлы: «Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясының соңғы парағын аударып отырып, тағы бір ойға сырға тағуға болады. Ол – сөз басында әңгіме болған жаһандану жағдайындағы әдеби бәсекелестікке қатысты. Қазақ романының классикалық үлгісі ұлттық сөз өнеріміздің қандай ғаламдық шақыруларға да лайықты жауап бере алатындығын көрсетеді деген көзқарас», деп аяқтаған екен. Артына рухани мұра етіп қалдырған оның алты томы туралы өз ойын өзіне айтудың артықтығы жоқ болар.
Ербол Шаймерденұлы алпысқа жетпей кетті деп жатамыз. Бірақ оның артына қалдырған мына мұраларын зердеден өткізгенде, мәселе көп жас жасауда емес, істі атқаруда екенін айқын аңғарасың. Алты томдығының беташар сөздерін жазғандардың бедел-биігіне қарап отырып-ақ Ерболдың осал емес екенін сезесің. Қазақ жұртының кілең мықтылары ол туралы емірене сөйлеп, еңбегін ту етіп көтереді. Адамдығын, білім-білігін таратып айтады. Өмірге іңгәлап келген әр сәби – осылай азамат болып, абырой биігінен көріне алудың өзі үлкен мәртебе дейді. Расында, бұл жағынан келгенде Ербол жолы өміршең деуге толық негіз бар. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Қаламын қолға ұстаған адам – көсемсөз иесі. Ол алдымен – Құдай, адам, заман, елдің алдындағы жауапкершілігін сезінуі керек», депті. Осы жауапкершілікті Ербол Шаймерденұлы мүлтіксіз орындап шықты. Оған тәубе дерлік мына алты том кітап дәлел де, дәйек те болары хақ.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».