Баяғыда бір шабандоздың шаңқанбоз жүйрігі бар екен. Күндердің күнінде оған ұрының көзі түсіп, ұрлап мініп кетеді. Тұлпарынан айырылған иесі қарап тұрсын ба, соңынан бір қыршаңқыны міне сала қуыпты. Аты ауыздан-ауызға, елден-елге тарап кеткен тұлпарға қайдағы қыршаңқының жете жаздағанына ұры намыстаныпты. Тұлпардың тек шабандозға ғана мәлім бір сыры бар екен: егер құлағының артқы жағын қасыса, оған ешбір aт жете алмайды екен. Мінген атының жүйрігіне жақындап қалғанына сенер-сенбес шабандоз сонда ұрының соңынан:
– Әй, қандай ұрысың өзің? Нақұрыс болмасаң, құлағының артын қасысаңшы! – деп айғай салған екен. Осы арадан бұл әңгімені тоқтата тұрып, айтар сөзімді оқырманға бұрғым келеді.
Бүгін назарларыңызға ұсынылып отырған үшбу дастан өз көзіммен көрген, өз құлағыммен естіген, және мен үшін тәбәрік тақылеттес оқиға еді. Мұнда ешқандай әсіре жоқ, тұрған бойы қоспасыз дүние. 1990 жылы Ташкент уалаяты Орта Шыршық ауданы Сәбит Мұқанов атындағы мектепте жазушының туғанына 90 жыл толуына байланысты үлкен кездесу кеші өткен болатын. Кездесуге Әзім Сүйін, Төре Мырза, Мұзаффар Ахмад сияқты бірқатар шайыр інілеріміз, сондай-ақ Қазақстаннан да қонақтар шақырылған-ды. Өзіме кезек тигенде, мен Сәбит пен Ғафур арасындағы айнымас достықты тілге тиек етіп, өзім куә болған бірер жайды ортаға салған едім.
Арадан аз-кем уақыт өтпей жатып бір күні Мұзаффар үйіме бас сұқты.
– Насыр аға, әнеукүнгі әңгімеңіз жүрсем ойымнан, ұйықтасам түсімнен кетпей қойды. Рұхсат берсеңіз, сол оқиғаны дастанға айналдырмақ ойым бар, – деді маған.
Шынымды айтсам, алғашқыда абдырап қалдым. Бір ойым мұны мақұлдады: “несі бар, айтқан әңгіме көңіліне дөп келсе, неге мақұл көрмейін. Оның үстіне тәуекелге бел буған сыңайын көріп тұрсам...” Алғашқы нұсқасын бастап та қойған екен, оқып шығып, біраз маслихат бердім. Оқиғаны қайталап жадына түсірдім. Қажет болып қалар деген бірер кітапты қолтығына қыстырдым. Қуана-қуана кетті. Апта аралатып келіп тұрды. Дастанды бірнеше мәрте қайта жазды. Ақырында көңілім толған соң, оған сәт сапар тіледім.
Тәңір жазса, Мұзаффар інім әлі-ақ менің көңілімдегі әлгі көк дөненімді (тұлпарымды) көз алдымда жәукемдеп, көкжиектен әрі асар. Ал мен мініп соңынан қуған қыршаңқының, шыны керек, оған сірә да жете алмасын қалар едім. Мүбада жете қалғандай болсам:
– Құлағының артқы жағын қасысаңшы, барымташы балам-ay! – деп айқай салармын.
...Иә, сонымен, өзбек әдебиетінде егіз-сыңар екі халықтың шынайы туысқандығы мен достығын ұлықтаушы жаңа дастан дүниеге келді. Оның өнегелі ғибраты мен өмірлік рахат-ләззаты баршаңызға бұйырсын, әзіз оқырман!
Насыр ФАЗЫЛОВ, Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасы Президентінің Бейбітшілік пен келісім сыйлығының иегері.
__________________________________________________
Мұзаффар АХМАД
– Халықтар достығы, халықтар достығы деп өзеурейсіңдер, – деп бастады сөзін Насыр аға, – жарайды, бұл, әрине, жақсы гәп. Таласым жоқ. “Өлеңдерім пәлен тілге аударылды, кітаптарым түген елге тарады” деп лепіресіңдер кеп. Бәлкім, бұл да жақсы шығар. Бірақ, бір халық пен екінші халықтың өзара достығы, оған жанын қиған, бар ғұмырын бағыштаған қайсыбір тұлғалардың артына қалдырып кеткен өшпес өнегесі хақында неге ауыз тұшытып әңгіме айтып, қалам тартпасқа?! Артықша, айрықша туған сол жандардың бір-біріне деген пәруана достығын, дәруана көңіл-бейілін кейінгі ұрпақтың алдына неге жайып салмасқа?!
Айналайын, шайыр інім, бағзы-баяғыдағы ата-бабалар ғұрпын алдыңа салып отырғаным жоқ. Ол заманда қазақ та, өзбек те бір халық, бір ұлыс болатын. Сен қазақсың, мен өзбекпін деген гәп атымен жоқ еді. Болса, ұрықтас, тайпалас болған шығар. Онда да бір ауызбен “біз түркіміз, түркінің пәлен ұрығынанбыз” деген. Ата-баба рухын алға тартсам, осы тұрғыдан ғана ой қозғағаным деп білгейсің. Шынымды айтсам, мені бұл емес, кешегі-бүгінгі, әсіресе, кейінгі жылдардағы өзім көріп, көз жеткізіп келе жатқан жәйттер көбірек толғандырады. Соның өзіңе де, өзгеге де керек болар-ау деген бір ғана үзігін айтып берейін. Ендеше, құлағыңды бері бұр. Айтатын әңгіме – кешегі өткен ақын, шайыр ағаларымыздың өрнекті өмірі, көрнекті тұлғасы жайында болмақ. Халықтар достығы деген сөзге мәмілелі мағына берсек, ол алдымен әдебиет пен мәдениет өкілдері арасындағы алыс-беріс, барыс-келістен басталар болар, шайырым! Тыңдап ал да, жадыңда тұт. Бұл, ұмытпасам, 1973 жылдың 17 сәуір күні болатын...
“Алматының аспаны қайғы оранды,
Қайғы жұтып, қара орман ойға қалды.
Қазақ жұртың азалы, өзбек бауырым,
Суық хабар жүректі жайлап алды.
Жайлап алды жүректі суық хабар,
Ажал жетсе, кім-кім де құрықталар.
Ұлы жұртта көз жұмған жанның рухы
Ағайынмен, бауырмен ұлықталар.
Сәбитіңнен айырылдың, ағайын, дос...
Tap кезеңде болып ең талай үндес.
Адамзаттың бәріне ақын ортақ,
Сақылардан болмағай сарайың бос.
Көршінің де болады алуаны,
Бірге атқарар адал дос шаруаны.
Жақсы ағайын, аза тұт, ажал құшты
Алпамсадай қазақтың балуаны...”
Жә, жетеді, зарыңды созба бұлай!
Қоламтасын шерімнің қозғадым-ай.
Ағам өлді... ішімнен бордай босап,
Ботадайын, қайтейін, боздадым-ай!..
Өзбегімнің қашанғы қардашы едің,
Айбек, Ғафур досыңның қандасы едің.
Кең пішілген кемелі кемеңгерім,
Жақсы менен жайсаңның жалғасы едің.
Ел тағдыры ақын мен батырға сын,
Көзден ағар ащы жас, аһ ұрғасын.
Сәбит аға, сапарлап кеттің бе, әлде,
Ғафур досың қол бұлғап шақырғасын?!
Неге сонша қабардың, көңіл, бұлай?
Неге сонша, қабырғам, сөгілдің-ай?
“Қош бол, қош бол, аяулы әзіз ағам...”
Осыны айтып ішімнен егілдім-ай...
Кешір, ақын інім... Бейопа тіршіліктің бейкүнә бейнетіне беріліп кеттім білем... Қош, қаламыңды қолыңа ал, қағазыңды әзірле. Жазуға кіріс. Мен саған өзің өтінген оқиғаны, ара-арасындағы өлең-толғауларды, жоқтау-жоралғыларды әлімнің келгенінше айта бастайын. Үлгіргенше жазып ал. Мен деген бір қазына, қалауыңша қазып ал. Жазғаның ұрпақтың жадында қалады, қазғаның өзіңнің азығыңа жарайды. Ал, кеттік!
* * *
Иә, Сәбит аға қаза болды. Ауыр қаза. Хабар алған күні бір топ жазушылар бас қостық. Өзбек қаламгерлері атынан Нәзір Сафаров, Міртемір және маған Алматыға барып, Сәбит ағаны жерлеу рәсіміне қатысып қайту тапсырылды.
Айтпақшы, сен, шайыр, қазақтардың қазалы рәсіміне қатысып көріп пе едің? Үлкен болсын, кіші болсын, әзіз пендені ана дүниеге арулап шығарып салудың асқан үлгісі ол! Менің қазақ бауырларымда қаза күзету, көңіл айту, жоқтау, жұбату дегендеріңіздің нешеме түрі бар. Бәрі де ауызекі өлең, толғау түрінде айтылады. Бұрындары бұл рәсім бізде де болған. Құсейін Байқараның бір қатыны болса керек, хазіретіміз Науаи қаза болғанда дәл осылайша жоқтау айтпайтын ба еді: “Сарыталдың саясында солды гүл...” деп?.. Есіңе түскен шығар. Иә, жоқтау бізде де болған. Өйткені, жоғарыда айтқанымдай, ата-бабаларымыз, әдет-ғұрыптарымыз айна-қатесіз бір болған! Шын мәніндегі халық поэзиясының үрдіс-үлгілері мен дүрдана нышандары алдымен осы жоқтау, жұбату, көңіл айтулардан көрінсе керек. Оны ұмытсақ, тәңірімізден жаңылып, тамырымызды танымағанымыз! Біліп қой мұны. Айттым ғой, қазақтарда жоқтаудың нешеме түрі бар деп: қатыны өлгенде ерінің, ері өлгенде әйелінің, перзенті шетінегенде әке-шешесінің, әзіз досынан айырылғанда жан жолдасының...
Өмір болған соң бәрі де алдыңнан шығады. Қайғырасың, жұбанасың, қуанасың демекші... Қоян қолтық араласып тұрған соң ба, мен осылардың бәріне куәмін. Қазақтардың ас та төк тойларында да болғанмын, қайғылы қазасына да қатысқанмын. Өмір мен өлім пенде атаулының баршасына ортақ.
Алматыға ұшуға үш билет алып келе жатқанымда басыма бір ой сап ете қалды. Дәл қазір Ғафур әкәның қабырына барып, зиярат қылып тұрып ол кісіге аяулы досы Сәбит ағаның қаза болғанын естіртсем қайтеді? Иә, сөйтуім керек! “Өлгенді де естіртеді” деген бар емес пе? Жылап тұрып, егіліп, езіліп тұрып айтайын мұны. Айтайын да қамығып, жабығып тұрған ішімді бір босатып алайын. Қазір айтпағанда, қашан айтушы едім? Барып келгеннен кейінгі самарқаулығымды Ғафур әкәм кешіре қояр ма? Жоқ, қуаныштың да, қайғының да өз сәтінде айтылғаны жақсы! Айтпақшы, бұл турасында да қазақтың мәшһүр шайыры әлдеқашан былай деген емес пе еді:
“Бұл өлім қайда жоқ?
Жарқыраған Айда жоқ!
Күркіреген күнде жоқ!
Өтері өтіп кеткен соң,
Мың теңгелік қайғыдан
Бір теңгелік пайда жоқ!..”
Қалай, інім, жалыққан жоқсың ба? Е, жаз, жаза түс! Бүгін жазбасаң, ертең есіңнен шығып кетеді. Алақұйын мына тірлікте кім алды-артына бірдей қарап жүр дейсің. Адамды қуаныштан гөрі қайғы, қаза көбірек табыстырады. Өмірдің пұлынан өлімнің құны әлдеқайда қастерлі де қымбатты. Әсіресе, мұны бізден кейінгі ұрымтал ұрпақтың біле жүргені, назарына іле жүргені жақсы. Сенің мына әрекетің соның алғышарты, шайырым...
Айта отырайын, Мұхтардың да, Сәбиттің де, сол сияқты өзге де жастардың тәлабалық /студенттік/ жылдары осы Ташкент, Самарқан шаһарларында өткен. Ұлы тұлғалардың достық, жолдастық жол-жоралғылары да осы кезден бастау алады. Үзілмеген алқа аяулы, бұзылмаған достық ардақты. Мұхтар мен Айбек, Сәбит пен Ғафур арасындағы айнымас достық туралы, өкінішке қарай, біз аз айтамыз, тіпті, күні кешегі осынау қасиетті кандастық қарым-қатынастың ауылы көз алдымыздан бал-бұл ұшып, әлдеқайда алыстап бара жатқандай... Қимайсың... өзіңді-өзің қинайсың... Дерегін сұрап, себебін іздеуге ұяласың. Өз ар-ожданыңның алдында. Біз келешек ұрпаққа бос қоржын қалпымызбен қалай, не деп бара жатырмыз? Осыны бір сәт ойладық па? Жоқ, ондай мұрша қазір бізде болмай тұр... Өкінішті-ақ!
Ғафур аға қаза болған күнгі Сәбит досының жылағанын көрсең ғой... әсіресе, жоқтау айтқанын!.. Естіген бойда сол күні Алматыдан ұшып келген. Баршамен жылап көрісті, баршаға жоқтаумен көңіл білдірді. Ғафур ағаны қабырына жақсылап жайлаған ең жақын жандардың бірі де осы кісі. Ғафурдай әзіз адамнан, халық шайырынан көз жазып қалу кімге оңай тие қойсын, сол күнгі нөпір халықты айтсаңшы?! Көшеге сыймай кетті емес пе?! Сондағы Сәбит ағаның досын жоқтап жылағаны мынау еді. Тағы да айтам, бұл менің есімде қалғаны ғана:
Келбетің, досым, бар еді
Тау шоқтығы — асқардай!
Айбатың, досым, бар еді
Айқасқа шыққан қошқардай!
Қайратың, досым, бар еді
Алпамыс, Рүстем дастандай!
Келбетің, досым, бар еді
Мысырдағы Жүсіп Қанандай!
Дабысың, досым, бар еді
Ақырған жолбарыс, арыстандай!
Үлгілі қылып жыр жаздың
Тәпсірден шыққан дастандай!
Сақылығың бар еді
Тақта отырған сұлтандай!
Қазылығың бар еді
Хазіреті Омар Оспандай!
Жетімге ғаріп нан бердің,
Бұлақтың көзін ашқандай!
Мағыналы хикмет айтушы ең,
Оманнан меруерт шашқандай!
Өзбек боп сүйдің қазақты,
Алматыны — Тәшкендей!
...Қара суларды қайнатып,
Қаймағын алған бар ма екен?
Қара нарларды зарлатып,
Тайлағын алған бар ма екен?
Керуенде жүрген нар едік,
Екеуміз дос пен жар едік,
Қатарда досын қалдырып,
Ортағын алған бар ма екен?
Кеттің-ау, Ғафур... Бұл дүние
Сен үшін сонша тар ма екен?...
Несін айтасың, Сәбит аға Өзбекстанды өте-мөте жақсы көруші еді! Бұл жерде оның қадірлі достарынан өзге де таныс-біліс адамдары көп болушы еді. Ағамыз, әсіресе, өзбек қаламдастарына аса қайырымды болатын. Айбек пен Ғафурды айтпағанда, ол кісі Ұйғын, Шайхы дамулла, Зүлфия, Яшин, Міртемір, Нәзірлермен де жақсы араласты. Біздің арамызда: “Сәбит аға Мәскеуге ұшып бара жатса, сөз жоқ, ұшақты Тәшкен әуежайына қондырады, отарбаға мінсе де оны Тәшкенге бұрып, бірер күн аялдайды, әзіз достарымен қауышады, сағынышын басқан соң ғана сапарын одан әрі жалғайды” деген әзіл-шыны аралас сөз тарап кеткен. Сәбитін бірер ай көрмесе, Ғафурдың да Алматыға тартып кететін әдеті бар. Олар үшін апта, ай аралатып өтіп жататын түрлі басқосулар аздық қылатын. Көктем демей, қыс демей көңілі көмей, бауыры ыстық Тәшкенге Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбділда Тәжібаевтар бірінен соң бірі, кейде топтасып, үйірлесіп келіп-кетіп жататын. Оны айтасыз, Бішкектен Шыңғыс Айтматов, Аалы Тоқамбаев, Түгелбай Сыдықбеков, Ашхабадтан Берді аға Кербабаев, Қыдыр Дария, Сейтлі, Бекі Сетақов, Кәрім Құрбаннепес, Нүкістен Аббас Дабылов, Садық ата, Жолмырза әка, Нажым аға, Қожабек, Төлепберген, Ыбырайым, Душанбеден Мырза Тұрсынзада, Жалал Икрами, Сатым Ұлықзада, Бақи Рахымзада, Мирсаид Миршакар, Бакуден Самад Вургун, Сүлеймен Рустам, Расул Ризо, Марварид Дилбази, Уфадан, Қазаннан, және басқа да шаһарлардан шайырлар, жазушылар ағылып келіп, сағынып келіп бас қосқанда, жұрттың мейрамы мен мейманасы асып-тасып кететін! Сондағы кездесу-жүздесулер, мүшәйралар, әдеби кештер, құдай-ау, қазір қайда? Сол күндерде ауыздан түспейтін “Әдебиеттер достығы – халықтар достығы!” деген ұлағатты сөз неге бүгін айтылмайды? Тәуелсіздік алып, енші бөліскен бауырлар, туысқандар, қандастар, шынымен-ақ, бір-бірінен салқын тартып кеткені ме? Осыған жауап іздейтін күн бола ма? Сен не дейсің, шайыр інім?..
Бір күні, осындай салтанаттардың бірінде Ғафур әка қазақтың халық ақындарын тізбелеп отырып Шал ақынға тоқтаған еді. Тоқтап қана қоймай, тілін қазақшаға келтіріп мына төмендегі өлең жолдарын мүдірмей-кідірмей мүлтіксіз жатқа айтқан:
Жігіттер, жаман сөзді кәсіп етпе,
Үлкен-кіші, теңдесті басып өтпе.
Басыңа бір іс түсіп, болсаң нашар,
Дұшпан түгіл досың да тастап қашар.
Жігіттер, мал-дүниеміз көп демеңдер,
Киімім көк, тамағым тоқ демеңдер.
Бір күнде өлді Дәуіттің отыз ұлы,
Біздерге өлім-қаза жоқ демеңдер.
Жігіттер, ажал бір күн жаныңды алар,
Бәріңді бір-біреулеп жерге салар.
Жан шығар, дүние сенен кетер ұзап,
Мал-мүлкің, қатын, балаң... бәрі қалар.
Өлімнен құтылмассың қашсаңдағы,
Арыстандай күшің толып, тассаңдағы.
Алладан шыныменен жарлық келсе,
Жұлдыздар жерге түсер аспандағы!
Қарт өлсе — соққан дауыл тынғандайын,
Жас өлсе — бір бәйтерек сынғандайын.
Жігіттер, жас кезіңде тәубаға кел,
Ажал деген көзді ашып-жұмғандайын...
Төрде Ғафур досымен тізе түйістіріп Сәбит аға да отырған. Өзбек шайыры орнынан қозғала тұрып, досын да қолтығынан демеп толғана, тебірене мынаны айтып еді сонда:
– Тыңда, Сәбит, мұны екі құлағыңмен,
Шөлдеп келсең, болайын бұлағың мен.
Өзбек, қазақ ежелден қандас, бірлес,
Өле-өлгенше соған бәс тұрамын мен!
Ол да жақын — түрікпен, тәжік, қырғыз,
Қырық жыл қырғын болса да
доспыз, бірміз.
Ата-баба сертінің айғағындай
Бірге тұрып, бір жатып, бірге жүрміз.
Мен не дейін, жау келсе — жарағымсың,
Бауырымсың, қандасым, қарағымсың.
Тағдырымның талай тар соқпағында
Қатар жүрген қадымнан қазағымсың!
Жан қазағым, өзіңе үшбу сөзім,
Куә болсын осыған қаракөзім.
Өсиетім өмірлік: егер өлсем,
Қара жерге тәнімді жайла өзің!..
Саған айтар тілегім, біліп қойғын:
Сүйегіме тас батса, сүріп қойғын.
Достың қолы денеме жұмсақ тиер,
Құбылаға жүзімді бұрып қойғын...
Сәбең де мына сөзді күтпеген-ді,
Қаперсіз қайдан айтсын “құп” дегенді?
Жаутаңдап қара көзі жасаурады,
Айтамын дегендейін жұртқа немді.
Айтудан жалыққандай бір ырғақты
Дауысы қырылдаған діріл қақты.
Арқаға салған достың аманаты
Тамырын алпыс екі шымырлатты:
“Ғафурым... әзіз досым, пірадарым,
Ұлы едік екеуміз де бір ананың...
“Кетем деп мені тастап жарты жолда”
Жанымды қинамашы, сұранамын?
“Жақсы сөз — жарым ырыс” дегендейін,
Өзіңмен мен біргемін, не көрмейін...
Шынымен жан қиярлық досым болсаң,
Сен өлме, сен аманда мен өлмеймін!
Жандардай бірін-бірі жаңа көрген,
Құшаққа бірін бірі ала берген.
Сәлден соң сөз жалғады Сәбең аға
Сәлемін тәмәм елге ала келген:
– Өзбегім, мен де өзіңдей әппақ едім,
Өзіңе жан сырымды сақтап едім.
Үй толы қонақ болса, қойдың басын
Алдымен саған қарай тартқан едім.
Қалғанда ұшырасып назарымыз,
Алғаусыз ашылатын ажарымыз.
Сол-сонау ата дәстүр — әлімсақтан
Бірге еді базарымыз, мазарымыз...
Аллаға арзу айтып азанда да,
Біздерді бөлсін дедік ажал ғана!
Қайнады дәм-тұзымыз қазанда да,
Той жасап, дастарқанды жазарда да!
Кешегі Әмір Темір, Бабырларым –
Жан-жаққа тарап кеткен тамырларым!..
Отырған мынау Ұйғын, Әділ, Насыр...
Бәрі де қандас, дәмдес бауырларым!
Көңілім алып ұшып көктемдейін,
Сендермен төбем көкке жеткендейін!
Өзіңмен, Ғафурым-ау, тағдырым бір,
Қос атты бір арбаға жеккендейін.
Сөзіңе жан садаға саламатта,
Қиянат жасамаспын аманатқа.
Жайларсың сен де мені жас қабірге,
Өзіңнен бұрын кетсем ана жаққа...
Тағы үнсіз,
Тағы да жұрт тынып қалды.
Тағы да ішпек-жемек ұмыт қалды.
Тағы да баталы сөз басқа шауып,
Тағы да аталы сөз ұлықталды!
* * *
Өткен-кеткен жайларды қайта-қайта еске алып Шағатай қабырстанына жаяу тарттым. Міне, енді Ғафур әканың қасында тұрмын. Көңілім нілдей бұзылып сала берді.
– Ғафур әка, – дедім ботадай боздап тұрып, – Сіз бізді тастап кеткелі бері өзіңіз қатарлы қаламдастардың біразынан айырылып қалдық. Айбек дамулла, Қаһар ұстаз, Шайх дамулла, Сабыр Абдуллалар енді жоқ. Бүгін Алматыдан хабар келді. Ғафур әкә, естіп жатырсыз ба? Қияметтік досыңыз Сәбит аға да... Біздер Алматыға жүргелі тұрмыз. Иә, бүгін... қазір... Қабырыңыздан бір уыс топырақ...
Қабыр қазушылардың бірі анадайдан менің егіліп, езіліп жылап тұрғанымды байқап тұрған екен, ымдап ем, қасыма жақындады.
– Мұнда қашаннан бері істейсіз?
– Біраз болды.
– Ғафур әкәны жерлеген күн есіңізде ме?
– Иә.
– Сол күні қабыр ішіне кірген адамды да көрген шығарсыз онда?
– Алпамса кеуделі әлгі қазақты айтасыз ба? Есімде...
– Қазақтардың Сәбит Мұқанов деген асқар таудай жазушысы еді ол. Ғафур әкәмен қияметтік дос болатын. Олай-былай боп кетсем деп бір-біріне аманат тапсырысып еді, жарықтықтар... Енді, міне, сол ағамыз да...
Жігіт ағасы шөккелеп отыра кетті де Құраннан тілауат қайырды.
– Енді моланың ана бір шетінен азырақ қана топырақ уатыңыз.
– Оны неғыласыз? – деп сөз қайырды, таңданған сыңай байқатып.
– Бүгін Алматыға өзіммен бірге алып кетемін. Сәбит ағаның қабыры ішіне шашамын. Топырақтары да араласып жатсын деп...
* * *
Алматыға ұшып бара жатқанда менің жан қалтамда ақ сұрыптан мұқият тігілген, ішінде топырағы бар дорбаша бар еді. Бірақ мұны тіс жарып ешкімге айтқам жоқ. Барғанда көре жатармыз деген ойда болдым.
Қайран, қазағым, қашанғы бауырмал, мейірбан қалпымен біздің қарамыз көрінгеннен-ақ қақ жарылып қарсы алды. Шын жылап, егілгенімізді көріп естері шыға жұбатып жатыр. Сәбит ағаның ұл-қыздары, қауым-қарындастары, ағайын-туғандары, қаламдас-қатарластары... бәрі-бәрі осында. Қандастық, туыстық деген осы да, – айналамызға үйіріліп, ерекше ілтипат танытып, өздері жылап жүріп жоқтау айтқан біздерді жұбатқан болады. Бұдан алдында айттым ғой, жұбату, жоқтау арқылы көңіл айту бұл жұртта ежелден бар. Сырттай байқаған, бақылаған кісіге бұл да өнер. Тіпті, қайсыбір атақты кісілерді сөз тілімен арулау үшін арнайы жоқтаушыны алдыратын әдет те бар. Алыс-жақыннан келген ағайынды жұбату үшін де қара сөздің қайғыдан алып шығатын құдіретін қапысыз пайдаланады бұл қандастар! Бұл да көп жерде, елде кездесе бермейтін ғажайып дәстүр. Айтқандай-ақ, біздің Тәшкеннен келгеніміз мағұлым болған соң “осынша жерден ат арытып келген, айналайын, бауырларым-ау” деп бізді жұбатушылардың қарасы көбейе түсті.
Екі-үш кісі бізді ішке бастап алып жүрді. Сәбит ағаның жан серігі, менің мейірбан анамдай болып кеткен Мәриям aпa бізді көрісімен орнынан тұрып, ізет ишарасын жасады. Арыстанынан айырылған анамыз одан әрі өзін тоқтата алмай, дауыс салып жылап қоя берді. Көңіл айтып, жұбатып жатырмыз. Қайырымсыз ажал алдында кімнің де болса тілі күрмеліп, айла-амалсыз күй кешеді екен... Міне, қарсы алдымызда қазақ халқының біртуар перзенті үнсіз, тілсіз қалпында көзін жұмып жатыр. Қайран, ағам!.. Күні кешегі Берді аға, Айбек дамулла, Самед Вургун, Ғафур әкә, Тұрсынзадалармен бірге жүрген кезі есіме қайта оралды... “Сары бала” деп еркелеткенін, елжірегенін қалай ұмытарсың?..
Ішкі үйде аза тұтып отырған бір сәтімізде ауыр үнсіздікті бір ауыз сөзбен бұздым.
– Ақсақалдар, – дедім дауысымды көтеріп, – енді сіздермен келісіп алатын бір гәп бар...
Бағана Сәбит ағаны жерлеу алқасының бір мүшесі: “Өзбек бауырларымыздың атынан келген меймандардың біреуі қаралы жиында сөз сөйлесе дұрыс болар еді” деп емеурін білдірген. Сонда біз Нәзір ағаға: “Ақсақалымыз сізсіз, көп алдында көңіл білдірерсіз” деп өзара мәмілелескенбіз. Соны тағы бір тиянақтау үшін үшеуміз оңашаланып айтар сөзді қағазға түсіргенбіз. Менің “кеңесетін гәп бар” дегеніме екі ағам да елең ете қалысты.
– Не айтайын деп ең, Насыржан?
Мен Сәбит аға мен Ғафур әкәның арасындағы айнымас достықты ауызға алып, өзбек шайыры қайтыс болғанда қазақ досының жерлеуге қатысып қана қоймай, қабыр ішіне жан досын өз қолымен койысқанын қысқаша айтып бердім. – Мына шүберек ішіндегі бір уыс топырақты сол Ғафур әкәның жатқан жерінен алып едім, – дорбашаны қолыма алып, – сіздер мақұл көрсеңіздер, осы топырақты Сәбит аға қабырының ішіне шашсам деп едім... Не дейсіздер?
Ақсақалдар аз-кем ойланып қалды.
– Мұндай әдет-ғұрып бұрын-соңды бар ма екен өзі? – деп сөз бастады Нәзір ата, – қазақ бауырларымыз қалай қарайды бұған? Сұрап біліп алу керек шығар. Дегенмен, ғажап ойластырылған нәрсе екен! Ақылыңнан айналдым, Насыржан... Сен не дейсің, Міртемір?
Дәл осы сәтте есік ашылып, біз отырған бөлмеге Қуандық Шаңғытбаев кіріп келді. Әрі шайыр, әрі драматург бұл досымыз бізді мана әуежайда күтіп алған. Келгелі бері бізді өз қамқорлығына алып жүр. Шамасы, түннің бір уағы болғандықтан, бізбен қайыр-қоштасуға келіп тұр.
– Кәне, төрлете ғой, дұрыс келдің, бір ауыз маслихатың керек болып тұр. Мен қысқаша ғана әлгі жәйді айтып өттім.
– Мына шүберектің ішінде Ғафур әкә қабірінен алынған топырақ бар. Екі шайырдың достығы ұлғая келе екі халықтың бағзыдан келе жатқан қасиетті қандастығы мен достығын баршаға тағы бір рет паш етті. Мұнда біз ғана емес, ұрпағымыз үлгі алатындай ұлы ғибрат, өмірлік терең мән-мағына жатыр. Тіршілікте құшақтары ажырамаған екі ағаның өлгенде де топырақтары араласып, бірігіп жатсын деген ырым-ниетпен осы бір уыс топырақты Сәбит ағаның қабырына шашсақ деп едік... Бұған қазақ ағайындар қалай қарар екен?
Қуандық қозғалақтап барып теңселе орнынан тұрып кетті. Екі қолын қалтасына жүгіртіп қол орамалын тауып алды. Қуандық жылап тұр. Өксігін баса алар емес. Көңілі босап кетсе керек. Өксік арасынан дауысы әрең-әрең үзіліп-созылып естіледі...
– Айналайын, өзбегімнен... Мұны ойлап тапқан ақылдарыңнан айна-ла-й-ын...
* * *
Соңғы сапарға шығарып салу сәті. Халық ығы-жығы. Ресми өкілдер, алқа мүшелері, ең жақын адамдар соңғы қоштасу сөзін арнап жатыр. Көкіректе күрсін, көзде жас. Сәбеңнің нағыз қазақы кейпін дәл қазір... осы қалпында қара жер өз құшағына алмақ. Қаралы сөз Нәзір атаға тиді.
– Аяулы ағайын, әзіз дос-жарандар... Мейірімсіз өлім сізді, бізді – бәрімізді сүйікті Сәбитімізден айырды. Бұл хабар өзбек жұртына да келіп жетті. Шын дос, адал ағайын, құдай қосқан көршінің қайғысы да, қуанышы да дәйім бір болады. Күні кеше, Алматыға жүрер алдында біз – бір топ әдебиетшілер, Сәбеңнің қияметтік досы Ғафур Ғұламның жатқан жеріне барып зиярат еттік. Оның себебін сіздер де жақсы білсеңіздер керек... Біз ұлы шайырымыздың қабыры басында тұрып ол кісіге аталмыш қайғылы хабарды жылап тұрып естірттік. Жол жүрер алдында “аяулы досыңызға бір уыс топырағыңызды ала кетсек” деген өтінішімізді айттық. Сол топырақ, әзіз жарандар, мынау еді...
Нәзір ата топырақ салынған қалташаны Сәбеңнің үлкен ұлы Арыстанға ұзатты. Қайтсін, ауыр да аяулы сәт қой, жиналған жұрттың көзіне жас алмағаны қалмады. Мен де соның ішіндемін. Адам жүрегі не деген жұмсақ та нәзік еді!.. Мейірлі сөз, мейірбан тілекке ет езіліп, жүрек еріп жүре береді екен-ау...
Қаралы жиын соңында марқұмның аруағына бағышталып Құраннан тилауат оқылды. Осыдан соң біздер қабырстан ішін аралап кеттік. Көз көрген достарымыздың, таныстарымыздың қабырларына зиярат қылдық...
Аяулы, інім, ажал, өлім, қаза дейміз... Жылаймыз, сықтаймыз... Жұбанамыз, тағдыр ісін мойындаймыз, құп аламыз. Даруы жоқ нәрсеге дәрменсізбіз. Шындап келгенде, өлім де — өмір! Бұл да Адам тіршілігінің бір түрі. Түсінбедің бе? Қабырстан ішін аралап жүрмін дедім ғой жаңа әлгінде. Иә, біз а-н-ау дүниені аралап жүрміз. Айнала-төңіректің бәрі қабыр. Біреудің басы жәй ғана қарайып жатыр, болар-болмас көзге ілігеді. Қайсыбіреуі мүлдем шөгіп, шөмиіп қалған, басып кетем бе деп қорқасың. Ендігі біреуінің бас-аяғы мұқият қоршалған, күмбезделген. Анадайдан көз жауын алады. Бірі атақты, бірі дәулетті, сәулетті болса керек... Біріне қарап тұрып шүкірана айтасың. Ал енді біреуіне көз салған бойда көңілің құлазып сала береді. Неге бұлай? Тәңірім-ай, мұнда да алалау, саралау, даралау болғаны ма, сонда? Неге адамдар біреуіне тоқтап, аялдап, біреуіне көз қырын да салмайды?
“Өлмегеннің жаны бір,
Өлгеннен кейін бәрібір...” дейтініміз қайда?
Көрдің бе, інім, халқымызда “Басынан бергенше, аяғынан бер” деген аталы сөз бар. Иә, солай. Өлім де бір — сын-сынақ. Абайдың Әбіш өліміне бағыштап “Жақсы өліпсің, япырай..” деп өзін-өзі жұбататыны бар. Өйтпегенде қайтеді? Ел Абайға қараса, Абай кімге қараушы еді? Әрине, Аллаға. Алла бергенін алады... алғанының орнын толтырады. Міне, өлімнен келіп өмір қайта өніп шығады, інім... Сәбит, Ғафур, Мұхтар, Айбек... бұлар халық мейіріне қанық әзіз жандар. Ұлт-ұлыс жадында олар мәңгілік ұмытылмайды. Ұрпақ сайын жаңғырып, жасарып өмір кешіп жатады... Қорымжайды араласаң, осындай-осындай ойлар сілеміне батып, қым-қиғаш қиял әлеміне сүңгіп кетесің. Иә, олар енді келмейді, арамызда жоқ. Бірақ түске енеді, аян береді. Сіздің аңсарыңыз бен арманыңызда өмір кешеді...
Ертесіне, Ташкенге қайтар алдында қош айтып, қайырласу үшін Сәбит ағаның отбасына бас сұқтық. Кірер есіктің оңы мен солында тұрған Мәриям апамыз бен Арыстан ініміз көңіл айтып, кіріп-шыққандарға бас-көз болып тұр екен. Жұрт аяғы сейіле бере Арыстаннан:
– Кешегі... әлгі қалташадағы топырақты қайттіңдер, қабыр ішіне септіңдер ме? – деп сұрадым.
– Жоқ, – деді Арыстан.
– Неге?
Үшеуміз бір-бірімізге аңтарылып қарап қалыппыз. Аса бір ыждағатты ырым-ниетпен алып келгенде... бұлардың мұнысы...
– Не істедіңдер? Әлде ұмыт қалды ма? — бірінші боп мен тілге келдім.
– Қабыр ішіне... шашпадық, ақсақалдармен кеңескен соң...
– Ол қандай кеңес?
– Ғафур көкеміз әкеміздің қияметтік досы болған соң... жан досының топырағын басына жастанып жатсын деп... қалташаны басына жастық қылып қойдық...
Қайран қалған мына біздер тұрған орнымызда қаттық та қалдық! Міне, тапқырлық! Міне, даналық! Далалыққа тек даналық жарасады! Бәрекелде, қазағым! Мен ешбір пенденің ойына да, ақылына да кіре қоймас-ау деп со-н-ау Тәшкеннен топырақ әкеліп жүрсем... бұл ағайындар сол топырақты төкпей-шашпай-ақ Сәбеңнің басына әзіздеп қойыпты!.. Бұдан артық аманатты ұмытпау, азаматты ұлықтау бола ма?!.
________________________
Хатима /сөз соңы/
/автордан/
Дастан бітті... Жоқ, әлі жалғасады!
Ақшамдағы қиссамыз таңға асады.
Ақын да бір — дауагер,
Мынау дімкәс
Тіршіліктің тамырын дәл басады!
Дастан емей немене әр күніміз?!
Өтміш, жазмыш және де тағдырымыз...
Ұлағатын өткеннің ұғына алсақ,
Лайықпыз дастанға әрбіріміз.
Дастан ұзақ,
Ал өмір бір-ақ қадым,
Мықты болсаң, мәңгіге тұрақтағың!
Бір Алланың қолында:
Жұртын тастап
Тозаққа кім барады, жұмаққа кім...
Көшті біздің ағалар Ұлыстанға,
Ұлыстанның ұшпағы – Гүлстанға.
Тірісінде бір тыным таппағандар
Мәңгілікке көз жұмып тыныстауда...
Олар жәйлі сіз, ұрпақ, не білесіз?
Оқисыз ба жырларын емілесіз?
Ертегідей өмірін еске алсаңыз –
Кешегіге бүгіннен шегінесіз.
Шегінесіз...
Шежіре парақтауға,
Кешегі мен бүгінді сабақтауға.
Ұлы көшін бабаның еске аласыз,
Өркеш-өркеш анау бір қарап тауға...
Сіз оларды, өтінем, ұмытпаңыз,
Сағат сайын, сәт сайын ұлықтаңыз.
Кеудеңізге шам жағар жарқыратып,
Жақсы өнеге,
Жарқын жыр,
Білікті аңыз!
Біз де еске алдық бақилық
шын достықты,
Ұлылардың үлгісі – үндестікті.
Адалдықтың ақ туын желбіреттік,
Күресінге лақтырып күндестікті!
Таспен қоршап қайтеміз шекараны?
“Елдестірмек елшіден екі араны”.
Ұлы достық, ынтымақ барда ғана
Ұжымаққа ұлы көш жете алады!
Астарынан әр сөздің жай ұғарсың,
Ауруыңнан меңдеген айығарсың...
Бұл дастанның жүгі ауыр, тұзы жеңіл,
Оқығандар ойлансын, пайым алсын...
Ташкент, 1994 жыл.
Өзбекшеден аударған Исраил САПАРБАЙ.