Петропавл қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бес институттық реформа аясындағы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру мәселелерін талқылау бойынша кездесу өтті, оған Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қуаныш Асылов қатысты.
Кездесуге Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары А.Дүйсенова, мемлекеттік органдардың басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, партия, құқық қорғау, кәсіподақ, ардагерлер кеңесі, бизнес құрылым, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, өңірдегі этномәдени бірлестіктер басшылары, кәсіпкерлер, спортшылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Қатысушылар дөңгелек үстелде қазақстандық біртектілікті нығайту және Қазақстан бірлігін дамыту мәселелерін жан-жақты талқылады. Қ.Асылов өз сөзінде мемлекеттік органдар Ұлт жоспарын іске асыруда нормативтік-құқықтық, ұйымдастырушылық және идеологиялық сүймелдеу бойынша кешенді жұмыстарды жүргізуде екенін атап өтті, «Мәңгілік Ел», «Үлкен ел – үлкен отбасы», «Менің елім» және басқа да ауқымды жобаларды іске асыру аясында қабылданып жатқан шаралар жөнінде жан-жақты баяндады. Қ.Асылов барлығымыздың алдымызда Ұлт жоспарында көрсетілген Қазақстан қоғамын жаңғырту мен Қазақстан мемлекеттілігін нығайту жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау бойынша үлкен міндеттер тұрғанын атап өтті. Мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері өздерінің сөздерінде Ұлт жоспары басымдықтарын ашып көрсетті, оны іске асырудың негізгі тәсілдері бойынша әртүрлі пікірлер мен ұсыныстар білдірді. Іс-шараға қатысушылар «100 нақты қадам» – бұл барлық қазақстандықтар атқаруы қажет мемлекет және қоғам үшін маңызды стратегия деген пікірге тоқталды. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы ұсынған 100 нақты қадамды іске асыру аясындағы өңірдің негізгі міндеттері айтылды.
«Егемен-ақпарат».