Батыс Қазақстан облысының көптеген елді мекендеріне “көгілдір отын” жеткізді
Бүгінгі күні бұл жобаның бастаушысы да, тікелей қолдаушысы да өзге емес, тікелей Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев болғанын айтудың өзі бір мәртебе. “Қарашығанақ-Орал” газ құбыры құрылысы – тап-таза әлеуметтік жоба. Мұндай бағыттағы жобалардың экономикалық-қаржылай қайтарымы, белгілі бір уақыт өткеннен кейін түсіретін пайдасы болмайды.
Есесіне оның игілігін барша қазақстандықтар, ел мен жұрт, тұрғындар көреді. Бұл елдің әлеуметтік-тұрмыстық деңгейін жеңілдету, әл-ауқатын көтеру жолында жасалатын қамқорлық болып табылады. Аталған жобаны Елбасы бұдан бес жыл бұрын Ақжайық өңіріне сапары кезінде ұсынған еді.
Жобаны жүзеге асыру мерзімі екі кезеңге белгіленген болатын. Оның алғашқы кезеңінде Қарашығанақтан Бөрлі ауданының бірқатар елді мекендері мен Теректі ауданының орталығына көгілдір отын жеткізу белгіленді. Бұл міндет өткен жылдың аяғында іске асты. Осынау игі шараның ашылу рәсіміне республика Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысқан-ды.
Ал бүгінде оның екінші кезеңі де мәреге таяп “Қарашығанақ-Орал” газ құбыры жобасы шеңберінде кешегі күні Жайық өзенінің сол жақ бөлігінде орналасқан Сырым және Қаратөбе аудандары орталықтарына газ құбыры тартылып, алау жағу рәсімі өткізілді.
Бұл – ұзындығы 552 шақырым кешенді газ құбыры мен газ айдау жүйесі деген сөз. Осы арқылы 146 елді мекендегі жүз мыңнан астам тұрғынның көгілдір отын игілігі мен қызығын көруіне жол ашылып отыр.
Ең бастысы, “Қарашығанақ-Орал” газ құбыры құрылысын іске қосу арқылы Ақжайық өңіріндегі барлық аудан орталықтарына газ құбыры тартылды. Осы жобаның соңғы, үшінші сатысында әр аудандағы ауылдарға көгілдір отын жеткізу жұмыстары алдағы жылдары одан әрі жалғаспақ. Осынау дерек пен жағымды жәйттің өзі Орал өңірін толық газдандыру бағдарламасы мәреге таяп келеді деуге толық негіз бен алғышарт қалай алады.
Осы арада сәл шегініс жасаудың да реті келіп тұрғандай. Айтайын дегеніміз, өңірді толық газдандыру бағдарламасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталған еді. Осынау қиын кезеңнің өзінде шалғайдағы Казталов, Жәнібек және Ақжайық, Тасқала, Зеленов аудандарына газ құбыры тартылып, тұрғындар от жағып, күл шығару машақатынан құтылды. Бұл іске сол кездегі облыс басшысы, бүгінгі Парламент депутаты Қабиболла Жақыпов үлкен үлес қосты.
Аталған бағдарламаны аяғына дейін жеткізу жұмыстары соңғы үш жылда қызу қарқын алды. Әсіресе, жоғарыда айтылған Қарашығанақ-Орал жобасын іске асыруға қатысты Елбасы тапсырмасын орындауда Батыс Қазақстан облысының бүгінгі әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің іскерлік пен тындырымдылық үлгісін көрсете білгеніне ел куә.
Бұл жөнінде шалғайдағы Қаратөбе ауданында өткізілген алау жағу рәсімі кезінде осы текті топырақтың байырғы тұрғыны, еңбек ардагері Нәжім Дәулетов ақсақал былай деген еді:
– Ауылымызда көгілдір отын алауы тұтанған бүгінгідей қуанышты сәтте менің ойыма қазіргі қазақ әдебиетінің ақсақалы Әзілхан Нұршайықовтың “Егеменде” жарияланған мақаласында келтірілген “...Елбасын мақтаудың керегі жоқ, оның ісін жақтай білу керек” деген орнықты да қисынды сөзі оралып отыр.
Міне, Елбасының ісін жақтай білетін осындай облыс әкімдерінің бірі Бақтықожа Ізмұхамбетов деп білемін. Ол сөзі мен ісінің арасында алшақтық жоқ басшы. Оның Елбасы тапсырмаларына әр кез сергек қарап, өңірде энергетикалық тәуелсіздік, азық-түлік қауіпсіздігі секілді ұтымды инвестициялық және әлеуметтік жобаларды іске асыруға бел шеше кірісіп кететіні сүйсіндіреді.
“Қарашығанақ-Орал” газ құбыры жобасы екінші кезеңінің аяқталу рәсіміне Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев қатысып, Елбасы атынан барша батысқазақстандықтарды осынау ірі әлеуметтік жобаның іске асуымен құттықтады.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Батыс Қазақстан облысы.