Төтенше жағдайдан сақ болу, айтып келмейтін апаттың алдын алу қай кезде де маңызды. Бұл ретте әртүрлі тілсіз жаудың алдын алу шаралары Қызылорда облысында лайықты деңгейде жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстарды облыстық төтенше жағдайлар департаменті үйлестіріп отыр.
Өткен жылдың қыркүйек айында департамент жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Облыс әкімшілігі тарапынан бөлінген нысанның ауданы 3 029 шаршы метрді құрайды. Одан бөлек, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржыға бірқатар қажет жабдықтар сатып алынды. Нақты айтсақ, департамент Ssangyong Kyron автокөліктері, су айдайтын мотопомпа, Holmatro маркалы құтқару құралы, контейнерлік типті жылу-түтін камерасы; азаматтық қорғаныс саласына қатысты құтқару құрал-жабдықтары, жедел әрекет ететін өрт сөндіру көлігі және авариялық құтқару көлігімен қамтамасыз етілді. Облыс басшылығы тарапынан жасалып отырған осыншалықты жағдай өңірдегі төтенше жағдайлар саласындағы қызметтің қарқынды жүруіне негіз болды.
Жалпы, осы сала бойынша Сыр өңірінде қолға алынған және жүзеге асқан жұмыстар жөнінде бізге Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Мұрат Келесов айтып берді. Оның айтуынша, жыл басынан бері төтенше жағдайдың алдын алу және жою комиссиясының 3 отырысы, 1 селекторлық мәжілісі өткізілген. Ол басқосуларда қыс мезгілінде су айдындарында облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету; конго-қырым геморрогиялық қызбасының алдын алуға байланысты дәрілеу, залалсыздандыру жұмысын ұйымдастыру, 2014-2015 жылдардың желтоқсан-қаңтар айында Шиелі ауданы аумағында су тасқыны салдарынан орын алған төтенше жағдай шығындарын өтеу мәселесі, Сырдария өзені мен каналдардың қорғаныс бөгеттері жағалауда орналасқан елді мекендерді басып қалу қаупінің алдын алу мәселелері қаралды.
«Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 25 ақпандағы ұйымдастыру нұсқауларына сәйкес, 12-13 наурызда «Көктем-2015» республикалық оқу-жаттығу жиыны өтті. Сондай-ақ, 2014-2015 жылдың қыс-көктем мезгілдерінде су тасқынының алдын алуға арналған дайындық шаралары туралы облыс әкімдігінің мәжілісі өткізіліп, онда жергілікті атқарушы органдарға, қала, аудан әкімдері мен апаттың алдын алу мақсатындағы іс-шараларды атқаратын тиісті мекемелерге тапсырмалар берілді. Ал облыс басшысы Қызылорда облысы аумағында 2014-2015 жылдардың қыс-көктем кезеңдеріндегі Сырдария өзенімен келетін артық суды қауіпсіз өткізуге дайындық жұмыстарын жүзеге асыруға арналған іс-шаралар жоспарын бекітті», – дейді Мұрат Емелұлы.
Сонымен қатар, департамент басшысының орынбасары су тасқынының алдын алу мақсатында Сырдария өзені бойындағы қорғаныс бөгеттері мен су шаруашылығы нысандарының жай-күйіне алдын-ала зерттеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Қаңтар айында Сырдария өзеніндегі сең жүру кезінде су алу қаупі туындаған немесе су алған кездегі басқару органдарының, авариялық-құтқару қызметтерінің күштерінің шұғыл әрекет етуін және іс-қимылының дайындығын тексеру үшін аудандар мен Қызылорда қаласында арнайы тактикалық оқу-жаттығу ұйымдастырылған. Соның нәтижесінде анықтама дайындалып, облыс әкіміне және Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар комитетіне жолданды.
Жалпы, өңірдегі қорғаныс бөгеттерін қайта қалпына келтіру жұмысына облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, игерілгенін айтқан Мұрат Келесов: «Авариялық-құтқару қызметтерінің техникасы мен күш-құралдары үнемі дайындықта болды. 2014 жылдың желтоқсан айында және 2015 жылдың ақпан айында Сырдария өзенінің жағдайын бақылау мақсатында облыс әкімі орынбасарының басшылығымен облыстық су шаруашылығы қызметтерінің басшылары және департамент бастығының қатысуымен «Қазәуеқұтқару» АҚ МИ-8 тікұшағымен мониторинг жасалды», – деді.
Сондай-ақ, маман облыстың жас құтқарушылары да белсенділігімен көзге түсіп жүргенін тілге тиек етті. «Өткен жылдың маусым айында Әзербайжанның Төтенше жағдайлар министрлігінің ұйымдастыруымен Габала қаласында ІІ «Жас құтқарушы» халықаралық балалар мен жасөспірімдер жарысына қатысқан облыс командасы 24 ұжымның ішінен 3-орын алды. Биыл да осы құрамда дайындық қарқынды жүргізілуде. Одан бөлек, 2014 жылы қыркүйек айында облысымызда «Нептун-2014» республикалық оқу-әдістемелік жиыны өтті. Жарыс түрінде өткен шараға елімізден және Байқоңыр қаласынан Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты 15 команда қатысты», – деді ол.
Сөз арасында Мұрат Кемелұлы жыл басынан бері облыста болған ірі төтенше жағдайларға да тоқталып өтті.
«Осы жылдың 20 қаңтарында Арал ауданында Сырдария өзеніндегі мұз үстімен ішінде жергілікті 5 адам бар және Урал маркалы мотоциклі тиелген «УазФермер» көлігінің өтпек болған. Өкінішке қарай, мұз ойылып кетіп, салдарынан автокөліктегі жанның барлығы қаза болды. «Суда құтқару қызметінің» 4 қызметкері мен 2 техника бірлігі жұмылдырылып, 5 адамның мәйіті және Урал маркалы мотоцикл жағаға шығарылды. Сонымен қатр, 17 ақпанда Сырдария ауданында орналасқан «Құмкөл Транс Сервис» ЖШС-не қарасты «Сарыбұлақ» мұнай кешенінің №212 ұңғымасына жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде 73 атмосфера қысымымен бақылаусыз мұнай аралас газдың атқылау оқиғасы орын алды. Технологиялық процесс төтенше жағдайлар департаменті және оған қарасты мекемелердің 32 қызметкері, сондай-ақ, 7 техниканың күшімен тоқтатылды. Абырой болғанда, қаза болғандар мен жарақат алғандар жоқ. Ал 24 наурызда Қызылорда қаласы, Шұғыла шағын ауданының З.Шүкіров көшесіндегі 35 пәтерге арналып, жаңадан салынып жатқан құрылысы бітпеген нысан өздігінен құлап қалды. Апат кезінде 10 адам құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан. Оқиға салдарынан 1975 жылы туған Өзбекстан азаматы қайтыс болды. Онымен қоса, 1971 жылғы Қазалы ауданының тұрғыны әртүрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Оқиға орнында төтенше жағдайлар департаментіне қарасты мекемелерден 38 адам, 4 техника, ішкі істер департаментінен 90 адам, 15 техника және Ұлттық ұланның №5547 әскери бөлімінен 5 адам, 1 техника қираған нысанды үйінділерден ашу жұмысын жүргізді», – деп қандай апат болсын, департаменттің ширақтық танытқанын назарға алды.
Мұрат Келесовтің хабарлауынша, осы жылдың бірінші тоқсаныда облыста 987 апаттық құтқару жұмыстары жүргізілген. Оған 3 233 адам және 1 247 техника жұмылдырылды. Апаттық-құтқару жұмыстарында 790 адам құтқарылса, зардап шеккен 166 жанға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Төтенше жағдайлар аумағынан 351 адам және 137 техника қауіпсіз жерге көшіріліп, 50 мәйіт шығарылған.
Сонымен қатар, арнайы 112 телефонына халықтан түскен қоңырауларға жасалған талдау бойынша 2014 жылдың І тоқсанында орта есеппен 801 қоңырау қабылданғаны белгілі болды. (101 – 3, 102 – 52, 103 – 63, құтқару жұмыстары бойынша – 144, анықтама бойынша – 51 және басқа қоңыраулар – 488). Халықты құлақтандыру мақсатында «Кселл», «Билайн» және «Алтел» операторлары арқылы облыс халқына «дабылды ескертулер», «облыс тас жолдарда автокөліктердің қозғалысына шектеу қою» туралы 935 134 абонентке хабарламалар тарату ұйымдастырылған.
Бізбен әңгімесінде департамент басшысының орынбасары осы уақытта облыста 72 өрт оқиғасы орын алып, 4 адам қаза болғанын және 6 адам зардап шеккенін айтты. «Өрт оқиғасы әртүрлі нысандарда, жеке үйлерде тіркелді. Осы мерзім ішінде 144 нысанға және 17 687 жеке тұрғын үйдің өрт қауіпсіздігіне тексеру жүргізілді. Өрт қауiпсiздiгi қағидасы талабын бұзған 6 жеке тұлғаға ескерту жасалып, 14 – жеке және 70 лауазымды тұлғаға ақшалай айыппұл салынды. Елбасының 2014 жылғы 27 ақпандағы «Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» №757 Жарлығын басшылыққа алып, облыс көлемінде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тексеру жұмыстары тоқтатылды. Осыған байланысты, күнделікті жұмыс орнында кәсіпкерлердің Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі №188-V «Азаматтық қорғау туралы» Заңы, Қазақстан Үкіметінің 2011 жылғы 30 желтоқсандағы №1682 Қаулысымен бекітілген «Өрт қауіпсіздігі қағидалары» және 2009 жылғы 16 қаңтардағы №14 Қаулысымен бекітілген «Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар» бойынша техникалық регламент талаптарының сақталуы жіті қадағаланды. Осы ретте төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарының үлесін ерекше айтып өткен жөн. Департамент тарапынан 2013 жылдан бері ай сайын «Сыр құтқарушысы» журналы өзіне артылған міндетті лайықты орындап келеді», – дейді Мұрат Емелұлы.
Мұрат Келесов 1989 жылы КСРО-ның Ішкі істер министрлігіне қарасты Алматы өрт-техникалық училищесінің курсанты бола жүріп, Таулы Қарабах жеріндегі тәртіпті қамтамасыз ету бойынша шараларға және жауынгерлік операцияларға қатысқан. Бүгінде әскери ұжымның басшысы болып отырған ол сол кездегі тәжірибесінің еңбек жолында айтарлықтай септігі тигенін айтады.
Сөз соңында сұхбаттасымыз Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекесінің тәрбиелік маңызына тоқталды. Мереке кезінде департамент ұжымы жоспарлы іс-шаралар ұйымдастырып, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерін құттықтады.
«Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өту тек бір күн емес, жыл бойына жалғасын табады. Еліміз осындай бейбіт заманда мәңгілік жасай берсін. Елбасының сара саясатының арқасында Қазақстанның дамуы қрқынды жүруде. Осы жолдан таймай, Президентіміздің «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыру жолында еңбек ете берейік. Қауіпсіздіктің алдын алу мен адам өмірін құтқару баршамыз үшін зор маңызға ие. Сондықтан осы жолда бар күш-қуатымызды жұмсауға әрдайым дайынбыз», – деді Мұрат Емелұлы.
Айгүл Нұрманова,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.