ҮКІМЕТ ҚОЛҒА АЛҒАН ӨҢІРЛІК ДАМУ БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА АШЫЛЫП КЕЛЕДІ
Төскейі төрт түлік малға, қойнауы түрлі қазба байлықтарға толы Талас ауданының ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамып келеді. Аудан тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық әл-ауқаты да жыл санап жақсара түсуде.
Әсіресе, мал-жанымен аты шыққан ауданда үстіміздегі жылдың 1 мамырына мүйізді ірі қара – 30420, қой-ешкі – 427164, жылқы – 8009, түйе –1889, үй құстары – 206476 басқа жетті. Бұл байлықты өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда, мүйізді ірі-қара – 104,8, қой-ешкі – 104,1, жылқы –102,2, түйе – 102,0, үй құстары – 103,8 пайызға көбейіп отыр екен.
Аудан, әлбетте, шөлді, жартылай шөлейтті аймаққа орналасқан. Дегенмен егін шаруашылығын да назардан тыс қалдырған емес. Мәселен, биыл 555 гектарға күздік бидай, 200 гектарға жаздық арпа, 200 гектарға дәндік жүгері егіліпті. Диқандар, әсіресе, майлы дақылдарды көптеп егуді қолға алып отыр. Яғни, 1157 гектарға күнбағыс, мақсары дақылдары егіліп, ол бүгінгі таңда талапқа сай күтіліп, бапталуда. Бау-бақшаға да барынша мән берілуде.
Таласта биылғы жылдың жаңалығы да жоқ емес. Аудан жұртшылығы үшін де, оның топырағы үшін де тың дақыл саналатын – жүзім отырғызу қолға алыныпты. Мысалы, 90 гектар жерге “Тайси роза”, “Реземат”, “Хусейн”, “Мерс” және “Дамские пальчики” секілді жүзім түрлері егіліпті. Бұл шаруа көбіне малмен айналысқан шалғайдағы ауданда бұрын-соңды қолға алынбаған іс. Оның үстіне аталған жүзім түрлері Жамбыл облысының табиғатына жаттық етпейтіні ғылыми-практикалық тұрғыдан әбден дәлелденген.
Жүзім өсірумен, негізінен, өзбекстандық мамандар өткен жылдан бері айналысып келеді. Олар жүзім егілетін алқаптың топырағын өздеріндегі ғылыми-зерттеу институттарында жан-жақты зерттеуден өткізіп, “топырақтың құрамы жүзім егуге қолайлы, құнарлы топырақ” деген қорытындыға келген. Көшеттер де арнайы дайындалып, Өзбекстаннан әкелінген. Қажетті су көзі де мол.
Ауданда жүзім өсіруден басқа да жаңалықтар жеткілікті. Мысалы, “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы “Әділет-1” шаруа қожалығы 8,0 млн. теңге көлемінде несие алып, Қаратау қаласындағы бұрынғы астық қабылдау пункті аумағында 2200 шаршы метр 2 жылыжай құрылысын аяқтап, қызанақ, қияр көшеттерін отырғызып, өнім алуда. Оның алғашқы өнімдерін аудан тұрғындары тұтына бастады. Алдағы уақытта Тамды ауылындағы С.Оңғаровтың шаруа қожалығы 1 жылыжай, Қызыләуіт ауылынан 1 жылыжай, Көктал ауылындағы “Мрамор Көктал” ЖШС 1 жылыжай құрылысын салады деп күтілуде.
Сонымен қатар, алдағы уақытта Ойық ауылында жеміс өнімін жинап өңдейтін, жеміс шырынын және өнімдерін дайындайтын цех ашылып, Ақкөл ауылында дайындалған жеміс-жидек өнімдері сақталатын орталық қойма салынып, осы жерден сұраныс бойынша тиісті жерлерге жөнелтіліп отыратын болады.
Қарт Қаратауды жайлаған ауданда фосфорит, табиғи газ, мәрмәр тас және әк кешенді түрде өндіріледі. Үстіміздегі жылдың 4 айында аудан өнеркәсібінің басты саласында өндірілген өнімдердің көлемі 1354,5 млн. теңгені құраған. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда өндірілген өнімдердің физикалық көлем индексі 141,2 пайызға артқан. Ал облыстың өнеркәсіп өнімдерінің физикалық көлем индексі 117,2 пайызды құрап отыр. Сондықтан бұл салада облыс бойынша Талас Қордай ауданы, Тараз қаласынан кейін үшінші орында тұр.
Ауданның индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру мақсатында да ауқымды жобалар қолға алынуда. Облыстың индустриялық картасына ресейлік “Еврохим-Удобрения” компаниясы 2008 жылдың қыркүйек айында тендер арқылы жеңіп алған “Сары-Тас” АҚ негізінде қазіргі “Сарытас Удобрения” ЖШС-нің жобасы енгізілген. Жобаны іске қосу үшін “Аралтөбе”, “Кесіктөбе”, “Гиммельфарб” кен орындарын беру жөнінде тендер нәтижесі күтілуде. Жұмысын бастауға алғашқы кезекте 1,0 млрд. Ресей рублінен астам қаржы бөліну жоспарлануда. Қазіргі уақытта газ және су мәселелері бойынша техникалық мәселелер шешілуде. Кен орнында жылына 2,0 млн. тонна азот, фосфор тыңайтқыштарын шығаратын әлемдегі ең ірі зауыттардың бірінің құрылысы жүргізіліп, мұнда 2000 адам жұмысқа қабылданатын болады. Жобаның жалпы құны 2630 млн. АҚШ доллары. Бұл облыс көлемінде ірі жобалардың бірі болып саналады. Дегенмен, етектегі ел зор үмітпен қарап отырған “Еврохим-Удобрениенің” ісі кешіккен сайын көңіл алаңдай береді. “Сондықтан Үкіметтегі тиісті шенеуніктер мен министрліктер және облыс әкімдігі болып Жамбыл фосфорының жаңа тынысын ашуды тездетсе” дейді әлгі 2000 жұмысшының бірі болудан үмітті тұрғындар.
“Қазфосфат“ ЖШС “Шолақтау“ тау-кен өңдеу кешеніндегі ұсақтау фабрикасы негізінде жылына 100 мың тонна цемент шығаратын зауыт құрылысын жүргізіп, бүгінгі күнге тәжірибе ретінде 200 тонна цемент шығарылыпты. Ол тұтынушыларға да өткеріле бастаған. Ал “Senur-Oіl” ЖШС бұрынғы “Қаратау мұнай өнімдері” АҚ мұнай базасының алаңында орналасқан. Қазіргі уақытта мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қуаттылығы жылына 25,0 мың тонна мұнай өндіретін зауыт іске қосылды.
Ауданға үстіміздегі жылдың 4 айында 237,6 млн. теңге инвестиция тартылыпты. Оның ішінде республикалық бюджеттен 99,5 млн. теңге, облыстық бюджеттен 5,5 млн. теңге, кәсіпорындар мен ұйымдардың өз қаражаттары есебінен 36,0 млн. теңге бар.
Биылғы жылы аудандық мәндегі Қойгелді-Қаратау-Көктал-Ақсай жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 8400 мың теңге, облыстық мәндегі Ақкөл-Ойық-Ұланбел жолының 20 шақырымын орта жөндеуге республикалық бюджеттен 116,3 млн. теңге бөлініпті. Сонымен бірге, “Жол картасы” аясында Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас-Саудакент автомобиль жолының 56-82 шақырымы аралығын орта жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен 85,2 млн. теңге, осы жолдың 82-97 шақырымы аралығын орта жөндеуден республикалық бюджеттен 84,7 млн. теңге қарастырылған.
Тұрғын үй құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламасын орындау мақсатында аудан бойынша 716 шаршы метр жеке тұрғын үй құрылысы іске қосылғаны да көңілге қуаныш ұялатады. 2009 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда бұл бағыттағы жұмыстар 7 есеге артық орындалғанын ескерсек, таластықтардың атамекенінен үдере көшуі толастап, кіндік қаны тамған жерге тұрақтау үрдісі байқалғанын көреміз.
“Балапан” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Қаратау қаласынан екі балабақша ғимараты кері сатып алыныпты. Оларды күрделі жөндеуден өткізуге де қаржы бөлінген. Сонымен қатар, Көшек ауылындағы Жамбыл орта мектебін қайта салуға 100000 мың теңге, Тамабек ауылындағы Амангелді орта мектебін қайта соғуға 100000 мың теңге бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, қазір мемлекеттік сараптамадан өткізілу үстінде. Біз бұған дейін бір өзінен кезінде 11 Еңбек Ері және ана тілі үшін айылын жимаған Шона Смаханұлы сияқты қайраткер ақын шыққан Тамабек ауылындағы мектептің апатты жағдайда тұрғанын айтып, бірнеше рет мәселе көтергенбіз. Оған, міне, жергілікті билік пен облыс әкімдігі түсіністікпен қарап, бүгінде осы игі іс қолға алынғалы отыр екен.
“Жол картасы” аясында атқарылған қыруар жұмыстар да аудан еңсесін көтеріп тастапты. Мәселен, өткен жылы 16 нысан бойынша 706735 мың теңге игерілсе, биылғы жылы қаржы көлемі мен нысан саны одан әрі ұлғая түскен.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы, Талас ауданы, Қаратау қаласы.