Ежелгі Псков жеріндегі бауырластар зиратында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұловамен қатар жатқан, ерлікпен қаза тапқан қызыләскер Ділдахан Үдербаевтың қабірінің басында 69 жыл 3 ай және 26 күннен кейін рухына бағышталып қасиетті Құран оқылған еді.
2014 жылғы мамыр айының тамылжыған бір күнінде Псковқа өзінің іңгәлаған нәресте кезінде қан майданға аттанған қымбатты әкесінің қабірін көруді аңсаған, әзиз әке рухына туған жердің бір уыс топырағын бұйыртуды көксеген Гүлжахан Ділдаханова соншама алыс қиырдан перзенттік асыл парызын арқалай, үлкен толғаныспен жетіп еді. Жалғыз емес, қасында қаумалаған ұлы мен қызы Сәбит пен Венера, ержетіп қалған немерелері Асқар мен Нұржан бар. Қаншама жылдан кейін сабыла іздеп, аталарының Отан үшін шейіт болған жерін, мәңгілік жай тапқан мекенін де тапқан солар, балалары, балапандары. Қан майданның қасабында ел-жұрты үшін қасық қанын қиған сайыпқыран сарбаздың немерелері мен шөберелері. Хабарланып отырған псковтық достар қарсы алғаннан кейін шамалы уақыт өткенде қазақстандық жоқ іздеуші жолаушылар бірнеше мәшинемен тақтайдай тегіс асфальт жолдың үстінде Новосокольники ауданын бетке алып, сондағы Монаково селосының маңындағы бауырластар зиратына қарай заулап бара жатты.
* * *
Сірә, «Мойынқұмда ауылым» деп әнге қосылған өңірді білмейтін, өзінше көзіне елестетпейтін қазақ жоқ болар. Біздің толғамның бас кейіпкері Ділдаханның да ауылы, туған жері осы бар қазаққа белгілі Мойынқұм екен. Мал бағып, қойын құрттап, айранын ұрттаған Үдербай деген шаруа кісінің отбасында 1915 жылы дүниеге келіпті. Алдында Жұбайділда, Әбділда атты ағалары бар. Ділдахан көзінде от жалындап, жігерлі де ақылды болып өседі. Қаршадай бала кезінен қазақ ауылының сол бір сұрқай заманға тән қиындықтарының бәрін көреді. Сол тұстағы жұпыны ауыл мектебінде сауатын ашады. Одан кәмпескесі бар, колхоздастыруы бар қияпат жылдар Ділдахандардың буынын да ерте есейтеді, өмір күресіне ертерек кірістіреді. Жастығына қарамастан, өз ортасындағы беделі зор, білім-білігі мол Ділдаханды Жаңатірлік ауылдық Кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындайды. Ауылдың басшы әрі басты адамдардың біріне, елдің мұң-мұқтажына қарайласар ат үстіндегі азаматқа айналады. Көпшіл, қайырымды да қамқоршыл болса керек. Кең маңдайлы, ақылына сабыры сай тұрпатты жігіт қылшылдаған қыран жиырма бесінде ауылдың бір тұлғасына айналады. Өзімен тең құрбы, сүйіп қосылған жан жары Күләтайымен бақытты өмір сүре бастайды.
Міне, осы кезде лаңдатып сұм да сұрапыл соғыс басталыпты. Ел өмірі күрт өзгеріп, жаңа жойқын арнаға түседі. Барша тыныс-тіршіліктің беті майданға бұрылады. Ер-азаматтар лек-легімен, топ-тобымен ел қорғауға аттанып кетіп жатады. Ауыл-аудандағы осындай қарбалас, қат-қабат шаруаларды ұйымдастырудың бел ортасында бұл шақта қату қабақты, жасын жанарлы Ділдахан жүріпті. Соғысқа алғашқы күндерден-ақ сұранса да Жаңатірлік ауылдық Кеңесінің төрағасын аупартком мен аудандық әскери комиссариат қызмет бабында қажеттігін ескеріп, жібере қоймапты. Ол екі ортада өмірге іңгәлап тұңғыш әрі жалғыз тал сәбиі Гүлжахан келеді. Түбінде әке шаңырағының түтінін өшірмейтін, әке аруағын риза ететін осы кішкентай қыз боларын ол кезде кім болжалдап, кім біліпті?! Осылайша адамдардың тағдырында қасірет пен қуаныш, күйініш пен сүйініш қатар жүреді. Күндер сырғып, айлар жылжып, уақыт өткен сайын Ділдахан да дегбірден айырылады, ер намысына басып, бұдан әрі шыдап отыра алмайды. Ақыры, қояр да қоймай сұранып жүріп майданға аттанады. Бұл 1942 жылдың ызғарлы желтоқсаны екен. Алматыда жасақталып жатқан әскер бөлімдерінің құрамында майданның алғы шебіне жөнеліп, онда, дес бергенде, Панфилов атындағы атақты 8-ші гвардиялық дивизияның құрамындағы 23-ші атқыштар полкіне қарасты, 2-ші батальонның 2-ші минометшілер ротасына қосылады.
Біздің қолымызда әзірге гвардияшы қызыләскер Ділдахан Үдербаевтың ұрыстағы қимыл-әрекеттері, нақты ерліктері жайлы деректер азырақ. Бірақ қазақтың намыскер ұланының ерлікпен шайқасқанына күмән жоқ. Ол құрамында болған әскер бөлімінің майданның өне бойындағы қайтпас қайсар, даңқты жолы да осы ойымызды айғақтай түскендей. Әттең дүние, Ділдаханның жары Күләтайға үзбей жазған хаттары сақталмай қалған. Оларда майдан өмірінің, кескілескен ұрыстардың біраз сырлары шертілген-ақ болар. Ең үлкен өкініш сол, алыстағы ұрыс даласынан ақша бұлттай арлы сағыныш арқалап келіп тұратын сол хаттар 1944 жылғы қаңтардың ортасынан ауа пышақ кескендей сап тыйылды.
Иә, бәрі есінде. Гүлжаханның кішкентай кезі. Қос бөлмелі жұпыны қоржын тамда әжесі Өрік, анасы Күләтай үшеуі тұрады. Әкесінің екі ағасы да соғысқа кеткен. Ол кісілердің отбасылары бөлек. Ер азамат соғысқа кетсе, бар азап әйелдің басына түседі екен ғой. Сол айтқандай, қызыләскер Ділдаханның жары да колхозда соқа айдап, шөп шауып, қара жұмысқа жегілді. Ауылдың сыртында Қырыққазық деген жер бар дейді. Сол арадағы үйілген маялардан түкірік жерге түспейтін қақаған аяздарда малға шөп тасиды. Арба айдайды. Қысы-жазы бітіп болмайтын итырғылжың жұмыс.
Сол бір жаралы жылдардан тағы бір есте қалғаны, анасының арба айдағанда айтатын мұңды әндері, зарлы әуендері. Былай болып келеді кейбір шумақтары:
Алматы – Мәскеу арасы,
Көздің ақ пен қарасы.
Айырылып келіп елінен
Қырылды қазақ баласы.
Жиырмаға жетпей жастары,
Қағылмай кетті-ау қастары.
Оқ тиген жерде қалады-ау,
Оңға да түспей бастары...
Осылай зарлы әнін айта жүріп, Отан үшін, ел үшін қыршыннан қиылып, оқ тиген жерде қалған қаншама қазақ баласының ішінде өзінің асыл азаматы Ділдахан да болғанына қайран әзиз жар Күләтай ана сенбей өтіпті. Соғыс туралы кино бола қалса ішінен Ділдаханды көріп қалам ба деп соған көз алмай қарап отырады екен. Екі сөзінің бірі: «Ділдаханның көзі ашық, сауатты ғой. Жоқ, ол өлген жоқ, ол келеді, оралады. Түбі бір жерден шығады» деп үмітін үзбейді. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген қазақтың сөзін ұстанып, өмір бойы ерін сарғая күтумен болыпты. Ақын айтқандай, әуелі арды ойлаған ана әлі солқылдаған жас шағында талай жақсы кісілер сөз салса да, екінші қайтара күйеуге шықпапты.
Қайсар ана, қаралы жесір жауынгер жарының жалғыз тұяғын өзі жеткізді. Бәріне шыдады, бар қиындықты жеңді. Құдай пейіліне берді. Әлпештегеніне қарай Гүлжаханы ақылына көркі сай, мейірімді, зейінді қыз болып өсті. Алматыдағы Қыздар педагогикалық институтының кітапхана факультетін оқып бітірді. Өзі сияқты жас маман, қаржы саласының қызметкері Хамит Баймұрзаев деген жақсы азаматқа жарасымды жар болды. Осылайша қамкөңіл анасының үмітін ақтап, қапалы жанын жадыратып, алтын асықтай жиен немерелер сүйгізді. Қолын жылы суға малып, қиын күндерін ұмыттырып артта қалдырды. Қызмет бабында да абыройлы жүрді. 14 жыл бойы үздіксіз Шу қаласындағы №37 балабақшаның меңгерушісі болды, одан 12 жыл қатарынан қалалық мәдениет бөлімін басқарды. Сол кездерде мәдениет саласы қызметкерлерінің, кітапқұмарлардың, «Білім» қоғамының Мәскеуде өтетін съездеріне Қазақстаннан, Жамбыл облысынан лайықты делегат болып Гүлжахан Ділдаханова қатысып тұрар еді. Сан мәрте сайланған депутаттығы өз алдына, бұған қоса, Қазақ КСР халыққа білім беру ісінің үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атақтарын еншілеуі де соғыстан қайтпаған жауынгерден қалған жалғыз тұяқтың пешенесіне жазылған бақ, еңбегіне сай көрсетілген ел құрметі еді. Кейінірек тағы да өткендегі еңбектерін елеп «Шу ауданының құрметті азаматы» атандырып, мерей-мәртебесін өсіре түсті.
Тек көкейінде көп жылдардан бері күрмеуі шешілмей келе жатқан бір түйін болатын. Сонау соғыста құрбан болып, елге қайтпай қалған әке сүйегі қай жерде бір төмпешік болып жатыр екен? Қабірі қайда? Қай жерде, қайсы ұрыста, қандай жағдайда қаза тапты? Есейіп ес білгесін әр жерге жазып іздеп те көрді. Бірақ еш хабар ала алмаған. Содан арнайы Мойынқұм тарабына барып, өзіне нағашы болып келетін Кеңес Одағының Батыры Әли Асылбеков деген ардагерге жолықты. Бұрын да еміс-еміс еститін, әкесімен соғыста бірге болған деп. Рас екен. Бірге соғысқан. Қайтпай шайқасатын өжет еді Ділдахан, дейді. Сескенуді білмейтін. Жауды жайпап алға ұмтылатын. Сондай бір атакада алғы шепке тым ұзап кетіп, оқ қақ маңдайдан тиіпті. Әли сонда сол ұрыста бірге болған, өлгенін де көрген. Оппа қарға шаншыла көміліп қалыпты, аяғының ұшы ғана шығып жатыр екен дейді. Сол арада Ділдаханды өз қолымен жерлейді. Сөйтіп, осыдан көп жылдар бұрын майдандасы Әли Асылбеков қызы Гүлжаханға Ділдахан Үдербаевтың Панфилов дивизиясының құрамында Ресейдің Белоколуцк облысы, Новосокольники ауданындағы Прискуха деревнясы маңындағы Насва стансасы үшін болған кескілескен ауыр ұрыстарда 1944 жылдың 16 қаңтарында ерлікпен қаза тапқаны жайлы айтып, одан соң жазып та беріп, әке хабарын алғаш естірткен екен.
Кейін Гүлжахан апайдың іздеу жұмыстарын жалғастырған балалары Сәбит пен Венера Әли Асылбеков жазып берген осы деректерді негізге алды. Олар ғаламтор арқылы да іздеді. Қызыләскер Ділдахан Үдербаевтың майдандағы тағдырын, жерленген жерін анықтауды сұраған анкета-сауалды Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің Орталық архивіне де жолдады. Осыған қатысы бар-ау деген басқа тиісті ресми орындарға да жазудан бір жалықпады. Сол жанкешті құлшыныстары зая кетпеді. Іздеген жетті мұратқа. Майдангер аталарының жатқан жерін, мәңгілік мекенін ақыры немерелері Сәбит пен Венера Баймұрзаевтар іздеп тапты. Насва стансасы үшін болған ұрыста 1944 жылдың 16 қаңтарында ерлікпен қаза тапқан қызыләскер Ділдахан Үдербаевтың Новосокольники ауданындағы Монаково селосының жанындағы бауырластар зиратына жерленгендігі жайлы қарлығаш хабаршы 2013 жылдың қыркүйегінде жетіп еді. Онда мемориал орнатылған көрінеді. Жерлеу нөмірі – 1121. Құжатта Үдербаев Ділдаханның аты-жөні көрсетілген. Барлық басқа деректері де сәйкес келеді әрі анық.
* * *
2014 жылдың 13 мамыры. Монаково маңайы манарлана толықсып, көкорайға бөгіп тұр. Шуақ төккен осы бір сырбаз күннің сырлы ғажабы осындағы бауырластар зиратын алыс Қазақстаннан іздеп келушілердің де көңіл толқынымен астасқандай. Бауырластар зиратындағы қызыләскер Ділдахан Үдербаевтың қабірінің басында осы күнді ондаған жылдар бойы зарыға аңсап күткен қызы, бұл күнде өзі де өркен жайған үлкен бір әулеттің анасы, әжесі болған Гүлжахан апай тұрды егіліп. Қабір бетіндегі тақтада «Красноармеец. 8-ая Гвард. стрелк. див. УДЕРБАЕВ ДИЛЬДАХАН. 1915-16 января 1944» деп жазылған. Боздақ ата қабірінің басына қос немересі Сәбит пен Венера тағзым етті. Шөберелері Нұржан мен Асқар қабірді құшақтап: «Айналайын ата, осы жерде жатыр екенсің ғой!» деп боздап жылап жіберді. Гүлжахан апай әке қабіріне елден ала барған бір құты топырақты салып, сөйтіп боздақ әкесіне туған жерінің бір уыс топырағын бұйыртты.
Бауырластар зиратында жатқан барша қазақ баласына, оның ішінде алдымен халқымыздың даңқты қызы Әлия Молдағұлованың басына да құран оқылды. 54-ші жеке атқыштар бригадасының мергені батыр Әлия Новосокольники қаласын, Монаково, Прискуха, Казачиха деревняларын, Насва стансасын, басқа да елді мекендерді азат ету жолындағы бірнеше аптаға созылған қиян-кескі ұрыстарда өшпес ерлік жасап, 1944 жылдың 15 қаңтарында қаза болғаны тарихтан белгілі. Міне, осы ұрыстарға қазақтың тағы бір қайсар ұланы Ділдахан Үдербаев та қатысып, ол да ерлікпен көз жұмған. Псков облысы Новосокольники ауданының басшысы В.Соловьев «Новосокольники. Земля, опаленная войной» атты Новосокольники қаласын азат етудің 65 жылдығына арналған деректі кітаптың алғысөзінде: «Новосокольники ауданын азат ету барысында әртүрлі ұлттардың 14 мыңнан астам жауынгерлері жандарын қиды» деп жазады. Міне, сол боздақтардың бел ортасында Ділдахан Үдербаев та өліспей беріспей шайқасқан болатын. Осы кітапта, әсіресе, 1944 жылдың 14-16 қаңтары аралығында аудан атырабындағы барлық бағытта қиян-кескі қидаласқан, қан қасап ұрыстардың болғандығы айғақты құжаттармен айтылады. Онда дәл осы күндерде 54-ші дербес атқыштар полкі батальонының қатты бораған жау оғына қарамастан 8-ші гвардиялық дивизияның шаңғылы батальонымен тізе қоса қимылдап, 700 метр алға жылжып, шабуылдаушы шепке шыққаны келтіріледі. Снайпер Әлия Молдағұлова да, минометші Ділдахан Үдербаев та осы екі батальонның ішінде. Олардың нағыз ерлерше шайқасып оққа ұшуы да осы күндерде. Соғыс тарихы шежіресінің тасқа басылып, құжаттарға тоқылып қалған шерлі де шыншыл баяны осындай. Боздақ әке рухын қастерлеген алғыскер ұрпақтар Әлия Молдағұлова атындағы мектепке барып, батыр апамыздың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюды да естен шығармады.
Гүлжахан апай айтады: «Соншама жылдан кейін басына барып, жылап-еңіреп, әкем жаңа өлгендей болдым сонда мен. Үйге оралғасын да неше күн бойы жөндеп есімді жия алмай жүрдім. Көңілім босады. 70 жылдан кейін табылғаны, оңай емес қой, енді... Жалғыз тал ұрпағы мен қалмасам, ол табылар ма еді. Кім іздейді? Қураған қу сүйек, құран оқылмай, тәу етілмей айдалада қала берер ме еді? Құдайға шүкір! Менен туған балалар соны тапты. Бауырластар зиратының күтімі жақсы көрінеді. Арнайы күзетші, бізше айтқанда, шырақшысы бар екен. Жан-жағының бәрін тазалап, шөбін жұлып, гүлін өсіріп, кәдімгі көкпеңбек көкорай етіп қойған. Ауданының басшысы бар, басқасы бар, бізді орыс ағайындар өте жақсы қарсы алды. Әке алдындағы парызды өтеуге бар мүмкіндікті жасады. Рахмет. Жалпы, ресейліктер өткен тарихты, соғыста бүгінгі бейбіт өмір үшін құрбан болған ерлерді қатты қастерлейді екен... Майдангерлерге, Отан үшін от кешкен боздақтарға біздің елімізде де құрмет ерекше. Әсіресе, Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске Елбасымыздың ілтипаты зор. Сол үшін ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа майданда жан қиған жауынгердің ұрпағы ретіндегі алғысым шексіз. Ресей еліндегі сапарымның сәтті болуы да, сайып келгенде, сол кісінің бейбітшіл, сара да дана саясатының арқасы. Осы көреген саясаттың арқасында әкемнің рухымен табыстым. Сөйтіп, әке қабірін көргеннен кейін жаным жұбанды. Аруақ разы болған шығар. Басына барып келгенше ылғи зілқаратастай басып көңілімде тұратын. Құран бағыштап, туған жерінің бір уыс топырағын бұйыртып, барып келгеннен кейін көңілім жайланды...».
...Гүлжахан апай алыстағы әке басына барып келгеннен кейін Мойынқұмда ел-жұртын жинап, құдайы тамақ берді. Қыз да болсаң, ер азаматтың ісін істедің, өлгенді тірілттің, өшкенді жандырдың деп ондағы ағайын қауым, үлкен ақсақалдар жағы да риза. Биыл, құдай қаласа, Жеңістің 70 жылдығының да орайы келіп тұр, әке-шешесінің 100 жылдығына арнап ас бермекші. Айналайын балалары, ұрпағы аман болса, әкесі Ділдаханның рухы өшпейтініне Гүлжахан апай бек сенімді.
...Көз алдыма мына бір сәт қайта-қайта келеді.
Имам марқұм Ділдахан Үдербайұлына бағыштап құран оқыды. Бір ғажап нәрсе, құран оқылып жатқан шақта Жаратқанның осы тілекті қабыл етіп, аруақтың риза болып шаттанғанын білдіргендей, Бауырластар зиратының бір шетіндегі ұстынды сынтастың ұшар басындағы ұяға ләйлек құс келіп қонды. Ол қанатын қомдай қозғалтып, шаттық сезімін жария еткендей, тәу етуші жұртқа зер сала бақылап, тербетіліп, ұзақ қарап тұрды. Ең бір кереметі – осының бәрі дәл сол сәттерде бейнекамераға түсіріліп қалған. Оны біз де көрдік. Ақын жүрек шым-шым етіп өтті. Тіл ұшына өлең шумақтары орала берген...
Жаспен шылап көңілімнің әйнегін,
Құран сөзге ұйыдың-ау, ләйлегім.
Аңсар жайын сен білерсің, текті құс,
Сен табарсың зар сағыныш айла-емін.
Әр жүрекке бір-бір шер боп байланған,
Жер-жаһанды топан судай қайғы алған
Қан майданда қайтпай қалған ерлердің
Рухы сен бе ләйлек құсқа айналған?!
Ләйлек-Рухым тау қайғыны құлатқан,
Сен боларсың шырақшыдай шуақ таң.
Бәйіт айтып мың сан бейіт басында
Періште ме ең боздақтарды жұбатқан?!
...Иә, ләйлек құстың шаттығы – әке рухы шаттанғанының белгісі. Себебі, әлемнің барлық халықтарының наным-сенімінде ләйлек ізгілікті сипаттайды, күн сәулелі құс, жақсылық хабаршысы деп есептеледі. Ата-бабаларға, ата-анаға деген құрмет пен сүйіспеншілікті, олардың алдындағы перзенттік парызды паш етеді. Ендеше, біздің ләйлектің де әке рухымен баласының қауышқанына, ата рухымен немере-шөберелерінің табысқанына, аруаққа қаншама жылдан кейін қасиетті Құран бағышталғанына шаттануы қандай ғанибет.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ.