Ел мерейін өсіріп, айбынын асырған бұл парадқа 4778 әскери қызметші, 227 бірлік қару-жарақ пен әскери техника, сондай-ақ, әскери авиацияның 70 ұшағы мен тікұшағы қатыстырылды. Сонымен қатар, Қазақстан Қарулы Күштерінің техникаларынан бөлек, Ұлы Отан соғысы кезінде кеңінен қолданылған қару-жарақ түрлері де көрсетілді.
Айта кетейік, осы әскери шараға Қарулы Күштеріміздің әскери қызметшілері мен әскери техникасы рекордтық көлемде тартылды.
Халқымыздың рухын көтеріп, еліміздің абыройын асырған бұл әскери шеруге «Даңқ», «Айбын» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев басшылық жасады. Парад басшысы әскери бөлімдерді сапқа тұрғызғаннан кейін Мемлекеттік туды және Жеңістің Қызыл туын алаңға алып шығуға әмір берілді.
Ту ұстаушылар тобын Мемлекеттік күзет қызметі «Айбын» Президенттік полкі рәсімдік батальон командирінің орынбасары, майор Қанат Әзімбаев бастап шықты. Ол – Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы республикалық әскери мектеп-интернаттың түлегі. Ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Мемлекеттік күзет қызметі Құрмет қарауылы ротасының бөлімше командирі, сержант Әділхан Асанханұлы ұстады. Оның ассистенттері Құрмет қарауылы ротасының сержанттары Арынғазы Арғын мен Дәукен Мейірханов болды. Сондай-ақ, осыдан 70 жыл бұрын отандасымыз Рақымжан Қошқарбаев пен оның жауынгер досы Григорий Булатовтың Рейхстагқа тіккен туының дәл көшірмесі – Жеңістің Қызыл туын алаңға Құрмет қарауылы ротасының сержанты Ақжолбек Болатаев көтеріп шықты. Оның ассистенттері ретінде аталмыш ротаның сержанттары Айдархан Байсалов пен Ербол Асмановтың есімі аталды. Жеңістің Қызыл туын желбіреткен бұл жігіттерге Құрмет қарауылы ротасының басшысы, аға лейтенант Хасен Жасболатұлы жетекшілік етті.
Еске сала кетейік, Ұлы Отан соғысы жылдары Жеңістің Қызыл туы астында қазақстандық жауынгерлер Мәскеу, Сталинград, Курск түбіндегі қанды шайқастарда ерліктің қайталанбас үлгісін көрсете білген-ді. 1945 жылдың 30 сәуірінде қазақ батыры Рақымжан Қошқарбаевтың Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккені баршамызға белгілі. Осынау даңқты ерлігі үшін оған «Жауынгерлік Қызыл Ту» ордені тапсырылды. Ал 1999 жылдың 7 мамырында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Халық Қаһарманы атағы берілді.
Сонымен, Мемлекеттік Ту мен Жеңістің Қызыл туы салтанатты жағдайда әкелінген соң алаңға Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов шықты. Оған генерал-лейтенант Мұрат Майкеев Қарулы Күштер әскерлерінің сапқа тұрғызылғанын баяндады.
Бұл кезде алаңда Қорғаныс министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің шеруші топтары сақадай сай дайын болатын. Ал әскери салтанатты шеруге қатысатын механикаландырылған лек қозғалу үшін бастапқы шепке орналастырылған-ды. Сонымен қатар, аэродромда ұшақтар мен тікұшақтар көкке көтерілуге әзір тұрды.
Жалпы, Қарулы Күштердің қуатты әлеуетін көрсету қай кезде де халықтың туған елге, жерге деген мақтаныш сезімін оятып, рухты асқақтатып, әскердің Отанды қорғау қабілетіне деген сенімді нығайтады.
Осыдан 23 жыл бұрын Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған болатын. Осы аралықта әскеріміз дамудың күрделі жолынан өтіп, қазіргі таңда заман талабына сай қалыптасты. Жоғары кәсіби, ұтқыр, заманауи қару-жарақпен және техникамен жарақтандырылған армия Тәуелсіз еліміздің айбынына айналды. Адалдық үшін айтып өтуіміз керек, осынау іргелі істің жүйелі түрде жүзеге асуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сіңірген еңбегі өлшеусіз.
Қазақстан Республикасының Конституциясында көрсетілгендей, ел Президенті Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы болып табылады. Әр азамат Отан қорғаушы санатына қосылғанда, Қазақстан халқына және оның Президентіне адал болуға ант береді. Қазіргі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында еліміз ынтымақ пен келісімнің, тұрақтылық пен орнықты дамудың ордасына айналып отыр.
Сағат 11.00-де «Қазақ Елі» алаңына парад көлігімен Елбасы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев шықты. Әскери сап алдында Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас қолбасшыға әскерлердің Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне арналған парадқа дайын екенін баяндады. Іле Елбасы парад автокөлігімен әскери қызметшілер сапын аралап, парадтық есептоптарға амандасты.
Мінбеге көтерілген Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды және әскери шеруге қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен, Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады.
– Қымбатты отандастар! Құрметті сардарлар мен сарбаздар! Отан қорғаушы күні және Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы құтты болсын! Осыдан 23 жыл бұрын дәл осы күні менің Жарлығыммен Қазақстанның Қарулы Күштері құрылды. Бүгінде ол – кәсіби сарбаздар мен заманауи жарақтардан тұратын айбынды Армия. Біздің әскеріміз ұлан-ғайыр даламыздың әрбір қадам жерін қапысыз қорғауға қабілетті. Біз – бабалардың ерлік жолын қастерлеп, елдік жолын жалғаған ұрпақпыз. Қанымызға сіңген қастерлі борышты антына адал ерлеріміз қазір де абыроймен атқаруда. Ер азамат үшін туған жердің тұтастығын, туған елдің тыныштығын күзетуден асқан абырой жоқ. Сіздердің қызметтеріңіз – ел тәуелсіздігінің және халқымыздың болашаққа сенімінің кепілі, – деді Елбасы.
Бұдан кейін Президент өз сөзін Жеңістің 70 жылдығы мерекесіне бағыттады.
– Екі күннен соң Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл болады. Адамзат тарихындағы ең алапат соғыстағы Ұлы Жеңіске біздің халқымыз өшпес үлес қосты. Майданға аттанған 1 миллион 200 мың жерлесіміздің тең жартысы ерлікпен қаза тапты. 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды. Соғыс жылдарында бүкіл халқымыз тыл жұмысына жұмылып, жеңісті жақындатуға еңбек сіңірді. Қас дұшпанға қарсы атылған әрбір он оқтың тоғызы қазақ жерінде жасалды. Әкелеріміздің ерлігі мен аналарымыздың еңбегі ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Біздің жеңістеріміздің тарихы – патриотизм мен ел бірлігінің нағыз үлгісі. Біз Ұлы Жеңісті мәңгі ұлықтап өтеміз, – деді Президент.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті бес институттық реформаны жүзеге асыру жаңа ұрпақ үшін даңғыл жол ашатынын жеткізді. Аталмыш реформа Қазақстанның өркендеуіне, әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына қосылуына өз үлесін қосады. Ал біздің бұған дейінгі жетістіктеріміздің барлығы жаңа асуларды бағындыруға ынталандырады. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев:
– Биыл 20 жылдығын атап өтіп жатқан Конституцияның бірінші бабы: «Біз, Қазақстан халқы» деп басталады. Бұл – көпұлтты халық бірлігінің мызғымас формуласы. Біз ең басты құндылықтарымызды – тәуелсіздікті, татулық пен тұрақтылықты ғасырдан ғасырларға сақтауға тиіспіз. Барлық мемлекеттік институттардың және әрбір қазақстандықтың парызы – осы құндылықтарды қорғау. Отан қорғаушылардың алдыңғы қатарында біздің айбарлы Қарулы Күштеріміз тұр, – деді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің әскери қызметшілеріне сөз арнады.
– Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде мен еліміздің әрбір әскери қызметкеріне үндеу жасаймын. Сіздерге биік міндет – Қазақстан егемендігі мен азаматтардың тыныштығын қорғау жүктелген. Осы қасиетті парызды адал орындаңыздар. Бүгін біздің айбынды жауынгерлеріміз осы алаңнан салтанатты шеру тартып өтеді. Бұл – Ұлы Жеңіске және Отан қорғаушы күніне көрсетілген құрмет, – деді.
Елбасы өз сөзін: «Қымбатты қазақстандықтар! Еліміздің шебі бүтін, шекарасы берік болып, Отанымыз тыныштыққа бөлене берсін! Мәңгілік Елімізде мызғымас бейбітшілік болсын! Байрағымыз биікте желбіреп, абыройымыз асқақ болсын! Айбынды Армиямыз жасасын! Қазақстан жасасын!», – деп түйіндеді.
Президент сөзінен кейін Әнұран шырқалып, одан кейін парад басшысы, генерал-лейтенант Мұрат Майкеев салтанатты шеруді бастауға бұйрық берді. Парадтағы жаяу тізбектер шеруін Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің барабаншылар ротасы бастады. 1999 жылғы 4 қарашада мектептің ашылу рәсімі осы арнайы оқу орнын құру идеясын ұсынған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен болатын. Осы жылы мектепке өмір жолы өнегеге толы армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі берілген-ді. Қазіргі таңда бұл оқу орнының түлектері өздерінің саналы ғұмырларын Отанға қызмет етуге арнап жүр. Құрылғалы 16 жыл өткен, жеткіншектердің бойына тәртіп пен Отанға адал қызмет етудің игі дәстүрін сіңіріп келе жатқан бұл «Жас ұлан» мектебінде дәріс алып жүргендер – еліміздің барлық өңірлерінен келген үлгілі, озат оқушылар.
«Жас ұлан» мектебі өкілдерінің соңынан Ұлы Отан соғысы уақытындағы әскери форма үлгісін киген парадтық үш топ ілесті. Бірінші топ Ұлы Отан соғысы кезінде құрамында біздің жерлестеріміз соғысқан 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлік туының көшірмесін ұстап өтті. Жиылған жұртшылық Ұлы Отан соғысындағы аңыз қару аталған «Максим» пулеметтерін өз көздерімен көрді.
Одан кейін Қарулы Күштердің қазіргі заманғы парадтық есептобы көрінді. Олардың ізін ала Қорғаныс министрлігінің есептобы бой көрсетті. Құрлық әскерлері – армиямыздың негізгі екпінді күші. Қарулы Күштердің бұл түрі саны жағынан ең үлкен және жауынгерлік міндеттердің кең ауқымын атқаратын маңызды бөлігі саналады. Құрлық әскерлерінің құрамына мотоатқыштар, танк, артиллериялық бөлімдер, теңіз жаяу әскерлері, десантты-шабуылдаушы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бригадалары кіреді. Іле Әуе қорғанысы күштерінің парадтық есебі сап түзеді. Олардың негізгі мақсаты – Отанымызға көктен төнген қауіптің алдын алу, әскери нысандарымызды әуе шабуылынан қорғау, басқа да қарулы күштерге әуеден қолдау көрсету. Қазіргі уақытта Әуе қорғанысы күштері заманауи қару-жарақтармен және кәсіби мамандармен қамтамасыз етілген. Соның арқасында олар өздерінің мүмкіндіктерін дәлелдеп келеді.
Салтанатты шеруді Әскери-теңіз күштерінің парадтық есептобы жалғастырды. Олар еліміздің теңіз шебіндегі қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Дәлірегі, Әскери-теңіз күштерінің жеке құрамы өз міндеттерін табысты орындап, еліміздің теңіз шебін сенімді күзетуде. Аз ғана уақыттың ішінде мамандар дайындау жүйесі қалыптасқанын, еліміздің әскери-өнеркәсіп кешені әскери кемелер құрылысын жолға қойғанын ерекше атап өтуіміз керек. Сондай-ақ, былтыр Орал қаласында отандық «Сарыарқа» зымырандық-артиллериялық кемесінің суға түсірілгенін де еске сала кетейік.
Бұлардан соң алаң орталығына Аэроұтқыр әскерлердің шеру тобы шықты. Десантшылар үнемі жауынгерлік әзірлікте тұрады. Аэроұтқыр әскерлері Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшының резерві болып табылады. Десантшы-әскерлер ең қиын тапсырмаларды орындай алады.
Бұдан кейін жұртшылықтың назары Теңіз жаяу әскерлері гвардиялық бригадасының ротасына ауды. Бұл бригадаға еліміз үшін аса маңызды Каспий маңы өңірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелген. Теңіз жаяу әскерлерінің ұраны – «Біз қайда болсақ, жеңіс сонда!». Бұлар әркез өздерінің жоғары деңгейдегі дайындығымен танылып, оқу-жаттығуларда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр.
Салтанатты шараны одан ары «Қазбриг» бітімгерлік бригадасы жалғастырды. Бригада БҰҰ стандарттарына сай құрылған. Бітімгерлік бөлім келісімшарт бойынша әскери қызметшілерден жасақталған. Олар – өз ісінің нағыз шеберлері. Бұлардың ізін басып алаңнан ерекше жауынгерлік киім киген Арнайы мақсаттағы бөлімшелердің сарбаздары өтті. Аяқтарын нық басқан жауынгерлердің бойларынан күш-жігердің нышаны анық байқалады. Әскери тәжірибелер көрсетіп бергендей, қазіргі заманғы қарулы қақтығыстарда құрамы жағынан шағын, алайда ұтқыр бөлімшелер маңызды рөл атқарады. Сондықтан да бұл бөлімшелердің құрамы шағын болғанымен, әлеуеті күшті.
Көпшілік шерудің ең көрікті қатысушылары деп таныған әскери қыз-келіншектерден құралған шеру тобы да салтанатты шараның маңызын арттыра түсті. Әлия мен Мәншүктей қазақтың батыр қыздарының ізін басып келе жатқан олар бүгінгі таңда әскери қызметтерін абыроймен атқарып жүр. Әскери қызметші әйелдер өздеріне тиісті мамандықтарын жетік меңгерген. Олардың арасында мергендер, байланысшылар, дәрігерлер, психологтар бар.
Сонымен қатар, алаңнан Нұрсұлтан Назарбаев атындағы Ұлттық қорғаныс университеті офицерлерінің парадтық сапы жүріп өтті. Бүгінге дейін аталған университетте мыңға жуық офицер білім алған. Олар Отан қорғау саласындағы құрылымдарда лайықты қызмет етуде. Парадты одан әрі жігерлі қадаммен Құрлық әскерлері әскери институты курсанттарының ротасы жалғастырды. Бұл әскери оқу орнының парадтық есептобы жақында Мәскеудің Қызыл алаңында Ұлы Жеңіс құрметіне арналған парадқа қатысатынын мақтанышпен айтып өтейік.
Жалпы, Құрлық әскерлері әскери институты 40 жылдан астам уақыт танк әскерлері мен мотоатқыштар үшін мамандар дайындап келеді. Ал Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылған сәттен бері әскери десанттық-батыл әрекет ету, тау-мергендері, барлау бөлімшелері үшін офицерлер даярлауда. Институттың іргесі қаланғаннан бері мұнда 16 мыңнан астам офицер дайындалған, олардың 50-ден астамы генерал шенін алған. Аталған әскери оқу орнының түлектері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің негізгі офицерлік құрамы болып табылады.
Келесі кезекте Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары парадтың сәнін келтірді. Бұл – Орталық Азия өңіріндегі автоматтандырылған басқару жүйесі мен байланыс саласында мамандар даярлайтын жалғыз оқу орны. Институт жоғары зияткерлік және жоғары технологиялық жүйелерді басқаруға қабілетті кәсіби білікті офицер-инженерлер дайындауда үлкен жетістіктерге жетіп жүр.
Сондай-ақ, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе-қорғанысы күштері әскери институтының үздік курсанттары да әскери шеруде жұртшылық назарын өздеріне аударды. Айта кетейік, 1998 жылдан бері институтты 1800-ден астам офицер бітіріп шыққан. Олар бүгінде Қарулы Күштерде, басқа да әскери құрылымдардың авиациялық бөлімдерінде өздерінің жауынгерлік борыштарын лайықты атқаруда.
Мінбер алдынан Ұлттық ұлан Петропавл әскери институтының курсанттары да сымдай тартылып, сап түзеп өтті. Аталған оқу орны 1997 жылы құрылған-ды. Бүгінде халықаралық деңгейдегі ең үздік әскери оқу орындарының бірі ретінде танылуда.
Парадты Қорғаныс министрлігі Ш.Уәлиханов атындағы Кадет корпусының салтанатты шеруі жалғастырды. Кадет корпусының негізгі міндеті – кәсіпқой сержанттар даярлау. Ал бұлардың ізін ала Қазақстан Қарулы Күштері Әскери полициясының парадтық есептобы сап түзеп, мінбер алдынан өтті. Олардың сапында ерекше жағдайларда қолданылатын шұғыл әрекет ету бөлімдерінің әскери қызметкерлері қызмет етеді. Салтанатты шеруге Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің парадтық есептобы да шықты. Шекара қызметі Қарулы Күштерімізбен бірге шекарадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, еліміздің тыныштығын кірпік қақпай күзетуде. Жалпы, біз Шекара қызметі жөнінде әңгіме қозғар болсақ, осы саланың 83 жылдық тарихы бар академиясына тоқталмай өте алмаймыз. Өйткені, 10 мыңнан астам офицерді дайындап шығарған, олардың ішінде 44 түлегі Кеңес Одағының Батыры атағын алған академияның рөлі еліміз үшін айрықша.
Келесі кезекте Қазақстан Ұлттық ұланы шұғыл мақсаттағы алғашқы жеке бөлімінің парадтық есептобы да өзге әріптестері секілді өз салтанатымен шеру тартып өтті. Осы арада біз Жеңістің 70 жылдығын тойлау кезінде олардың «Біз – Жеңіс мұрагерлеріміз» атты акция ұйымдастырғанын ескере кетейік. Сол сияқты, мінбер алдынан өтуге Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетіне қарасты Көкшетау техникалық институтының курсанттарына да кезек келді. Онда түрлі сипаттағы қысылтаяң жағдайларда ауқымды міндеттерді шеше алатын білікті офицерлер даярланады. Жаяу әскери шеруді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің рота колоннасы аяқтады. Олар Президентке тікелей бағынады және Елбасы алдында есеп береді, сондай-ақ, Отанымыздың ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күшке жатады.
Жаяу әскерлер шеруі аяқталғаннан кейін соғыс жылдарындағы және Қазақстанның ең соңғы жаңа үлгідегі әскери техникалары алаңға шықты. Парадта бірінші болып Т-34 танкі жүріп отырды. Бұл соғыс жылдарында аты аңызға айналған ең күшті танктердің бірі болған. Ол соғыс күрмеуінің шешілуіне елеулі үлес қосқан. Ол басқа танктерді, құрышты автокөліктерді және ДОТ (ұзақ уақыт ату нүктесі), ДЗОТ (ағаш-топырақпен бекітілген ату нүктесі) типтес, басқа да құрышпен қапталған нысандарды және жаудың күшін жоюға арналған.
Оның техникалық сипаттамаларына келер болсақ, танктің экипаж құрамы 5 адамнан тұрады, салмағы 26,3 т., 76,2-мм Л-11 зеңбірегі, 2 не 37,62-мм ДТ пулеметтері бар. Ең жоғары жылдамдығы 53 км/сағатқа жетеді. Бұл санаттағы танктің елімізде 5 бірлігі бар. Әскери шеруде ЗиЛ-157, ЗИС-2 зеңбіректері, М-30 гаубицалары, әлемге «Катюша» атымен танылған БМ-13 атыс жүйесі ел назарына ұсынылды.
Бұл қарулар мен көліктерге де аз-кем тоқтала кетсек, артықтық етпес. ЗиЛ-157 – қаруларды жетекке алуға, түрлі жүктер мен жеке құрамды тасымалдауға арналған. Ол 3750 кг. жүкті таси алады. Ал толық салмағы – 10185 кг., сағатына 60 км. жылдамдықпен жүре алады. Жанармай шығыны – 35,0 л.
Сонымен қатар, әскери парадта жұрт назарына ұсынылған ЗИС-2 танк бұзар зеңбірегі де Ұлы Отан соғысы кезеңінде кеңестік қарулардың бірі болды. Бұл 1940 жылы әзірленген, сол уақыттағы әлемдегі ең күшті танк бұзар зеңбірек атанған. Оның салмағы 1050 кг., тура ату қашықтығы 1120 м., ату шапшаңдығы 25 атыс/мин. Барлығы 13 710 бірлік жасалып шығарылған. Кейбір мемлекеттер әскерлерінде ЗИС-2 әлі күнге дейін қолданылады. Қазақстанда тұғыр немесе мұражай экспонаттары ретіндегі бұл қару түрінің 31 бірлігі сақталған.
Тағы бір көне әскери техниканың бірі – М-30 зеңбірегі. Ол – 1938 жылғы үлгідегі 122-мм М-30 гаубицасы. Бұл қару 1939 жылдан 1955 жылға дейін шығарылған, әлемнің көптеген елдері әскерлерінде болған, тіпті әлі де бар, ХХ ғасырдың ортасы мен соңында болған барлық дерлік соғыстарда және қарулы қақтығыстарда кеңінен қолданылған. Негізінен, артиллерия бөлімдерін М-30 гаубицасымен қаруландыру Ұлы Отан соғысында нацистік Германияны күйретуде үлкен рөл атқарған. Оның барлығы 19 266 бірлігі жасалып шығарылыпты.
Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі реактивті артиллерияның кеңестік БМ-13 жауынгерлік машинасы атанған БМ-13 – «Катюша» да ең кең таралған және атақты жауынгерлік машина. Бұл техниканың оқ бағыттаушыларының саны – 16, снарядсыз жорықтық күйдегі салмағы 7200 кг., оқтау уақыты – 5-8 мин, ал ату қашықтығы – 8470 метр.
Жоғарыда аталған ескі әскери техникалар шеруі алаңнан өткеннен кейін Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы мен Отан қорғаушы күніне арналған әскери парадты Қазақстан Қарулы Күштерінің қару-жарақ және әскери техникасынан құралған механикаландырылған лектер жалғастырды.
Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери әзірлігі және техникалық жарақтануы жағынан әлемнің алдыңғы қатарлы армияларымен иық теңестіре алатын дәрежеде.
Парадқа қатысқан қазіргі техникаларға тоқталсақ, заманауи техникалар шеруін Т-72Б танкі бастады. Бұл танктер бөлімінің ең негізгі қаруы саналады. Ол ең үздік әлемдік стандарттарға сай келеді. Т-72Б – бірнеше қабатта брондалған және снарядқа қарсы жабдықталған. Яғни, ұрыста жүріп қорғануға ыңғайлы етіп жасалған.
Бұдан өзге, алаңда танктерді қолдау жауынгерлік машиналары, соңғы жылдары қазақстандық армияның сапына қосылған машиналар, «Солнцепек» жаяу әскер жауынгерлік машиналары, БМП-2, БТР-82 бронетранспортерлері, Д-30, «МСТА-Б» гаубицалары, «КамАЗ», автокөліктері, «Штурм-С» кешені, «Тигр» бронды көліктері, «Стрела-10» зенитті-зымыран кешенінің батареясы, «Смерч» реактивті жүйесі, «Кобра» жауынгерлік барлау көліктері, Аэроұтқыр бөлімдеріне арналған «Хаммер» көліктері, С-200, С-300 көпарналы зениттік-зымырандық кешендері және басқа да заманауи әскери техникалар жүріп өтті.
Бұлардың ішіндегі бірқатарына қысқаша сипаттама бере кетейік. Мәселен, «Солнцепек» бір дүркін оқ атқанда 40 мың шаршы метр аумақты қиратып кетеді. Ал «Стрела-10» зенитті-зымыран кешені 5 шақырым қашықтықтағы және 3 шақырым биіктіктегі нысананы атып түсіре алады. Сол сияқты, БТР-82 бронетранспортерінде 30 миллиметрлік калибрдегі тез ататын автоматты зеңбірек, тұрақтандырғыш және нысанды комбинациялық тұрғыда дәлдейтін 7,62 мм. калибрлі қосауызды пулемет орналастырылған. Ол судағы кедергіні оңай еңсере алады. Ал «Кобра» барлау автомашинасының қазіргі замандағы қақтығыс пен соғыста өзіне жүктелген тапсырманы дәлме-дәл және кез келген жағдайда толық орындауға мүмкіндігі бар.
Сол секілді, «Хаммер» көліктері жол таңдамайтынымен ерекшеленеді және жауын-шашынды, боранды күндерде жүруде қиындық туғызбайды. Сондай-ақ, ол танкке қарсы басқарылатын зымыран кешенімен жабдықталған. Бұған қоса, қуатты дизельдік қозғалтқыш орнатылған ол, 5 тонналық салмағына қарамастан, сағатына 110 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Ал «Смерч» реактивті жүйесінің бір оғы 280 гектар аумақты тас-талқан етеді. Оның бір зымыранының салмағы 800 кило тартады. Сағатына 90 шақырым жол жүреді.
Артиллериялық бригаданың қаруы болып табылатын «МСТА-Б» гаубицалары 25 шақырымға дейінгі қашықтықта орналасқан нысанды жоюға арналған. Калибрі 152 мм, «МСТА-Б» гаубицалары артиллериялық бригаданың қару-жарағы болып табылады. 7 адамнан тұратын зеңбірек есептобы 3 минутта қаруды ұрыстық әзірлікке келтіруге және қарсыласты жоюға кірісуге қабілетті. Ату жылдамдығы – минутына 8 снаряд. Зеңбіректің салмағы – 7 тонна.
Ал С-300-дің әуедегі нысаналарды 300 км. қашықтықтан жоюға мүмкіндігі бар, бір кешен бір мезгілде 6 нысананы алып жүреді және 12 басқармалы-зениттік зымырандарды бағыттай алады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің дәл осы ең жетілдірілген құралдары Астана қаласы әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
«Штурм-С» кешені көпнысаналы жеңіл сауытты тартқыш негізінде 5 км. қашықтыққа дейін қалыңдығы 56 см. болатын сауытты тесіп өтіп, қарсыластың сауытты техникасын талқандайды. «Штурм-С» артиллериялық бригадалардың танкке қарсы дивизиондарының қару-жарағы болып табылады.
«Точка-У» тактикалық-зымырандық кешені де бүгінгінің өте қуатты қаруы. Ол 120 км. қашықтықтағы қарсыластың маңызды нысандарын қирата алады. Бір жіберу құрылғысының жалпы салмағы 18 тоннаны құрайды. Қуатты агрегаттары мен қару-жарақ кешені жаңғыртылған БМП-2-нің кез келген жағдайда, соның ішінде шөлді және таулы жерлерде, сондай-ақ, қарсыластың үздіксіз атыс жүргізуіне қарсы пайдалану үшін тактикалық-техникалық мүмкіндіктері мол. Аталған машина 30 мм. автоматты зеңбірекпен, танкке қарсы басқарылатын зымырандармен және оқшашармен жарақтандырылған. Жаяу әскердің жауынгерлік машинасы өз қару-жарағымен жер үстіндегі, сонымен қатар, әуе нысаналарын жоя алады. БМП-2 су бөгеттерінен жүзіп өтуге де қабілетті. Ұрыс даласында жаяу әскердің жауынгерлік машиналары – мотоатқыштар және десанттық бөлімшелердің сенімді қорғаны.
Әскери шеруде «Тигр», «Федерал», «Урал-4320», «Ленд Ровер», Sandcat сынды заманауи автомашиналар да жүріп өтті. Бұлардың арасындағы «Ленд Ровер» арнайы тапсырылған міндеттерді орындау үшін радиоарналар арқылы берілетін түрлі ақпараттарды шифрлауды қамтамасыз етеді. Ал Sandcat – тапсырма орындау барысында сағатына 160 шақырым жылдамдықпен жүре алатын жүрдек бронды машина.
Әскери шеруде радио байланыс стансалары – Р-417, Р-414 және әмбебап жедел байланыс кешені де жұрт назарын өзіне аудара білді.
Механикаландырылған лек қозғалысын «Да Винчи» және «Скайларк» ұшқышсыз ұшатын аппараттары жалғастырды. Салмағы 10 килодан аспайтын ұшқышсыз ұшу аппараттары, 40 км-ге дейін жерден оператордың басқаруымен, 10 шаршы км.-ден артық аумаққа бақылау жүргізе алады. Бұл кешендер әуе барлауын жүргізуде таптырмайды. Заманауи қуатты электронды аппаратура жердегі жекелеген адамдарды көріп, операторға бейнені нақты уақыт режімінде бере алады. Олар аэродромдар және жанармай құю пункттері сияқты қосымша инфрақұрылымдарды қажет етпейді, сондай-ақ, жердегі радарларға көрінбейді.
Шеру көк жүзіне Әуе қорғанысы күштерінің тікұшақтары мен ұшақтары көтерілгенде басқаша сипатқа ауысты, дәлірегі – парад қыза түсті. Жұртшылық көк жүзіне көз жіберді.
Әскери-көліктік және армия авиациясының Су-25, Су-27, Су-30, МиГ-29, МиГ-31, МиГ-27, Ан-26, Ан-72, Ту-134, Ту-154, С-295 ұшақтары, сондай-ақ, Ми-8, Ми-17, Ми-171, Ми-26, К-32 және ЕС-145 (Еурокоптер) тікұшақтары көк жүзіне самғауы парадтың салтанатын асырды. Бұл арада ерекше атап өтерлігі, парадқа Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихында алғаш рет ел Әскери-әуе күштерінің сапын толықтырған 4++ буынына жататын жаңа жоғары маневрлі Су-30МС жойғыш ұшағы қатысты. Әскери ұшқыштар ерекше қиын әуе қимылдарын жекелей және топпен бірге көрсетті.
Көктегі шеруге Қазақстан Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Нұрлан Орманбетов басшылық жасады.
Парадтың әуедегі бөлігін Қазақстан Әуе қорғаныс күштерінің Ми-17 әскери авиация тікұшақтары бастады. Авиациялық ұшуларды Қазақстан Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, генерал-майор Дәурен Қосанов басқарды. Ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын алып ұшу құрметі авиациялық база командирі, ұшқыш-мерген, полковник Нұрлан Байдуллаевқа бұйырды. Сол сияқты, Қазақстан Қарулы Күштерінің туын звено командирі, 1-сыныпты ұшқыш, майор Айбек Ержанов көкте желбіретті.
Алаң үстінде зулаған армиялық авиацияның көп мақсатты Ми-8 тікұшақтары да шеруді сәтімен жалғады. Бұл топқа эскадрилья командирі, 1-сыныпты ұшқыш, подполковник Нұрбол Сәлімбаев басшылық жасады. Негізінде армиялық авиация ұшқыштары барлық оқу-жаттығуларға үнемі қатысып, жауынгерлік міндеттерді атқаруға, соның ішінде Құрлық әскерлерінің бөлімшелерімен бірлесіп те іс-қимыл жасауға әзір екендіктерін көрсетіп жүр.
Өз кезегінде аспанда жөңкіген отандық заманауи ЕС-145 (Еурокоптер) тікұшақтары да парадтқа ерекше әр берді. Бұл ұшу тобына звено командирі, майор Марат Байғалиев жетекшілік етті. Бұдан соң көктегі шеруге Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі авиациясының Ми-171Ш тікұшақтары үн қосты. Топты 1-сыныпты ұшқыш, полковник Мұрат Қаушенов бастап шықты.
Тікұшақтардың экипаждары барлау, іздеу-құтқару міндеттерін атқарып, шекара маңындағы аумақтарды бақылайды, шекара бұзушыларды іздеп, жеке құрамды, қару-жарақ пен әскери техниканы жетуі қиын шөл және таулы аймақтарға жеткізеді. Сондай-ақ, Ми-171Ш Каспий теңізінің су айдыны мен биоресурстарын қорғауға пайдаланылады.
Бұлардың ізімен Ка-32 және ЕС-145 тікұшақтар тобы ұшып өтті. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты бұл ұшақтар іздеу-құтқару жұмыстарында, жедел дәрігерлік көмек көрсетуде, гуманитарлық жүктер тасуда қолданылады. Бұл ұшу тобына Бақтияр Сүлейменов жетекшілік етті.
Аталған министрліктің авиациясы сапындағы Ми-26 әскери-көліктік тікұшақтары да Астана аспанына көтерілді. Тікұшақтарды Талғат Тәжікбаев пен Владимир Рожковтың экипаждары басқарып келді. Ми-26 зардап шеккендерді апат орын алған жерлерден жедел эвакуациялау және ауқымды құтқару операцияларын жүзеге асыруға қолданылады.
Ендігі кезек әскери ұшақтарға келіп жетті. Парадты одан әрі қыздыра түскен әскери-көліктік және әскери жойғыш Ту-154, Ту-134, Су-27, Су-25, Ан-12, Ан-72, Ан-74, Ан-26, Си-295, Су30СМ, Су-27, Су-25, МигГ-31, МиГ-29 ұшақтары салтанатты шерудің мән-маңызын арттыра түсті. Әсіресе, Су-27 жойғыш ұшақтары аспан әлемінде «70» санын екі жағдайда бедерлегені көптің көңілін тоғайтты.
Әскери парадты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық ұлан мен Мемлекеттік күзет қызметінің музыканттарынан құралған біріккен әскери оркестр аяқтады. Оған Президент оркестрінің бастығы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Талғат Бердіғұлов жетекшілік жасады.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».