Бұл – Шерхан Мұртазаның сөзі.
Не болды? Қалай сөнді отың ішкі? Қаладың қалай әнсіз отырысты? Гауһарын табиғаттың жаныңдағы, Теңізге тастағаның өкінішті... Бұл – Күләш Ахметованың арнау өлеңінен алынған бір шумақ.Нағыз Төлеген осы еді
Жуырда ғана қорапта жатқан қағаздарды ақтарып отырып, «Егемен Қазақстан» газетінің 2005 жылғы 31 мамырда шыққан нөмірі көзіме түсті. Тақырыбы — «Сембин», авторы Қали Сәрсенбай екен. Тор көз сауыт сияқты тоқыма жемпір киген сұлу жігіт — сол Сембиннің өзі, қырын қараған сұлу сурет. Қали Сәрсенбай менің Амангелді Сембин туралы кезінде жазған бір ауыз сөзімді келтіре кетіпті. Мен: «Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз», – деп жазыппын. Енді арада жылдар өтіп кеткен соң ойлап қарасам, дұрыс айтқан екенмін. Мұны Қали Сәрсенбай мына «Егемен Қазақстандағы» көлемді мақаласында, мақала емес-ау, аса ірі дарынды жоқтау-эссесінде еске сала кетіпті. Рахмет. Иә, менің Амангелді Сембинді Алматыдағы Опера және балет театрында «Қыз Жібек» спектаклінде көргенім рас. Сол спектакльде Сембин Төлеген рөлін ойнады. «Қыз Жібек» операсын сан рет көріп жүріп, осы жолғыдай тебіренген емеспін. Төлеген болып ойнаған басқа мықтыларды мансұқтағым келмейді. Қанабек Байсейітов, әрине, классик! Ешқандай талас жоқ. Бірақ, ол кейін-кейін жуан тартып, егде болған кісі еді. Ал мына Төлеген ғасырлардың ар жағынан тіріліп келген, әлі өлмеген, Бекежан жауыздың қанды қанжары да жүрегіне дарымаған, өмірдегі Төлегеннің дәл өзі сияқты еді-ақ. Тұла бойы тұнып тұрған талантпен қоса жаратылыстан бірге жаралған бекзаттық қасиет оның бар болмысын асқақтатып тұратын. Қали Сәрсенбай жазады: «АҚШ-та талантты қорғайтын этикалық бас басқарма бар екен», – деп. Ондай мекеме бізде әлі күнге дейін жоқ. Ондай мекеме болса немесе аса дарынды адамдарды ала көзден, бәле көзден, сұқ көзден, театрдағы, өмірдегі дарынсыз Қотыраш, Батыраштардан, өзге де жақтың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорларынан қорғайтын заң болса, кім біледі, Сембин бәйшешектей ерте солмас еді. Бәйшешек байғұс қаһарлы қыс шығар-шықпастан, көктем әлі келер-келместен, күнәсіз пәк періштедей күлімсіреп шыға келеді де, жер бетінен лезде көшіп кетеді. Қали Сәрсенбай Сембиннің анасының сөзін келтіреді: «Дүниеге сыймай кеттің-ау, құлыным», – депті анасы. Дүниеге Сембин сыймай кеткен жоқ, қотыраштар сыйдырмады ғой. Бірақ, ақпейіл ана ешкімді кінәламайды. Күншіл қотыраштар таспаға жазылған даусына дейін қалдырмауға тырысқан. Сембиндей асыл талант теңіз түбіндегі інжу-маржандай ғасырларда ғана бір-ақ кездесетін өте сирек қазына. Жүз жылда бір-ақ туатыны өкінішті. Шынында да ұлы Ғабеңнің (Мүсірепов) өзі ризашылығын жасыра алмай, «Уай, бар екенбіз ғой, бар екенбіз» дейтіні де сол кез. Сембиндi сағынған сайын ол жөнiндегi əңгiмелер де түрлi жағдайда өрiледi. Бiр əдемi жылы ағыстар ағыны сiздi иiрiмiне тартып бара жатады. Əрине, кейбiреулер тарапынан «өз қадiрiн өзi бiлмеген адам үшiн өзгелердi неге кiнəлай беремiз?» деген ой айтылуы да заңды. Дұрыс. Пiкiрдi қабылдау керек, пiкiрдi құрметтеу керек. Бiрақ таразының екi жағы, себепсiз салдар болмайтыны жəне бар емес пе? Сондықтан екiұшты айтылған пiкiрге орай терең, парасатты жауап та қайтарылуы керек. Кiсi өз қадiрiн өзi бiлмеушi ме едi, бiлгенде қандай? Оның үстiне ол жай кiсi емес, талантты болса ше? Ал, талантты кiсiге əрiсiн айтпағанда, Абайлар, Ақаңдар заманынан берi қарай қай қоғамда да өмiр сүру оңай болмаған. Италияның Милан қаласындағы атақты «Ла Скалада» Сембиннiң тұсында 200-дей кеңес əншiсi тəжiрибеден өттi. Мəселен М.Магомаев, Т.Синявская (Магомаевтың əйелi), М.Биешу, Б.Мыңжылқиев жəне басқалар. Мыңғыртып жылқы айдаған, дəулескер күйшi болған жылқышы Нақыптың баласы атақты ақын Жақсылық Сəтiбековтiң жетелеуiмен Жамбылдағы мəдени-ағарту училищесiне келiп түскеннен бастап ауылдан алыстап, Мəскеу, одан соң ит арқасы қияндағы Италияға кетiп, еуропалық бекзат тəрбиемен буыны қатаяды. Қазақтың «Мəскеу көрген», «Тәшкен көрген» деуi тегiн дейсiз бе? Өзгелерден бұрын өзгеше бiлiм алды, үлкен астаудан ас iшiп, судың тұнығын, тамақтың тазасын жедi. Итальяндықтар өзгелерге банкеттерде əн салдырғанда бұған келгенде тыйым салады екен. Себебi, бұның аса сирек кездесетiн дауысын бағалағандық едi. «Ах, этот серебрянный тенор» деп орыстардың тамсанатыны да осы тұс. Мiне, Еуропаның кiндiгiнде əр күнi, əр сағаты осылайша көзден таса болмай ерекше қамқорлықта жүрген адамның қазақи iштар бəсекеге өзiмсiнiп қарап, бой үйрете алмай қалуы да заңдылық едi ғой. Дүниенi шарлап, тамсандырып келген Сембин отандық сахнада небəрi сегiз жыл ғана тер төктi. Итальян операларын сағаттап айтатыны өз алдына, «Қыз Жiбектегi» Төлеген, «Бiржан – Сарадағы» Бiржандар қандай бiрегей едi. Жоғарыда айтқанымыздай, осы кез ғой Ғабеңдердiң «бар екен ғой, бар екенбiз ғой» деп нұрланып отыратындары. Өкiнiшке орай, осынау тектiнiң тектiнi таныған жылдары келте қайырылып едi. Əрине, оған қамқорлық жасауда сол кездегi тұлғалы азаматтардың аянып қалғаны жоқ. Бiрақ соның бəрiне қарағанда белгiлi бiр ортадағы бəсекелестiк ызғары əлденеше есе «құдіреттi» едi. Орташа деңгейдегi шенеунiкпен ауыз жаласқан орта дауысы бар, орташа таланттың бұның патша көңiлiн тұқыртуға келгенде əлдеқайда талантты болғанын жасырып жатудың керегi не? Надандық деген дерттi ешқандай тəуiптiң емдей алмайтыны тəрiздi, қоғамда да орташа таланттардың ортаны бұзып жүретiнiн де əлi ешкiм ретке келтiрген жоқ. Орыстардың «Талантам надо помогать, бездарные пробьются сами» дейтіні содан. Орташа деңгейдегi шенеунiк. Өкiнiшке орай, осындайлардың қолына билiктiң майлы басы тиедi де, олар талантты адаммен жұмыс iстейдi. Ең қауiптi жерi осы. Ол кеше де болған, бүгiн де бар. Таланттың тағдырын шенеунiктер шешкен. Демек тұлпардың тағдыры мəстектiң қолында болған. Сол орташа деңгейдегi шенеунiктердiң кесiрiнен бiз ұзақ жылдар бойы талантты адам мен еңбекқор адамды қасақана шатастырып келдiк. Таланттың қор болуы, талқандалуы еңбектiң қадiрiне жеткiзбеуден, еңбектенуiне ерiк бермеуден, жағдай жасалмауынан едi. Əр кезеңде дарынды адамдарды қамқорлыққа алудан, бағалаудан, тəрбиелеуден гөрi табалаудың басым боп келгенi рас. Көпе-көрінеу қиянатқа, қорлыққа талантты адам ешқашан көнбейдi. Оның нəзiк жаратылысы осынау қиямет-қайымға толы жолда қауқарсыз қалады. «Талант – əдiлетсiздiкке қарсылық» деген сөзде өмiрдiң бар пəлсапасы жатыр. Бiздiң бұл таңдап алғанымыз ұшы-қиырына бойлатпайтын тылсым, түпсiз тақырып болса керек. Оқырманға айтар ойымызды жеткiзе алу жолындамыз ба бiлмеймiн, əйтеуiр осы тақырыптың шаужайына жабысып, бiрдеңе дегiң-ақ келедi. Салехетдин (Қалжан) Айтбаевтың картиналарынан ұлтшылдық сарын iздеген Мəскеу «Молодая гвардия» журналында жап-жас суретшiні сойып салғанда əрiптестерiнiң үнсiздiгi, бейқамдығы да оған екi есе соққы болған едi. Кешегi шетжұртта жүрiп «Қобызшы Қорқытты» жазған Мəжит Айтбаевтың бауыры да өз елiнде өстiп өгейдiң күйiн кешiп жүрiп, өмiрден өтiп кеттi. Сол Айтбаевтарды қазiр iздеп жатқан жан бар ма? Несiн айтасыз, шын таланттар көбiне жалғыз болды. Жалғыздық – терең тұңғиық. Ол қайғы-қасiреттiң бiр бұтағы. Тəуекелшiл, тəубешiл таланттар сол тұңғиыққа батып кетiп жатты. Сембиндi кезiнде қатар жүргендердiң көбiсi де iштей мойындады. Дауыстап айтсам асырып жiберем бе дедi, сыбырлап айтсам жетер жерiне жел үрлеп жеткiзе ме деп те күдiктендi. Содан да болар, бəлкiм, Сембин жөнiнде баспасөз бетiнде аз жазылды. Содан да болар, бəлкiм, насихаты аз дедi ме, ол өзiне тиесiлi атақтан да кеш қалды. Бiр тойды атқаруға ғана дауысы жететiндердiң, өмiрiнде бiр кiтапты тауысып оқымағандардың, тойдың, салтанаттың əншiлерiнiң салтанаты асып жатты. Осыдан оншақты жыл бұрын «Егемен Қазақстанның» руханият бөлiмiнде iстеп жүргенiмде «Сол жайсаңдар қайда екен?» деген айдар ашып, көрiнбей кеткен белгiлi адамдар жөнiнде мақала бере бастадық. Сол күндерi Амангелдi Сембиндi көп iздеп, Т.Жүргенов атындағы театр-көркемсурет институтынан (қазiргi Өнер академиясы) таптым. Əбекең əн кафедрасында екен. Баяғыдай шырқап салар дауыс жоқ. «Сырлы аяқтың сыны кетсе де, сыры кетпес» демекшi, есесiне Əбекең əн əлемi турасында əбден ашылған едi. «Егемен Қазақстанда» «Қарғаш» атты эссе жарияланды. Редакцияға көп оқырман хабарласып, əншiнiң өмiрi туралы мағлұмат алғанына ризашылықтарын бiлдiрiп жатты. Сол жолы ұққанымыз, əншiнi көп жұрт iздейдi екен, сағынады екен. Көбiсi «дауысы бар ма екен əлi» деп сұрайды. Байқадыңыз ба, дауысын сұрайды. Ендігі айтпағым мынау еді. Таяуда бір телеарнадан қазіргі эстрада әншілері мен дәстүрлі әншілердің басын қосқан пікірталас өтті. Сол пікірталаста бәрі жабылып дәстүрлі әншіні жеп қоя жаздады. Бұл маған әкеміз бен шешемізге тиісіп жатқандай көрінді. Дәстүрлі әнші, өнер зерттеушісі ұлттың ұлы рухани құндылықтары туралы шырылдайды, оның пікірі әлгі «шуылдақтардың» құлағына кіріп те шықпайды. Сол шуылдақтар үшін айтар болсақ, біз білгенде ән деген не еді өзі?! Ән дегеніміз ұлттың асқақ арманы мен мұратын әлдилеген, сүйініші мен күйінішін кестелеген, саф алтыннан жаратылғандай ғажайып әлем емес пе? Әрине, жұрттың бәріне сондай ән тудырмадың деудің қажеті жоқ, бұл таланттың ісі. Асқар Сүлейменов айтқандай, «Ән – зар. Зар һәм мінажат!». Біздің деңгейіміз қазір қай тұста? Миллиондар көретін аудиторияға өлі хабарды алып шығып, дәлдүріштерді қолдайтын, арзан өнерді, тойдың әндерін насихаттайтындар қазір көбейіп кетті. Теледидар тойхана іспетті. Кейбір баспасөз кім болса соны дәріптеп, бөспесөзге айналатын түрі бар. Әні де, сөзі де өзінікі, орындайтын да өзі. Бұл неғылған қаптаған «Ақан сері мен Біржан сал». Журналистің жартыкештігі, ізденістен жұрдайлығы ғой. Болмаса, әлгі жалбыр шашқа өзінен басқа ешкім айта алмайтын әнін салғызып, басқа әншіге Шәмшінің не Әбілахаттың бір әнін айтқызса, бәлкім, қызарар ма еді. Шындық салыстыру арқылы сараланады ғой. Сонда адамның асыл сезімін, патша көңілін көрсетуге тиісті текті өнер, саф өнер ән ойыншыққа айналмас еді. Қазақ «ұялмаған әнші болады» дегенде түбінде осындай тексіздер көбейетінін меңзеді ме? Бұрын ақырзаман таяғанда бақсы-балгер, бақалшылар көбейеді деуші еді бабаларымыз. Қазір әнші көбейетін болғаны ма? Бұдан кейін сол бір нұрлы дауысты Сембиндерді қалай сағынбайсың? Неге сағынамыз? Ол кезде жақсы ән, жақсы әнші көп еді. Соның өзінде әншілер өзінің дауысына лайықтап таңдап айтатын еді ғой. Ал қазіргілер неге шамасын білмей әлек?! Бүгінгі ұрпақ Сембиннің даусын естімек түгілі, атын да білмейді. Бұдан былай біле ме, білмей ме ол да күмәнді нәрсе. Оның себебін айтайын. Таяуда әншінің 70 жылдығына орай Алматының шетіндегі бір шағын мейрамханада ас берілді. Әншінің отбасы, ағайын-туғандары, жора-жолдастары шамасы 60-70 кісі жиналды. Сайраш жеңгемізге, Болат аға Сембинге рахмет, туысқандық парызын өтеді. Осы еске алу сәтінде осыдан 10-15 жыл шамасы бұрын КТК арнасы жазып алған әнші туралы хабар көрсетілді. Осы хабар біткенше мен кірерге тесік таппай отырдым. Кейінгі жылдардағы тірі бейнесі мен бірлі-жарым сөздері болмаса, архивтегі ән жазбалары (фильм-концерт), даусы мүлдем аянышты халде, әбден ескірген, тозған, тыңдау мүмкін емес. Қайран әншінің дариға даусынан тұқыл да қалмаған. Қасымда отырған талантты актер Дулыға Ақмолда тіпті дызылдап, намыстан өртеніп кетті. Шерағаң «Қазақстан» Ұлттық арнасына басшы болып барғанда Амангелдінің даусын іздетіп еді. Арнайы сценарий жазып, хабар дайындайтын болғанбыз. Сонда да осы жағдайға кездесіп, ішіміз удай ашып еді. Әрине, кезінде опера театрында қызмет істегендегі опералардағы дауысын қайдам, ал енді, мынау табылды деген бірлі-жарым әндерінің тағдыры өте қиын. Қазіргі технологияның жетілген заманында соны сақтап қалуға болмай ма? Егер бетін әрі қылсын, осы дауыстан айырылатын болсақ онда ертең Сембин деген аса дарынды әншінің тарихта қалмауы да әбден мүмкін. Біз заманда Шерағаңды шырылдатқан Сембин еді ғой бұл. Оған да құлақ асқан пәнде жоқ. Енді, міне, алты Алашқа кеткен дариға дауыс құрып кетудің алдында тұр. Енді не істеу керек? Бұрын да жазғанбыз, айтқанбыз. Тағы да қайталаймыз. Сембиндi сағынғанда айтар əңгiме теңiздiң тартылуы тəрiздi, бiр келiп, бiр кетiп тұрады. Айтатын нəрсе көп. Соның бəрiн жүйелеп айтуға да көкiректi емiн-еркiн жайлап алып, əр қияға алып ұшатын сезiм де ерiк бермейдi. Бiз Сембиндi жылдар бойы жоғалтып алғанбыз. Ендi жоғалтпауымыз керек, ендi бағасын беруiмiз керек, бағалауымыз керек. Мамандар оның əншiлiк қуатының сырын, қасиетiн саралап, арнайы сынып ашып, лекция арқауына айналдыруы керек. Теледидар, радио бұрынғы əн таспаларындағы дауысын тауып, арнайы концерт, көркем хабар, фильм-концерт дайындауы қажет. Оның дауысындағы, шығармашылық болмысындағы ерекшелiктер керек болса арнайы ғылыми-теориялық конференциялардың арқауына айналуы қажет. Өзi, шығармашылығы жөнiндегi жарияланымдардың басын бiрiктiрiп, арнайы кiтап шығарған жөн. Сөйтiп рухани дүние бүтiнделуi қажет. Тəңiрiнiң талантқа ғана тəн тəкаппар мiнез сыйлауы да бар ғой. Əншiнiң турашылдығы, ешкiмнiң алдында илiкпейтiндiгi сол тағдырдың бояуын қалыңдата түскен секiлдi. Қоғамды кемелдендiретiн де, мемлекет мəртебесiн көтеретiн де – дарынды адамдар. Мемлекет сол адамдардың бар ақыл-ойын, қабiлетiн саналы түрде реттеп отыратын аппарат, мəшине. Мемлекет талантты, оның əлеуетiн пайдалануы керек. Асқар Сүлейменовтiң бiр кейiпкерi «мен əйелге емес, адамға зəрумiн» дейдi. Демек əйелдiң таланттысына, адамның дарындысына зəру ғой. Сол сияқты қоғам да, мемлекет те қашанда талантқа тəуелдi, зəру. Сондықтан таланттың қадiрiне жете бiлсек, өткенiмiз туралы өкiнiп жазатын əңгiменiң өрiсi де тарыла бермек. Біз неге Сембинді сағынамыз, неге жиі-жиі еске аламыз? Өйткені, біз өнердегі қолдан жасалып отырған өресіздіктен, дарақылықтан, шарасыздықтан шаршадық. Біз үлкен мәдениетті, биік өнерді, бекзат өнерді сағындық. Шоу-бизнестің шырмауында қалдық. Недоросльдер нөпірдей қаптады. Сенің бар құндылығыңды жасап кеткен адамның өмірден өтуін жайбарақат, қалыпты жағдай деп қабылдайтын болдық. Олар өлгенде көрге түсіп кете жаздап жүруіміз керек қой, неге бұлай? Есесіне той-томалақтың әншісіне «құбылыс» деп баға беру түк қиындық тудырмайды. «Хабар» арнасынан «7 ән» бағдарламасы жүре бастады. Әрине, бұл да өзгеге еліктеу, көшірме болғанымен, дұрыс қадам. Бұл халтурамен күреске жасалған қадам. Бізде бәрі дұрыс басталып, арты сұйылып кететін бір әдет бар еді. Солай болмаса екен. Осы «7 ән» жыл соңына дейін 777 әнге жетсе, біздің шамамыз да белгілі болып, жағалауға шығып қалатындар да аз болмас еді. Бізге ұлтымыздың рухани кеңістігін «Авгийдің атқорасынан» (Ғ.Мүсірепов) тазалауымыз керек. «Әнді ерттеп, күйді мінген» (Жарылғапберді) халқымыздың өз болмысын өзіне қайтаруымыз қажет. Рухани қажеті, сұранысы өтелмеген елдің рухы бәсеңдей береді. Осының бәрін Сембиндерді сағынған соң айтып отырмыз. Аспандағы аққуды жерге түсірген, Кемпірбайдың басын төсектен жұлып алған қайран қазақ әні, қайран даланың дарқан даусы-ай дейсің. Бұл қазақ әнін орысша мақаммен айтатындардың аузына құм құйған Сембин емес пе еді. Сымдай тартылған, сыры мен сымбаты бөлек, бекзат бітімге даладай кең дарқан даусы қосылғанда жанын қоярға жер таппай, бір ысып, бір суынып, нұрланып отыратын сол көрермен қайда қазір?! Әнді түсініп, «жер-жебіріне» жетіп айту деген сол еді. Жазайын деп жазбайсың, айтайын деп айтпайсың. Біздің қоғам осындай бейқам. Шерағаңның шырылдайтыны содан емес пе екен? Қали СӘРСЕНБАЙ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері